Воскресенье , 20 апреля 2025

«ҚОРҒАС ҚЫЛМЫСТЫЛАРЫ» түрмеде отыр ма, курортта жүр ме?

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №38 (309) от 05 ноября 2015 г.

 

 

Редакция поштасына түскен мына суреттегі кейіпкерлердің біразы жұртшылыққа белгілі болса да, таныстыра кетейік – дені осыдан бір жыл бұрын аты шулы «Қорғас ісі» бойынша сотталған бұрынғы лауазымды тұлғалар. Сол жақтан екінші отырған – Ақмола облыстық ҰҚКД (ДКНБ) директорының бұрынғы орынбасары Бақытбек Құрманалиев (16 жылға сотталған); оның сол жанындағы – ҚР ҰҚК-і 5-департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Талғат Жақаев (17 жылға кесілген); Оң жақтан екінші отырған – ҚР ҰҚК-і 4-департаментінің бұрынғы бастығы Ирлан Абдрахманов (17 жыл); оның арғы жағындағы – Алматы облыстық Кеден департаментінің бұрынғы бастығы Құрманбек Артықбаев (14 жыл). Ал сол жақтан төртінші отырған – шамасы, бұрынғы Қаржы полициясы Алматы қалалық департаментінің бұрынғы директоры Сергей Кузьменко. Ол жоғарыда аталған төртеуге дейін, кезіндегі Рахат Әлиевтің қылмысты істеріне байланысты сотталған болатын.

Иә, бәрі – бұрынғылар. Қазір бұлар қатаң тәртіптегі түрмеде жазаларын өтеуде. Бірақ мына суретте отырған түрлеріне қарағанда, оларды «қатаң тәртіптегі түрмеде отыр» деп айта алмайсың: мол жайылған дастарханның басында кең-кең келісті келбеттер отыр. Шамасы, төр басында ақ майкада отырған орыс тектес – түрменің «паханы» болуы мүмкін.

Қалғандары – кеуделеріне таңба басылған қара жейде киіп отыр демесең, түрлері түрмеге дейінгі тоқшылықтан түңілген адамдарға ұқсамайды. Бостандықта қымқырылған мыңғырған миллиардтардың мығым күшін бұлар «түрмеде» де көрсетіп отырған сыңайлы. «Паханның» ту сыртында теледидар көрсетіп тұр; «түрме» терезелеріне алтын жіппен көмкерілген перде ілінген; алдарында – астау-астау тамақ. Бірақ тостағандарына құйылғаны сусын ба, «басқа» ма – оны айыру мүмкін емес.

Бұл – олардың «қатаң режимде» отырған түрлері. Бірақ бұл режимде ВИП-камера бола ма, болса – онда аста-төк тамағы төгілген дастархан жайыла ма? Бұл сұрақтарды біз Ішкі істер министрлігі мен Әділет министрлігінің тиісті лауазымды тұлғаларына жолдаймыз. Мақсат – «жығылғанды жұдырықтау» емес. Мақсат – бүгінгі әділетсіздік билеген заманда «түрмеге түскеннің» де төрелігі төпеп тұрған ақиқатты анықтау.

Әлбетте, жігіттердің жағдайы жаман болмағаны жақсы. Бір қылмыс үшін екі жаза жоқ: мерзімді мезеттерін өтеп, отбасыларына оралсын. Бірақ ол «жақсылық» бұларға ғана бұйырған ба, жоқ әлде қазақстандық түрмелерде отырған мыңдаған «жаза басқандардың» жағдайы осы ма? «Қорғас қылмыстылары» түрмеде отыр ма, әлде курортта жатыр ма? Біздің білмегіміз – осылар ғана.

Сырым ДАТОВ

 

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн