Воскресенье , 20 апреля 2025

СҰЛУДЫҢ БАҒЫ сыртта ашылады, ә?

Жуырда Алматыда «Face of Central Asia» конкурсы болып өтті. Астаналық «OK-models» агенттігінің  16 жасар моделі Инара Юсупова аталған конкурста Гран-при сыйлығын иеленді.

Әсілінде, бұл шара осымен қатарынан оныншы жылы өткізілгелі отырған «Asia Model Awards» атты азиялық фестивальға іріктеу сыны ретінде өткізілген еді. Бұл байқауға Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстаннан 42 модель қатысқан болатын. Сонымен бірге байқау жеңімпазы Инарадан бөлек Қазақстан атынан «Asia Model Awards» агенттігінде өнер көрсететін 13 қыз таңдап алынған.

Осы орайда «OK-models» агенттігінің директоры Ольга Крюкованың сөзіне сүйенсек, іріктеу туры кәсіби жоғары деңгейде өткен бұндай шара елімізде бұрын-соңды болып көрмегенге ұқсайды. «Бұл сұлулық сайысы емес, сондықтан қатысушылар модельдік бизнес үшін таңдалып отыр. Финалға өткен сәнқойлар шетелде жұмыс атқаруға таптырмайтын сымбаттылар және келісім-шартқа отыратын мүмкіндіктері де жоғары», – дейді Ольга Крюкова.

Сонда деймін, Ольга Крюкова айтқандай, Инара бастаған 13 қыздың «шетелде жұмыс атқаруы үшін таптырмайтын» сымбат иелері атануы көңілге күдік ұялатады. «Сұлулық сайысы болмаса», бұл сонда сымбатты тән саудасына арналған тауарлар тартысы ма?

Бұдан бұрын тағы бір модель агенттігі қожайынының: «Менің қыздарым қалталыларға тоқал болмайды…» – деп, өз-өзінен быт-шыт болғаны бар еді. Ольга бикештің біртүрлі сөзінен кейін осы оқыс сөз еріксіз еске түседі екен… Ал Инара қызымыз небәрі 16 жаста екенін еске алсақ, бұндай байқаулардың қазаққа қандай қажеті бар деген күлбілте күдік ойға орала кететіні рас. Әйтеуір қалай десек те, сән бизнесіне он екіде бір гүлі ашылмаған, құлын мүшесі бұзылмаған қыздарды тартудың таңданарлық тәртібін түсіне алмадық.

 

 

 

 

Кім кінәлі?

Сабинаның

СҰЛУЛЫҒЫ

саясат па?

Білім және ғылым министрлігі «Құрмет грамотасының» иегері, белгілі ұстаз Тоғайбай Нұрмұратұлы Сабина Алтынбекованы «сұлу» деп көкке көтергендерді сынға алды.

Онда Нұрмұратұлы біздің Сабина қызымызды қытайлықтардың мақтау себебі – Қытай мемлекетінің қырық миллион еркекке қазақтан әйел тауып беру саясаты бүркемеленіп жатқанын айта келіп: «Шетелдіктердің «қазақ қыздары сұлу, әдемі» деп өтірік мақтағанына түсінігіміз жетпегеніне қапалымын. Қай ата-бабамыз өз қыздарын шетелдіктерге көрсетіп мақтанған еді? Олар тауар ма еді, мал ма еді? Қазақстанның «бренді» енді қазақ қыздары болғаны ма?» – деп түйілді (Abai.kz).Әрі Тоғайбай ұстаздың пайымдауынша, қазақ қыздарының біразы осындай аспанға көтерушіліктің кесірінен қазақ жігіттерін менсінбей, өзге ұлтқа тұрмысқа шығуда екен.

Әрине, бұл жерде Сабинаны кінәлауға болмас: бұлай сұлу болғанда, ешкімнің еріксіз алып, мойнына таққан «моншағы» жоқ! Оның бер жағында құдай берген әлпетімен сол арадағы әлдекімдерден әдемі екені көптің көзіне ұрып тұрғаны тағы бар. Қытай солай деді екен деп, сұлуларымызды сыртқа шығармай қою – ғаламдасқан әлемнің әлпетіне сай келмейтін әрекет болса керек.

 

 

Ұятай!

АСАБАНЫҢ АҚЫСЫ

Сәулені

неге ренжітті?

 

Танымал тележүргізуші Сәуле Әбединова бір тойда бірнеше мың долларды қалтасына басатын әншілер мен асабаларды сынады. Ол мұндай асабаларды қарапайым еңбек адамынан ұялу керектігін айтады.

«Әпкемнің баласы үйленіп, той жасаудың қамындамыз. Өз баламдай боп кеткен бала. Қолымнан келгенше тойына үлес қоссам деген ой. «Әншілер мен асабаларға жақынсың, жақсы асаба тауып бер» деп, әпкем қолқа салған соң, біразымен телефон арқылы тілдестім. Ешқайсысына өкпем жоқ. Тек таңқалғаным – ең қымбат асабаның «гонорары» 6 мың АҚШ доллары екен. Ең арзанының «гонорары» – 1 мың доллар», – дейді Сәуле Әбединова Facebook-тегі парақшасында.

Оған қоса, «Жатып алып есептедім: кешкі 7-ден түнгі 1-ге дейін – 6 сағат жұмыс уақыты: тұп-тура 6 мың доллар қалтада! Ал тұрақты жұмыс орны бар, «шүкір» дейтіндей (ойындағыдай) айлығы бар қарапайым еңбек адамы бұндай ақшаны 1 жыл таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін істеп табады. Әншілер де солай. Бір-екі фонограммасымен бірнеше мың долларды қалтасына басып жүре береді. Ұялу керек қой!», – дейді танымал тележүргізуші.

Расында да, бүгінгі күн Қазақстанның асабасы мен әншісі ұялатын заман ба?! Тіпті бұндайда «Өнерді сату – өзіңді сату» деп, зілдей сөзбен дәл солардың бетіне былш-былш еткізгің келеді: олардың сатып жүргені шынымен өнер болса?..

 

 

 

 

Сүйінші!

Мейрамбек

ҰЛДЫ

БОЛДЫ

Күллі қазаққа бала күннен «Бозторғайымен» танылған «МұзАрт» тобының әншісі Мейрамбектің шаңырағына ізбасар келді: Бесбаевтардың шаңырағына жұбайы Мархабат шекесі торсықтай ұл сыйлады.

Әнші сосын не істеді дейсіз ғой?! Қуанышы қойнына сыймаған Мейрамбек мырза бір құшақ гүлін алып, тұңғышы Кәусармен бірге перзентханаға алып ұшып барған. Іле-шала әнші өзін құттықтаған қалың оқырмандары үшін алғысқа толы суретін әлеуметтік желіге жария етті.

Мұндайда баяғы бір Мейрамбегі аяқ асты ауырып қалғанда, байтақ бұқара, әсіресе ақ жаулықты аналар әншінің жазылып кетуіне тілеулес болып, эфирден жылағанын білетін біз исі қазақтан сүйінші сұрап, сәбилерінің бауы берік болсын дегіміз келеді!

 

 

 

 

Қиын қыпсың!

ҚАЗАҚ ӨНЕРІ

«Ордамен» бірге

ОПАТ БОЛМАС

Кезінде қазақ эстрадасына өзгеше стилімен жарқырап келген «Орда» тобы енді қазақ сахнасында ән салмайтын болды. Яғни, танымал топ тарап тынды.

Бұл туралы жуықта Алматының орталық алаңында өздерінің құрылғанына 15 жыл толуына орай концерт өткізген аталған топ дәл сол жерде: «Бұл біздің топ ретінде сіздердің алдарыңызға соңғы рет шығуымыз», – деп ресми түрде жария етті.

Бір қызығы – сол арада тыңдарман болған біраз жұрт іштерінен «Әттеген-ай!» десіп қайтып жатты. Ал әлеуметтік желіде бәзбіреулер бөркін аспанға атып, «дұрыс болдыға» лайк (ұнату түймешесі) басты-ай келіп.

Бұндайда «Бөлінгенді бөрінің жейтін-жемейтінін» қайдам, қарапайым қазақы қисынға салғанда, «Отызында орда бұзып, қырқында қамал алар» жігіттердің қай-қайсысына да өнерін бағалаған жұрттың қара қазандай өкпесі қалды.

Ал өнер ше? Бесеудің «Ордасы» тарады екен деп, қазақтың өнер ордасы опат болмас: отызына дейін орда бұзамыз деп, өріп келе жатқан өрімдей жастар аман болсын!

Топтаманы дайындаған –

Төлеу ТҰРМАН

 

 

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн