«Общественная позиция»
(проект «DAT» №10 (327) от 10 марта 2016 г.
Дерек пен дәйек
Одақтас
ОПА
бермеді
Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) шарты жасалған 2014 жылдан бастап, Қазақстан экономикасы дамуы жылма-жыл баяулап келеді. Кей сарапшылар дағдарысқа ЕАЭО-ның қатысы жоқ десе, енді бірі бұған осы одақты айыптайды.
Кеден одағы негізінде құрылған Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекеттері Еуразиялық экономикалық одағының (ЕАЭО) мақсаты аймақтағы тауар-қызмет, жұмыс күші, капитал айналымын жақсарту арқылы мүше елдер экономикасын күшейту екені жарияланған еді. 2015 жылы бұл экономикалық одаққа осы мақсатпен Қырғызстан мен Армения да қосылған.
Алайда ЕАЭО шартына қол қойылған 2014 жылдан бастап, Қазақстан экономикасы дамуы күрт баяулай бастағаны аңғарылды. Қазақстан Экономика министрлігі статистика агенттігінің дерегі бойынша, 2013 жылы Қазақстан жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 243 миллиард 773 миллион АҚШ доллары көлемінде болса, 2014 жылы 227 миллиард 439 миллион доллар болып, азая түсті. Ал 2015 жылы бұл көрсеткіш қазіргі валюта бағамымен есептегенде, 115 миллиард 604 миллион доллар көлемінде кеміп, жан басына шаққандағы ЖІӨ шамамен 14 мың доллардан (2013 жылы) 6 мың 800 долларға (2015 жылы) дейін қысқарды. Ал ең төменгі күнкөріс деңгейі 2013 ж. – 116 доллар, 2014 – 106 доллар, 2015 – 57 доллар болған.
Теңгемен көрсетілген мәліметтер бойынша да ЖІӨ өсімінің қысқарып келе жатқанын байқауға болады. 2013 жылы ЖІӨ 5 триллион теңгеге жуық (4 891 574) өскен, 2014 жылы 3 жарым триллионға жуық (3 669 505) ұлғайған. Ал 2015 жылғы ЖІӨ көлемінің алдындағы жылдан аса айырмашылығы жоқ, болар-болмас өсім байқалған. Қазақстан экономика министрі Ерболат Досаевтың болжамы бойынша, 2016 жылы жан басына шаққандағы ЖІӨ 7 мың долларға жуық (6,9) болып қала бермек, өсімі 0,5 пайыз төмендеуі мүмкін.
Қазақстан президенті жанындағы стратегиялық институттың ғылыми қызметкері, экономист Вячеслав Додонов «Қазақстан экономикасы баяулауы тек мұнай бағасы төмендеуімен байланысты» деп санайды.
– Тауарымыздың көп бөлігі – шикізат. ЕАЭО ішінде де солай. Шикізат саудасы бағаға тәуелді. Оған ЕАЭО әсер ете алмайды. 2010–2011 жылдары тауар айналымы көп болып, соңғы бір-екі жылда бәсеңсіп қалды. Бірақ Кеден одағы мен ЕАЭО құрылғалы басқа елдерден гөрі осы одақ мүшелерімен тауар айналымымыз белсенді дамыды, – дейді Вячеслав Додонов.
Сарапшы пікірінше, ЕАЭО нәтижелерін әлі де күте тұруға тура келеді.
– ЕАЭО – тауар, қызмет, жұмыс күші мен капиталдың еркін айналымы. Қазақстан экономикасына әсер ете алатын бұл төрт нарық қалыптасып үлгерген жоқ. Одақтағы бір-екі жыл тәжірибемен алдағы жағдай қалай болатынын болжауға болмайды, – дейді Вячеслав Додонов.
Экономист Петр Своиктің пікірінше, «ЕАЭО-ның ортақ нарықтарының жемісін көру үшін экономикалық интеграциядан бұрын саяси интеграцияны іске асыру керек, сондықтан бәрі болашақта білінеді».
– Ортақ саяси кеңістіксіз ешбір ортақ экономикалық кеңістік бола алмайды. Ортақ саяси кеңістіктің жоқтығы ортақ нарықтағы келеңсіздіктерге әкеп отыр. Бәрі алда. Ортақ еуразиялық президент керек. Оған Нұрсұлтан Назарбаев сай деп ойламын, – дейді Петр Своик.
Ал саясаттанушы Расул Жұмалы «экономикалық келеңсіз жағдайлар ЕАЭО-дағы Кремль ықпалының асып кетуінен болды» деп санайды.
– Меніңше, Кеден одағы мен ЕАЭО-ға Қазақстанның кіруі қате шешім болды. Қаржы жағынан, орта және шағын бизнес жағынан, теңгенің бағамы жағынан бұл нашар жағдайға алып келді. Сондықтан «болашақта бір пайдасын көреміз» дейтін әңгімелер айтылуы заңды. ЕАЭО-да тең дәрежеде ынтымақтасу қағидалары ескерілмеді. Экономикалық мүдделерден Кремльдің саяси ықпалы басым түсті, – дейді саясаттанушы.
ЕАЭО Ресей Украинаның Қырым түбегін аннексиялап алған жылы құрылды. Одан кейін болған Батыс елдері мен Ресей арасындағы «санкциялар соғысы» мен әртүрлі кикілжіңдер, рубльдің құлдырауы мен мұнай бағасының арзандауы осы одақтағы Қазақстан экономикасына да теріс әсерін тигізді.
Ресей рублі құлдырауы салдарынан қазақстандық тауар өндірушілері мен көлік индустриясындағы кәсіпкерлер жапа шекті. Көп ұзамай қазақстандық теңге де долларға шаққандағы құнының 80 пайыздан астамын жоғалтты.
Осы аралықта Қазақстан билігі өкілдері «ЕАЭО-ның болашақтағы пайдасы» туралы бірнеше рет мәлімдеді. Ақпанның 25-і күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Еуразия экономикалық комиссиясының алқа төрағасы Тигран Саркисянмен кездесуінде «әлемдік дағдарыс ЕАЭО жұмысымен байланысты емес екенін, түбінде интеграциялық бірлестік пайдалы болатынына күмәні жоқ» екенін айтқан болатын.
Мәди БЕКМАҒАНБЕТ,
Azattyq.org