«Общественная позиция»
(проект «DAT» №38 (355) от 20 октября 2016 г.
Жаңа жоралғы
Жуықта америкалық «ValueWalk» журналы «Ресейдің Қазақстан мен Белоруссияға жасайтын жаңа шабуылы» (Russia’s New Threat to Belarus and Kazakhstan) атты мақала жариялады. Онда АҚШ президентінің сайлауынан кейін Ресейдің Қазақстан мен Белоруссияға саяси қысым жасайтыны туралы баяндалған. Егер АҚШ барлау және сараптау орындарының болжамы негізінде журнал жасап отырған жоралғы (версия) нақты өмірде жалғасын табар болса, бұл әлемдік геосаясаттағы жаңа проблема ошағына айналатын үлкен қанды шиеленіс болуы әбден мүмкін.
Расында, АҚШ президенттігіне бірден-бір үміткер Хиллари Клинтон жеңіске жетер болса (оның жеңісі бүгінде күдік тудырмайды), жаңа президенттің Ресейге қатысты саясаты бүгінгі Барак Обаманың солқылдақ ұстанымына қарағанда, әлдеқайда қатаң болатынын сайлауалды кампанияның риторикасы дәлелдеп отыр. Бұл жағдайда Ресей өзінің әлемдік саясат аренасындағы мүддесін кикілжің мен саяси қақтығыстар арқылы қорғау үшін, Хиллари Клинтонға және әлем қауымдастығына қарсы жаңа бір «сыбаға» ұсынуы әбден мүмкін. Ал бұл «сыбаға» «ValueWalk» журналы ұсынып отырған жоралғының төңірегінен өрбу мүмкіндігін сарапшылар күнібұрын ескертіп келе жатқанын естен шығармаған абзал.
Біз америкалық журналдың жоралғысына қатысты шолуды қазақстандық қауымға жеткізу мақсатында төменде сол мақаланың ықшамдалған үлгідегі мазмұнын ұсынып отырмыз.
Әрине, ескерте кету керек – «ValueWalk» журналы ақиқаттың ақырғы аяны бола алмайды. Бірақ Қазақстан мен Орта Азия төңірегінде жаңадан қалыптасып келе жатқан геосаяси жағдайды агрессиялық араны асқынып тұрған «жаралы» Ресей өз пайдасына шешуге таласа-тырмыса бар мүмкіндігін салуы ықтималдығын жоққа шығаруға болмайды.
Ресей экономикасының әлсіреуі себепті бірте-бірте ең жақын серіктестері саналатын Қазақстан мен Белоруссия Путин одағынан іргесін аулақ сала бастайды. Сондықтан да Кремль посткеңестік кеңістіктегі екі елге бірдей этникалық орыстардың құқығын қорғау деген сылтаумен «ұлтшыл-экстремистердің» көмегіне жүгініп, «интервенция» жасауы әбден мүмкін.
«Ресейдің Қазақстан мен Белоруссияға басқыншылығы АҚШ-тың жаңа сайланатын президентінің алғашқы мерзіміндегі басты проблема болмақ» (The threat of a Russian attack on Belarus and Kazakhstan may be among the greatest challenges of the new president’s first term), – деп жазады басылым.
Әрине, әлемде екі алпауыт саналатын Ресей мен АҚШ арасындағы жанжалдардың жаһандық саясатқа айтарлықтай ықпал ететіні түсінікті. Десек те, басылым Украина сценарийін мысалға келтіре отырып, Путин режимінің одақтас үштікке әлімжеттілік жасайтынын ашық жазады.
«Ресейдің Белоруссияға бақылау жүргізуі – РФ армиясының НАТО елдеріне қатер төндіреді. Әсіресе НАТО-ға мүше Польша мен Литва бірінші кезекте Ресей шабуылдарының нысанына айналуы мүмкін», дейді басылым.
«Бір қарағанда, Қазақстан мен Белоруссия бір-бірімен үйлеспейтін екі бөлек мемлекет. Славян тектес және орыс православ дініндегі 9,5 миллион халқы бар Белоруссия Ресеймен солтүстік-батыста шекараласып жатса, 18 миллионға жуық жан саны бар Қазақстан Ресейдің оңтүстік-шығысында орналасқан. Оның үстіне Қазақстан халқының басым бөлігі түркі тектес классқа жататын мұсылмандар. Дегенмен, алдағы екі жылда бұл екі мемлекет те экономикалық әм саяси қысымға ұшырайтыны анық. Осылайша Путин әлемдік саясаттағы өз беделін сақтап қалуға әрекеттенеді» делінген мақалада.
Анығында, қос бірдей одаққа мүше болып отырған үштіктің арасында тұтануы мүмкін сенімсіздіктің себебі – РФ экономикасының құлдырауы, қаржылық дағдарыстың РФ мұнайына әсері және инвестицияның тоқтатылуы болуы әбден мүмкін-ақ. Батыс елдері мен АҚШ-тың Ресейге салған санкцияларының салқыны қазірдің өзінде Қазақстан экономикасына айтарлықтай соққы болып тигені белгілі.
«ValueWalk» журналы сарапшыларының пікірінше, либерализация айтарлықтай қиындық туғызбайды-мыс. «Қазақстанның ішкі тұрақтылығының бұзылуының негізгі себебі – діни экстримизмнің өршуі болады», – дейді батыстық сарапшылар. Соңғы жылдарда қазақстандықтардың ИШИМ сапына көптеп қосылуы мен Ақтөбе және Алматыдағы шетін оқиғалардың орын алуын мысал еткен басылым осындай тұжырым жасаған (Given the increasing participation of Kazakhstan’ s nationals in ISIS and the attacks on police stations and gun stores by Islamic militants, instability could be fraught with Islamic extremism).
Ресей агрессиясының кезекті нысаны неліктен Қазақстан мен Белоруссия болмақ деген сұраққа «ValueWalk» журналы: «Себебі посткеңестік кеңістіктегі Қазақстан мен Белоруссияда Совет Одағынан қалған этникалық орыс диаспорасы көп. Сондықтан, Украинада болғандай, азды-кем орыс диаспорасын «белорус ұлтшылдары» мен «қазақстандық экстремистерден» қорғау деген сылтауды Путин қалт жібермеуді көздейді» деген жауап келтіреді (Because Belarus and Kazakhstan previously existed as Soviet republics; each has large ethnic Russian minorities, «abandoned» after the Soviet Union collapse. Russia could also use the defense of Russians from Belorussian «nationalists» or Kazakh «religious extremists» as an excuse for aggression, as it has done with Ukraine).
Осылайша, Ресей мен АҚШ арасындағы айқаста Қазақстан мен Белоруссияның позициясы көп түйінге шешім болатынын айтқан басылым Қазақстанның тағы бір стратегиялық серіктесі әм көршісі Қытай туралы «ләм-мим» демепті.
Бұл екі арада
Франция Путинді ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СОТҚА БЕРМЕК
Франция Владимир Путин мен Башар Асадты Сириядағы әскери операцияларға (қылмысты оқиғаларға) қатысты Халықаралық сотқа бермек. Бұл туралы Францияның Сыртқы істер министрі Жан-Марк Эйро мәлімдеді.
Франция президенті Француа Олландтың пікірінше, Ресей президенті Владимир Путиннің Сирия аумағында жүргізген әскери операцияларын қайта тексеру керек.
«Біз Ресейдің жүргізіп отырған саясатымен келіспейміз. Алеппо қаласын әуеден бомбалау – қылмыс. Франция Алеппо тұрғындарын сақтап қалуды ғана ойлайды. Бейбіт адамдардың Ресей бомбаларынан өлуіне жол бермейді. Президент Француа Олланд 19 қазанда Парижде Владимир Путинмен кездесуі тиіс болған. Қазір бұл ойынан бас тартып отыр», – дейді Францияның Сыртқы істер министрі (France Inter Radio).
Ал 9 қазан күні Франция президенті Парижде Владимир Путинді қабылдағысы келмейтінін мәлімдеген болатын. Бұған қатысты саясаттағы басымдылық тізгінін қолынан шығармауға жанталасқан Кремльдің өз уәжі бар екен: «Франция президенті кездесуден бас тарту жөнінде ресми түрде ескерту жасаған жоқ. Сондықтан бұл провокация болуы мүмкін», – дейді РФ СІМ.
Айта кетейік, Ресейдің Сирия аумағында жүргізген әскери операцияларына қатысты Еуроодақ елдері Владимир Путин мен Башар Асадты соғыс қылмыстылары ретінде Халықаралық сотқа беруді қолдап отыр. Бұл екеуінің қанды қылмыстарын дәлелдеу аса қиындылық тудырмайды дейді халықаралық заңгер-сарапшылар. Оған Алеппода Ресей ұшақтарының бомбалауынан қырылып жатқан балалардың фотосуреттері (суреттерді қараңыз) дәлел болса керек. Мұндай фотоайғақтарды батыстық басылымдар күн сайын жария етіп, ресейлік қылмыстың қанқұйлы жай-жапсарын әлем қауымдастығының жетесіне жеткізуде.
АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джон Керри: «Сирия аумағында әскери операция жүргізген Ресейдің әрекетін әскери қылмыс ретінде қарастыру керек. Владимир Путин мен Башар Асад құрған жүйе әлем халқы, Сирияның бейбіт халқы алдында жауап беруі тиіс. Әскери операциялар тоқтатылғанымен, РФ әскерилері әлі күнге қаланы бомбалауды доғарған жоқ. Қаншама бейкүнә жандар: әйелдер мен балалар қаза болды?! Бұл – әскери қылмыс!» – деді. Бірақ ақиқатты өзінің қортық бойының деңгейімен есептейтін РФ президенті Владимир Путин Сирияның Алеппо қаласында үкіметтің әскеріне қолдау білдіріп, әскери қылмыс жасап жатыр деген айыпты «саяси риторика» деп атады. Ресей президентінің бұл далбаса уәжі қазақи қағидадағы «қырық адам – бір жақ, қыңыр қатын – бір жақ» деген мәтел сөздің әлпетін сездіреді.
Өткен сәрсенбі күні, 12 қазанда TF1 француз телеканалының журналисіне берген сұхбатында: «Сириядағы жадайға ең бірінші Батыстағы әріптестеріміз, оның ішінде бірінші Құрама Штаттар жауапты екеніне сенімдімін», – деп, өз бетімен лақты.
Сол сияқты Британияның Сыртқы істер министрі Борис Жонсон да Алепподағы операцияларға жауапты – Путин мен Асад екенін айтып отыр.
«Ресей өзінің бұл басқыншылығын «терроризммен күресу» деп отыр. Бұл ақталу ғана. РФ ресми мәлімдемелеріне қарасаңыз, «Әл-Каиданың» Сириядағы филиалы деген «Әл-Нусра» немесе «Фатих әл-Шам» деген ұйымдармен күресіп жатқан көрінеді. Мүмкін, олар террористер шығар. Бірақ онда 275 мың бейбіт тұрғын бар. Солардың қаншаcы қаза болды?! Бұл сылтау Ресей әскері мен Асад режимін ақтамайды. Сондықтан Сирия президенті Башар Асад пен Ресей президенті Владимир Путинге қарсы санкцияларды күшейтуіміз керек. 19 қыркүйек күні Алеппо маңында БҰҰ гуманитарлық көмек керуені бомбаланды. Спутниктік суреттерге қарасаңыз, керуен әуеден бомбаланды және қас қарайған шақта. Ресей үкіметінің өзі айтып отырғандай, Сирияда қараңғы уақытта соққы жасайтын әскери техника жоқ. Сондай-ақ РФ Қарулы күштерінің өзі мәлімдегендей, олардың арнайы аппараттары сол маңда болған. Демек, барлық дәлелдер Ресейге қарсы болып тұр. Сондықтан мен Халықаралық сотқа беруді қолдаймын», – деді Британия СІМ министрі (The Cuardian басылымына берген сұхбатында).
Бұл екі арада Еуроодақ елдері мен АҚШ Ресейге қарсы экономикалық әм саяси санкцияларды күшейтуді қолдауда. Тіпті Британия мен Франция басшылары басқыншылық жасады деген айыппен Ресейді БҰҰ-ның Гаага сотына салатынын да ашық мәлімдеді.
2014 жылдан бергі ЕО мен АҚШ-тың Ресейге салған экономикалық санкцияларының салқыны Қазақстанға да тигені белгілі. Геосаяси жағдайда Ресейдің стратегиялық серіктесі – Қазақстан. Ал осы жолы да Ресейге салынатын санкцияның соққысы оңай болмайтыны түсінікті. Осы тұста қос бірдей одаққа (Кедендік одақ пен ЕАЭО) мүшелік етіп отырған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бітімгерлік саясаты қаншалық рөл ойнайды?
Осы мәселеге қатысты саясаткер Әміржан Қосанов өз ойын былай білдірген болатын:
«Ресей секілді шамадан тыс геосаяси амбициясы бар, көптеген параметрі жағынан он есе үлкен мемлекетпен бір одақта болудың кез келген ел үшін халықаралық саясаттағы салдары болатыны туралы біз о баста айтқанбыз. Біз тек қана бір ЕАЭО құрамында емеспіз, біздің екеуара қол қойылған келісіміміз бар. Онда тайға таңба басқандай етіп «келісілген сыртқы саясат жүргізу» талаптары туралы жазылған. Бұл туралы көп айтыла бермейді, бірақ Батыс елдерінің Ресейге жариялаған санкциялары ЕАЭО аясында экономикасы Ресеймен бірте-бірте жақындай түскен Қазақстанға да, біздің отандық бизнес құрылымдарына әсер етуі әбден мүмкін екенін тәуелсіз сарапшылар осы күннің өзінде айтып жатыр. Мәселен, ол біріккен кәсіпорындарға тікелей әсер етуі ықтимал. Ал Сириядағы аса шиеленіскен жағдай біріккен халықаралық қауымдастықтың антиресейлік коалициясының одан сайын күшеюінің катализаторы болып отыр.
Париж прокуратурасы Алеппоның шығыс бөлігін бомбалауды тергеп, зерттеуді қолға алатынын осы күннің өзінде айтып жатыр. Бұл дегеніңіз – халықаралық қауымдастықтың Ресей мен Сирияға қатысты бастамаларының басқа да формаға ұласатынының бір дәлелі. Өйткені бұдан сәл уақыт бұрын АҚШ та осы іспеттес бастама көтерген болатын. Ұлыбритания сыртқы істер министрі Борис Жонсон одан да қатты кетті: «Егер де Ресей өз бетінен қайтпаса, бұл ел өркениетті қауымдастықтан аластатылған «алапес» елге айналады», – дегенді ол ашық айтты.
Ресейдің сыртқы саясатының салдары тек қана Еуропа қауымдастығымен қатынасқа салқынын тигізіп жатқан жоқ. Қараңыз, Нью-Йорктегі БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі секілді әлемдік деңгейдегі ең беделді әрі өкілетті органның өзі Ресей ветосы кесірінен бір жақты шешімге қол жеткізе алмай жатыр. «Екі түйе сүйкенсе, арасында шыбын өледі». Сондықтан да қазір әлемде қалыптасып қалған екі полюс – Батыс елдері мен Ресей (және оның қасында көп жағдайда амалсыздан жүруге мәжбүр елдер) арасындағы ғаламдық теке-тіресте Қазақстан өзінің осы күнге дейін жеткен көптеген халықаралық жеңістері мен табыстарынан бір күнде айырылып қалуы әбден мүмкін!
Бұл тығырықтан әп-сәтте шығу қиын, ол үшін біраз уақыт керек. Оның үстіне сыртқы саясаттың да жеке басшыларға тәуелділігі тағы бар. Сөз жоқ, Ресейдің Қазақстанға қатысты геосаяси ықпалын ескермеу – тарихи қателік болар еді. Ортақ 7,5 мың шекарамыз бар. Экономикалық мүдделер тағы бар дегендей. Этностық тұрғыдан алғанда да екі елге ғана тән ерекшеліктер бар, мәселен, Ресейде біздің миллионға тарта қандасымыз тұрады. Сондықтан негізгі формула мынаған саю керек: Ресеймен ұрысып-керісудің керегі жоқ, көршілік, әріптестік қарым-қатынасты дамыта беру қажет. Бірақ ЕАЭО-ға қатысты алған міндеттемелерді қайта қарау қажет: ортақ өгізден оңаша бұзау артық! Екі ел арасындағы «келісілген сыртқы саясат» секілді формуладан біртіндеп бас тарту керек. Дамыған Батыс елдерімен байланысты күшейте түсуге тиіспіз».
Әміржан Қосанов мырзаның бұл ойына кереғар пікір айту оңай емес. Себебі қазақстандық салауатты азаматтық қоғам өкілдері Ресеймен арадағы одақтастық саясатта «шыбын мен шұжықты» бөліп алу қажеттігін ЕАЭО құрылған күннен бері айтып келеді. Бірақ Ресеймен бауыр еті «жабысып қалған» қазақстандық биліктің ойында оңды не бар екені беймағлұм.
Тәуелсіз сарапшылардың пікіріне қарағанда, бұл орайдағы таразы басын тартып тұрған басымдылық – жеке дара билікті Ресейдің көмегімен мейлінше ұзақ сақтап қалу. Әйтпесе Қазақстан сияқты, Ресеймен көрші отырған Балтық жағалауы елдері «орыс аюынан» іргесін аулақ салғалы – ширек ғасырдың жүзі болды.
Сараптамалық айқарманы дайындаған –
журналист Нұргелді ӘБДІҒАНИҰЛЫ