ОСАЛ БІЛІМ – жастардың діншілдікке ойысуына ЫҚПАЛ ЕТЕДІ

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №44 (315) от 17 декабря 2015 г.

 

Болашақ қайдан басталады?

 

 

Қазір Қазақстанда жыл сайын бұқараның дінге ойысуы артып, зайырлылығы күңгірттеніп барады, діншіл экстремизм және лаңкестік дегендер өршіп тұр.

 

Тәуелсіздік жылдары Қазақстандағы діни бірлестіктердің саны 4,5 мыңға жеткен болатын. Дінге сенушілер мен оның әдептерін ұстанушылар да үнемі өсіп отырды. 2011 жылы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» жаңа заң қабылданып, тіркеу қатаң тәртіппен өткізілді. Қазір олардың саны 3088-ге түсті.

Діни мекемелердің және оған қатынаушылардың көбеюі – руханилықтың артуының көрсеткіші емес. Бәрі керісінше, сақалдың ұзындығы – зерденің қысқалығын айғақтайды. Сақалдының аузынан шығары бір сөз – аллаһуакбар, істейтіні бір әрекет – қойнына тротилл толтырып бергенде, балабақша мен мектепке қарай зытып бара жату. Ол балалардың не жазығы бар, мен кімге өшігіп жүрмін, олар маған, менің еліме қандай кесапаттық жасап еді, мен күрестің осы формасымен жеңіске жете алам ба, мынау ғажап әлемнен – мөлдір суы, ашық аспаны, қызылды-жасылды гүлдері өсіп тұрған дүниеден кетіп қалғанымның өзі дұрыс па, отбасын құрып, өзгелерше неге тіршілік істемеймін, жазықсыз баланы, әйелді, кәріні жер жастандыруымның өзін құдай қалай бағалайды… деген сұрақтар төңірегінде толғанбайды.

Неге?

Лаңкестік пен экстремистік әрекеттердің көрініс беруінің себептері бірнешеу. Олардың ішіндегі бастысы – мектепте берілген білімінің осалдығы.

Жалпы сауаттың төмендігінен, ғылыми дүниетанымның тарлығынан, мәдениеттің кемшіндігінен адамдар өмірге бейімделе алмайды, қиын жағдайларда қыспақтан шығатын жол таба алмайды. Жұмыс таба алмай, қолынан ештеңе келмей, материалдық күйзеліске ұшырайды.

Сөйтіп жүрген адамға миссионер келіп, үгіт жүргізгенде, жерден жеті қоян тапқандай, артынан еріп кете береді. Егер сепаратистік ұйым өкілі белгілі бір қызметі үшін, мысалы, діншіл әдебиетті таратқаны немесе сектаға жаңа мүше ертіп әкелгені үшін аз болса да қаражат ұсынса, онда ол ұйымның белді мүшесіне айнала салады. Өзі ғана емес, сектаға отбасы мүшелерін, таныстарын тарта бастайды.

Мұндайда мектептегі мұғалімнен естіген ұлттық, отаншылдық, демократия, келешекте керемет болғалы жатырмыз деген былшылдар оның қаперінен тез шығып кетеді. Санасына тықпаланған құқық, мәдениет, адамгершілік, әділдік, ізгілік тектес таптаурындар енді кедейлік зардабын әбден тартқан оның асқазанын айнытады.

Иә, мектеп бітіруші есімін, тегін жаза алады, ақша санай біледі. Өмірлік практика оған ұялы телефонды пайдалануды, тіпті автомобиль жүргізуді үйретеді. Кейінірек ол діни-экстремистік ұйымда жүріп, Калашниковтың автоматымен атуды, жарылғыштың детонаторын іске қосуды меңгереді. Осымен оның таным үдерісі тоқталады. Енді ол рухани статикалық күйге түседі, ештеңеге қызықпайды, жеке басының бақыты үшін де күреспейді, өмірлік компетенциясын шектейді, тұлға ретінде қалыптасу жолынан адасады, оның санасындағы рефлексия үдерісі үзіледі.

Құқықтық білімнің болмауынан, адамгершілік сананың төмендігінен, әлеуметтік компетенттіктің жетіспеуінен адам өмір сүруді білмейді, жұмыссыз, кедей болып қалады. Тұрмыстық омалу, аурудың меңдеуі оны есіркеуші мен құтқарушыны енді діннен іздеуге итермелейді, оның экстремист қолындағы құралға айналғаннан басқа амалы қалмайды.

Арғы жақта ислам ортодоксиясы бойынша бәрі шешіліп қойылған: «Сенің басың – Алланың добы»; «Құдай – бір, құран – шын»; «қасиетті жиһадтың» жолында жүрген сәлделінің бұйрығын орындасаң болды – жаның жаннатта, туыстарың қамтамасыздықта болады. Мінеки, өмірін дұрыс құруға компетенттігі жетпейтін мектеп бітірушінің санасын қамауға түсіру үдерісі осындай.

Мектепте ғылым негіздері қаншалықты сапалы оқытылса, елде экстремистік ұйымдар және оларға қатынаушылардың саны соншалықты аз болар еді. Интеллектілік пен діншілдік әрқашан қарама-қарсы корреляциялы болады. Мектептегі білім сапасы көрсеткіші діншіл сепаратистік ұйымдардың және олардың мүшелерінің санының артуына кері пропорциялы. Мектеп ғылыми дәйекті білім бере алмағандықтан, елде діншілдікке бой алдырушылардың саны артып отыр. Бұл – өмірлік практикада жиі көрінісімен дәлелденіп отырған аксиома.

Соңғы жылдары діншіл экстремизмнің алдын алу үшін орта және жоғары оқу орындарында дінтану курсын оқыту қажеттігі туралы дауыстар үдей түсуде. Бұл жерден біз тағы да қоғамды аурудан емес, симптомнан емдеу құбылысына тап болып отырмыз. Құбылыстың себебін ескермей, сыртқы белгілеріне қарап әрекет етудің нәтиже бермейтінін білім беру саласын басқарып отырғандардың ұғар түрі жоқ.

Дінтану пәнін барлық оқу орындарында оқыту – діншіл экстремизм мен лаңкестікке тосқауыл қоятын қалқан бола алмайды. Мектеп бағдарламасына «Дінтануды» енгізгенде, жастар адамгершілікті және мейірімді болып шығады деу – құбылыстың себебіне үңіле алмаушылықтан, сондықтан оның салдарына қарап тон пішуден туған, үстірт түсінік. Лаңкестік пен діншіл экстремизм атаулының бәрі тек ислам ортодоксиясының соңынан түсіп жүрген елдерден шығып отыр. Бұл құбылыс Қазақстанда да исламның ықпалының артуына, дінді уағыздайтын мекемелердің – мешіттердің көбеюіне тура пропорциялы пайда болып отыр. Мұндайды күн сайын құлақпен естіп, көзбен көріп отырып, енді мектепте білім мазмұны мен көлемі ғылыми негізде айқындалмаған пәнді кездейсоқ авторлардың жазған сапасыз оқулығымен, шаласауатты мұғалімдердің күшімен оқытуға кірісуге болмайды.

Білім беру стандартына жаңа пән енгізу жеке бір ақылды басшының ұсынысымен емес, ғылыми-педагогикалық мекеменің жүргізген зерттеулерінің қорытындыларына сүйеніп, заңды механизмдермен жүзеге асырылуға тиіс. Білім мазмұнын өзгерту идеясы алдымен Қазақстан Республикасының Конституциясында көрсетілген Қазақстанның келешекте қандай қоғам құруды көздеп отырған мақсатына сай жүзеге асырылады. ҚР Конституциясының 1-бабында Қазақстан өзін келешекте «демократиялық, құқықтық, зайырлы, әлеуметтік мемлекет ретінде құрады» деп көрсетілген. Демек, білім мазмұны осы діттеулерге сай құрылуға тиіс.

Демократиялық, құқықтық, зайырлы, әлеуметтік мемлекет құру үшін, азаматтарды осы сипаттамаларға сай, компетентті етіп тәрбиелейтін білім құрамы мен мазмұнын іріктеп алу керек.

Жастардың түрлі экстремистік ұйымдардың соңынан ілесіп кетуін болдырмау үшін, керісінше, «дінтануды» емес, мектепте ғылыми дүниетанымды қалыптастыратын қоғамдық білім негіздерін – саясатты, құқықтануды, әлеуметтануды, мәдениеттануды, адамгершілік құндылықтарды (этиканы) және жаратылыстану-математикалық білім негіздерін … дұрыс оқытуды жолға қою керек.

Шала білім адамдарды әлдебір бұлдыр сағымның соңына ілестіріп, ақыры тұтас қоғамды статикалық күйге түсіріп қоятын жағдайлар өркениет тарихында аз ұшыраспайды. Мұндайда көркемөнер де бір басқышта, одан ары жылжымай тұрып алады. Қазір мұсылман елдерінің бәрінде дерліктей ортодоксті ислам қағидаларының санада жасалатын рефлексияның жолын бөгеп, өндірістік, техникалық және технологиялық ойлауды мүлдем тоқтатып тастағанын аңғару қиын емес. Бізде де солай – соңғы жылдары осы үрдіс белең алып келеді.

Көзқарастары түйіспегендіктен, балалар ата-аналарына қарсы шығады, ағасы інісіне қол салады, діни реңктегі қылмыстар көбеюде, қарулы радикал-исламшылар тұтастай елге, тіпті өңірге қауіп төндіруде. Осындайдың бәрі біздің маңайымызда, кейбіреулері біздің өзімізде болып жатыр.

Қазір болып жатқан жағдайды бажайлай отырып, келешекті болжауға болады. Егер білім мен мәдениеттегі тоқырау бұдан былайғы уақытта жалғаса берсе, аузында «аллаһуакбары», қойнында қопартқышы бар сақалдылар көбейе берсе, онда таяудағы жылдарда-ақ Қазақстан XVII ғасырда өмір сүрген Т.Гоббс айтқандай кепті киетін болады. Ағылшын философы мүмкін болар ахуалды былай сипаттаған болатын: «Қалыпты азаматтық күй орнамағанда,.. адамдардың бір- біріне табиғи зұлымдық тілеуі нормаға айналып,.. әркім әркімнің жауына айналып, бәрі бәріне қарсы соғысатын» (Гоббс Т. Левиафан. Соч. Т. 2. М.: Мысль, 1964. 152-б.) жағдай қалыптасатын болады. Ондай қоғам «егін екпейді,.. сауда жасамайды,.. уақыт санамайды»,.. Ондай қоғамда «еңбекті сүюге орын жоқ, өнермен, әдебиетпен ешкім айналыспайды»,.. «адамдар тек мәңгілік қорқынышпен, біреу өлтіріп кете ме деген үреймен, жалғыздықта, тұңғиықта, кедейлікпен, жарықсыз, топас қысқа өмірін сүріп жатады» (сонда. Гоббс Т. 152-153- б.б.).

Қоғамдағы біліми-интеллектілік деңгейдің төмендеуінен туындап отырған бұл қауіп діннің барлық шептегі шабуылымен еселей түсуде. Қазақстандағы білім берудің формалылануы мен профанациясы ары қарай жалғаса берсе, онда қоғамда сақалдылар мен сәлделілердің үстемдігінде, үнемі азамат соғысы жағдайында өмір сүретін ахуалға тап болар күн алыс емес.

Қанағат ЖҮКЕШЕВ,

[email protected]

 

 

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн