Әлдекім әредікте: «Қарағайға қарсы біткен бұтақты көрсетші?» десе, мен оны Кәрішал ағаға ертіп барар едім. «Міне – іздеген бұтағың!» деп. Ол, әрине, егер Кәрішалдың өткен-кеткен өмірінен бейхабар болса, мықырайған мейірлі шалға: «Бұтағыңның түрі осы ма?» деп, менсінбей қарауы мүмкін.
Иә, кейінгі он шақты жылдың маңында «адам болған» бертіңгі жастар Кәрекеңді білмеуі мүмкін: сексенге тартқан шағында денсаулығы дімкәс тартып, қоғамның қақ ортасынан жырақтап қалғаны рас. Әйтпесе сонау 80-жылдары бұ халық «оппозиция» дегеннің опақ-сопақ жерін ажырата алмайтын алакеуім кезде осы Кәрекең сол оппозицияның нағыз «қызылкөз пәлесі» еді. Соңғы 25 жылдан бері билікті қой қайырар томпаң торысы сияқты ерттеп мініп алған Нұрсұлтанның шашына ақ түспей тұрған сол жылдары оған бірінші боп қарсы шыққан тағы да осы Кәрекең болатын. Қудалаудың көкесін кеңестік кезден көрген, түрмеге түсуден тайсалмаған тапал тарлан ағамыз кейінгі біздерге соғыстан қайтқан солдаттай көрінетін.
Айтпақшы, кейіннен Асан-Ата атанған ағамның сондағы сойып салған бір мақаласын ано-о-оу жылғы «СолДАТ» газетінің жалпақ екі бетіне шығарып, ақыры сол Асановпен бірге мен де айдалып кете жаздағам. Бүгінгі Ақорданың асқарынан қарасаң, мақаланың «ФЗУ-шник планетарного масштаба» деген атауы айдалмақ түгілі, атып тастауға татырлық тақырып еді. Тіпті ештеңе жазбай-ақ, газетке осы тақырыптың өзін кейіпкердің кербез суретімен қатар сала салсаң, боп тұрған жоқ па – арқалап кетер статьяң дап-дайын?! Ал оның дәл осы мазмұнда жазған публицистикалық шығармалары ғана қалыңдығы төрт елі төрт кітап екен!
Міне, «қарағайға қарсы бұтақ» болған сол Кәрішал ағам да дүниеден өтті. Бір азат адам кетті, орнына екі еркін қазақ келер-келмес?! Артында өкініші қалды ма, жоқ па – білмедім. Білерім – қазақтың мүддесінен басқаға түйір татырмайтын Тәшеневтей азамат ел басына келер күнді көре алмай кеткені. Арманы – осы болғаны анық. Жұмабек Тәшеневтің қайсар ғұмырын 15–20 жыл зерттеп жазған кітабы қазақ әдебиетіндегі саяси жанрдан тұщымды жалғыз еңбек шығар.
Осыдан үш-төрт жылдай бұрын редакцияға тағы бір мақаласын ала келіп: «Бұл менің «лебединая песням», бас газетіңе!» – дегені бар-ды орысшасын араластырып. Басып бердім. Телефон шалды. Ауырып отыр екен. «Болдым! – деді демігіп. – Ендігі шайқасты сендерге қалдырдым: елдің ертеңіне ес болыңдар!».
Топырағы тойымсыз Кеңсайдың тарғыл төсіне жамбасы тиер сәтте де «қарсы бұтақ» екенін тағы танытып кетті, жарықтық. Кәрекең Кеңсайға «келер» сол күні қапыда қайтыс болған қайран Қаппаровтың жерлеуі қатар болды. Биліктің білек білеген мықтылары, үкіметтің үкілі тобы, бизнестің небір нарқасқа нөпірі қара-құрым жиналған екен. Амал нешік, бұндайды «жас өлім» дейді қазақ…
Біз – Кәрекеңді Кеңсайдың қолтығына берген іні-бауырлары – одырайған отыз шақты ғана адамбыз. Асан-Атаға бұйырған ұлтарақтай жер төмен екен: жоғарғы жерлеуден бұрын қайтқан қалың қара «Мерседес» ағамыздың беті бүркеліп, көрталқысысы оқылып біткенше, тар жолды кес-кестеген ошарлы отыздан өте алмай, тұрды да қалды. Сол қарасүлік көліктерде жолдың ашылуын сүт пісірім уақыт күтіп отырған небір нояндар Кәрішалдың құранына да еріксіз бет сипады… Құранға қол жайып, қасымда отырған балаң бауырым: «Асан-Атам өлсе де, «жастығын бірге ала кеткен» сияқты…» – деді құлағыма сыбырлап. Еріксіз күліп жібердім – нобайы солай болды.
…Екеуіміз бірге сотты болған соң, Кәрекем мені «подельник» деуші еді. Кеңсайдан кетіп бара жатқанда, асыл ағамның сонысы есіме түсіп: «Прощай, подельник!» – дедім іштей. Ендігі ешкімге залалы жоқ Кәрекем томпиған топырақ боп, қалың қорымда қала берді.
Ермұрат БАПИ