ОПАТ БОЛҒАН БОЗДАҚТАРДЫ «Қаһармандар» қоры «тірілте» бастады

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №20 (384) от 25 мая 2017 г.

 

 


 

 

«Бүгінге дейін отар елдердің тарихын отаршылдар жазып келді» – деген болатын Үнді елінің ұлы перзенті Жавахарлал Неру. Отаршылдар ежелден өзі бодан еткен бұратана халықтардың бар байлығын басып алып, талан-таражыға салумен қана тынбайды. Оларды мәңгілікке құлдана беру үшін, ең алдымен, сол халықтың ұлттық санасын ойрандауға барын салады. Мұнда отарлаушылар қолдайтын ең жымысқы, әккі тәсіл – тарихи жадын мәңгілікке сөндіру, отарланушы елдің төл тарихын бұрмалау, ұмыттыру бірінші кезекке қойылады. Содан соң барып, төл мәдениетін тәрік етеді, сана-сезімін аяққа таптайды. Ең соңында сол бейшара халықты тілінен, дінінен айырып, мәңгі басы бірікпейтін мәңгүрт тобырға айналдырады.

 

Орыс отаршылдығы заманында қазақ халқы отаршылдық езгінің ең зулымат тарихын бастан өткерді. Өткен ХХ ғасырдың зобалаңында біз ұлт ретінде бір жола құрып кетуге шақ қалдық. Халқымыздың жарымына жуығын жер жастандырған демографиялық геноцидті айтпағанда, әлденеше ұрпақ бойы ұлттық санаға жасалған жойқын соққылардың кесірі халқымыздың аса ауқымды бөлігін рухани зағиптарға айналдырды. Тәуелсіздік алғанымызға 25 жыл өтсе де, басқаны қойып, елдің билеуші элитасының өзі сол мәңгүрттік санадан толық арыла алмай келеді. Елімізде ой-сананы отарсыздандыру саясатының күні бүгінге дейін жүргізілмеуінің ең басты себебі де осында жатыр деп ойлаймын.

Жақында елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жәряланды. Онда мемлекет басшысы:

«Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын», – деді.

Егер алдағы өркендеудің, рухани жаңғырудың берік діңі – біздің тарихымыз бен салт-дәстүріміз болса, онда рухани жаңғырудың өзін дәл осы тарихи сананы жаңғыртудан бастауға тиіспіз. Себебі, орыс отаршылдығы кезінде Жавахарлал Неру айтқандай, сол отаршыл ғалымдар әбден сүзгіден өткізілген, басы аяғына келіп, төңкеріліп жатқан, мүлде теріс баяндалған тарихты біздің әлденеше ұрпақ оқып өсті және тарихи жадысы әбден уланды. Осы отаршыл тарихшылардың концепциясы бойынша біздер тәуелсіздік үшін күрескен, ұлт үшін жанын пида қылған ұлы бабаларымыздың өзіне отаршылдардың көзімен қарап, баға беріп келдік. Тұтас түрік әлемінің басын қайта біріктірген Ұлы Шыңғысханның өзін қатыгез қарақшы, өркениет атаулының тамырына балта шабушы, жабайы билеуші ретінде санаға сіңірсе, Аблайханды заман ағымын болжай білмейтін көрсоқыр, Ресейге өз еркімен қосылуға жаны қас бөлшектеуші бейнесінде танып келдік.

Тіпті, Алаш арыстарының өзін байшыл, ұлтшыл халық жаулары ретінде бейнелеп, өз халқына қарсы қойды. Керісінше отаршылдардың құлақкесті құлы болып, өз ұлтының мүдесін саудаға салған сатқындар мен өз ұлтының тұнығын лайлап, қан қақсатқан қызылкөз белсенділерді халық қаһармандары ретінде әспеттеп, үлгі тұтық. Солардың ішіндегі ең басбұзар, қанішер қылмыскері тарихшы тұлға деп танылды.

Тарихқа көз жіберсек, қазақ тарихын алғашқылардың бірі болып қағазға түсірген Мұқаметжан Тынышбаев атылып кетті. Ұлт азаттық шежіресін зерттеген ғалым Ермұқан Бекмаханов ұзақ жылдарға сотталды. Тіпті беріде, Кеңес империясы зауалға бет алған кезеңнің өзінде, Оразақ Смағұловтың баспадан шығып, жұртқа тараған кітаптарын арада төрт ай өтпей жатып, қайта жинап алып, өртеп жіберді. Ал, өз басы саяси сенімсіз адамға айналып, он жылдан аса КГБ бақылауында азапты тірлік кешті. Кінәсі – қазақтар төрт мың жылдан аса уақыттан бері осы топырақта өмір сүріп келе жатқан, біртұтас, бөлуге келмейтін антропогиялық, биологиялық, генетикалық ұлттық бірлікте болғандығын дәлелдеп, әлем ғалымдарын мойындатқандығы болатын.

Біз бұдан былай халқымыздың тағылымы мол тарихы мен салт-дәстүрін өркендеу мен рухани жаңғырудың берік діңі ретінде айқындайтын болсақ, онда ең алдымен ұлттық тарихымызды күл-қоқыстан тазартып, әр нәрсені өз атауымен атауға тиіспіз. Бұдан бұрын билеуші элитаның ішіндегі мәңгүрттік сананың ықпалын былай қойғанда, геосаясатта Ресейге жалтақтап келгеніміз жасырын емес. Мүмкін тарихи сананы жаңғыртудың, отарсыздандыру саясатын шындап қолға алудың заманы енді туған шығар. Онда ұлтымыздың біртұтас тарихи шежіресін толығымен қамтуға, бүгінгі Қазақстан шекарасынан тысқары қалған күллі қазақ әлемі толық қамтылуы шарт.

Менің ұғымымда отаршылдықтың ноқтасы ол қайыс па, темір ме – айырмасы шамалы. Мейрімді, ақпейіл отарлаушы деген атымен болмайды. Сол себепті де шеттегі қазақтар да отаршылдық езгіні ешкімнен кем бастан кешірген емес. Және өз ұлтының азаттығы мен теңдігі үшін жан аямай күрескен және соның жолында шәһид болған қайраткер, батыр тұлғалар аз болған жоқ. Әсіресе, басқан ізіне қан ұйып қалатын Кеңестік «үш әріп», қазақтың оқыған ұлтшыл ұлдарын, әсіресе, шекара асып, шетелдерде бас сауғалаған алаш қайраткерлерін және оларға пана болып, тілеулес, ниеттес санамен қол ұшын созған сол елдердегі қазақ қайраткерлерін де соңына шырақ алып түсіп, түгелге жуық мерт етті.

Өткен ғасырдың 30-40 жылдары Қытай түрмесінде аса қатігездікпен өлтірілген, немесе із-тозсыз жоғалған Райымжан Мәрсаков, Зият Шәкарымұлы қатарлы алаш арыстармен қатар, сол елдегі қазақтардың қаймағы, арқа сүйер ел арыстары Шәріпхан Көгедай, Махсұт Сасан, Ақыт Үлімжі, Оспан Сыламұлы, Таңжарық Жолдыұлы, тіпті, қырық жылдай түрме азабын көріп, азат отанына жете алмай, шерменде болып, дүниеден озған Қажықұмар Шабданұлы қатарлы сан мыңдаған отаршылдық қуғын-сүргін құрбандарының аянышты тағдырын толықтай зерттеп, ұрпақтарға үлгі етуге тиіспіз.

Біраздан бері БАҚ арқылы «Қаһармандар» деп аталатын республикалық қоғамдық қордың құрылғандығын және оның осы бір ұлы да ауқымды мемлекеттік міндетті атқаруды басты мақсат етіп қойғанын оқып, біліп жүрмін. Оған жетекшілік ететін белгілі мемлекетшіл қайраткер Сабыр Қасымов ағамды да жақсы танимын. Шын көңілімнен сыйлап, құрметтеймін. Ол кісі 1997 жылы парламентте «Халықтың көші-қоны туралы» заң жобасы талқыланған кезде, сенат депутаты салауатымен алыстағы ағайының мүдесін жан сала қорғаған, ұлт қайраткеріне тән берік ұстанымымен бізді ерекше тәнті еткен болатын. Және сол жылы парламентте саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссияға жетекшілік етіп, тарихтағы біраз былықтың бетін ашуға күш салып еді. Кейін сол кезектегі парламент тарап кетті де, жұмыс аяқсыз қалды. Анығында аяқсыз қалдыруға мәжбүр етті деп ойлаймын…

Міне, содан 20 жылдан кейін ағамыз зейнетке шыққан соң, сол ұлы бастаманы қайта қолға алыпты. Қордың қызметі жәйлі қоғамға белгілі, аузы дуалы тұлғалардың біразы өз пікірін білдіріп, қолдау көрсетіп жатыр.

Бірақ мені алаңдататыны – осындай игі бастама қаржылық мүмкіншіліктердің кесірінен қиындыққа тап болатыны. Зейнеткер ретінде ағамыздың өз мүмкіндігінің шектеулі екендігін мен жақсы білемін. Мұндай игі бастаманы тұтас халық болып қолдағанда ғана өз жемісін береді. Себебін Амангелді Айталы ағамыз дәл тауып айтқан: «Отарлау мен тоталитарлық саясаттан зардап шекпеген бірде-бір қазақтың отбасы жоқ».

«Күннің көзінде күміс жылтырайды» дегендей, бұдан басқа менде тағы бір үміттің сәулесі ұшқындайды. Егер Қазақстан билігі ел презденті айтқандай, ұлтты шын мәніндегі рухани жаңғыруға бастағысы келсе, дәл осындай қоғамдық институттарға түрлі жолдармен көбірек қамқорлық көрсеткені жөн. Себебі, «бұзауында қорыққан өгізінде де қорқатыны» сияқты, біздің билік жуық жылдарда Ресейге жалтақтаудан арыла алмайды. Ата-бабаларының қылмысын бетіне шыжғырып басқанды – орыстың бүгінгі билігі де жақтыра қоймайтыны тағы да шындық.

Ең тынышы – барлық жұмыс пен жауап кершілікті дәл осындай қоғамдық қорларға жүктеп қойса, құда да тыныш, құдағи да риза болар еді. Бірақ өз басым біздің билік ұлтқа шындап бет бұрады дегенге сене алар емеспін. Себебі, тарих қойнауында қалған қаһармандарды халқымен қайта қауыштыруға бел байлаған билік дәл бүгін біздің арамызда ел үшін, жер үшін отқа да, суға да түсіп жүрген Макс Боқаев, Талғат Аян, Жанболат Мамай қатарлы көзі тірі халық қаһармандарын бостандыққа шығарып, халқымен қауыштырса, мүмкін сеніп те қалар ма едік…

Рақым АЙЫПҰЛЫ,

ЖСДП төралқасының мүшесі

 

 

 

Айтпақшы

 

АҚОРДАНЫҢ БИЛІГІ халқынан қашан КЕШІРІМ СҰРАЙДЫ?

 

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні жақындаған сайын, ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықованың қандай күйде болатынын түсінемін. Ол әдеттегідей, президенттің тапсырасымен Сталиннің бұрынғы партияластары мен комсомолдарын ертіп, «АЛЖИР» мемориалдық кешеніне барады. Олар 80-90 жыл бұрынғы, ел-жұртқа аты әбден мәлім болған құрбандарды еске алып, қазіргілері жайлы аузын ашпайды. Олардың түсінігінше, құрбандар – өлгендер, енді сөйлемейтіндер. Олар бүгінгі билікке қатер келтірмейді.

 

Ал соңғы 25 жылдың ішінде әділет аңсаған талай азаматтарымыз өлтірілді, Әкежан Қажыгелдин сияқты біразы шетелге кетуге мәжбүр болды, талайы түрмеге жабылды. Назарбаевтың бүгінгі негізгі тірі қарсыласына айналған Мұхтар Әблязовтың сыртынан сот өткізіп, барлық бәлені соған жабуда. Сөз жоқ, болашақта келесі ұрпақ оларды ақтайды.

Иә, саяси қуғын-сүргін әлі күнге жалғасуда. Оппозицияның қолдаушылары «қорғансыздың кұнін» кешуде. Олар қоғамның «өгей баласына» айналды: өздеріне де, балаларына да жұмысқа тұру өте қиын. Қиындыққа шыдамаған кейбіреуі саяси көзқарасынан бас тартып, билікке «өте жақсы» деген баға қойып, елдегі өзгерістен үмітін үзуде.

Екінші дүниежүзілік соғыс үшін Германия мен Жапония зардап шеккен, халқы қырылған елдерден кешірім сұрады. Бұл – адамзатты мейірімді болашаққа бастаудың белгісі. Балтық жағалауы елдері, Грузия мен Украинаның саяси басшылығы да қуғын-сүргін құрбандары үшін өз халқынан кешірім сұрады.

Ал бізде репрессия жүргізген партияның соңғы басшылары, яғни мирасқорлары әлі билікте отыр. Сол қанқұйлы партияның мүшесі болған Назарбаевтың билігі өз халқынан кешірім сұрауда тәуелсіздік жариялағандағыдай, барлық елдің соңында қалатын сияқты.

Дегенмен, әлі де кеш емес. Елдегі жаңғыруды осындай кешіріммен, мейірімдік ықыласпен бастаған жөн болар еді…

Серік ЖӘБИ,

Астана қаласы

 


 

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн