«Общественная позиция»
(проект «DAT» №42 (406) от 16 ноября 2017 г.
Дабыра
Мемлекеттік кіріс комитеті Париждегі қазақстандық шенеуніктің 65 млн еуро тұратын пәтері туралы ақпаратты тексеруде.
Ақпарат агенттіктері мен әлеуметтік желілер арқылы бұған дейін хабарланғандай, жуықта Қазақстан үкіметінің әзірге аты-жөні аталмаған ресми өкілі Парижде 65 млн еуроға ($75,8 млн) қауіпсіздігі өте жоғары люкс-пәтер сатып алғаны белгілі болған еді.
Mansion Global элиталы жылжымайтын мүлік халықаралық агенттігінің ақпарынша, бұл 2017 жылы жеке меншік мүлік категориясы бойынша, Парижде жасалған ең ірі сауда-саттық болып шыққан. Ал кеше ҚР мемлекеттік кіріс комитеті осы ақпаратты тексеруге кірісті, деп хабарлады ҚазТАГ тілшісі.
«Маған бүгінде бұл ақпараттың барлығын мемлекеттік кіріс комитеті тексеріп жатыр деп хабарлады. Сол тексеріс материалын көргеннен кейін менің ұстанымым қалыптасады», – деді кеше ҚР бас прокуроры Жақып Асанов мәжілістегі кулуарда.
Интернеттің қазақстандық контентін жарып жіберердей болған пәтер саудасы Париждегі Авеню Монтань үйіне қатысты болып шықты. Бұл үй қаладағы Елисей алаңына жақын қымбат, ауқатты ауданға жатады. Аумағы 1,2 мың шаршы метр, 5 жатын бөлмесі, 5 санузел мен СПА-бөлмесі, қонақтарды күтуге арналған жеке бөлмелері, күзет бөлмесі бар. Үйдің терезелері оқ өтпейтін шынылармен қапталған. Жергілікті тұрғындар бұл ауданды Париждің «алтын төрт тағаны» деп те атайды. Бұл үйден Елисей алаңына дейін жаяу бірнеше минутта жетуге болады.
Бұл келісім бельгиялық брокер Игнас Мювиссеннің (суретте) делдалдығымен жасалған екен. Оның риелторлық агенттігі Мәскеуде орналасқан. Ол басқаратын агенттік Ресей мен ТМД елдеріне, шетелдіктерге осындай қымбат мүліктер жөнінде ұсыныстар жасап, сауда-саттық құжаттарын дайындаумен айналысады.
Дегенмен, Мювиссен пәтерді сатып алған қазақтың аты-жөнін айтудан бас тартып отыр. Тек ҚР үкіметінің ресми өкілі деп қысқа қайырыпты. Ал пәтерді сатқан адам да бөтен емес, ол көрші Ресейдің танымал кәсіпкері.
«Сатушы – ресейлік инвестициялық компанияның басшысы, ол аталған көпқабатты зәулім үйден бірнеше пәтер сатып алып қойған. Бұл үйдің терезесінен тарихи Plaza Athénée қонақ үйі көрінеді. Инвестор пәтерлерін осыдан 3 ай бұрын 75 млн еуродан сата бастады», – дейді Мювиссен.
Брокер Игнас Мювиссен Sputnik Қазақстан агенттігіне берген сұхбатында Қазақстанның аса танымал әрі бай тұлғаларымен бұрын да жұмыс істегенін айтып берген, деп хабарлайды Today.kz.
«Жылжымайтын мүлік саласында жұмыс істеп жүргеніме 20 жыл болды. Бай адамдармен қарым-қатынасым жақсы, шыны керек, маған бәрі сенетіндіктен, беделім жаман емес. Иә, Қазақстаннан бірнеше клиентім болды. Негізінен посткеңестік кеңістікте тұратын адамдармен жұмыс істеймін. Жалпы, қазақстандықтар Еуропаға жиі келе бастады», – дейді Игнас Мювиссен.
Игнас мырзаның айтуынша, қазақстандық үкіметтің өкілі пәтермен бірге төрт көлік сатып алыпты: күзет қызметі үшін екі Mercedes G, жеке пайдалануға екі Maybach темір тұлпарын алған.
Риелтордың сөзіне сүйенсек, клиенттердің бәрі бірдей кім екенін жасырмайды, дегенмен Қазақстанның билік өкілі пәтердің бұрынғы иесімен құпия түрде кездескен. Мювиссеннің айтуынша, риелтор арқылы пәтер сатып алған адаммен қазір байланысу мүмкін емес.
«Менің атымды «Гуглға» жазып қарасаңыз, бұрын жұмыс істеген адамдарды көре аласыз. Бірақ клиентімнің атын құпия түрде қалдырғысы келгенін құрметтеймін. Бұл оның өзі және отбасы үшін маңызды. Сатып алушы мен сатушы арасындағы кездесуді өзім ұйымдастырдым. Кездесу бірнеше сағатқа ғана созылды», – деп атап өтті Мювиссен.
«Бүгінде жұртшылық ақшасын бірдеңеге салып, инвестициясын сақтау жолдарын қарастырады. Париж, жалпы Еуропа – бұл мақсатта таптырмайтын жер. Жылжымайтын мүлік керемет», – деді Мювиссен.
«Бұрынғы иесі бірнеше пәтерді қосып, кеңейткен. Сатқан адам интерьерді жөндеуге 100 миллион еуро жұмсапты. Күзет қызметі екі жылдан бері жұмыс істеп келеді. Пәтер негізінен достарымен кездесіп, бас қосуға арналған. Қазақстандық сатып алушы менің беделімді жақсы біледі, сондықтан тез арада келісім жасадық», – деді Игнас Мювиссен.
Аты-жөнін атамауды өтінген қазақстандық риелтордың пікіріне қарағанда, мұндай қымбат мүлік табан ет, маңдай термен табылған ақшаға сатып алынбайды. «Тіпті қыруар қаржы табатын үлкен бизнестің өкілі де мұндай сауда-саттыққа бара бермейді, себебі оған ақшаның жылжымайтын мүлікте жатқанынан гөрі, айналымда жүргені әлдеқайда артық. Сондықтан бұл арам ақшаға (шальные деньги) алынған пәтерге көбірек ұқсайды», – дейді біздің сауалымызға сарапшылық бағасын берген риелтор.
Ал қазақстандық тиісті тексеру орындары Париж пәтерінің жаңа иесі – үкіметтің ресми өкілін анықтай ала ма? Сарапшылардың пікіріне қарағанда, бұл әзірге мүмкіндігі шектеулі әрекет болмақ. Себебі өз беделін бәрінен жоғары санайтын риелторлық агенттік сауда-саттықтың құпиясын сақтауға тырысады. Басқаша болған жағдайда, агенттік өзінің сенімді әріптес ретіндегі абыройынан айырылады.
Дегенмен, Жақып Асанов мырза да өзінің қызметтік беделі мен кәсіби абыройын қаншалықты қымбат санайтынын алдағы уақыт көрсетеді. Күте тұралық.
Медет ШАЯХМЕТ,
«DАТ»-тың журналистік
тексеріс тілшісі