«ОРАЛМАННЫҢ» ОРНЫНА қандай сөз қолданамыз?

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №38 (309) от 05 ноября 2015 г.

 

Тәңір тілеуін берсін

 

Оралман» терминінен бас тарту керек. Сенатор Икрам Адырбековтің бұл пікірі елді елең еткізді.

«Егер бізде бір ұғым, қандай да термин пайда болса, соған аяғына дейін байланып қаламыз. Қазіргі күні бізде «оралман» терминінің өзі біршама кері түсінік тудырып жүр. Азаматтық алғандар өздерінің мәртебесін ауыстырып, «оралман» мәртебесінен айырылады деп жатыр. Мен бұған келіспеймін. Өйткені басынан бастап оған «оралман» дегендіктен, ол ауылдастары үшін де, сол өңір үшін де оралман болып қала береді», – дейді сенатор.

Бұл пікірге қатысты қоғам өкілдері, саясаткерлер, зиялы қауым не дейді екен? Abai.kz қысқаша сауалнама жүргізген еді.

 

Ауыт Мұқибек,

ақын:

– «Оралман» деген сөздің құлаққа түрпідей тиетіні рас. Негізі бұл атауды Нұрсұлтан Әбішұлы да жек көреді. Анау бір жылы төрт-бес журналисті арнайы қабылдаған сұхбатында: «Осы атау маған ұнамайды! Өзгерту керек!» дегенін бүкіл дүние жүзі естіді. Елбасы сөзінің неге атқарылмағанын білмеймін. Мемлекет басшысының өзі де таяу жылдардан бері «оралман» деген сөзді қолданып жүрген жоқ, ылғи да «қандас», «қандастар», «қандастарым» деп жүр… Осындай бетбұрыс кезеңде «оралман» атауын өзгертіп, алыстан келген ағайындарымызға елбасы айтатын «қандастар» деген термин қолданғанымыз өте дұрыс болар еді.

 

Нұрлан Сейдін,

саясаттанушы:

–Қазақстан тәуелсіздік алғалы 1 млн. қандасымыз елімізге көшіп келді. Сол миллион азаматтың талабын ескеріп, «қандастар» деген секілді ұлтты біріктіретін атау қойғанымыз жөн. Қойылатын ол атауды ғалымдар, саясаткерлер, қандастар, жалпы қазақ болып талқыға салып, шешім шығарған дұрыс. Өйткені қазір оралман деген сөз өзгелерді былай қойып, өз қазағымыздың арасын екіге бөліп отыр. Ауылға барсаңыз, қарапайым халықтың өзі «ой, олар оралмандар ғой» деп сыртқа тебеді. Біз қазақтың бір-бірін бауырластыратын идеология жүргізуіміз қажет.

 

Әзімбай Ғали,

саясаттанушы:

– Жалпы, шетелден келіп жатқан қандастардың статусын білдіретін саяси термин болғаны дұрыс. Егер де «оралман» деген сөз ұнамай жатса, оның орнына басқа саяси термин енгізу қажет. Мысалы, дүние жүзінде «репатриант» деген термин бар. Әлем елдері тарихи отанынан оралған азаматтарды «репатриант» деп атайды. Мен өз басым осы халықаралық терминді пайдаланған дұрыс болар деп ойлаймын.

 

Дәурен Бабамұрат,

саясаттанушы:

–Қазақ қайда болса да – қазақ. Бір-бірінен анау айтқандай айырма жоқ. Оларды жерге, мемлекетке қарап, бөлшектеуге, оларды шымкенттік, алматылық, қытайлық, моңғолиялық деп бөлуге құқығымыз жоқ. Шеттен келіп жатқан ағайын – біздің бауырларымыз. Сол бауырларымыздың көші саябырсып қалып еді. Мемлекет қазір заңды қайта қарап, азаматтық алудың жолдарын жеңілдетіп жатыр. Осындай кезеңде қандастарымыз елге көптеп ағылу үшін «оралман» сөзін қолданыстан алып тастаған жөн.

Дайындаған –

Шәріпхан Қайсар,

Abai.kz

 

«ТАНЫМ»

жұмысын бастады

 

«ТАНЫМ» пікірсайыс клубы 05.11.2015 жылы сағат 11.30-да «Қазақ көші қаңтарылар қашанғы?» деген тақырыпта өзінің кезекті отырысын өткізетінін хабарлайды (өтетін орны – Қастеев көшесі, 49-үй, Ватутин көшесінің қилысы). Байланыс телефондары:                   8 777 356 9696, офис – 8(727) 291 21 73.

ҚР «Көші-қон туралы заңына» енгізілген соңғы өзгертулер мен қосымшалар туралы негізгі баяндаманы: тарих ғылымының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің профессоры – Нәбижан МҰХАМЕТХАНҰЛЫ, «Жебеу» республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры – Рақым АЙЫПҰЛЫ жасайды.

Келем деушілерге есік ашық!

 

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн