Гер-аға сонда не деді?
…Германиядан хабар келді. Леонид Вайман қаза бопты. Ол бұрын Қазақстанда тұрған. Бір кезде ол мені де Германияға көшейік деп үгіттеген. Бірақ мен өзімді Қазақстанда ғана адам ретінде сезінемін (20.01.08.).
***
Өзіме де обал жоқ. Нағыз қазаққа айналып біткенмін. Шын неміс екі-үш ай бұрын ауруханаға жатып, мұндайға жол бермей, инфарктқа жеткізбес еді. Ал мен өмірім қыл үстінде тұрса да, қазақылыққа салындым…
***
Басқа – басқа, ал қазақтар маған алакөз болғандай ілік жоғы құдайға да, өзіме де аян.
***
Маған қазақтың ішкі мәселелеріне тым сұғына беруге болмайды. Әдеп керек. Әрдайым он ойланып, жүз толғанып, не айтсам да орнымды біліп, сақтана сөйлеуім қажет.
***
Өз басым жер бетінде қазақтай қонақжай халық барына шексіз ризамын.
***
Мен үшін Германияға кету – өлім жазасымен бірдей.
***
Менің ұлтым неміс болғанмен, болмысым – қазақ.
***
…Жалпы, қазіргі кездегі қазақ газеттерінің қай-қайсысынан да оқитын нәрсе табылады және молынан табылатыны оңды құбылыс. Тек оларды орыстар мен орыстілді дымбілмес, менменсіген қазақсымақ міскіндердің оқымайтыны өкінішті демесең…
***
Қалың тұман ішінде түк білмей, сезбей, барлығынан мақұрым қалған найсаптар өздерін кімбіз деп ойлар екен, а? Қазақпыз дер ме екен? Әй, қайдам, күдігім бар… Мұны мен айтып отырмын: неміс екенін ұмытпайтын намысты қазақ – Герольд Бельгер.
Бұзаутіс
Гете менен Абайға ерген адам –
Бұзаутісін үш тілдің өрген ағам.
Қара қылды қақ жарған әділдікті,
Құдай өзі қастерлеп берген оған.
Қазақ үшін қуанып, қамығатын,
Қаншамыздан Алашқа жаны жақын.
Қазақ мұңы Абайды қайыстырған,
Қаяу салып жүр ме екен жанына тым?
Күншуағын жеткізген қысқа күннің,
Қадіріне жетіпті Ұстаның кім?
Алты Алаштың бағына жер аударған,
Атасына не дейміз Сталиннің?!
Уақытқа да өліспей беріспеген,
Уы бар ма қазақтың сен ішпеген?
Бар қазақты бір өзің ұрмай-соқпай
Ғашық қылдың ұлтыңа неміс деген!
Заманыңның келесің сүйреп көшін,
Намыссыздың күймесін күйреткесің.
Қазақтардың өзіне болмысыңмен
Қалай қазақ болуды үйреткесің.
Құралайды көзге атқан сұрмергенім,
Ер мінезден ешқашан сыр бермедің.
Тістеп сүйген қазағын жақсы көріп,
Мың білгірге татитын бір Бельгерім!
Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТОВ,
2014 жыл
Көңіл айту
Герағамның артында қалған Райса апамызға Алла қуат берсін! Марқұмның рухына арналған мына шумақты жылап отырып жазған едім:
Жылу сыйлап адамдарға жүр едің,
Шаршадың-ау, тоқтады ма жүрегің?
Қазақтың жайын қазақтан артық айтатын,
Енді ешкімнің жоқ екенін білер кім?
Ғайни АҢШЫБАЙ,
Батыс Қазақстан облысы,
«Общественная позиция»
(проект «DAT» №06 (277) от 12 февраля 2015 г.
Қаратөбе ауылы