ОТАН ДЕГЕН НЕМЕНЕ?

«Общественная позиция»
(проект «DAT» №8 (325) от 25 февраля 2016 г.

Мезгіл мерезі
ОТАН ДЕГЕН НЕМЕНЕ?

(Жалғасы. Басы газеттің 18 ақпандағы санында)

Қайран Әлихан! Биыл ЮНЕСКО-ның ауқымында 150 жылдығы аталып өтетін Алаштың бетке ұстар көсемі жеріміздің астындағы, үстіндегі бар байлық қазақтікі екенін айта келіп: «Оның әрбір түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалуы керек», «Қазақтың жерінде өндірілген «бір уыс» жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі» керек, қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек», – деген екен. (Ә.Бөкейхановтың идеяларының бәрі алаштанушы Т.Жұртбайдың жазбаларынан алынды. – Авт.) Әлем таныған тәуелсіз еңселі елміз, дүние жүзі елдерінің басшыларының бәрі де санасатын шоқтығы биік ұлт көсемі – президентіміз бар, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» замандамыз дейміз.
Осыны айтқан кезде Алматыдағы, Астанадағы елдің бетке ұстар қаймақтары дейтін ақсақал-көксақал ақын-жазушы, академик-ғалым, өнер саңлақтары атанған аға-апаларымыздың аузы-аузына жұқпай, әй, бір тілдерін безеп көсіледі-ау, ә?! Шіркіндер-ай десейші! Әйткенмен, біз ақиқатына жүгінейікші, қазағы үшін құрбан болған, шын мәніндегі ұлт көсемі деңгейіне көтерілген Ә.Бөкейханов бағдар етіп ұсынып, аманат ұраны ретінде қалдырған мемлекеттік идеялардың қайсысын жүзеге асырдық?
Жоқ!..
Олай болатыны – бізде мемлекет атын алған ұлттың артықшылығын батыл айту былай тұрсын, ғасырлар бойы қорлық пен зорлық көруден көзі ашылмай келе жатқан қазақ халқы үшін барын беріп, арын арлайтын билік те, сол биліктің төңірегіне топтасқан мемлекетшіл тұлғалар да жоқ. Егер бар болса, онда неге экономикалық, рухани, мәдени, әлеуметтік жағынан тұралаған, бай, ықпалды елдерге кіріптар, солардың берген қарызымен ғана өмір сүретін дамушы елдердің қатарына қосылдық?
Енді осы ойымызды одан да терең, нақты да дәлелді етіп айту үшін іріктеген деректерімізге жүгінсек: «International Living» журналының жазуынша, «Қазақстан ТМД елдері арасында өмір сүру деңгейі жөнінен ең соңғы орындардың арасында» екен; «Bank of Amerika Merrill Lynch» инвестициялық тобының хабарлауынша, Қазақстан дефолт қаупі төніп тұрған, халі ауыр жағдайдағы он елдің ішінде; «Bloomberg» агенттігінің 2015 жылғы жасаған сараптауына сенсек, Қазақстан әлемдегі экономикасы құлдыраған он елдің қатарында; Дүниежүзілік банктің ақпарына қарасақ, еліміз алған қарызын қайтара алмай титықтаған елдердің алғы шебінде жүр; Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының мәліметі де жан түршіктіреді: Қазақстанда әр сағат сайын өзіне-өзі қол жұмсап, өлім құшу оқиғасы тіркеледі… Әрбір отызыншы қазақстандық нашақор, әрбір бесінші адам араққа салынған… Тастанды сәбилердің санының көптігі жөнінен де бұрын-соңды болмаған деңгейдеміз… Елдегі жұмыссыздар қатарының көптігі қатты алаңдатарлық дәрежеде еді, жаңа жылдан кейінгі қысқартулардан соң тіпті еселеп өсті. Демек, жасалатын қылмыс, ұрлық-қарлық, қорлық-зорлық, кісі тонау оқиғалары көбейген үстіне көбейеді. Олай болатыны – еңбек етуге қабілетті, бойында күш-қуаты тасып-төгілген жастардың жаппай жұмыссыз сенделуі еріксіз осыған алып келеді.
Осы жерде «бұл ненің жемісі?» деген заңды сұрақ өз-өзінен жан алқымнан алады. Оны санасы сәулелі жұрттың бәрі билік пен оның айналасындағы сыбайластардың – халықтың жетпіс жылдан астам уақыт бойы қасық қанын аямай қорғап, тірнектеп жиған бар байлығын өзара бөліске салып, талан-тараж жасауынан, шетелдіктерге ауыз арзымайтын бағаға сатумен әуестеніп, жонып жеуінен және халыққа өз күніңді өзің көр деген жаны ашымайтын саясат жүргізуінен болғандығын өте жақсы біледі. Аңқау да момақан ел билік тізгінін ұстағандарға тура кешегі Коммунистік партия мен үкіметке сенгеніндей, құлай сенді. Купон деп құр қағазды қолдарына ұстатып, мына жекешеленіп жатқан меншікте сендердің де мол үлестерің болады деп алдап, ауыздарын қу шөппен сүртіп кететінін, әрине, білген жоқ. Енді бүгін «тапсырған сол купондарымыз қайда, одан не аламын деп сұрайтын қорлар (ұзын саны 170-тей болатын) мен олардың иелерінен кім бар?» деңізші. Олардың сайда саны, құмда ізі қалмаған, зым-зия… Ешкімді таба да, ұстай да алмайсыз.
Алайда әр қордың тасасында кімдердің сұлбаланып көрінетінін ішіңіз сезеді. Бүгінде жекешелендіру, мемлекет иелігіндегі ақырғы, ең ақырғы халықтық меншіктерді сатып алу науқаны қоғамның байлығы есебінен байығандар арасында қызу жүріп жатыр. Ұлттық экономика министрлігінің жекешелендіруге шығарған нысандарының тізімі басында «Қазақстан темір жолы», «Қазмұнайгаз», «Қазатом өнеркәсібі», «Самұрық-Энерго», «Бәйтерек», «ҚазАгро», «Қазақтелеком», Қазақ-Британ техникалық университеті, «Жолаушылар тасымалы», «Тұлпар Тальго» секілді холдингтер мен компаниялар тізіліп тұр. Бәрі де мемлекетке кіріс әкелетін, стратегиялық маңызы зор құрылымдар. Солардан кейін Павлодар мұнай-химия заводы, Атырау мұнай өңдеу заводы, «Қазақстан тұрғын-үй жинақ банкі», Алматы электр станциясы, «Қорғас» халықаралық шекаралық әріптестік орталығы АҚ, «Қазгеология» геологиялық барлау ұлттық компаниясы, «Астана» халықаралық әуежайы, «Қазпошта» АҚ, «Эйр Астана», Павлодар әуежайы, Ақтөбе халықаралық әуежайы… және «Фармация БК», «Қазмедтех», «Ұлттық ғылыми медициналық орталығы», «Қазавтожол», «Ядролық технология паркі», «Алматы шипажайы», «Астана қонақ үйі», «Арқа шипажайы», «Арман шипажайы», «Қазақстан шипажайы», Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы, «Бөбек» ұлттық ғылыми-өндірістік, сауаттандыру және сауықтыру орталығы, Қостанай халықаралық әуежайы, Шымкент әуежайы, «Қазақстан Республикасы президенті іс басқармасының медицина орталығы» орталық клиникалық ауруханасы, тағы басқалары болып тізіліп кете береді.
Біз бейбақ осылай деп жазып отырған сәтте осылардың біразы, Н.Назарбаевтың өзі айтқандай, «ашық та жариялы» түрде саудаланып, нақты иелерін тапқан да шығар. Қалғандары да сатылмай қалмайтынына кәміл сене беріңіз. Өйткені күні кеше ғана Астанада өткен «Нұр Отан» партиясының XVII съезінде елбасының өзі залда отырғандар мен көгілдір экранға көз алмай қадалған елге қаратып ағынан ақтарыла сөйледі. Біз көптеген бай адамдарды, миллиардерлерді тәрбиелеп шығардық. «Forbes» журналында суреттері бар. Осы ақшаларды табуға Қазақстан мүмкіндік берді. Енді мені қашан ұстап әкетеді деп үрейленіп отырғанша, шетелдік банктердегі сол ақшаларыңды әкеліңдер. Жекешелендіруге шығарылған нысандарды сатып алыңдар деді.
Нұрекең осындай мәселені бұған дейін де қозғаған. 141 миллиардтан астам доллардың шекарамыздан асып, шетел банкілерінде сақталып, қозғаусыз жатқанын сөз еткен. Тартып алады деп қорықпаңдар деген. Жігерлендірген, алданбайтындарына сендірген. Енді қайтсін-ай?!. Айтуын – айтып-ақ жатыр.
Алайда іс онша мандымады. Олай дейтініміз, үкіметтің бұл науқанға белгілеген кесімді уақыты 2014 жылдың қыркүйегінде басталып, 2015 жылдың соңында қорытындылануы керек болатын. Желтоқсанның 1-іне дейін 424 млрд теңге ғана жария етілді. Сол себепті К.Мәсімовтың үкіметі жария ету мерзімін ұзартуға және «аталған науқанға қоғам сенімін шектеген» шарттарын жеңілдетуге мәжбүр болды.
«Жаңа түзетулердің бірі – банк шоттарынан жария етілген ақшаны мерзімінен бұрын алу кезінде жария етуге 10 пайыз алым алынып тасталды. Сонымен қатар аталған норманың кері күші бар. Мәселен, осы алымды төлегендердің бәрі өз ақшаларын бюджеттен қайтарып ала алады», – деп, өткен жылдың қараша айында жаңа заңнамаға енгізілген өзгеріске түсінік берді Қаржы министрі Б.Сұлтанов. Соның арқасында науқанға қызығушылық артып, жасырып-жапқан байлығын жария етушілер қатары сәл қозғалақтай бастаған секілді. Ол дүние-мүліктер біздің елімізде бола ма, жоқ әлде әлемнің әр түкпіріндегі басқа мемлекеттерде бола ма, бәрібір заңдастырылуы керек. «Кейін деген іс кем болады», осы мүмкіндікті пайдаланып қалыңдар деді билік тізгінін ұстағандар.
Өстіп ұры-қарыларға да, табан ақы, маңдай теріне иек артып, азын-аулақ дәулеттің басын құраған басқаларға да белгілі бір кезеңдік кеңдік жасады. Арты қалай болады, кезі келгенде, оны да көре жатармыз. Ал әзірге…
Иә, жекешелендіру мәселесіне қайыра оралайық. Оған шетелдіктердің де белсене қатысуына әбден болады деді елбасының өзі. Осы сөзін аңдып-ақ отыр екен, қытайлықтардың көздері шырадай жанып шыға келді. «Біздің кәсіпкерлер Қазақстандағы жекешелендіруге белсене араласады, – деді журналистермен өткізген кездесуінде еліміздегі елшісі Чжан Ханьхуэй. Тіпті қолмен қойғандай етіп нақты мәліметті де жайып салды. – Біз өндірістік қуатты тасымалдау бойынша 52 жобаны таңдап алдық, олардың жалпы құны 24 млрд АҚШ доллары», – деп оны да жайып салды.
Әлбетте, Қытай аламын десе, алады. Содан соң арты қалай болады? Міне, бұл бәріміз үшін ойланатын үлкен мәселе! Өйткені еркін ойлы газеттерді оқып жүрсеңіз, Қазақстанның мұнайына тұмсығын тыққан қытайлық компаниялардың жергілікті халықты қалай қорлап, кемсітетінін, әрбірден кейін қазақтармен салыстырғанда қытайлықтар еңбек ақыны әлдеқайда аз төлеп, арада алауыздық тудыратынын талай рет оқыдыңыз. Сабақ алатындай, ауыз күйетіндей ой түйдік қой. Бірақ ондайға мойын бұратын билік көрінбейді. Өйткені «алмақтың да салмағы бар». Үсті-үстіне еселеп алған қарыздың қыспағы уақыт озған сайын тыпыршыта түсуде.
Бас банкіміздің берген ақпарына сүйенсек, 2015 жылдың 30 қыркүйегіне дейінгі сыртқы берешегіміз 197,1 млрд Америка ақшасы болыпты. Инвестиция деп АҚШ-тан – $58,5 млрд, Нидерландыдан – $18,9 млрд, Ұлыбританиядан – $16,6 млрд, Ресейден – $7,5 млрд, Жапониядан – $5,2 млрд, Германиядан – $5 млрд… өстіп, бір сөзбен айтқанда, «артымызға қарамай» анау елден де, мынау елден де ағылған ақшаны, Құдай бере салғандай көріп, ала беріппіз, ала беріппіз. Дүние жүзіндегі мемлекеттердің жартысына қарыз болыппыз.
Енді солардың үстемесін қосып қайтаратын сын сағаты жетті. Әр қарыздың келісілген кесімді уақыты бар. Биыл $17 млрд қайтаруымыз қажет болса, оның келер жылға белгіленген мөлшері – $ 117 млрд. Жұмыс істеп, тоқтаусыз өнім шығаратын кәсіпорындарымыз жоқтың қасы. Ана аймақта ашылған, мына өңірде президенттің өзі лентасын қиған өндіріс ошақтарының ауыз толтырып айтатын бірі бар ма? Әкімдер өтіріктен тау тұрғызып еді, әбден үрленіп жарылған шар сияқты, ол тау да құлады. Билік пен оның айнала төңірегіндегілердің бәрін ісіндіріп-кебіндірген қазағымызға Құдайдың жомарттықпен берген жер асты байлығы – мұнай еді, оның бағасы құлдилаған сайын, экономикамыздың қаншалықты «гүлдене дамып» кеткендігі бадырайып шыға берді. Н.Ә.Назарбаев елді 2015 жылдың қаңтар-ақпанында біз кризистен қорықпаймыз деп сендірген. Мұнай бағасы одан да төмен құлдырай бастағанда, елімізді қыспақты жағдайдан құтқаратын баламалы бағдарламамыз үкімет басшысының үстелінде жатыр деді. Баға құлаған үстіне құлап, бас бермей бара жатқанына күллі әлем куә.
Алайда елбасы айтқан үкіметтің елді қымбатшылықтан құтқаратын, экономикамыздың құлдырауын тежейтін керемет бағдарламалары іске қосылмады. Соған қарағанда, үкімет басшысы елбасын алдады немесе елбасы еліміздің бар үміті мұнайға тірелген қауқарсыздығын білдірмеу үшін елді алдаусыратты. Қаржы тапшылығы қинаған үстіне қинап барады. Не істеу керек? Қыспақты қиын халден қалай құтылуға болады? Міне, осы кезде Талапкер Иманбаев «тонап» кетіп, одан кейін 20 жылға жуық уақыттан бері қозғаусыз жатып, қордаланған халықтың зейнетақы қоры ойға оралды. Оның нағыз иесі халық болғанымен, тағдырын шешетін – билік. Сондықтан билік оған да қол салды.
Талғат Айтбайұлы,
публицист-жазушы
(Соңы газеттің келесі санында)

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн