«Общественная позиция»
(проект «DAT» №3 (367) от 26 января 2017 г.
Дін мен дің
Кейінгі кезде қоғамда Исламды жамылып пайда болған теріс ағымдар санының көбеюі өзекті мәселеге айналды. Әдетте мұндай құбылыс қоғамда адамдардың діни сауатының жоқтығынан немесе сауатының аздығынан туындайды. Демек, қоғамда қазақ үшін тарихи қалыптасқан дәстүрлі Исламды, оның ішінде Әбу Ханифа мазһабын насихаттайтын білімді мамандар қажет.
Түркі халықтарының Ханафи мазһабын таңдауында өзіндік ерекшелік бар. Бұл мектептің басқа мектептерден ерекшелігі – халықтың мәдениеті мен салт-дәстүріне құрметпен қарап, тұрмыста оларды пайдалануына жағдай жасауы. Сондықтан да біздің дәстүріміз дінмен біте қайнасып кеткен. Егер кейбір дәстүріміз шынымен де Ислам қағидаттарына қайшы келіп жатса, оны имамдарымыз ескертіп жатады.
Ал енді діни білімді шет мемлекеттен оқып келген жастардың басым көпшілігі дәстүрлі мазһабтарды қолдайтын Исламды емес, басқа ағымдарды насихаттайды. Сондай теріс ағымдардың бірі – салафизм. Салафизм халқымыздың дәстүрлерін де, Әбу Ханифа мазһабын да түбегейлі теріске шығарады.
Шариғат үкімімен үйлескен қайтқан адамға ас беруді алайық. Астың артынан қайтқан адамның рухына Құран оқып, бағыштап, жиналған ағайын-туыс, көрші-қолаң, жора-жолдастармен бірге бұрын өткендердің күнәларын кешіруін Алладан тілейміз.
Ал елге берілген астың негізгі мақсаты – садақа ретінде қабылдануы. Берілген астан кейін қариялардан бата сұрап, сосын Құран оқып, тағы алақан жайып, Алладан мейірім мен береке сұрау, Құран сауабын марқұмға бағыштау – біздің халықтың ғасырлар бойына қалыптасқан дәстүрі. Бата бергеннің, ас қайтарғанның несі айып?
Ас демекші, салафилер дастархан басында бет сипап, ас та қайтармайды. Ал Мұхаммед пайғамбар: «Дұға құлшылықтың өзегі», – деп айтқан емес пе? Осы сияқты дәстүрлерімізді салафизм жолын ұстанған кейбір жастарымыз жоққа шығарумен әлек. Тіпті олардың кейбірі Қазақстанға шынайы Ислам діні 89–90-жылдары ғана келді деп айтады. Мұны да естідік. Сонда біздің Абайдың:
«Алланың өзі де рас, сөзі де рас,
Рас сөз еш уақытта жалған болмас.
Көп кітап келді Алладан, оның төрті
Алланы танытуға сөз айырмас…»,
– деп, иман шарттарын талдауы Ислам емес пе? Әрине, Ислам.
Шәкәрім болса: «Иман деген Алла Тағаланың барлығына, бірлігіне, одан басқа құдай жоқтығына, Құран сөзінің бәрі шындығына анық ықыласпен нанбақ…» – деп иманды айшықтап кетті. Исламды сол 90-жылдары танығандар басқаларды өздеріндей көрмесін. Аталарымыз мұсылман болған.
Дін арқылы ғана мәселе шешілмейді. Бұл жөнінде Шәкәрім қажы былай дейді:
«Жердің жүзін дәл тауып,
Ешбір дін жоқ орныққан.
Бәрінде де бар қауіп,
Дін көбейді сондықтан.
Сол көп дінде шешу бар,
Сол шешудің арты бар.
Адасқанға кешу бар,
Кешудің де шарты бар».
Ұлттық мінез-құлық, салт-дәстүр, өмірлік ұстанымдар әрбір халық үшін өзінің әлеуметтік күші мен рухани нәрін жоғалтпайтын сарқылмас кәусар. Өйткені әр халық өзінің ата-бабасы ардақтаған дінін, сенімін тарихи жадында таптырмас құндылықтар ретінде қастерлейді.
Салафилердің тапжылмай қарсы тұрып, мойындағылары келмейтін келесі дәстүріміз – келіннің сәлем беруі. Салафизм идеологиясы бойынша келіннің сәлем беруі дінімізде жоқ дегенге келеді. Сөйтіп, олар келіннің сәлем салуын, құлшылық кезіндегі рукуғпен (намаз кезінде еңкею) теңестіреді. Басқаша айтқанда, адамның тек қана Алланың алдында, Аллаға ғана иілуіне болады. Ал адам баласының алдында сәлем беруіне Ислам рұқсат бермейді. Олай жасау Аллаға серік қосқан болып саналады екен. Осы қысқа шалбар киген салафилер «қысқа» ойлайтын көрінеді. Келіннің сәлем беруіндегі мәні – жаңа үйдің табалдырығынан аттағалы тұрған кездегі сол отаудың иелеріне құрмет көрсетуінде.
Дәстүрімізді дұрыс білмейтін, не арнайы діни білімі жоқ шала сауаттыларға айтарым – діннен ізгілікті, дәстүрді көрген дұрыс. Бұдан былай жастардың діни білімді елімізде, яғни еліміздің діни оқу орындарында білім алғанын қалаймын.
Жастар – біздің жарқын болашағымыз, оларға жіті көңіл бөлу, тәрбиелеу – ел ағалары, дін қайраткерлері мен имамдарымыздың алдындағы негізгі мәселелердің бірі. Жастардың келешегі осыған байланысты. Өйткені мешітке баратын халықтың басым бөлігі – жастар. Сондықтан да шығыстық түсініктегі тәрбие ұғымының ел болашағына бағыт-бағдар берудегі маңыздылығы өте жоғары. Әсіресе мұсылмандық түсінікте жас ұрпаққа ана құрсағында жатқаннан бастап тәрбие беруге баса назар аударылады.
Жастарымыздың сан ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрін ұмытпай, құрмет тұтып, қадірлеуі, адами құндылықтарды бірінші орынға қою маңызды. Дәстүрлі дінімізде ата-дәстүрімізбен ұштасып жатқан адамгершілік құндылықтар жетіп жатыр: білімге, ақылға, жақсы ниетке, әлеуметтік әділеттікке, сонымен қатар адамдардың құқығы мен құрметіне ерекше көңіл бөлінген.
Ғарифолла ЕСІМ,
профессор
Abai.kz
«НҰРДӘУЛЕТ» тағы не жазды?
Осы бірер жылдың жүзінде ғана Ақтөбедегі «Нұрдәулет» мешітінің айналасындағы әңгіме қазақстандық бүкіл БАҚ-ты шулатып, әрең басылғанбыз. Онда да облысқа белгілі кәсіпкерлер Ербол мен Мақсат Байжарқыновтардың аймақ билігі тарапынан орынсыз қысым көріп отырғаны жайлы жазған едік. (Оқыңыз: «Ұлт Таймс», «Алтын ғасыр», т.б.).
Енді таратайық. Өз басым мешітке анда-санда бас сұғатын адаммын. Анау ауылға кетіп қалғандарға құран бағыштаймын, аз-маз садақамды салам. Ерболды Желтоқсан үшін қатты сыйлаймын. (Бір рет те көрген адамым емес). Мақсат ағаға газет шаруаларымен соғып тұрам.
…Қазақстанда тұрып, басымызға шығып отырған газет, арна, т.б. бар екенін білесіздер, кездейсоқ қолыма түскен біреуі айызы қанып тұрып жазыпты. Олар қазаққа болсын дей ме? Мысқылы көп. Бір Дәу Қазақтың бір Жәй Қазаққа көрсетіп отырған қысымының қазақы, классикалық үлгісі…
Әңгімені Жәй Қазақтан бастайық. Мақсат Байжарқынов – баласы, елге белгілі құрылысшы Ербол Байжарқынов бас болып, аздап кәсіп бастады. Одан соң Ақтөбенің қақ ортасында иә болмай, иә қоймай тұрған «сақалды құрылыс», болашақта Жастар сарайы болады деген жерді сатып алып, мешіт, сауда үйі, медресе, Дәстүр үйінен тұратын үлкен кешен салды. Бұл кешен қазір Ақтөбенің брендіне айналған демалыс орны. Алдына балалардың демалыс орны мен шағын хайуанаттар орны да ойластырылды. Балалар аттракциондары Ақтөбедегі ең арзан (билет құны 100–200 теңге) демалыс орны болса, керік, тауыс сияқты сирек мақұлықты ақтөбеліктер басқа қайдан көре алады? Сауда үйінің алдында еліміздің егемендігінің символы – Тәуелсіздік монументі асқақтап тұр. «Нұрдәулет» қайырымдылық қорының «Алға» балалар үйіне, «Жайсаң» кемтар балалар үйіне, «Үміт» сәбилер үйіне, қарттар үйіне ай сайын аударатын қаржысын есептеудің де қажеті жоқ: міне, бірнеше жылдың жүзі болды, тұрақты түрде қайырымдылық жасалады.
Міне, өз кәсіптерін адал атқарып, елге қызмет жасаудың тамаша үлгісін көрсетіп отырған Байжарқыновтарға алғыстан басқа айтарымыз болмауы керек, қисын бойынша. Бірақ… «бірағымызды» таратайық енді…
Алдымен мешітті соғыс құрбаны Нұрдәулет есімімен атау да үлкен дау болды, әупірімдеп әрең берілді.
Одан «Нұрдәулет» мешітін Діни басқармаға беру керек деген желеу шықты. Жеке мешіт болса да, жан-жақтан дауға қалған Мақсат Байжарқынов – «Жазған құлда шаршау жоқ» – бүкіл құжаттарын рәсімдеп, оған да көнді: мешітті Діни басқарманың филиалы етіп бекітті.
Енді аттракциондар дауы туралы. Рас, Байжарқыновтар меншігіндегі жерге казино салмады, сауна соқпады – балаларға аттракциондар жасады. Ақтөбеліктер сол жерге барады. Себебі елбасы атындағы паркті сатып алған қожайынның қолы қымбат… Барып көріңіз.
Міне, біраз болды, аяқ астынан Ақтөбе билігі «Нұрдәулеттің» алдындағы аттракциондарды неге «жина» деп жатыр? Әлеуметтік желілерге құлақ салайық.
«Нурдаулетовскую площадку сносить нельзя! И так детям играть негде!»
«Это единственная нормальная детская площадка в округе! Конечно, акимату выгодно построить здесь еще один магазин или парковку».
«А дети им чем помешали? И не стыдно, детей лишать радости?». «Уважаемый акимат Актобе! Перестаньте страдать ерундой! В городе достаточно серьезных проблем – дороги, медицина, образование, маршрутки. А Байжаркыновы – настоящие патриоты нашей Родины, все делают для народа».
Бұл әлеуметтік желідегі шулап жатқан мыңдаған адамның бір бөлігінің ғана дауысы.
«Нұрдәулеттің» керігін (жираф) де біраз дау қылып, ақыры құртып тындық. Ал сол керікті ту-у-у бір жақтан қанша қаржыға әкеліп, ақтөбеліктер, балалар қуансын деген Адам туралы ойладық па? Ойламадық!
Соңғы аптада тағы бір қисынға тумайтын дау басталды. Ендігі әңгіме – кешеннің алдына қойылған Тәуелсіздік монументі туралы. Биліктің айтуы бойынша – монумент дұрыс тұрған жоқ. Теріс қарап тұр. Шындығында, монумент кешенге, құбылаға қарап тұр. Сонда дейміз ғой, айқайлатып-жалаулатып ашқан кезде билік те, қаланың сәулеті мен архитектурасының айналасындағы шенеуніктер де қайда қараған? Арада өткен жылдарда біреуі де Тәуелсіздік монументіне бір рет болса да қарамаған ба? Бірақ ойлаймыз, жоқ жерден ши шығаратын шенеуніктерге Тәуелсіздіктің құны да көк тиын шығар?!
Осы материал жазылып жатқанда, «Нұрдәулет» кешеніне тағы бір «грозный» хат келді: «Нұрдәулет» аялдамасын енді «Қазтелеком» деп атау туралы шешім қабылданыпты. «Қазтелеком» ғимараты бұл жерден біраз жер, тіпті аялдама атауы кімге кедергі болды? Өздеріңіз түсініп отырғандай, «әләуләйім бітсе, біләуләйім тағы бар», «былай көнбесең, былай сындырамыз» деген жымысқы әрекет.
Кеше ғана еліміздің бас прокуроры «кәсіпкерлерге қисынсыз тиіспеу қажеттігі» туралы қатты айтты. Кәсіпкер құқығы тапталып жатқанда, прокуратура қайда қарап отыр сонда?
«Нұрдәулет» кешенінің ұжымы облыс әкімі, қазақы болмысты Бердібек Сапарбаевқа Ашық хат дайындап жатыр. Ашық хатқа қол қойып, наразылық білдірушілер қарасы өте көп. Әңгіменің нүктесін де халыққа жақын, қазақы, қарапайым әкім – Бердібек Мәшбекұлы қоятын болар деген үмітіміз бар.
Шара ЕЛЕУСІЗ,
Ақтөбе қаласы