Сәдібек ТҮГЕЛ: ҚАЗАҚТЫ АР МЕН АБЫРОЙДАҒДАРЫСЫНАН ҚҰТҚАРАЙЫҚ

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №37 (354) от 13 октября 2016 г.

 

Тәлім тұғыры

 


 

 

Қазақстан Республикасы «Ұлы Дала Қырандары» республикалық қоғамдық мәдени-әлеуметтік қозғалысының тең төрағасы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Сәдібек Түгел мырзаның бүгінгі жастардың рухани адамгершілік тәрбиесі төңірегіндегі сұхбатымен «Тәлім тұғыры» айдарының тұсауын кестік.

 

– Сәдібек мырза, өзіңіз қатарлас азаматтар депутат болу үшін жанталасып, барын да, арын да салып жүр. Ал сізге неге депутат болмасқа?

– Сіздің сұрағыңызға қарсы сауал қояйын: депутаттардың менен қандай артықшылығы бар?

– Қалтасында мандаты, алатын министрлік жалақысы бар демесеңіз…

– Дұрыс айтасыз – одан басқа айырмашылығы жоқ. Мен өзімді олармен тең санаймын. Қоғам қайраткері және қаламгер ретінде ұлттың мүддесін бір кісідей қорғап, небір мінберлер мен әлеуметтік желілерде бүгежектемей, біреуге қарап жалтақтамай, бұлғақтамай, айтар ойларым мен ұсыныстарымды ашық жеткізіп келемін. Ел білетін қалыптасқан азаматтық ұстанымым бар. Бұл бағытта мен депутаттардан кем емеспін.

Иә, бізде депутаттарымыз жоғары деңгейде жалақы алады, қымбат үйде тегін тұрады, тегін автокөлік, тегін қамту қызметі көрсетіледі. Әлемдік дағдарыс алқымнан алып, қарапайым халықты есеңгіретіп тұрғанда, депутаттарға аста-төк жағдай жасау дұрыс емес деп есептеймін. Менің ойымша, қазіргі қиын жағдайда халық қалаулыларының еңбекақыларын екі есеге төмендету қажет. Сонда халық риза болады. Үнемделген қаражатты сал ауруына және басқа да дерттерге шалдыққан науқас балаларды емдеуге, оларға қажетті операция жасауға жұмсаған дұрыс болар еді.

Теңгенің құнсыздануына байланысты дәрі-дәрмектің бағасы қымбаттап кетті. Одан қарапайым кедей адамдар зор зардап шегуде. Ақшаларын қысқартса, депутаттардың мұрты қисаймайды, тұрмыс-тіршіліктері төмендемейді, қысқармайды деп санаймын. Жерге қарап отырған бірде-бір депутат жоқ. Әрбір депутаттың үй-күйі бар дегендей.

Ал «сізге неге депутат болмасқа» деген сұрағыңызға келсек, «тура сөйлеген туысына жақпайды» деген қағида бар. Әділетсіздікке жаным қарсы. «Отанды сату жемқорлықтан басталады», «Кресломаниядан арылмай, коррупциядан құтылмаймыз» деп, басың бар, көзің бар демей ойымды ашық айтамын. Ол біреулерге жақпайды.

– Бірақ сіздің осы «біреулерге жақпайтын» пікіріңіз деңгейінде ой айтып жүрген депутатты көре алмадық қой. Қоғамда халықтың тілегін шымырлатып жеткізе алатын кімдердің депутат болғанын қалар едіңіз?

– Құдайға шүкір, ел ішінде ұлағатты сөздер тауып, мағыналы ұсыныстарды айта алатын ағайындар бар. Алматыдан жазушылар Зейнеп Ахметова апай мен Ғаббас Қабышұлы, Софы Сматаев ағалар, Астанадан Кенжеболат Жолдыбай аға, қайраткер азамат Марат Нәбиев, ЮНЕСКО профессоры Намазәлі Омашұлы, кинорежиссер Ермек Тұрсынов, журналистер Марат Тоқашбаев, Арман Шораев, Дәурен Қуат, ақындар Ғалым Жайлыбай, Ұлықбек Есдаулет, Қазыбек Иса, Ауыт Мұқибек, Ринат Зайытов, саясаттанушылар Айдос Сарым, Ерлан Қарин, Толғанай Үмбеталиева, Расул Жұмалы… және тағы басқалар. Шынында, парламент мәжілісінің депутаттары болатын мықты азаматтар елімізде жетерлік.

– Сіз қазақ қыздарының шетелдіктерге жаппай күйеуге шығуы, лас туризм, бедеуліктің белең алуы, гейлердің көбеюі, т.т. қоғамды толғантқан тақырыптарды әлеуметтік желіде жиі көтеріп жүргеніңізді білеміз. Мұндай белсенділікке сізді итермелейтін нендей күш?

– Маған әсіре белсенділік қажет емес, мені толғантатын елде қалыптасқан рухани азғындау жағдайы. Бір миллиард халқы бар үнді елінің ең танымал блогері Шахкар Абиди атты журналист әлемдік секс-индустрияның отаны – Қазақстан, ал астанасы – Алматы қаласы деп жар салды. Ол желіде АҚШ дипмиссиясының 2012 жылдың қорытындысына арналған есебінде Қазақстан әйелдер мен жасөспірім қыздардың секс-трафигінің бастаушысы және транзиттік орталығы ретінде көрсетті деп жазды. Бұдан артық қандай «клеймо» керек бізге? Дәл осы жағдайда байлық неге керек, барлық неге керек?

Логикаға салсақ, секс-туризм, жезөкшелік, адамдардың азғындауы экономикасы өте нашар, намысы тапталған, ар-ұяты аз елде ғана орын алады екен. Біздің мемлекеттік ән-ұранымызда: «Намысын бермеген қазағым мықты ғой» деп жазылған. Сол намыс қайда?

Сол намысты сақтап қалу үшін бізге не істеу керек? Біріншіден, барлық қазақ қыздары тегін білім алулары керек. Жоғары оқу орындарындағы ақылы оқытуды тоқтату қажет.

Екіншіден, «сексхана» және «бордель» болып кеткен сансыз «сауна», «хауз», «хамамдарды» «түнгі жын-ойнақтарды», «гей, гейша клубтарды», «қонақ үйлерді» жабу керек. Үшіншіден, лас туризмді елімізге кіргізбеу керек. Төртіншіден, идеологияға және жастар тәрбиесіне жете көңіл бөлудің заң негізіндегі алғы шарттарын жасауға тиіспіз. Бесіншіден, идеология саласында телевидение, радио, интернетті жастардың рухын бұзатын «өнімдерден» қатты қадағалап, ұлттық рухымызға зиян тидірмейтін ұлттық-тәрбиелік дүниелерді ғана көрсету керек.

– Кезінде 90-жылдары сіз Қазақ теледидарында осы тақырыптар төңірегінде «Біз қайда барамыз?» деген бағдарлама жасаған едіңіз…

– Өкінішке орай, ар мәселесінде алдымыз – жар, артымыз – құз болып тұрғанда, осындай тәлімдік телебағдарлама болмай тұр. Шынында, менің бұл тақырыптармен шұғылданып келе жатқаныма тура 20 жылдан асты. Қазақ телевидениесінде «Қазақ қызына қырық үйден тыйым», «Ислам діні және жастар тәрбиесі» атты хабарларды ұйымдастырдым.

Енді қараңызшы: қазақ қыздары жат жұрттықтарға күйеуге бірінен кейін бірі шығуда. Орта есеппен алғанда, бір жылда тоғыз мыңдай қазақ қызы шетелдіктерге тұрмысқа шығады екен. Егер осы қалыпта жүре берсек, келесі ғасырда қазақ деген ұлтты туатын қыз қалмайтын сияқты көрінеді маған. Жуықта балдызымның үйіне жаңа құдаларымен бірге қонақта болдым. Сонда бір құдағи: «Қазақтармен – қазақтар құда болған сіздер өте бақытты жандарсыздар. Бұны айтып тұрғаным – Алматының мединститутында оқыған екі қызым менің тілімді алмай, индустарға күйеуге шығып кетті. Бөтеннің аты бөтен болады екен: қыздарымнан туған индус немере-жиендерге жүрегім еміренбейді. Содан бері көңілім алай-дүлей», – деп, көзіне жас алды. Қызықтың көкесін түйе сойғанда көрерсің деген: оған қосылып Алматыдан келген екінші құдағи жылады. Бұған не болды десек, оның да жалғыз қызы итальяндық біреуге шығып, елден біржолата кетіп қалыпты. Трагедия деген осы.

«Ауруын жасырған – өледі» дейді біздің дана халық. Біздің зерттеуімізде, бүгінгі күні 15 пен 25 аралығындағы қыздарымыздың тең жартысы шетелдіктерге тұрмысқа шығуға дайын. Өткен тарихымызды зерделесек, біздің қайтпас-қайсар, ержүрек ата-бабаларымыз бойларындағы жандарын берсе де, ұлтарақтай жерлерімен қатар болашақ қазақтарды әкелетін қыз-келіншектерді жат жұрттықтардан қызғыштай қорғап, сақтаған. Олар қыздарды «Отан-Ана», «Жер-Ана», «Ел-Ана» деп бағалап, жауға бермеген. Қыз – елдің ырысы мен берекесі, өсуі, дамуы деп білген.

Басы ашық мәселе – қыздарымыздың жат жұрттықтарға күйеуге шығуы ұлттың өсуіне де, демографияға да кері әсерін тигізіп отыр. 1960 жылдары өзбектер мен қазақтардың саны тең – 10 миллионнан болған. Өзбектер қазір 31 миллион. Ал біздің қазақ сол 10 миллионнан алысқа ұзап кете алмады. Сауд Араб елінде және басқа да араб мемлекеттерінде қыздарының басқа ұлт өкілдеріне күйеуге шығуларына қатаң шектеу қойылған. Олар бұл тұрғыда арнайы заң қабылдаған. Қазақ саны аз ұлт болғандықтан, мұндай заң бізге де қажет деп ойлаймын.

– Ұлттық ар-намысқа нұқсан келтіретін тағы бір мерез – жезөкшелік мәселесі турасында да сіз ашық айтып жүрсіз…

– Қоғамды меңдеп бара жатса, оны не жасыратыны бар?! Кейбір деректерге қарағанда, қазір елімізде жүз мыңнан астам денесін сатып, ақша тауып жүрген қыздар бар екен. Мысалға, тек бір ғана Шымкент қаласында бір кеште 2000–2500 қыз жезөкшелікпен айналысады деген деректі бір жерден оқыдым. Алматы, Астана, Тараз, Қарағанды, Қызылорда, Атырау, Орал, Ақтөбе, Ақтау, Қостанай, Қызылжар, Семей, Көкшетау, Өскемен, Павлодар, Талдықорған, Қапшағай, Бурабай және тағы басқа қалаларда «проституция» мен арды сату өршіп тұр. Бұл дегеніңіз сұмдық емес пе! Әсіресе шетелдіктер жұмыс істейтін аймақтарда жеңіл жүрістілер көп.

Қазақ ұлты қайда барады? Дәл қазір елімізде 25 жастан асқан, тұрмыс құрмаған 250 мыңға жуық «кәрі қыздар», 175 мыңдай «сүр бойдақ» жігіттер бар екен. Оның үстіне жесір қалғандар мен ажырасқандарды қоссаң, бұл көрсеткіш екі-үш есеге көбейеді. Бүгінгі күнгі әрбір 10 некенің 4-і ажырасып отыр.

Тағы бір сұмдық – қазақтың жастарын бедеулік кесепаты жайлап барады. Уролог Алшынбаевтың айтуынша, олардың саны 30 пайыздан асып жығылады екен…

– Аға, дәл осы жерде сіздің «Қазақ жігіттеріне жатардың алдында қазы жеп, қымыз ішу қажет» деген сұхбатыңызды бір басылымнан көзім шалған еді. Елде қызтеке жігіттер мен еркекшора әйелдердің көбеюі де бір мерез болып тұрған жоқ па?

– Дәл солай! Қызтекелер мен біржыныстылар өздерін ашық жарнамалай бастаған кезде мемлекет тарапынан қарсы насихаттың әрекеті жасалмай жатқанын түсіну қиын. Керісінше, біздің теледидарлар еркектің – әйел рөліне ену жағдайын молынан жарнамалай бастады. Әзіл-сықақ театрындағы қазақ жігіттері әйелдердің ролін ойнауға құштар. Соған өлердей беріліп алған.

Бір жолы Жаңажол ауылына малшының үйіне бардым. Оның 5–6 жастағы ұлдары «Сабинка келін» болып, бастарына орамал тартып, ойнап жүргенін көріп, жағамды ұстадым. Қатын болып ойнауды қазақтың әртіс жігіттері мақтан тұтады. Намыс жоқ.

Біз өзімізді саны көп орыстар мен қытайлармен салыстырмайық. Оларда сан сапаға ауысып кеткен. Біз – азбыз. Сәл жіберген кемшіліктеріміз бен қателіктеріміз көзге көрініп тұрады. Оның кесірінен руханиятымыздың өсуі кешеуілдеп, ұлттық тәлім-тәрбиеміз, ар-ождан мәселелері ұмыт қалды. Жастарды жаман, кір, лас жолдарға салатын үрдістер бой көтеріп, ар-ұят жоғалып барады. Соның нағыз дәлелдерінің бірі – біздің еліміз саунасы ең көп елге айналуы дер едім. Ал ол сауна-монша кешендері, шынтуайтын айтқанда, ар-намысты ұмытып, дүние-қоңыз жинауға құныққан бизнесмендер мен кәсіпкерлердің, кейбір құқық қорғаушылардың күреп лас ақша табатын «бордель-сексханаларына», «жын-ойнақ» сауналарына айналып кетті. Бұл не деген сұмдық? Қалай осы сауналарды жабамыз?

– Ендеше сұхбатымыздың басындағы сұраққа қайтадан айналып келейік: егер сіз депутат болсаңыз, осы келеңсіздіктерді мемлекеттік мінберден айтар едіңіз…

– Бұл келеңсіздіктермен депутаттың ғана күресуі аздық етеді, оған бүкіл қоғам қарсы тұруы керек. Ал ел парламенті Ар-Намыс, Ар-Ождан мәселесіне арналған арнайы заң қабылдаулары керек деп есептеймін. Қаржы, экономика дағдарысы түзеледі, ал ар-намыс, абырой дағдарысы дендеп кетсе, одан құтылу оңай болмайды.

– Ұлттың ұлағаты үшін жік-жапар болған сұхбатыңызға рахмет, аға!

 

Дидар НҰРЖІГІТ,

журналист

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн