ШЫМКЕНТКЕ ҚАРА ШІРКЕЙ НЕГЕ ҚАПТАДЫ?

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №23 (387) от 15 июня 2017 г.

 

Дабыл!


 

Соңғы 3-4 жылда Сырдария мен Арыс бойының тұрғындары бұрын-соңды болмаған жағдай – осы өңірлерде қара шіркейлердің шамадан тыс көбейгендігін айтып келеді. Алғашында бұл жәндіктерден үй жануарлары зардап шексе, енді қазір адамдар, әсіресе жас сәбилер қаптаған шіркейлердің шабуылына ұшырап, дене мүшелерін түрлі жаралар басып кеткен. Отырар ауданының алқабында алғаш рет пайда болған бұл шіркейлердің қара бұлты қазір Арыс, Шардара, Жетісай, Сарыағаш аудандарынан асып, Ордабасы мен Шымкент қаласының шет аймақтарына дейін жетіпті. Алайда тұрғындардың бұл жан айқайына билік басындағылар ешбір айла да, іс-шара да таба алмай келеді…

 

Біреулер бұған Көксарай су қоймасын кіналаса, кейбіреулер бұны үкіметтің Ресей мен Қырғызстан арасындағы шекарадан кедендік бақылауды, карантин мен фитосанитарияны алып тастаған соң, ешбір кедергісіз, бақылаусыз өтіп жатқан жемістер мен көкөністердің, сан түрлі тауарлардың сыртын қаптаған ыдыстар мен түрлі қаптарға жабысып бірге келіп жатқан жатжұрттық зиянкес жәндіктердің тұқымдарынан көбейген дейді…

Негізі, көктемгі тасыған суды Өзбекстан жеріндегі Айдаркөлге жібермей, оны Көксарай су реттегішіне жинап, шілде айына дейін толығымен Сырдарияға қайта бұруға тиісті су қоймасының табанында сарқынды сулар көптеп қалып, маса мен шіркейдің көбеюіне әкеліп отыр дейтін мамандар да жеткілікті. Әрине, заңы белден басылатын, тәртібі бетімен жіберілген қоғамда құрылысшыларды айыптауға да толық негіз бар!.. Бірақ қоғамды дамытудың орнына, кері қарай сүйреп бара жатқан жемқорлықтың ажырамас бөлігі «тендер» деген «тажалға» тосқауыл қоймай, экономикалық өмірдің бар саласына білікті басшылық жасап, тегеуірінді тәртіп орнатпай, дамыған 30 елдің қатарына кіреміз дегендердің барлық ұрандары мен айқайының ешқашан да жүзеге аспайтынына қазір көзіміз толығымен жетіп отыр! Қайта бұл әбден қалыптасып үлгерген жемқорлық жүйе мемлекетімізді құрдымға тартып барады. Ендігі жерде мұны ескермеу мемлекетті толығымен тоқыраулы тығырыққа әкелмек?!.

 

Жалпы, Сыр бойындағы шыбын-шіркейлердің көбейіп кетуінің басты себебі табиғи тепе-теңдіктің бұзылуынан болып отыр. Осы шыбын-шіркейлермен қоректенетін бақаларды байлық пен ақшаға құныққан ашкөздер мың-мыңдап, тонналап аулап, Қытай мен Францияға асырып жіберіп, осылайша бұл бишаралардың тұқымдарына бұл өңірде тұз құйылды. Осы шіркейлердің суда өсіп көбейетін личинкаларымен қоректенетін балықтардың шабақтары да бақаның күнін кешуге таяп қалды. Өзен-көлдерде балықтар тым азайып кеткен. Оның да басты себебі – көктем айларында қаптап, Сырдария бойында түрлі техникалармен жарақтанған екі аяқты жыртқыш «браконьер» деген табиғат пен адамзаттың қас жауларының электр тогымен, қытайдың мың жылға дейін шірімейтін торларымен есепсіз аулауларының кесірінен жойылуда.

Электр тогының әсерінен шабақтар мүлдем қырылып қалса, үлкендері уылдырық шашпайтын бедеулікке ұшырайды. Осындай үрдістер жалғаса берсе, мынандай немқұрайдылық пен жауапсыздықтардың арқасында өзен-көлдеріміз балықсыз, киелі Ұлы Даламыз аң мен құссыз қалатын түрі бар! Сонда бұл Құдайдан да, заңнан да қорықпаған жүйе келешек ұрпаққа не қалдырмақ?!.

Өткен 2016 жылы ОҚО балық инспекциясы көктемде балықтар уылдырық шашар кезде Сырдарияның жағасын қоруға «TIME» күзет мекемелер тобымен 2 айға шартқа отырады. Күзет мекемесінің қызметкерлері алғашқы түндері жүздеген браконьерлерді ұстаған cәттерін жергілікті телевидениеде көрсеткеннен соң, балық инспекциясы «жоғары жақтан» бұйрық алып, бұл күзет тобымен бір аптаға жетпей-ақ жасалған шартын бұзуға мәжбүр болған.

Міне, осындай қылмысты браконьерлі топтардың жергілікті үкімет органдарымен біте қайнасып кеткен мафиялық түйінін шешуді Астанадан арнайы тексеруші бригадалар келіп, ретке келтірмесе, жергілікті органдардан қайран жоқтығына көзіміз жетіп отыр…

Оның үстіне қырғыз бен өзбек жерінде орналасқан химиялық, металлургиялық өндіріс орындарының шайынды суларымен және де олардың агроөндірістерінің гербицидті улармен бүлінген тастанды былғаныш суларының Сырдария өзеніне жауапсыздықпен көптеп тасталынуына байланысты бұл елді мыңдаған жылдар бойы асырап келген өзен суы қазір мал суаруға да жарамайтын болған. Мұндай ластанған суларда балықтардың толыққанды өсіп, көбеймейтіндігі де белгілі…

Мемлекеттік мекемелер бұған кешенді түрде іс-шаралар түзіп, көлбақалар мен балықтарды қайта көбейтуге, оларды аулауға 7 жылға үкімет тарапынан мораторий жариялап, белсенді түрде әрекет жасауы керек. Қазақстан тарапынан СІМ арқылы Қырғызстан мен Өзбекстанға арнайы нота жолданып, қатаң түрде шарт қойылуы қажет! Бұдан ешбір нәтиже шықпаса, олардың біздің жеріміз арқылы өтетін байланыс коммуникацияларын 2 сағатқа ажыратып тастасаң, бар мәселені шешуге болады. Мұның басқа да жолдары толып жатыр…

Алшіркейлерге қарсы химиялық уларды қолдану басқа да табиғатқа аса қажетті, пайдалы (аралардың түрлері, құмырсқалар мен түрлі инеліктер, т.с.с.) жәндіктер мен табиғат қамқоршылары құстардың жойылуына әкеледі. Оның соңы одан да зор күтпеген апатты мәселелерді туындатуы мүмкін. Осыдан сақ болу керек!

Австралия құрлығының қасіретті тәжірибесінен үйренетін уақыт жетті. Советтік шала сауатты комиссарлар мен жексұрын жыртқыш капиталистер айтқандай, табиғатты ешқашан бағындыра алмайсың! Табиғатпен біздің Ұлы бабаларымыз сияқты үйлесімді түрде ғана өмір сүре білу керек, биліктегі мырзалар! Бұрыңғы өткен небір өркениеттер дәуірлеріндегі ақырзамандар осындай түрлі үйлесімсіздіктерден бастау алған!..

 

Ілесбек БАЙЖАНОВ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Шымкент шаһары

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн