«Общественная позиция»
(проект «DAT» №44 (408) от 30 ноября 2017 г.
Бейсенбілік сұхбат
Бейсенбілік сұхбатымыздың кезекті қонағы – өзін әнші, әрі сазгер деп таныстырудан ұялатын Сейфуллин Жолбарыс. «Мен тек автор-орындаушымын», – дейді ол. Бұл сұхбатқа себеп болған тағы бір мәселе – әлеуметтік желідегі «Сейфуллин әйелін тастап кеткені рас па?» деген сұрақ. Оның үстіне ол өз тыңдармандарын ренжітіп алған сыңайлы…
– Секе, биыл шығармашылығыңыздың 25 жылдық мерейтой концертін дүркіретіп өткіздіңіз. Бірақ кейбір ақпарат көздерінің дерегі бойынша, есеп беру концерті сізге оңай тимеген сыңайлы. Бұл тек қаңқу сөз ғана ма?
– Өзімнің концертім болған соң, әйтеуір бірнәрсе жетіспей тұрды. Және концертте кеткен кемшіліктер басқасына көрінбегенімен, өзің байқайсың. Ең бастысы – осы 25 жылдың ішінде жазған, орындаған әндерімнің барлығы шырқалды. Концертіме тек Халық әртістері ғана емес, сонымен бірге жас әншілер де қатысты. Бұрын мен тек композиторлық кеш бердім. Ал биыл әндерімді орындаған әншілердің қатысуымен өткіздім. Бірақ бір уақытта, бір жерде жиырма жеті әншінің басын қосу оңайға түспеді.
– Айтпақшы, сол концертті қай залда өткіздіңіз? Оны сұрап отырғаным – концерт залдарын жалдау ақысы қымбаттап кетіпті деген сөз бар…
– Қаржылық демеушім бола тұрса да, концертімді Республика сарайында өткізгенді жөн көрмедім. Жалпы Студенттер сарайы аса қымбат емес, сол себептен шығармашылық кешімді сонда бердім. Маған «Сейфуллин Жолбарыс концертін Республика сарайында өткізіпті» деген даңғазалық жарнама қажет емес. Қымбат жерде концерт бергеннен абыройың өспейді, мен үшін абырой – ол өнерім. Біз үшін сахнаның бәрі бірдей.
Айтпақшы, егер демеуші табылмағанда, концерт өткізбейтін де едім. Достарым қолдап, «біз демеуші болайық» деген соң ғана келістім. Өйткені қазір өз қалтаңнан қаржы шығарып концерт беру оңай емес.
– Жуықта баспасөзде «Сейфуллин Жолбарыс тоқал алыпты» деген сөз тарады. Бұл қайдан және қалай шыққан сөз болды?
– Бұл рас. Екінші жеңгеңмен отасқаныма он жыл болып кетті. Ел назарына енді ғана шығарып отырмын. Әлеуметтік желілердің шулап кеткені де сол. Негізінде ағайын-туыс, достарым бұрыннан біледі. Керісінше, «он жыл бұрын болып кеткен «жаңалықты» БАҚ енді жазып жатыр» деп күлетіндер бар. Енді жұрт сөйлейді екен деп, отбасымның суреттерін тығып қоймаймын ғой. Қазақстан бойынша екінші рет үйленген жалғыз мен емеспін. Сондықтан оған таңырқайтын емес. Басыңа түссе, тағдырға амал жоқ. Бұны басынан кешірген адам ғана түсінеді.
– Бірақ әлеуметтік желіде сіздің бұрынғы отбасыңыз жайында сұрайтындар көп. Сол сұрақтарға қасарысып жауап бермейсіз…
– Қасарысатын түгі де жоқ. Бұрынғы отбасымдағы екі баламның суретін желіге салып отырамын. Тек бірінші жеңгең суретін салғанымды қаламады. Өзі солай өтінді.
– Бірінші әйелін ұмытып кетіпті деген сөз тағы бар…
– Құдай сақтасын! Балаларымның анасы ғой, қалайша ұмытып кетуім мүмкін. Егер солай болып жатса, ертеңгі күні ұлым мен қызымның бетіне қайтіп қараймын? Халықтың өзі шығарып алған қаңқу сөздері-дағы… Адамның ішкі дүниесін білмей жатып, әйтеуір ойларына келгенін айта салады. «Бірінші отбасыңды лақтырып кетіпсің» деген пікірлерді өзім де оқыдым. Бірақ қалайша тастап кете аламын?! Ортамызда ұл мен қызымыз бар. Шүкір, бірінші жеңешең мен балаларымның жағдайын жасап бергенмін, әлі күнге дейін жасап отырмын. Үлкен қызым шетелде білім алып жатыр. Ұлым музыкант болып, сахнаға шығып жүр. Екінші отбасымнан екі қызым бар. Олар әлі кішкентай, балабақшаға барады.
– Ал жалпы, қоғамда кеңінен айтыла бастаған тоқал алу мәселесіне орай қандай пікір айтар едіңіз?
– Бұған қатысты ештеңе айта алмаймын. Бірақ тоқал алуға заң бойынша тосқауыл қойылған. Жалпы ата-бабаларымыз бұрын тоқал алған. Тарихты жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен, тоқал алу мәселесін біреу қолдайды, кейбіреуі мүлдем қарсы. Өзім екінші рет отбасын құрып алып: «анау тоқал алыпты» дегенім дұрыс болмас…Біреудің ішкі дүниесіне араласқаннан жаман нәрсе жоқ. Әркімнің өз өмірі, маңдайына жазылған тағдыры бар. Біреуге барып, қалай өмір сүру керектігін үйрету мүмкін емес…
– «Инстаграм» әлеуметтік желісінде белсендісіз. Бірақ онда жазылатын өзіңізге қатысты сынға қалай қарайсыз?
– Жеке өмірімді аз көрсетемін, бірақ халық соны сөз етіп кетеді. Өнерге қатысты суретіңді салсаң, оған «лайк» аз басады. Суреттеріңе қарап, жан-жақтағы туысың, достарың амандығыңды көріп, біліп отырсын дейсің. Және шоу-бизнес өкілдері үшін «инстаграм» өте оңтайлы дүние: өздерінің бейнебаяны мен әндерін жарнамалауға жақсы құрал.
– Бұрын кез келген концертте гитара құшақтап жүретінсіз. Қазір қайдасыз, неліктен сирек көрініп жүрсіз?
– Әр жерден қылтиып көріне беретін жас та емеспін. Кез келген концерттен қалмай, өзіме жарнама жасайтын деңгейден өтіп кеткенмін. Шүкір, әйтеуір еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін таниды. Бірақ көрінбей кеттім демеймін. Облыс орталықтарына гастрольдетіп жиі шығамын. Шыны керек, бейнебаяндарымды телеарналарға ұсынбаймын. Оған берген ақшаны одан да басқа қажет дүниеге салғаным дұрыс. Жаңа үш әнім шықты. Бұйырса, келе жатқан жылдың көктемінде инструменталды концерт өткізу жоспарда бар. Телеарналарға бейнебаян көрсетуден гөрі, есеп беру шығармашылық кешін өткізгенім артық.
Ұлым Бейбарысты өнер жолына тәрбиелеп жатырмын. Көбінесе өзіммен бірге сахнаға алып шығып жүрмін. Бір жағынан сахнадан жылтыңдай бергім келмейді. Мен әнші емеспін, сазгермін ғой. Хит деген сөзден алшақпын. Әншілер ғой – хит әндер іздеп жүретін. Өз басым бір-екі жыл уақытша өмір сүретін әндерге көңіл бөлмеймін. Қай әнімді алып қараңыз, барлығы ұзақ уақыт тыңдарман жүрегінде сақталған. Мәселен, «Жан сырым» әнімді бүгінде Башқұртстан әншісі орындап жүр.
– Жаппай той әндері мен жеңіл-желпі әндердің хитке айналып, халыққа кеңінен тарауы сізді ойландырмай ма?
– Олардың ғұмыры қысқа екенін білемін. Бүгін сахнадан біреуі кеткенімен, ертеңгі күні басқасы келеді. Сахнада жүрген осы 25 жылдың ішінде той әншілерінің біразы көз алдымыздан өтті. Уақыт өте келе олар өздері сараланады. Бұрын алдымен теледидарға шығып жүріп, кейін тойға барушы едік. Қазіргі әншілер тойда ән салып, ертесінде теледидарға шығатын болып кетті. Осыған ішімнің қынжылатыны бар. Той әншілерін теледидардың өздері жарнамалап жүр. Той әндерінің көбейіп кеткеніне біз емес, телеарналар ойлануы керек деп ойлаймын.
– Әншіден бұрын өзіңізді бірінші музыкант деп есептеймін дейсіз. Тіптен кезінде Роза Рымбаева сізді әнші деп қабылдамаған екен…
– Роза апамыз ғана емес, әлі күнге дейін мені әнші деп қабылдамайтындар көп. Оған өкпелемеймін де. Өзіме не керек екенін, не істеп жүргенімді мен жақсы білемін. Шындығында мен тек орындаушымын. Виолончель аспабын терең меңгеріп, гитараны қосымша оқығанмын. Кейде мені «композитор» деп атағанда, Ескендір Хасанғалиев ағамыздың алдында өзімді ыңғайсыз сезінемін. Сондықтан көп жерде «мені автор-орындаушы деп хабарласаңыздар» деп өтініш жасаймын. Өйткені асыра мақтануды қаламаймын. Асылбек Еңсепов орындайтын «Хафиз» туындымды «күй» деп айтып жатады. Ол – көңіл сазының туындысы: кішкентайында шетінеп кеткен балама арнаған едім. Бірақ «Хафиз» кеңінен тарап кетті.
– «Сейфуллиннің аранжировкалық қолынан шыққан ортанқол ән хит болып кетеді» деген пікірлер айтылады. Осының сыры неде?
– Мен аранжировка жасамағалы он жылдан асып кетті. Басқа уақытта әндерімді өзім өңдейтінмін. Соңғы уақытта Сәкен Сейфуллиннің өлеңдеріне ән жазып жүрмін. Мысалы, кезінде Асылбектің орындауындағы «Адай» күйінің аранжировкасын мен жасағанмын. Әлі де халық сүйсініп тыңдайды. Сондай-ақ Секен Тұрысбек ағамыздың «Балауса» күйін өңдегенмін.
– Сіз жылына бір альбом шығарады екенсіз: тыңдармандарыңызды жалықтырып аламын-ау деген ой болмай ма?
– Шығармашылық жолында жүрген жиырма бес жылда шыққан сегіз ғана альбомым бар екен. Сенбесеңіз, интернетке кіріп, санап көріңіз. Соңғы альбом 2015 жылы шықты. Жақында альбом жазам деп айта алмаймын. Әрдайым қозғалыста жүретін болған соң, ел мені жылда альбом жазады деп ойлайды. Досым Ринат Гайсин де «Сейфуллин, сен жылда альбом жазасың» дейді. Бірақ ондағы әндерім бес жыл бұрынғы жазылған. Сөйтсем «Сенің әндерің әлде миымызда қалып қоя ма, әйтеуір жылда ән жазатын сияқты көрінесің» деген еді. Содан кейін де әндерім көп болып көрінетін шығар.
– Қазір әншіні танымал ететін дауысы емес, оңтайлы шыққан хит әні деген пікірлер жиі айтылады. Осы орайда не айтар едіңіз?
– Мен ешкімге сыни пікір айтқым келмейді. Себебі әркімнің өзіндік өнер тағдыры бар. Қазір нарық заманы: ешкімді сахнадан немесе тойдан қуа алмаймыз. Қазіргі кезде тойға барып ән салу оңай болып кетті ғой. Айфон, ноутбуктарымен барып, екі әнін айтады да кете береді. Еш қиындығы жоқ. Ал біздің заманда таңғы сағат бесте аппаратурамен барып, кешке сол уақытта қайтатынбыз. Шынын айтқанда, осындай мектептен өткеніме қуанамын.
– Сұхбатымыздың соңын көңілді нотамен аяқтайық, аға. Құрдастарыңыз сіздің бойыңыз туралы көп әзіл айтады: соңғы шыққан қандай «свежий» қағытпамен бөлісер едіңіз?
– Бойыма қатысты қағытпаларға еш ренжімеймін. Бойым аласа бола тұрса да, мені «Арыстан» деп атайтындар да бар. Тек әзірге қасқыр деген емес. Соған қарағанда, қасқырлық мінезім шықпай тұрған болу керек. Мейлі арыстан, жолбарыс, қасқыр болайын, ең бастысы – түлкі болмасам болғаны.
– Тілектеспін, аға! Сұхбатыңызға рахмет!
Анар ДӘУКЕН