«Общественная позиция»
(проект «DAT» №37 (401) от 12 октября 2017 г.
ДАТ!
Руза БЕЙСЕНБАЙТЕГІ – Кереку өңіріне ғана емес, ұлтын ұлағат тұтқан әр қазаққа аты мәлім күрескер қыз. Қазағым, тілім деп, орыстанған солтүстікте жан ұшыра жалғыз өзі мыңмен алысып жүр. Орысша ойлайтындар мен орысша сөйлейтіндердің бұл кісіні суқаны сүймейді. Әр қазақ өз тілі үшін дәл осы Руза Бейсенбайтегі сияқты күрессе, орысқұлдық психологиядан әлдеқашан құтылар ма едік, бәлкім?!
Руза ханымның Алматыға жолы түскенін естіп, сұхбаттасу үшін іздесек, сотты болып жатқан қазақ тіліне қолдау көрсетуге келіпті. «ДАТ» айдарының төріне шығарып, күрескер қызға бірер сауал қойып, әңгімеге тарттық.
– Руза ханым, хош көрдік! Алматыға келген мақсатыңыздың себебін оқырман қауымға баяндап берсеңіз…
– Алматыға келгендегі басты мақсатым – қазақ тілін қолдау. Екіншіден – қазақ тілін қорғап жүрген Оғыз Доған ініме мың алғыс айту үшін жолға шыққан жайым бар. «Эйр Астана» ұшағындағы қазақ тіліне қатысты басталған даудың соңы сотқа тірелгенінен қоғам хабардар, сейсенбі күні Алматы қаласындағы Түркісіб аудандық сотында осы мәселеге қатысты сот отырысы жалғасты, сол сотқа Керекуден арнайы келіп қатыстым. Өзімше, ішкі түйсігім бойынша, әлеуметтік желіден қазақ тілі үшін жанұшырып жүргенімнен хабардар жұрт келетінімді естіп, сотқа көбірек жиналады деген де үмітім болды. Екінші жағынан, сонау Керекуден ат арытып мен келіп жатқанда, алматылықтардың белсенділігінің артуына қозғау салармын деген де ойым болды.
– Сөйтіп, ойыңыз үдесінен шыға алды ма?
– Кереку – Алматыдан 1200 шақырым жерде жатыр, ұшақпен қатынау денсаулығыма аса жарамайтындықтан, пойызбен келіп жеттім. Түрік ұлтының азаматы қазақ тілі үшін соттасып жатқанда, шашбауын көтеруге келген қазақтардың қарасы мол шығар деп сендім.
Сотқа келсем, отыздан астам ғана азамат жиналған екен, тым болмаса жүздей адамның қарасын көремін деп ойлаған едім. Дегенмен, ұлтым деген отыз адам жүзге бергісіз нағыз азаматтар екенін сезіндім. Судья қазанның 16-на дейін мәліметтерді жинап, одан кейінгі бір отырыста шешім шығаратын сияқты. Сотқа тек оншақты адамның қатысуына рұқсат етілді, сот отырысы аяқталған сәтте судьяның қасына барып, Керекуден келгенімді айтып, шетелдік азаматтың қазақ тілін қорғап жатқанынан төрткүл дүние хабардар екенін, Қазақстан Республикасында қазақ тілінің мәселесі жеңіліс тауып жатса, масқара жағдай болады деп, өз ойымды жасырмай жайып салдым. Сотқа қысым көрсетті деген ой тумасын, судья ешқандай жауап қайтарған жоқ, тек жылы жүзбен қарағанына ішім жылып қалды. Мемлекеттік тілдің мәселесі, әрі-беріден соң, мемлекеттің пайдасына шешіледі деп сенемін.
Осы сотта елге белгілі тұлғалармен кездесудің сәті түсеріне де күмәнім болмады. Ұлты үшін жаны күйіп жүрген ақын Жұмаш Кенебайды, әлеуметтік желідегі белсенді жас жігіттер мен қыздарды кездестірдім. Ұлтым дейтін жас өркеннің өсіп келе жатқанын көріп, көңілім толды. Қазақтың болашағы осы жастардың қолында, артымызда біздің ісімізді жалғастыратын жалынды жас ұрпақ бар екен.
– Қазақ тілін қорғап, шыр-пыры шыққан Оғыз Доғанның өзімен сөйлесудің сәті түсті ме?
– Әрине, арнайы келген мақсатым да сол емес пе?! Сотта дәл қасында отырдым, риза екенімді айттым. Ол да қазақ тілін қызғыштай қорып жүрген апасын көріп, түбі түркі екенімізді айтып, ілтипатын білдірді. Қазақ тілі жеңіске жетуі тиіс деп, сөзінің тоқетерін айтты. Қоғам Доғанға қатысты доғал пікірлер білдіріп, өзін-өзі жарнамалап жүрген пенде десіп жатыр. Айтса – айта берсін, кімнің аузына қақпақ боламыз! Марқұм Гераға – Герольд Бельгер, ғалым апамыз Асылы Османованың қазақ тілін қорғағандары қай қазақтан кем түсіпті, асып кеткен шығар тіпті!
Соттағы Оғыздың қорғаушысы Абзал Құспанға ризашылығым шексіз. Екеуі бұрын бір-бірін көрмек түгілі, танымайды екен. Сотта кездескен. Оғызды қорғаймын деп, бірден іске кіріскен азаматқа ризамын. Кезінде «Павлодарлифтімен» соттасып, қазақ тілі жеңіске жетеді деп сенімді жүргенімде, жеңіліп қалған едім. Сол кезде әлеуметтік желіге Павлодардан қорғаушы таппай жүргенімді жазғанымда, осы Абзал Құспан суырылып шықты. Апелляциялық соттың бірінші отырысында алғашқы сот шешімінің күл-талқанын шығарған еді. Доғанның сотына Абзал араласқанын көріп, Қазақстанда мемлекеттің тілі жеңеді деп сеніп отырмын.
– Сіз бүкіл Керекуде «қазақ мәселесін» көтеріп жүрген жалғыз қазақсыз… «Мыңмен жалғыз алысқан» (Абай – Ред.) қиын болып жүрген жоқ па?
– Жоқ, мен жалғыз емеспін! Артымда қалың елім, қазағым тұр емес пе?! Ал өткенде облыс әкімінің орынбасары Бегентаевқа барғанымда, шыдамым шектен шығып, әкімнің өзін – Боқауовты сотқа беремін дедім. Сотқа қандай негізде беретініме келсем, 2006 жылдан бастап қолымда салмағы алты келідей құжат жиналыпты. Әр адам өзінің шамасына, түсінігіне, мүмкіндігіне қарай қимыл жасайды емес пе? Біреулері мақала жазады, біреулері дөңгелек үстел, ақындар – мүшәйрасын, басқа да қолдан келгендерін ұйымдастырады дегендей. Бірақ тек осындай мәдени шаралармен қазақ тіліне деген көзқарас өзгере қоймайтыны анық.
Керекуге 1999 жылы көшіп келдім, «Ақсу ферроқорытпа» зауытына жұмысқа кіріп, таңнан кешке дейін жұмыста жүргендіктен, қоғамдық өмірге араласа алмадым. Жұмыстан шыққаннан кейін ғана қазақ қызы ретінде қазақ тілін өз тұғырына қондыру ұлтымның алдында парызым деп белсендім. Өзге ұлт өкілдерімен қазақша қатынас жасау идеям 2006 жылы желтоқсан айында пайда болды. Сол кезде қолыма президент бекіткен 2001 жылғы № 550 қаулы түсті. Мағынасына келсек, әлеуметтік-коммуникативтік салада (адамды қоршаған ортада) қызмет мемлекеттік тілде, содан кейін ғана сұранысқа сәйкес тілде болуы керек екен. Жасым болса келе жатыр – мен қазақ ретінде өз ұлтыма не істей аламын деп ойландым. Ақыры тілімді насихаттауды ұйғардым.
Әкімшіліктің алдына барып, плакат ұстап тұру үшін де жүрек керек. Нәтижесі де белгілі жағдаймен аяқталуы мүмкін. БАҚ-қа тіл туралы жазатындар өте көп. Сөйтіп, нақтылы насихат – қажеттілік тудыруда деп, қоршаған ортамен ұлтына қарамай, қазақша қатынас жасауға кірістім. Бірте-бірте барған жерімнен қазақ тіліндегі ақпаратты, бланктерді, рецепт, түбіртек, т.б. талап ете бастадым, қазақша емес құжаттарға қол қоймайтын болдым. Терминалдардағы қызмет көрсету тетіктерінің қазақ тіліндегі нұсқасын басамын. Осылайша үнемі қазақтар өз тілін өз мемлекетінде аяққа тұрғызуға ат салыссын деген насихат жүргізетін болдым.
– Сол күрестің нәтижесін сездіңіз бе, Керекудің қазақшылығы қай дейгейде?
– Мен үшін Кереку таза қазақ қаласы болды деп айту қиын. Өйткені қайда барсаңыз да, бірінші кезекте орысша қызмет көрсету түріне тап боласыз. Ақпараттар, жарнамалардың да негізі осы орыс тіліне байланып қалған. Кедендік одақ пен Еуразиялық одаққа кіріптар болған аз уақыттың ішінде теріс пиғылды орыс ұлтының өкілдері (олар біздің қалада өте көп) бас көтере бастады. Ал одақ туралы сөз шықпай тұрған кезде біршама «жуасығансып» жүретін еді. Қазір кері жағдай байқалады.
Өзім осы қаладағы қазақтың қызы ретінде қазақ тіліне қажеттілік тудырайын деген ойға келдім. Жергілікті әкімдік қазақ тілін үйрететін курстар аштық деп есеп береді, қаншама қаржы бөлінді. Бірақ ешқандай нәтижесін көрген жоқпыз. Менің наразылығымды тудырған бір жәйт – былтыр бүкіл Павлодардың құзырлы орындарды шақырып, көлік тасымалдаушы мекемелер «жол ақыларыңызды төлеңіздер» деген екі сөзді үйрене алмағанын айттым. Қазақ тілі курстары үш айда осы екі сөзді ешкімнің құлағына құйып бере алмады. Өйткені оны жаттатуға биліктің құлқы жоқ. Содан кейін мемлекет қазақ тілін ешқашан тұғырына қондыра алмайтынына көзім жетті.
Менің «ДАТ» газетіне айтатын өтінішім бар. Павлодар облыстық тілдер басқармасының басшысы Сәуле Оспановаға қатысты айтатын әрбір сөзіме өзім жауап беремін. Бірнеше жыл бұрын «Диона» дүкеніне кіріп, қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап еткенім үшін жазықты болдым. Мемлекеттік тілге қатысты қысым көріп жатсам, басқарма қызметкерлерін көмек беруге шақырамын. Ол кезде Оспанова басқарма басшысының орынбасары еді, келді де маған қысым көрсетіп жатқан шовинистермен бір бөлмеге кіріп, сыбырласты да, кетіп қалды. Келесі жолы осы дүкенге келсем, сатушылар: «Акимат сам сказал, вы им мешаете работать, хотят, чтобы мы сами на вас писали» деп, бетіме шімірікпей қарап тұр. Өзінің тілін, ұлтын, мемлекеттің заңын аяқ асты еткен Сәуле Оспанова қазір облыстық тілдер басқармасын басқарып отыр. Осындай қазаққа жаны ашымас шенеуніктің атын ел-жұрт біліп жүрсінші!
– Демек, облыс әкімшілігінің өзі қазақ тіліне немқұрайдылық танытатын болғаны ғой.
– Шындық осыған келіп саяды. 1999 жылы Павлодарға көшіп келген кезден бастап естігенім: «Қазақ тілі деп жақтарыңды ашпаңдар», – деп әкімшілік тарапынан ескерту жасалған екен. Ол кезде қарапайым инженер болғандықтан, тіл мәселесіне араласа бермейтінмін. Зауыттағы аудармашылардан естігенім. «Алтын тіл» деген бағдарламаны енгізген облыстың бұрынғы әкімі Ғалымжан Жақияновтан басқа бірде-бір әкім қазақ тілін көгертуге селт етпегенін ел біледі. Ғалымжаннан кейін мәңгүрт немесе ұлттық намысы жоқтар әкім болған сияқты.
– Орысшасы басым қалада қазақ тілін қорғау жолындағы сіздің шын мәніндегі жанқиярлық күресіңіз жөнінде республикалық баспасөзде, әлеуметтік желілерінде жиі жазылып жүреді. Павлодардағы орыс тілінің үстемдік етуінің себебін зерттеп көрдіңіз бе?
– Ресеймен шекаралас өңірді үрей билеп алған. Шекара жақын болсын-ақ, мемлекеттің есебінен әкімдік қызметке тағайындалған шенеунік толық қазақша болмаса да, жиналыстың жарты пайызын қазақ тілінде өткізсе, Путин келіп, шекараны жауып, «соғыс» аша қоймас. Екіншіден, кеңестік кезеңнен орысша шүлдірлеу бойларына сіңіп қалған әдеттен құтылу үшін әлі де талай күрес жолы күтіп тұр.
– Бұл әдет тек қана облыс әкімдерінің бойларына сіңіп қалған десек, одан құтылудың жолы жеңіл болар ма еді, егер жоғарғы биліктегі президентінен бастап, министрлерге дейін қазақша сайрап жатса?!
– Оған қарсы айтар уәжім қайсы?.. Өткен мамыр айында президент Назарбаевтың өзі: «Орысша сұрақ қойылғанда, қазақша жауап беретіндер жауапқа тартылсын», – деді. Осыны айтқан президент сөзін жалғастырып: «кімде-кім қазақша сұрағанда, орысша жауап беретіндер де жауапқа тартылсын», – деуі керек еді ғой. Ондай сөз аузына түспеді. Енді соның зардабын тартып жатырмыз. Президент бір ұлтқа екінші бір ұлтты айдап салды деп ойламаймын, бірақ айтқан сөзінің екінші жартысын жұтып қалмауы керек еді. Билікте отырған мәңгүрттерге жәрдем берді, енді, міне, қоғам екіге жарылды.
Президентке айтар өтінішім, қазақша сауалға орысша жауап бергендер де әкімшілік жазаға тартылсын деп айтса, өзгелер сабасына түсер еді. Кедендік одақ пен Еуразиялық экономикалық одаққа мүшелікке өтуіміздің кесірінен орыс тілділер атына мінді, қазақ тілінің жағдайы кері кетті.
– Жеке басыңызға қоқан-лоқы көрсетіп, қудалап жүргендер бар ма?
– Мен өзімнің елімде, өзімнің мемлекетімде жүріп, қазақ тілін қорғағаным үшін жәбір көріп жүрмін. Тұрмыстық жағдайда, көлікке мінсем де, дүкенге барсам да, естімейтін сөзім жоқ. 2006 жылдан бері, міне, 11 жыл бойы естімеген сөзім, көрмеген қорлығым жоқ. Полиция шақырады, телефонымды тартып алады, боқтайды. Соңғы бір-екі-үш жылда қазақтың бір мәңгүрт әйелі қолын да көтерді. Автобустың кондукторлары итеріп, мені түсіріп тастайтын да кездерді бастан өткізіп жүрміз. Билік болса, әлемде ешқандай мемлекет өзгенің тілінде сөйлемейтінін ұқпай-ақ қойды. Масқара емес пе?!
Ал облыс, қала басшылығы мен секілді қазақ тілді қауымның құқығы аяққа басылып жатқанына селт еткен емес. Бүкіл Қазақстан шулап, менің күресімнің дұрыс екенін айтып жатса да, олардың тарапынан бір серпіліс болған жоқ.Тәуелсіздігімізді сақтап, рухымыз биік болсын десек, ертеңгі күні Ресейдің губерниясы, Қытайдың провинциясы болып кетпейміз десек, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін көтеруіміз керек.
– Осындай жағдайда тіл жолындағы күрестен бас тартайын деген ой туындамай ма?
– Менің басыма ешқашан сондай ой келіп көрмепті. Өзімнің түсінігім, ғасырлар бойы бодандықта тапталған ата-бабаларымның аруағы маған рух беріп тұратын сияқты. Алған бетімнен қайтпаймын, түңілсем – өзімді-өзім сатқаным емес пе?! Билік басындағылардың әлем алдында қазақ тілінде сөйлемейтіндері әшкере болды, енді өз ұлтын күлкіге қалдырмаса екен. Қазаққа «қазақша сөйле» дегеннің өзі естіген құлаққа түрпідей тиеді.
Бұл нені білдіреді? Бұл бүгінде облыс әкімдігін басқарып отырған Боқауовтың да, қаланы басқарып отырған Әшімбетовтің де мемлекеттік тілді қолдамайтынын, оларға мемлекеттік тіл үшін жәбір көріп жүрген азаматтың жанайқайы масаның ызыңындай да әсер етпейтінін көрсетеді.
Жасым біразға келді, маған қарап тұрған бала-шаға жоқ, сондықтан мәселе тығырыққа тірелген шақта трамвайдың да астына түспекші болып едім, аман қалдым, аштықтан да аман қалдым, оған билік араласты. Менің талаптарыммен келісетіндерін айтады. Соңғы бір жағымды жаңалық – тілдер басқармасы қазақ тілін қызмет көрсету орындары қалай қолданатыны жөнінде мониторинг жасайтындарын айтты. Менімен ақылдаспай жасағалы жатқандарына ренжідім, өйткені менің қолымда ұзын-сонар тізім бар. Олар болса, өз беттерімен тексеріп, жаманын жасырып, жылы жаба қоймақ. «Руза Бейсенбайтегі елді босқа шулатып жүр», – деп, менің артымнан шырақ алып түспек. Екі апта бойы менен қашқан әкімнің орынбасары Бегентаевпен де кездестім: «Сіз Сәуле Оспановның орынбасары болыңыз», – деген ұсынысын айтты. Тілі мен ұлтын сатқан адамға өліп кетсем де орынбасар болмаспын. Мониторинг арқылы жұмыс жасаймыз деп отыр. Әкімшілікке жаңа жылға дейін уақыт бердім, тізімдегі мекемелердің қазақ тіліне қатысты жағдайы түзелмесе, соңы жақсылықпен бітпейді деп, кесімді сөзімді айттым. Кез келген тәуекелге дайынмын. Республика білсін – ұраным: «Тілім үшін өзім де өлемін, әкімдіктегі қарсыларды да тірі қалдырмаймын!» – деп отырмын.
– Ал өзінің ана тілін қорғау жолында орыс тілі үстем болып отырған өлкедегі қазақ жігіттері неге белсенділік танытпайтынын біле алдыңыз ба?
– Өкінішке қарай, мұндай жағдай Қазақстан бойынша орын алып отыр, басқа не айта аламын?! Біршама бетке ұстар, маңдайымызға біткен жұлдыздарымыз бар, оларды өздеріңіз де, барша жұрт та біледі. Дегенмен, жастардың басым бөлігі енді-енді «оянып» келе жатқан сияқты. Ұлттық сана-сезімге сәуле түсті ме, әйтеуір еңсемізді көтеретін жастарымыздың бар екеніне Алматыдағы сотқа келген жастарды көріп, шүкіршілік етем.
– Сіз біздің газетке берген бұрынғы бір сұхбатыңызда «қазақ тілін қорғаймын деп, орыстардың ортасында әбден жексұрын болдым» дегендей пікір білдірген едіңіз. Осы жағдай сізді мезі етіп, шаршатқан жоқ па?
– Жоқ, мен ешқашан шаршамаймын! Шамамен 40 жасқа келген кезде «мен кім едім, менің ұлтым, халқым кім» деген сауалды өзіме қойған едім. Мен осы қазақ деген киелі ұлттың бір ғана тамшысымын. Сондықтан жеке басым жексұрынмын ба, жоқ па – ол жағына алаңдамауым керек деп шештім. Өзімді қазақ тілі жолына (егер солай айтуға болатын болса) құрбандыққа шалдым. «Орысқұл» қазақтарға жексұрын болғаным ғана өкінішті.
Қайтейін, алаң көңілім басылар түрі жоқ. Шекарамыз ашық жатыр. Қазақстанды қазаққа толтыру үшін, оралман ағайындар мәселесін қорғаушыларға қарсы топ пайда болды, әртүрлі қитұрқы әдістермен заң деңгейінде кедергі салып әлек болуда.
Елдің тұтастығымен, қауіпсіздігімен ешкімнің ойнағысы келмесе, сол қаржы қатаң бақылауға алынуы қажет. Шалғайда жатқан қандастарыңыздың сөзіне құлақ түріп, елдің ішіндегі қазақ тілінің жағдайын сұрап-білгендеріңіз үшін сіздерге де көп рахмет!
– Әділетке жетудің жолы қашан да ауыр ғой, Руза ханым! Қазақ тілі үшін күрес жолындағы еңбегіңіз жансын!
Бақытгүл Мәкімбай,
«D»