«Общественная позиция»
(проект «DAT» №39 (356) от 27 октября 2016 г.
К 25-летию независимости
Осы дүйсенбіде баспадан жаңа кітап шықты: ауторы – белгілі мемлекет қайраткері Серікболсын Әбділдин. Кітаптың тақырыбы – Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығы.
Біз байғазы ретінде сол кітаптан қос бірдей үзінді жариялай отырып, газеттің алдыңғы сандарында бұл жинақтың жекелеген бөліктерін оқырмандарға таныстыруды жалғастыратын боламыз.
Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында айтулы датаға арнап, кітап шығаруды ойластырған едік. Ол кітапқа 18 жылдық тарихы бар «ДАТ» газеттер жобасында жарияланған ең таңдаулы мақалаларды іріктеп алмақ ойда болғанбыз.
Содан, 18 жыл бойғы айнымаған серігім, қайсар қарындасым Бақытгүл (Мәкімбай) екеуіміз 18 жыл көлемінде шыққан «ДАТ», «СолДАТ», «Жұма-таймс», «Айна-плюс», «Тасжарған» және «Общественная позиция» басылымдарының том-том тігіндісін ақтардық (Аталған газеттердің «Общественная позиция» басылымынан басқасы соттың солақай шешімдерімен жабылып қалған кезде, ара-тұра шыққан «Бота», «Апта-неделя», «ДАТ-Иртыш», «ДАТ-Колесо», т.б. аз нөмірі басылымдар болған – оларды есепке алмадық).
Газеттер тігіндісін ақтару барысында мәні мен мазмұнын күні бүгінге дейін жоймаған, бір емес, бірнеше кітапқа азық боларлық жарияланымдар жиналды. Оның бәрін бір кітапқа сыйдыру мүмкін емес еді. Іріктелген мақалалар мен сұхбаттарды түрлі тақырыпқа, уақыт кезеңдеріне және авторларға бөлген кезде, бір ғана Серікболсын аға Әбділдин жазған дүниелердің өзі екі-үш кітапқа жүк боларлығына көз жетті. Ақыры Бақытгүл екеуіміз ақылдаса отырып, Серікболсын ағаның жазбаларын жеке мақалалар жинағы етуді шештік.
Біз осындай ойымызды Секеңе айтқанымызда, қазақ еліне етене танымал ағамыз біздің бұл бастамамызға қуана келісімін берген еді. Ол аз десеңіз, өзінің де осындай ойы барын, ел тәуелсіздігіне орайластырып бір кітап шығаруды жоспарлап жүргенін айтты. Айтып қана қоймай, өзінің де жинастырып жүрген жазбаларын ұсынып, осы кітапты құрастыруды Бақытгүл екеуімізге тапсырған еді.
Айтпақшы, бұған дейін ағамыздың тәуелсіздіктің 20 жылдығына арнап жазған кітабын газеттің тарату желісі арқылы бүкіл республика көлемінде саудалауға жәрдем еткен тәжірибеміз бар болатын. Серікболсын аға біздің сол тәжірибемізді құп көріп, қолға алған бастамамызға бата бергені де содан болса керек.
Содан біз Сер-ағаңның тікелей араласуымен бұрын-соңды жарық көрмеген мақалаларын бөлек іріктеп, газет бетінде шыққан саяси-экономикалық мазмұндағы жарияланымдарын бөлек топтап, оқырманның қолына тиген осы кітапты ала жаздай дайындаған едік. Секеңнің мақалалары арқылы 25 жылғы тәуелсіздіктің тынысын жеткізе алдық па – ол жағы оқырман берер-бермес баға болады деп топшылаймын.
Ал Серікболсын Әбділдинді жалпақ қазаққа таныстыру қажет пе? Әрине, бұл ағайын-елге артық шаруа әрі әлдекімдерге күлкілі жағдай болар еді. Оның үстіне бұл кітапты бастан-аяқ оқып шыққан адам Сер-ағамыздың сарсаңы мол саясаттағы өмір жолымен толық танысып шығары айдан анық.
Ал тәуелсіздіктің ширек ғасырлық датасына арнап сөз айтуға Секеңнен артық адам таппасымыз және аян. 1991 жылдың 16 желтоқсан күнінде жарияланған ұлы атау – «Тәуелсіздік» деген киелі құдіретке Серікболсын Әбділдин жетекшілік еткен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің тікелей қатысы бар. Секең сол парламенттің – шын мәніндегі тәуелсіз депутаттар корпусының төрағасы болды. Бәлкім, әлдекімге таптауырын көрінсе де, бұл кітаптың атауын «Тұңғыш төраға» деп қоюымыздың мәні де содан.
Менің жеке журналистік пайымыма салсақ, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен өзінің азаматтық ұстанымынан ешқашан қайтпаған қайраткер, қазақ қоғамының үлкен саясаткері Серікболсын Әбділдиннің арасындағы саяси көзқарастар қайшылығы дәл осы – «Тәуелсіздік» деген киелі атауға қатысты екі түрлі түсініктен басталса керек. Кейінгі жаңа тарих көрсеткендей, Нұрсұлтан Назарбаев – ел тәуелсіздігін өзінің жеке саяси мүддесі жолында емін-еркін пайдаланып кетті. Оған көп дәлел іздеудің аса қажеті жоқ: түрлі заңды-заңсыз айла-шарғымен ширек ғасырда мемлекетті жеке дара билеуі – бұған бұлтартпас айғақ болады деп білем.
Ал Серікболсын Әбділдин – сол тәуелсіздіктің мұраты қазақ қоғамына қызмет етуіне барша азаматтық күш-қуатын ғана емес, соңғы ширек ғасырлық өмірін де, асыл денсаулығын да сарп етті. Бұл арпалыстың ақыры Сер-ағаң басқарған Қазақстан Коммунистік партиясын – алдымен екіге жарып, соңынан жаңа хатшы сайланған кезде жауып тынғаны – кейінгі елдің көз алдында өткен жағдай. Елдегі ең ірі екі саясаткердің мақсат-мұраттарындағы осы айырмашылықты аңғару қиын болмаса керек. Оның мән-жайын осы кітаптың мазмұны шүбәсіз шешіп береріне кәмілмін.
Қалай болғанда да, оқырманның қолына тиген бұл кітапқа жинақталған дүниелер менің түсіндірмем мен уақыт алар уәжімді қажет етпейді деп ойлаймын. Біз құрастырып, жеке жинақ етіп шығарсақ та, авторы айқын кітаптың иесі – Серікболсын ағаға мықты денсаулық тілеймін! Бәрімізге жаңарған Қазақстанның жарқын күндерін бірге көруге жазсын!
Ермұрат БАПИ