«Общественная позиция»
(проект «DAT» №12 (283) от 26 марта 2015 г.
Атырау облысының әкімі Б. Ізмұқанбетов мырзаға ашық хат
Құрметті
Інім БАҚТЫҚОЖА!
«ДАТ» газетінің 19 наурыздағы санынан Атырау қаласының тұрғыны мүгедек Рауан ТҰРҒАНТАЙДЫҢ мақаласын оқып, жаным түршікті. Мақаланың мазмұнын айтпай-ақ қояйын, өйткені газетті көзіңіз анда-санда шалып жүрсе, Рауанның не жазғанынан хабардар шығарсыз.
Мақала «Мәдина туралы кітап жазғаным үшін қудалауға түстім» деп аталған. Халқы қадірлеген әнші Мәдина Ералиеваның өнері жөнінде білгенін баяндаған, оның жеке өмірі туралы бір сөз айтпаған Рауанды сол кітабы үшін қуғындап жүргендер неткен рухани сорлылар еді?! О баста өзіңіз қамқорлық көрсеткен мүгедек адамның содан кейінгі тағдыры қалай болғанына тезірек назар аудармасаңыз, аппаратыңыздағы әлдебір албасты оны жындыханаға апарғызып тастаудан тайынбас. Қолына қамшы тисе, оны гүрзідей көріп шабынатын шенеунік аз емес. Өзімен ұстасып, ерегесіп жүрген сап-сау ер адамға пендешілікпен қысастық жасау бір басқа да, әрі жазықсыз, әрі әйел, әрі мүгедек адамға дойырлықпен күш көрсету, көпе-көрінеу қиянат жасау – бір басқа, мұндайды барып тұрған арсыздық деп білем және осы ойыма Сізден төрелік күтемін.
Сөз ыңғайына орай айта отырайын: «ДАТ» газетінен қашанда шошына шала бүлінетін, бұл газет Қазақстанның мемлекетін де, шекарасын да жоқ қылуды көздейтін пәлекеттей көретін шенеунік көп. Алайда сыпырамақтан мен көбік сөзді өтіріктен күндіз аузы босамайтын сол көп шенеуніктің көпшілігі газетті түнде не үйінде, не саяжайында оңашаланып оқып, уақ-уақ басын шайқап, жымыңдап, тіпті қарқылдап күліп отырады екен. «Үй сыртында адам бар» ғой, солардан естіп жүрмін.
Сіздің төңірегіңізде, құрметті Әкім мырза, ондайлар аз деп, жөні түзу біреуі Рауан Тұрғантайдың тауқыметін Сізге білдірген болар деп ойлаймын. Әйтеуір, қалай болғанда да, бірінші кезекте мүгедек жанның хал-ахуалын дұрыстауды ойластырғайсыз, ал менің бұл хатыма осы газет арқылы жауап қайтару-қайтармау еркіңізде – жоғары-төмендегі үлкен-кіші шенеунік атаулының қайсысына хат жазсам да, жауап келмейтініне көзім жеткелі қашан!
Сау-сәлемет болыңыз! Үшбу хат иесі –
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ,
журналшы-жазушы,
Алматы қаласы