«Общественная позиция»
(проект «DAT» №35 (399) от 28 сентября 2017 г.
Латын – лаң болмасын!
Талас ОМАРБЕКОВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор
Қазақ елі рухани-мәдени мұрасын өзгелерге танытып, әлемдік қауымдастық алдында дербес мемлекет ретінде мойындатып отырған қазіргі уақытта мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселесі нағыз дер шағында көтеріліп отыр.
Аяғынан енді тұрып, дамуға бет алған Қазақ елі дүниежүзілік өркениеттің ағымынан, толқынынан қалмау үшін міндетті түрде латын жазуын қабылдауы керек. Әлемдік саясаттың ірі ойыншысына айналған державалардың қатарына ене қоймағандықтан, жеке өзіміз жазу ойлап тауып немесе өзіміздің бұрынғы тарихи жазуларымызды қалпына келтіру арқылы ғаламдық өркениетте алға шыға алмайтынымыз ақиқат.
Жалпы, біздегі реформалар саяси жағдайға, прагматикалық ахуалға, яғни өмірдің сұранысына сәйкес жасалып отырды. Ал Кеңес Одағы тұсында, әлбетте, кез келген шешімнің идеологиялық жағына айрықша назар аударылды. Соның салдарынан халқымыздың сауатын көтеру жолы үлкен қиындықтарға тап болды.
Мемлекеттік деңгейдегі кез келген ірі шешімді қабылдамас бұрын, ең алдымен өткен тарихымызға шолу жасап, сабақ ала білуге міндеттіміз. Ал қазақ халқының өте күрделі тарихи жолмен жүріп өткенін естен шығармау, тарихтың ащы сабақтарын ескеріп, қажетті қорытынды шығара білу – бүгінгі аға толқынның ертеңгі ұрпақ алдындағы үлкен жауапкершілігі. Тарихи дейтініміз, 1929 жылы латын тіліне негізделген «Ортақ түркі әліпбиі» ұсынылып, қазақ тілінің талаптарына сай біршама өзгерістер енгізілген сол әліпби ресми түрде 1940 жылға дейін қолданылып келді. Ол әліпби шын мәнінде «түрік әліпбиіне көшу» деп аталды. Тіпті оның қаулысында «түрік» деген сөз де бар. Бірақ кейіннен пантүркілік айыптау белең алып, Кеңес билігі бүкіл түркі халықтары республикасын құру жолында күрескен қайраткер Мирсаид Сұлтанғалиевті, артынша түркі халықтарының жанашыры болған Тұрар Рысқұловты шетелдегі Мұстафа Шоқаймен байланысы бар деп айыптап, олардың соңынан ерген Түркістан халықтарын қайткенде де Түркиядан алыстату амалдарын жасап бақты.
Кеңес өкіметі ол уақытта социализмді құрып үлгерген жоқ еді, империализм текетіресі де бастала қоймаған, бірақ қол астындағы кейбір халықтардың Ататүріктей көшбасшысы латын қарпін қабылдатқан дербес Түркия елімен жақындасып кету қаупінен қорыққан Кеңес Одағы Түркістан халықтарын латын қарпінен бас тартқызу жолдарын іздестірді. Өйткені Ататүріктің латын әрпін қабылдаған кезеңіндегі тарихқа назар аударсаңыз, Түркия сол уақыттың өзінде-ақ әлемдік өркениетке жетелейтін қолайлы жазуды дұрыс таңдай білді. Түрік елі шынында да латын жазуы арқылы әлемдік технологияға қол жеткізіп отыр. Біз де сол тарихи тәжірибені басшылыққа алуымыз керек. Қалай болғанда да, болашақта түркітілдес елдермен жақындасуды ойлап отырмыз.
Десек те, бүгінгі күні біз түркі халықтарына жақындасу үшін ғана латын қарпіне көшуге тиіс екенбіз деген ой тумауы керек. Шын мәнінде, түркі халықтарының көпшілігі, Ресейдің құрамындағы татар, башқұрт, түркітілдес Сібір халықтары сол кириллицада қалайын деп отыр. Латын қарпіне көшу мәселесі тек ұлттық тұрғыда ғана емес, елдік тұрғыдан да қарастыруды талап етіп отырғаны анық. Расын айтқанда, осы латын әрпіне көшкен Түрік мемлекеті араб елдеріне қарағанда жаңа технологияны қабылдауда, жетілдіруде, ғылымды дамытуда қарыштап алға кетіп қалды. Ал мұсылмандықты ұстанғанмен, араб елдерінің дамуы әлі де төмен, технологиясы мен ғылымы артта қалып келеді. Араб әрпімен жүрген көптеген мұсылман елдер даму жағынан қазіргі өркениеттен көп артта қалды. Әрине, оның өзге де себептері көп-ақ, оны біз талдап жатпайық…
Сондықтан араб жазуын дамыған елдер қабылдамайды, бізге де көп қиыншылық тудыратын жазу. Ахмет Байтұрсыновтың өз заманында бұрынғы қизам жазуын, яғни араб қарпін реформалап, төте жазу түрінде ұсынғаны тарихтан белгілі. Өткен ғасырдың 20-жылдары Әлихан Бөкейханов сияқты Петербургте орысша оқыған қазақ зиялыларының бәрі о бастағы сауатын араб қарпімен ашқан, тіпті Абай атамыздың өзі араб әрпімен хат таныған. Дегенмен, Ахаң араб қаріптерін төте жазу түріне айналдыру арқылы ұлтқа салмақ салмайтын, ұлт санасына, миына күш түсірмейтін эволюциялық жолмен сауат ашу реформасын таңдады, қазақтардың көбі ауылда молдадан оқып, арабша хат танығандықтан, қазаққа ауыр болмасын, жылдам қабылдасын деген ниетпен қазақша реформалады.
Бұл расымен де өз уақытындағы өте дұрыс шешім болған еді. Ол кезеңде төте жазу біздің мәдениетімізге, қабылдауымызға, сөйлеуіміз бен дыбыстауымызға жақын болды. Ахмет Байтұрсыновтың жазуын әлі күнге дейін Қытайдағы қазақтар қолданады. Бірақ араб елдері қазіргі заманда мүлдем басқа жазу қолданатындықтан және біздің төте жазуымыз өзімізден басқа ешкімге керек болмай қалғандықтан, дүниежү-зілік өркениеттен тыс қалып қалмас үшін біз Ахмет Байтұрсыновтың жазуын қабылдай алмаймыз.
Кейде «Орхон, Енисей жазуларын, яғни көне руна жазуларын қа-былдасақ қайтеді» деген де сыңаржақ пікірлер айтылып қалады. Шын мәнінде, руна жазулары біздің аймақта кеңінен таралмаған. Оны шығыс түркілерінің тарихи жазуы деуге болады. Қазір дүние жүзінде бірде-бір ел руна жазуларын қолданбайды. Сондықтан оны уақыты өткен, тарихтың бір дерегі деп қана қабылдау қажет. Оның үстіне руна жазулары туралы бізде жазбаша дерек те жоқ. Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк туралы жазбалар, Талас жазбалары тасқа қашалып жазылған жазулар.
Кез келген жазу түрі өмірдің сұранысына, өз заманының ахуалына сәйкес пайда болып отырған. Сондықтан біз де бүгінгі күннің өз талабына бағынып, ғылыми технологияның жалынан ұстап, алға озып кеткен Аме-рика, Еуропа елдерінің жазуына бейімделсек дейміз. Осы тұста бәзбі-реулер «Компьютерлік технологияның отанына айнала бастаған Жапония, Корея, Қытай елдері өз әрпін сақтап-ақ алға озып кетті, онда соларға бейімделейік» деп дау айтуы мүмкін.
Бірақ біздің психологиялық ерекше-лігімізді, сұранысымызды ол елдердің қаріптері өтеп бере алмайды. Оның үстіне ол елдердің әріптері әлемдік деңгейде емес, елшілік қолданыста ғана пайдаланылады. Тарихшы ретінде маған осы латын қарпін 90-жылдары-ақ, ең алғаш тәуелсіздік алған тұста Конституция арқылы қабылдап жіберуіміз керек еді деген де ой келетіні рас. Бірақ ол кезде республикамыздағы әлеуметтік-саяси ахуал ауырлау болды.
Қалай дегенмен де, латын қарпін қабылдау мәселесін көп кешіктірмей, қазақ тілінің заңдылықтарына сәйкес келетін оңтайлы шешімін қабылдап, қолданысқа енгізгеніміз жөн.
Мемлекет басшысы еліміз үшін тарихи маңызы, саяси-экономикалық сипаты айрықша, халқымыздың әлемдік өркениетке жақындасуына оң ықпалын тигізетін толғамды шешім қабылдады. Сондықтан парламенттен бастап, бәріміз – ғалымдар мен мамандар, журналистер, зиялы қауым жаппай түсінік жұмыстарын жүргізіп, латын жазуының еліміздің жарқын болашағына жол ашатынын түсіндіруге тиіспіз. Еліміздегі қазақ халқының саны жағынан басым түсе бастаған қазіргі кезеңінде тіліміздегі әріптік ерекшеліктерді дәл жеткізе білетін латын қарпінің мінсіз нұсқасын нақты шегелеп, жалтақтамай, жылдамырақ қолданысқа енгізуіміз керек.