Пятница , 4 июля 2025

ШАЛСЫЗ БА, АҚСАҚАЛСЫЗ БА?

«Обще­ствен­ная позиция»

(про­ект «DAT» №24 (388) от 22 июня 2017 г.

 

Өңі айналған өмір

 


 

Мен жұмысқа өтетін көше­де күн­де ерте­мен бір топ үлкен кісі қауқыл­да­сып тұра­ды. Кеш­ке жұмыстан қай­тар­да олар көлең­ке­де кар­та ойнап оты­ра­ды. Ұты­сқа жылқы тігіл­ген­дей әжің-гүжің айқай­ла­ры ана­дай­ға естіліп жата­ды. Қаста­ры­нан өткен жұрт ата­ларға ала­рып қараған­мен, ештеңе демей­ді. Айта алмаған­ды­қтан емес, сақа­лы жоқ болға­ны­мен, жыл­дар ізі қалған жүз­дері мен ақ баста­рын іштей сый­лаған­ды­қтан… Өз пай­ым­да­уым­ша, бұл кісілер – кеше­гі сов­хоз деректірі, парт­ком, бас­бух болған кез­дері­нен әлі қия­лын­да кете алмай, бірі­нен-бірі асып түскісі келіп, гүжіл­де­сетін аталар.

 

Осын­дай ата­лар­дың тағы бір тобы – той-топыр, садақа-жиын­ның «құр­мет­ті қонақта­ры». «Пәлен­ше­ге неге бас, маған неге жам­бас?» деген «біт­пей­тін дауды» бастап жіберіп, жет­піс жетін­ші баба­сы­нан бастап, билері мен батыр­ла­рын түген­деп, қар­сы­ла­сын «қаңқ» еткіз­бей тоқта­май­тын қызыл­көз аталар.

«Біздің кезі­міз­де…» деп бастап, жас кезін­де өте сал­мақты, елге ардақты, еңбекқор, тәр­тіп­ті болған­да­рын қиял-ғажай­ып ерте­гісін­дей май­ын тамы­зып айтып… «ерте­ден шап­са, кеш­ке озған, ылди­дан шап­са, төс­ке озған», ешкім­ге дес те, сөз де бер­мей­тін сөз­шең аталар.

Жаңа­ның бәрін жаудай көретін, «өй, кәзір­гілер­ді қой, адам азды ма, заман азды ма?» деп көз­дерін сығы­рай­тып сынай қарай­тын аталар.

«Немене менің еңбе­гім сің­беп пе еді, ана пәлен­ше жыл­дық той­ға неге шақыр­ма­ды­ң­дар?! Бір ат мін­гі­зетін орын­да­рың еді ғой» деп, баяғы еңбе­гін бұл­дай­тын аталар.

Көше­де жөні­мен кетіп бара жатқан қара­до­ма­лақты тоқта­тып, «кім­нің бала­сысың, руың кім?» деп сұрап алып, «өй, әлгі мен деректір болған­да, май-май трак­то­рист болған пәлен­шенің неме­ресісің бе, өй, әкеңнің аузын…» деп құп-құт­тай бала­дан табан астын­да «дұшпан» жасап ала­тын аталар…

Әлхисса, клас­си­фи­ка­ци­я­мы­зды осы жер­ден үзе тұрай­ық та, негіз­гі тақы­ры­бы­мы­зға көшей­ік. Бай­қа­ды­ңы­здар ма, әңгі­ме басталға­лы «шал» деп те, «ақсақал» деп те ата­ма­дық, оған себеп те жоқ емес…

Соңғы кез­де үлкен кісілер­дің (шал екенін, ақсақал екенін әңгі­ме­міздің соңы­на қарай оқыр­ман өзі танып алар) тағы бір ерекше тобы, ыңғай­сыздау тобы пай­да бол­ды. Және жас ұлғай­ған сай­ын, дана болу­дың орны­на шала болып бара жатқан топ.

Әкім­мен кез­де­су­ге, есеп беру жина­лы­ста­ры­на бұл топ ерекше дай­ын­да­ла­ды. Көретін сый-сыя­па­тын көріп, қаңы­л­тыр-сал­дыр­мақты кеудесіне тағып, қаза­қ­ша айтқан­да, «аса­рын асап, жаса­рын жасаған» кісі­ден елдің есті сөз күтері анық. Бірақ қыңқыл­дап, қыры­лы­сып жүріп сөз ала­тын ата­мыз: «Айна­лай­ын, Пәлен­ше Түген­шее­бич, сіз кел­гелі «өлгені­міз тіріліп, өшкені­міз жан­ды». Ана сіздің алды­ңы­зда болған Бір­деңе Сір­деңее­бич елді құр­тып кетіп еді, оның кезін­де су тар­ты­лып, аспан­нан бұр­шақ жауып, масқа­ра болып едік, сіз келіп көзі­міз ашыл­ды. Ал мен сіз­ге бата берей­ін…» деп, жар­ты сағат сар­най­ды. Ұялған­дар көзі­мен алдын­дағы крес­ло­ның арқа­сын шұқи­ды, ұял­маған­дар ду қол шапа­лақтай­ды. Ата­мы­зға жасыл шам жанып, бата бер­ген «бала­сы­на» барғы­штап жүріп, шару­а­ла­рын тын­ды­ра­ды. Елдің сөзін айтып, естінің пәтуа­сын жаса­уға тиіс үлкен кісі үле-е-ен биік­тен төмен­ге топ ете түседі. Алай­да оны оғаш­сы­нып жатқан ата жоқ, мен әкім­нің өзі­мен «вәс-вәс­пін» деген­ді көзі­мен таны­тып, қоқи­ла­нып жүреді. Бұл үлкен қала­лар­дағы, облыс орта­лы­қта­рын­дағы жағдай.

Енді осын­дай аху­ал аудан, ауыл­дар­да да қалып­та­са баста­ды. Шағын ғана ауыл­дың тыныс-тір­лі­гі әркім­ге өзінің бес сау­сағын­дай аян. Ано-оу үйде­гі ата­ның баяғы­да арақ ішіп, біре­удің басын жарып қой­ып, сот­та­лып кел­гені, мына бір үйде­гі ата­ның дүкен­де рас­страт болға­ны, әне бір ата­ның жұмыс істей алмай, шығып қалға­ны… ауыл­дың көз алдын­да. Алай­да ата­лар олай ойла­май­ды. Енді олар – ақы­л­гөй, дана. Өз ойла­рын­ша. Елдің, жұрт­тың жай­ын ойлап, баста­ры ауы­рып, бал­ты­ры сыздап жүр­ген­дей… Енді бір тобы­на іс басын­да оты­рған аза­мат­тар­дың ара­сы­на іріт­кі салу – басты көзір­леріне айналған.

Әкім­ге жағы­ну, әкім­ді жаға­лау дей­тін ауру белең алға­ны былай тұр­сын, өздеріне үш қай­на­са сор­па­сы қосыл­май­тын мәсе­лені әкім­нің кез­де­суін­де көте­ру, сол арқы­лы ауы­лға, елге жаны ашы­ған болып көрі­ну дағ­ды­лы дерт­ке айна­лып бара­ды. Қазір көп­шілік бас қосқан жиын­да, мей­лі ол әкім­нің есебі бол­сын, мей­лі ол алы­стан кел­ген лау­а­зым­ды адам­мен кез­де­су бол­сын, бір үлкен кісі тұрып: «Мына біздің бір­деңе деген меке­ме­де тәр­тіп жоқ, қыз­мет­кер­лерінің ала­тын ақша­сы аз, басты­ғы күн көр­сет­пей­ді» деген сыңай­да әңгі­ме айт­са… әрине, сырт­тан кел­ген адам түк түсін­бей: «Не деген елге жаны ашы­ғыш адам?!» деп, таң­дай қағуы мүм­кін. Дана халқы­мыз «Өсетін елдің қар­ты – қазы­на, өспей­тін елдің қар­ты – қазы­мыр» деп бекер айт­па­са керек. Қазы­мыр болып бара жатқан жоқ­пыз ба?

Өзім өскен елде кеше­гі сек­сенін­ші жыл­дарға дей­ін бей­са­уыт сот­талған адам болған жоқ: ауыл ақсақал­да­ры елдің «телісі мен тен­те­гін» өздері тез­ге сала­тын. Тіп­ті кей­бір күй­е­уі­нен зәбір көр­ген жең­ге­лері­міз де ақсақал­дарға шағым айт­са, аға­мыз әп-сәт­те «смир­ный» боп шыға келетін. Отба­сын­дағы әңгі­ме әңгір-гүң­гір бола­тын шығар, бірақ сыр­тқа шық­пай­тын, елге жайылмайтын.

…Кей­де сона-ау алыс қалған ауыл­дағы – Ырғы­здың Нұра­сын­дағы – көк­тем­де қол­да­ры­на мыл­тық алып, ел-жұрт­тың малын күзеті­сетін, ауыл­ды «су бас­па­сын» деп, таң атқан­ша арық-жыра­ны таза­ла­у­ға қаты­сып жүретін, сов­хоз­дың дирек­то­ры­мен тере­зесі тең адам­дай сөй­лесіп, елдің бар­лық мәсе­лесіне ат салы­са­тын, сол кездің өзін­де тасат­тық беріп, науры­зды той­лай­тын Тұр­маған­бет, Дости, Есен, Дөсекқа­ра (есі­мі басқа­ша болуы мүм­кін) дей­тін ақсақал­дар түсі­ме кіреді. Сағы­на­тын шығармын…

Қазы­на қарт­тар­ды жік­ке бөліп, жілік­те­ген Бау­кең, Бауы­р­жан Момы­шұлы­нан артық айта алмас­пыз, тек сол аны­қта­ма­ны үлкен кісілері­міз жиі оқып, жадын­да ұста­са ғой…

…Сіз кім­сіз, ата? Шал­сыз ба, ақсақал­сыз ба?

 

Шара ЕЛЕУСІЗ,

Ақтө­бе қаласы

 

 

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн