ОЛИГАРХ. ол неге қарық?

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №19 (383) от 19 мая 2017 г.

 

Уақыт уыты


 

Алдымда – 10 фото. Кілең бас суреттері. Бірінің үстіне бірін қойған. Әлеміштеген телеграф бағанасы сияқты. Көзімді жоғарыдан төменге, сонсоң төменнен жоғарыға жүгірттім. Адамша кездескендерімнің бастары емес, бәрі сырттай таныстарым. Менің ғана ма – қазақстандықтардың, шетелдіктердің де талайының сырттай таныстары. Газет-журнал, теледидар, интернет сайттары арқылы. Бұлардың асыға жолығып, көз қысысып, қол қысысып, құшақтасып, сүйісіп, рүмке түйістіріп, әйтісіп-бүйтісіп жүргендері де, әрине, аз емес шығар.

Бәрі де қоңдылардың бастары екені бірден көрінеді. Әсіресе ең үстіндегінің күтімі «Күтім-ақ!» дегізеді. Кімдікі екен?.. «В.Ким». Е, әлгі атышулы Владимир Ким деген байдікі екен ғой?!. Оның ішкені бойына жұқпағанда ше?!. Қазақстанның мысын оның мысы басып тұрғалы қашан?!.

Ең төмендегі бас қана аздап нелеу… жұтаңдау, жоқ, жүдеулеу, жо-жоқ, арықтау… «Б.Байсеитов» дейді. Байлығы «449 000 000 доллар» депті. Он бастың ең кедейі екен. Тағдыр-ай… 0,5 миллиард доллар ғана. Нешауа, Бақытбек мырза, бар қимыл-қарекетің алда сияқты, келесі жылы анау Владимир Ким, Болат Өтемұратов, Тимур Құлыбаев, Динара Назарбаева, тойыст – Құлыбаева, Алиджан Ибрагимов деген «тарлан» миллиардерлерді қуып жете алмасаң да, Рашит Сәрсеновті тақымдарсың, – оған дейін ол өрлеп кетеді де, орны саған босайды, тек өзіңмен бәсекелес Кеңес Рақышевты, Дәурен Жақсыбековті, Еркін Тәтішевті қалайда айналып өтіп, алдарына түсуді жатпай-тұрмай ойла.

Соңғы «ДАТ»-тың (12. 05. 2017 ж.) «50 сверхбогатых Казахстана» деген мақалаға үңіліп отырғанымда, жаныма келген жиенім Әбен: «Сверхбогатых» демей, мәдениетті тілмен «олигарх» деу керек еді» деп қалды. «Е, «олигарх» деген не?» деп едім: «Сөздіктерден тауып ал, керек болса» деп қыңырайып, бөлмемнен шығып кетті.

Әйткенмен, жиенімнің тілін иланып, қолымда бар «Толковый словарь В.Ушакова» дегенді алып, әліппе ретімен әріптерді қуалап отырып, «Олигарх» дегенге тіреліп, оқысам: «акула бизнеса, динат, капиталист, магнат, плутократ, правитель, финансовый воротила, член олигархической власти, лицо, принадлежащее к кучке эксплуататорского меньшинства, осуществляющего свое господство путем насилия, террора и подкупа» деп тұр.

О, сайтан-ай, бар-жоғы 7 әріпті «олигархтың» мұншама быжынаған атауы болғаны несі?!. Бірақ сөзді зерттеуді кәсіп еткендер қай сөздің болсын мәнін біледі ғой. Ал мен мынау шұбырған түсінік сөздерді ой қазаныма салып қайнатып-қайнатып, кіріктіріп, өзімше: «Олигарх. Ол неге қарық? Әрине, арам ақшаға қарық!» деп түйдім. Дұрыс па? Дұрыс! Қазекемше айтқанда, шіріген 50 байдың ішіндегі мына 10-ның қалай байығандарын анықтап беріңіздер. Оған дейін мен мына білгенімді айтайын:

Шетелдердегі ең бай адамның бірі – Илон Маск. Инженер. Оңтүстік Африка республикасында туып-өскен ақ нәсілді. Сол елдің және АҚШ пен Канаданың азаматы. 46 жаста. Адал еңбегімен 28 жасында миллионер болған. Бизнеске қадам жасағанынан бастап халыққа адал қызмет істеп келеді. «Халыққа» дегенді «адамзатқа» деп айтуға әбден болады. Оның ойлап табуымен, ұйымдастыра білуімен дүниежүзілік мәні бар небір ғаламат жақсы істер жүзеге асты және жаңадан жасайтын игіліктерінің жоспары оған азаматтық құқын сұратпай берген елдерді келешекке құлшындырып отыр, себебі: Илон бастаған ғалымдар тобының ғылыми-техникалық, экономикалық көмегі жалпы адамзаттың жан-жақты дамуына қарқынды ықпал етіп келе жатқанына көздері жетті.

Миллиардер Илон Маск өз отбасының қарапайым тіршілігіне жетерлік қаржыны мөлшерлеген де, одан артылғанды шын мәнінде адамзаттың мүддесіне жұмсап жүр. Ол еңбегімен еселенген ақшасын жоспарындағы келесі игілікке береді. Қысқасы: Илонның адамгершілік әрекет-қимылдарын айтып тауыса алмаймын, яғни онымен интернет арқылы танысыңыздар, бір сәт те өкінбейсіздер дей аламын.

 

Газеттегі мынау 10 олигархтың Илон Маскті сырттай білетіндері сөзсіз, бірақ бұлар оған еліктемейді деп ойлаймын, өйткені бұлардың көкейін өзімшілдік тескен. Бұлардың қалта қағидалары – «Өзіме! Өзіміздікіне!». Мысал десеңіздер, кәне, сұрақ-жауап жасап көрелік (мен де «өзім» сырттай білетін төртеуінің төңірегінен ұзамаймын):

1. В.Ким Қазақстанның жаңа мыс өндірісіне нендей жаңалық жасады? Жаңа мыс кені қоймасын ашты ма? Мыс өндірудің тиімді тәсілін тапты ма? Мыстың сапасын жақсартатын ұсыныс жасады ма? Таза жалақысымен, ел үшін пәлен де түглен еңбегіне сыйлық алумен миллиардер болды ма? Арғы-бергі елдермен ондай да мұндай, әлбетте, әуелі өзіне тиімді шарт-келісім жасасумен, береген қолым алағанмен миллиардер болды емес пе?

2. Б.Өтемұратов ше? Баспасөзде әлденеше жазылғандай, анау банкті алып, оны мынау банк етіп сатумен байығаны бекер ме?

3. Т.Құлыбаев пен Д.Құлыбаева ше? Естуімше және баспасөзде сан рет жария етілгенін оқуымша, бұлар мұнай мен газ, т.б. жақтарды жылмағайлап, шылқа байыды. Шетелдерде хан сарайындай үйлері, бау-бақшалары бар екенінен, Тимур мырзаның Гога деген тоқалы, баласы, оларының ғимараты, жеке меншік ұшағы барынан мен де хабардармын. Сондай-ақ Т.Құлыбаевтың Илон Маскше халыққа қызмет етудің орнына анау бір жылы мұқтаж, мүгедек адамдар ұжымына бұрын әлде өзі сыйлаған, әлде сатқан үйді екі жылдан соң соттасып жүріп тартып алғаны жұртқа мәлім. Миллиардерлігін қайтсын-ай, өзі баспанаға зәру болып қалған ғой?!

4. А.Ибрагимов кім? Бұл мырза, егер «Невада-Семей» қозғалысының құзырындағы Акционерлік қоғамдық қор «қайраткерлерінің бірегейі» Ибрагимов болса, е, мұны кім білмейді?.. Ақын Олжас Сүлейменовтің жобасымен құрылған ол қор: «Семей полигонынан тауқымет тартқан жұртқа материалдық-моральдік көмек береміз!» деп ұрандап, үкіметтен алғаны, халықтан жинағаны бар 12-13 миллиард долларды ақырында Машкевичі, Шодиеві, Беренбумы және басқасы бар – бәрі өзара бөліске салып, көмекке өте мұқтаж ондаған мың семейліктерге 1 доллар бермей кеткендердің бірі осы Ибрагимов қой?! 1993 жылы бұлардың қоясын ақтарған ресми тексеру болған, акт жасалған, ол акт «Бірлесу-Единение» газетінде жарияланған. Алайда О.Сүлейменовтің «сүйенгені мықты болып, сүйкенгенін жығып», серіктерін аман-сау сақтап қалған, ал бұл достары ол қамқорлықты, әрине, ешқашан ұмытпас.

Сонымен, бұл олигархтар Қазақстанның халқына, көмекке аса мұқтаж жеке ұжымдар мен адамдарға қандай жақсылық жасады? Мәселен, баспанаға жылдап қолы жетпей сенделіп, немесе емделуге қаражат таппай дағдарып жүрген кімдерге, қашан қол ұшын берді? Астанада Н.Назарбаевтың 91 портретімен қорғанған отбасының үйі қиратылғанына қынжылғаны бар ма? Немесе биыл еліміздің жүздеген ауылын су басты, олардың ішінде бұл олигархтардың да ауылы бар болар, сол апаттан мыңдаған адам үйсіз-күйсіз қалды, соларға қайсысы қаншалықты көмек көрсетті?.. Естіген, оқыған жоқпыз, жым-жырт.

Қиналмай тапқан қыруар ақшасын банктерге тасып, үстеме алып, онысын еселеп баюмен қай ұшпаққа шықпақ бұлар?

Осы 50 алпауыттың қалталарында Қазақстанның неше жылғы бюджеті жатыр екен?

Шектен тыс байдың – «олигархтың» кім екенін жоғарыда аталған сөздік төбесінен түскендей түсіндіріп берген ғой!

Сәкен ЕЛШІБЕК

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн