«Общественная позиция»
(проект «DAT» № 46 (270) от 18 декабря 2014 г.
«Қазақтың Кеңес дәуіріндегі 12-томдық энциклопедиясын» жазғандардың бірі, 90 жасқа келген аузы дуалы ақсақал Сапабек Әсіпұлымен дидарласып, сұхбаттасудың сәті түскен еді. Халі қалтырап тұрған қазақ мәселесіне келгенде, елбасыдан етікшіге дейінгінің «енесін ұратын» ағамыздың сол ойын оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.
–Сапабек аға, Қазақстанның кеше ғана өткен Тәуелсіздік мерекесі өз деңгейінде тойланды деп ойлайсыз ба?
– Қазіргі таңда көпшілік осы тәуелсіздікті аспаннан түскендей қабылдайтын болды. Оның жолында үш ғасыр патшалық Ресеймен 1600 рет ұлт-азаттық күресте жан берісіп, жан алысқан қанды қырғындар болды. Кеңес Одағы Қазақстанда қолдан ұйымдастырған үш бірдей ашаршылық жасады. Халықтың бетке шығар қаймақтарын атып тастады, қалғандарын итжеккенге айдады. 1986 жылғы 16–17 желтоқсанда қаншама боздақ қыршыннан қиылды, із-түзсіз жоғалды, өмір бақи мүгедек болып қалды, күнәсіз түрмеге қамалды, оқудан қуылды.
Міне, «тәуелсіздік» дегенде, бірінші кезекте осылар айтылуы тиіс. Желтоқсан көтерілісінің өзін біресе «Желтоқсан оқиғасы», біресе «көтеріліс», біресе «төңкеріс» деп, адамның басын қатырды. Кезінде дұрыс саяси баға берілмеген соң, Желтоқсанның соңы да сиырқұйымшақтанып кетті. Өйткені, жоғарыдағы кейбір кісілердің «арты ашылып қалмау» үшін, оны әзірге айтуға болмайды-мыс. Тым құпия саналады. Осының бәрін расында ұмытса – қазақ тәуелсіздіктің қадірін білмейтіндігі.
– Ал осы айтулы даталардың халық арасында насихатталу жағдайын қалай бағалайсыз?
– Желтоқсан көтерілісі мен Тәуелсіздік күні деген даталар жылда орыстың Жаңа жылының тасасында қалып қоя береді. Алматы мен Астана қалаларында, басқа да облыс орталықтарындағы көшелерде тәуелсіздік туралы бір әріп жоқ. Оның орнына «С Новым годом» деген жазулар мен жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған шыршалар қалқиып, үш ай бойы тұрады.Телеарналар да Алматыда өткен қанды қырғын туралы жарытып ештеңе айта қоймайды. Сондықтан жасөспірім балалар тәуелсіздіктің не екенін қайдан білсін?!
Жиырма үш жылдан бері «тәуелсіздік» деп жаттап алып, ұрандатып, қақсай береді: ол тәуелсіздікті кімнен алғанын тіпті түсінбейді де. Қайдағы тәуелсіздік, Құдайым-ау, алдымен ҚР Ата заңында (Конституцияда) Қазақстан – қазақ халқының жері деген бір ауыз сөз жоқ. Байырғы ру-тайпалар өзге ұлт өкілдерімен Қазақстан Республикасын құрған дейді. Екіншіден, «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деген бапты мойындамайды және жоғарыдағы біреуі де ол тілде сөйлемейді. Үшіншіден, Қызылорда облысындағы Байқоңыр ҚР заңына пысқырып қарамайды. Дініміз – алауыз. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, медицина мен білімнің сиқы кетті. Өзіміз тіс шұқығыш шығармаймыз, тамақ-киімнің бәрін сырттан тасимыз. Сөйте тұра, «тәуелсіздік» деп, кеңірдек жыртамыз. Өркениетті елдердің алдында маңызданып, беделді түрде көрсететін бір құндылығымыз жоқ. Бұның қай жері тәуелсіздік – түсіне алар емеспін?!
– Аға, есесіне Қазақстанда 130 ұлттың өкілдері тату-тәтті тұрады деген сөз бар ғой…
– Қазақ – өз ата-жұртында мемлекет құрушы, жетекші халық емес, көптің бірі деген сөз сияқты көрінеді маған. Бізде ұлтаралық қатынастар хақында сұлу сөздер күн сайын дерлік толассыз айтылып, судай сылдырлап, ағып жатыр. «Татулық», «тыныштық», «достық» дейді. «Ұлттық жарастық – экономикалық гүлденуіміздің кепілі» дейді. Бірақ ұлтаралық қатынастың негізі неде екені жөнінде ешкім жақ ашпайды. «Ұлтаралық қатынастарда татулықты берік сақтайық» дегенді үйреніп алғанымыз сонша, оның шын сырына мән бермей, даурығумен күн өткізіп жүрміз.
Ал көлгірсімей, шындығын айта алсақ, ұлтаралық қатынастың негізі – жер ғой. Екі ұлттың бірі ырыздық бұлағы толассыз ағып жатқан бай жерде шалқып отырса, екіншісі тандыры кепкен жерде малына жем-шөп, өзіне азық таба алмай, бөрі құрсақ күйде ішқұса болып қаңғырып жүрсе, бұлардың арасында қандай достық, қандай бауырластық сезім болуы мүмкін?!
Ұлттардың жерге, жер болғанда қонысқа қолайлы, шаруаға жайлы жерге қатынасы мен құқығы тең болмай тұрғанда қандай оңды ұлтаралық қатынастар қалыптаса алады? Шын ұлтшыл азамат қазақ тұрмысының күйкілігіне оның өзі кінәлі емес, жері кінәлі екенін, келімсектердің құнарлы жер атаулыны бауырына басып алып, бедірейіп отыра бермей, байырғы тұрғындармен бөлісу қажеттігін, қуаң даладағылар сондай қамқорлыққа зәру екенін ашып айтып, олардың жүрегінде ізгілік сезімі бар болса, оятуға күш салар еді. Міне, мен бұны шынайы достық пен татуластық деп білер едім.
– Ал ендеше осы жағдайда қазақ қалай ел болмақ, аға?
– Бүгінде қазақтың асқақ рухы өлген. Санасы уланған. Ар мен намыс аяққа тапталған. Бас көтеріп, елең етер ешкім жоқ. Солай болуға тиісті секілді, осыған етіміз әбден үйреніп кеткен. Халқымыздың тең жартысы кеңестік отарлау саясатының салдарынан орыстанғандығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әлі күнге құлдық санадан арыла алмай, соры қайнап жүр. Басынан бақайшағына дейін мәңгүрттенген. Бізде тез арада жаңару, жаңғыру болу керек, әйтпесе жалт-жұлт еткен жаһандануда көшке ілесе алмай, тығырықтан шығу мүмкін болмай қалады.
Билікке жаңа толқын келмей, еліміздің бойына жаңа қан жүгірмей, қоғамда күрмеуі шешілмеген қордаланған мәселелер жылдар бойы үйіліп қала береді. Енжарлық, немқұрайдылық, немкеттілік санамызды шырмауықтай шырмап алған. Қоғамда сілкініс мүлдем жоқ. Қазіргі қазақтың еңбектеген сәбиден еңкейген қарияға дейінгісін ойландыратын – ақша болып кетті. Қашан да, қай заманда болмасын, таласып-тартысып жұмыс істегенде ғана бәсекелестік пайда болып, біздің рухымыз көтеріледі. Сонда ғана бөтенге жалтақтамай, алаңдамай, бүгежектеуден құтылған, ой-өрісі азат ұрпақ пайда болады. Бүгінгі аға буын өкілдері (мен сияқты) басым көпшілігінің бойында эгоизм басым. Сол эгоизм жібермейді. Өзінен кейінгілерге үзеңгіні өлсе де бермейді. Ол да бір ауру, жазылмайтын дерт. Әрбір қазақтың бойында қазақы қан ширығып жатса, жігеріміз жасып, туымыз жығылмайтыны анық.
Жуырда 170 мемлекетте болған, Франциядан келген Франсуа деген француз Астанаға келіп кетіпті. Әуежайдан шығарып салып тұрғанда, өзіңе ұқсаған бір журналистің «Қазақстан сізге ұнады ма?» деген сұрағына былай жауап беріпті: «Мен қай елге келгеніме түсіне алар емеспін. «Тәуелсіз Қазақстан», «демократия», «толерантность», «независимость» дегендер – бос сөз. Өйткені жергілікті қазақ халқының тілінде біреуіңіз сөйлемейді екенсіздер. Бұл – Ресей Федерациясының бір губерниясына қатты ұқсайтын ел екен», – деп, ұшып кетіпті. Осыдан кейін не айтуға болады? Қазақша сөйлемейтін елді «Қазақстан» деп атаудың өзі дұрыс емес.
Күзетші, көше сыпырушы, жүргізуші секілді қалыпты жұмысын атқарып жүрген жандарға адамның қоры ретінде қарамай, мұрнын шүйірген талай кісісымақтарды көрдік. Сонда біздің бір-бірімізге деген адами сыйластығымыз қайда? Қоғамның адамға құрметі құлдырап кеткеніне кім жауапты? Біз қандай едік? Қандай күйге түстік? Қашан оңаламыз? Осы сұрақтарға жауап іздеп шаршадым.
– Аталық сөз айтқаныңызға рахмет, аға! Сау болыңыз!
Сұхбаттасқан –
Жұмамұрат ШӘМШІ