Воскресенье , 20 апреля 2025

Шара қолдануды СҰРАЙМЫН  

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №37 (308) от 29 октября 2015 г.

 

Президентке хат

 

Аса қадірменді Нұрсұлтан Әбішұлы!

Алдымызда бағытымыз айқын, жолымыз ашық. Біздің міндетіміз отанымызға адал еңбек етіп, мақсатымызға жету. Дегенімен де, ащы болса да, шындық қоғамда орын алып, тиісті деңгейде шешімін таппай отырған кейбір келеңсіздіктерді айтпасқа болмас. Сондай келеңсіз жағдайлардың бірі «Қазақ Онкология және радиология ғылыми зерттеу институты» РМК ұжымында қалыптасып отырған ахуалдың түпкілікті оң шешімі өз тарапыңыздан болады деген үмітпен жазып отырмын. Аталған институттың директоры м.ғ.д. Қуаныш Нұрғазиев, орынбасары м.ғ.к. Гүлжайнат Тілеген тарапынан туындаған заңсыздықтарға шағымданып, жоғары жаққа, атап айтқанда, «Нұр Отан» партиясына, Қазақстан Денсаулық сақтау және әлеуметтік бағдарламалар министрлігіне, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасына жазған хаттарымызға берілген жауапқа көңіліміз толмағандықтан, соңғы үмітіміз – өзіңізде. Әділдікті өзіңізден күтеміз.

Институт директоры және оның орынбасарының қабылдауларында жұмыс барысында бірнеше рет болдым, мәселені соңына дейін тыңдап, қолдау көрсетпек тұрмақ, қызметтік әдепке сай, кезекші көңіл жуатар жауап та қайтарылмайды: әр кез дөрекі жауап, менсінбеушілік. Бұл жағдай тек маған қатысты ғана емес, басқа да дәрігерлердің наразылығын туғызды. Сондықтан да жоғары жаққа алты адам қол қойған хат жолданды. Бүгінгі таңда олардың кейбіреуі мәжбүрлі түрде жұмыстан шығарылды да.

Бас прокуратурадан келген тексеру барысында қаржылық бұзушылықтар, заң талаптарын сақтамау, еңбек заңдылықтарының сақталмауы, науқастарды бопсалау, т.б., әрекеттері анықталып, анықтама толтырылғанымен, Институт басшылығы оны елең де қылмады. Біздің топшылауымызша, жоғарыдан қолдаушысы бар, жалпақ ел ішіндегі тілде айтқанда – «крышасы» мықты. Олай дейтініміз, біз атап көрсеткен кемшіліктер толығымен бұлтартпас айғақпен дәлелдегеннің өзіңде министрліктен келген тексеру комиссиясының өкілі бір сағат Институт басшылығын жақтап сөйлеп, ешкімге сөз берместен жиналысты аяқтады.

Мемлекеттік орган тарапынан қанағаттанарлық жауап болмағандықтан, мақала дайындап, БАҚ-та жария еттік. Халық та жемқорлыққа қарсы күрес бағдарламасының іске асырылуымен таныс болсын, көкейіміздегі ой түйіткілімен жұртшылықпен бөлісейік деген оймен.

Өз елімнің ерікті азаматы ретінде әрі халқымыздың «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген сөзін демеу ете отырып, назарыңызға датымды жеткізгім келеді. Институт директоры Қуаныш Нұрғазиев, орынбасары Гүлжайнат Тілегенге үлкен ұжымды басқаруға сенім артылады. Институтта жеті жүзге жуық қызметкер бар, еліміздегі үлкен ғылыми орталықтардың бірден-бірі бола тұра, мемлекетіміздің рәміздер күні аталмайды, атап өтуге жасалған ұсынысқа мән де берген жоқ. Мемлекеттік тіл ахуалы Институт басшылығын еш алаңдатқан емес, бұл жөнінде баспасөз бетіне жарияланды, алайда Институт басшысы ретінде Қ.Ш. Нұрғазиев қандай да бір шешім қабылдауға ниет білдірмеді. Тіл мәселесі жөнінде ұсыныс айтып қабылдауында болғанымда, «тыныш жүр, қайда барсаң, сонда бара бер» деп кабинетінен шығуымды өтінді.

Аса құрметті Елбасы! Сіздің назарыңызға аталған мәселелерге қатысты барлық материалдарды салып, арнайы хат жолдасам да, ол хатты тексеру мәселесі айналып келіп, жергілікті басшылыққа жөнелтіледі. Бірақ ол органдар орын алған келеңсіздіктерді анықтаса да, одан қорытынды жасалмайды.

Мен өз басым үшін ешнәрсе сұрамаймын, Аллаға шүкір, өзіме жүктелген жұмысымды атқарып, нанымды тауып, бала-шағаны жеткіздім. Қоғамдық жұмыстарға, сайлау науқанына, өзге де шараларға белсенді қатысып жүріп, еңбегім еленіп, «Нұр Отан» партиясы, әкімшілік тарапынан әр деңгейдегі марапаттарға ие болдым.

 

Өзіңізге деген ықыласпен,

Берік Әдиұлы

 

 

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн