«Общественная позиция»
(проект «DAT» №17 (288) от 29 апреля 2015 г.
Ойдан-қырдан
Бәсеке?
Жуықта бірқатар қазақстандық интернет-сайттар «Орда» тобының мүшелері танымал поп-жұлдыз Қайрат Нұртасты сынағанын жария етті.
«Ордалықтар» бүгінгі шоу-бизнестегі Қайраттың «лидер» атануы Қазақстандағы музыкалық деңгейдің қандай дәрежеде екенін көрсетеді дейді. «Мысалы, домбыра – Шәмші Қалдаяқовтың туындылары секілді ұлттың мақтанышы. Бірақ бұл 100% вальс, яғни одан неміс композиторларының шығармашылығындағы сарынды да байқауға болады. Сондықтан бізге: «Бұл біздің ұлттық музыкамыз, ал сендер басқа нәрсе істеп жүрсіңдер?» – деген халықты түсінбейміз. Бұл дұрыс емес, өйткені біз де осындай қазақ әуендерін дайындаудамыз», – дейді ағайынды Беделхандар.
Сонымен қатар топ мүшелері: «Әнді қалай шырқау керектігін халық айтатын болса, Қайрат Нұртас секілді әншілер шығады. Алайда музыканың мықтылығын анықтайтын – музыкант қана. Ол халыққа жол тартатын өнім үшін жауапты. Сондықтан кәсіби таңдау жасауды музыкант өз қолына алады», – дейді олар.
Әлбетте, «әркімнің өнерге бар таласы» демекші, «ордалық» әншілердің қазақ эстрада өнеріне жанашырлығын түсінуге болады. Бірақ ол өнердің деңгейі жоғары ма, жоқ әлде төмен бе – оны музыканттан емес, сол өнердің бірден-бір тұтынушысы – халықтан сұрау керек сияқты. Музыкант сол тұтынушыға «жоғары» дүние бере алмаса, оған Қайрат Нұртас неге жауап беруі тиіс? Ол сазгер жасаған «дүниені» халыққа жеткізуші, яғни – құдай өзіндік мақамда дауыс берген әнші ғана. Отыз жасыңа дейін орда бұзғың келсе, Қайраттың мың-мың тыңдарманын өзіңе бұрып ал. Ал «атың шықпаса, жер өрте» демекші, өзіңді зорлықпен танымал ету үшін, Қайратты қарадай сынау – өнердегі бәсекелестіктің белгісі болмаса керек.