Ойда да – саясат, тойда да – саясат

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №12 (283) от 26 марта 2015 г.

 

 Ойдан-қырдан

Мұнысы қалай?

 

!Наурыз айында қостанайлық Сүндетбаевтар – Әсет пен Анарды елбасы үйлену тойымен құттықтады. Назарбаевтың құттықтау хатын облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов жеткізіп, той үстінде оқып берді. Бұған себеп – той иесі Әсет президентті өз тойына арнайы шақырған көрінеді.

Несі бар, елдің басы «шақырғаннан қалмайтын» қазақтың қалпын бұзды – келмеді демесеңіз, арнайы құттықтаған ғой. Сүндетбаевтар әулетінде ақ некенің үстіне елбасының нұры төгіліп, «нұр үстіне нұр» болды.

Әрине, бұндай тосын сыйға бір ғана Әсет пен Анар емес, күллі қазақ жастары лайық-ақ. Алайда анау әкімнің (суретте) осы тойға орай хат тасып келуі – «тегін» болмаса керек? Қайткенде де бұл өзі біреуге «бұл қалай», енді біреуге «кімі болды екен» деген сұрақтар тудыратын келіс болған сияқты. Бірақ ел қалай десе де, бұл құттықтау екі жастың өміріндегі елеулі оқиғалардың бірі болары анық.

Тек біздің айтпағымыз – (құданың құдіреті-ау) елбасы жазған «елеулі» құттықтау (суретте) жастардың тойына қатыссыз тағы бір сұрақ тудырады. Жоқ, жазылған тілек тәп-тәуір. Бірақ оның граматикалық тұрғыда жазылуы президенттік сайлауға түскен үміткерлерден емтихан алған Мырзатай Жолдасбековке сын болар түрі бар.

Неге дейсіз ғой?! Рамкаға әрленіп салынған құттықтауға қараңыз: осындағы үш сөйлемде екі қате жүр. Біріншіден, «Құрметті» деген сөзден кейін үтір қойылады. Екіншіден, «ата аналарыңның» деген тіркес дефис арқылы жазылады.

Сосын ғой біздің: «мұнысы қалай?» дейтініміз. Өзіңіз ойлаңыз: президенттің үш сөйлемінен екі қате кетсе, бірнеше беттік шығармасы қандай қызыл шимай боларын…

Дегенмен, не болса да, болары – болыпты. Бәлки, бұл «үміткердің» былайғы жұрттың алдында тілден сүрінуі – Мырзатай емтиханшының «байқамай қалатынынан» болар, бәлки, сайлау алды науқаншыл әкімдердің ақылымен жақсы аттанып, сүле-сапа сілтей салғанынан болар, – әйтеуір «көсемнен» де бір көлеңке көрініп қалғаны рас енді…

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн