«Общественная позиция»
(проект «DAT» №39 (356) от 27 октября 2016 г.
Беу, дүние!
Өмірін обыр опырған тағы бір қазақтың қарапайым қызы аспандағы ақша бұлтқа айналып кетті…
Аты – Айгүл еді. Менің досым Болаттың жары. Әбілов Болат! Бұрындары көпшілік оны «Бутя» дейтін.
Егер сол Болаттың елге танымал атын шығарған екі құдірет болса, соның бірі осы – Айгүл-ару екен. Оған Айгүлдің ақтық сапарында тағы да көзім жетті: жиылған жұртта қисап жоқ, төгілген жас – көл-көсір… Өңмеңдерде – өрекпіген өкініш… Ал өкініштің өршитіні – өмірдің жазмышы келте болуында.
«Көзімді тағы бір жеткізген» – жиылған жұрттың жыларман сөзі мен желідегі жазбалар. Бір ғана желідегі жазбама жарты мыңнан астам адам көңіл айтыпты. Бұрын-соңды менің парақшам мұндай нөпірді көрмеген. Билікке бишік ала «жүгірген» мақала-сақалама да мұншалықты мән берген бейіл болмаған.
Ал Гүлжан апамның Ерғалиева), Зейнолланың Кәкімжанов), Әміржанның Қосанов) жазбаларына жауап қатқан жұрттың жалпы жиыны үш мыңнан артып жығылған екен. «Атқамінер» атағы, «қырып тастаған» қызметі, елге «сіңіріп кеткен» еңбегі асып-төгілмеген Айгүлдің ажалына ағайын-жұрт неге соншалықты «аһ» ұрды? Қыр басындағы қорымға қалқиып қарап қалған Болат үшін ғана ма?
Бәлкім… Аттан түссе де, атағы арымаған азаматты қолтықтан демейін деген шығар…
Бірақ «көзді жеткізген» көпшіліктің көңілінде Айгүлдің алабөтен өз аты қалған екен. Өмірдің қызығына лепірмеген, қиындығына қайыспаған, сотты да, отты да болған Болатына адал жар атанған айғай-шусыз атағы қалыпты. Бай болып – шамасыз шалқымаған, жай болып – қалың қараның қатарында қорланбаған қалпы тәнтілік тудырған шығар… Қарапайымдығы сол – осы Айгүлді талай тойдан, ду-думанды дастархан басынан біраз көрдім: төгілген көйлек киініп, өн бойына гауһартас тағынып келгенін көрмеппін. Көптің көзіне көлбеңдеп түспейтін тұрпатын талайлар таныған. Тарлықты татпаса да, барлыққа батпаған байыпта болу – естінің ғана есесіне бұйыратын жазмыш болса керек.
Көп жылдар Болатпен қатар жүрген Зейнолла желіге жазыпты: «Біз Айгүлдің ойы мен жанының тазалығын оның жылы және кіршіксіз көңілінен көруші едік. Ол өзіне рух беретін жақсылықтардың ғана жанында жүретін. Енді мәңгілікке кеткен Айгүлдің сол қасиетімен тазаруға құштармыз… Сенің өмірден өтуіңнің өзі бізге жап-жарық сәуле қалдырды…» – деп. Жаны шын жылаған достың сөзі осындай болатын шығар.
Мені құшағына қатты қысып тұрып, ботадай боздаған Болат айтты: «Айгүлді сақтай алмадым… Ол таңғы тазалықпен бірге кетті… Ешқайсымызды қиналтпайын деп, өмірде қандай қарапайым болса, солай – үн-түнсіз кете барды…».
Үйінде соңғы рет түнеген Айгүлдің қонақасы кезінде Гүлжан Хамитқызы айтқан еді: «Ол өз отбасының нәзік және ерке рухы болды… Ешкімнің көзіне түспей, Болатты үлкен бизнесте, сарсаң саясатта, өмірдің сан қилы бұрылыс-бұралаңында желеп-жебеп жүрген періште еді…».
Періште!
Иә, сол кеште «періште» деген құдіретті сөз жиі айтылды. Олжас аға Сүлейменов) ақындық арынмен: «Талай рет дәм-тұздас болған Айгүлді жақсы білуші ем – ол енді періштелер еліне кетті…» – деген-ді.
…Рас, пешенесіне періште болу жазылған ару сол күні Алматыны тұтаса басқан бұйра бұлттардан асып, соңында жабырқап қалған жұртына, дос-жарандарына, жақсы мен жайсаңға жебеуші болуға кетті ме екен?
Ермұрат БАПИ