Воскресенье , 20 апреля 2025

Шындықты ӨТІРІК жеңе алмайды

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №38 (309) от 05 ноября 2015 г.

 

 «Жаптың – жала, жақтың – күйе»

 

Өткен сейсенбі күні Алматы қаласындағы Алмалы ауданының №2 сотында Ж.Зекейұлының (суретте) ар-намыс, беделін қорғау, моральдық шығынды өтеу туралы талап-арызына қатысты отырыс жалғасты. Ескерте кетейік, бұл сот Тибет медицинасы орталығының жетекшісі Жасан Зекейұлының шағымы бойынша өтіп жатыр. Шағымданушы «Жас Алаш» газетінің шығуын алты айға тоқтатып, басылым мен тағы үш адамға жиыны 400 миллион теңге өтем төлетуді сұрайды («Жас Алаш» газетінен – 100 миллион теңге және өзінің бұрынғы әйелі, бұрынғы қайын атасы және «Жас Алаштың» бір оқырманынан 300 миллион теңгені теңдей өндіріп беруді талап еткен. Сонымен бірге Жасан Зекейұлы өзінен газеттің жазбаша түрде кешірім сұрауын да талап етіп отыр.

Өткен сот отырысы барысында шағымнан қорғанушы жақ төрағалық етуші А.Бейсеуоваға талапшының шағымына қарсылық білдірді. Төменде сол қарсылықтың ықшамдалған нұсқасын жариялап отырмыз.

 

Сіздің өндірісіңізде қаралып жатқан азаматтық іс бойынша Жасан Зекейұлының талап арызымен біз толығымен келіспейміз, бізге қарсы берілген талап арыз негізсіз, заңсыз. Төмендегі көрсетілген мән жайларға байланысты ол қараусыз, қанағаттандырусыз қалдыруға жатады.

Біріншіден, заң талаптарына сәйкес, «ар-намысыма нұқсан келтірді» деген талапкер сотқа арызданбас бұрын, ең алдымен мақалаға байланысты баспасөз бетінде терістеме беруді сұрауы, талап етуі тиіс. Ж.Зекейұлы сол құқығын пайдаланды. Редакцияға хат жазды. «Жаптым жала, жақтым күйе» деген тақырыптағы мақаласы толық көлемінде, еш өзгеріссіз «Жас Алаш» газетінің 46-нөмірінде жарық көрді. ҚР Азаматтық кодексі 143-бабының 4-тармағында «Бұқаралық ақпарат құралдарында теріске шығаруды не жауапты жариялау туралы азаматтың немесе заңды тұлғаның талабы, егер бұқаралық ақпарат органы мұндай жарияланымнан бас тартса, не бір айдың ішінде жарияланым жасамаса, сондай-ақ ол таратылған ретте сотта қаралады» деп көрсетілген. Газет жауапты жариялаудан бас тартпады және бір айдан асырған жоқ. Редакция тарапынан заң талаптары мүлтіксіз орындалды. Ал талапкер заңда белгіленген дауды алдын ала сотқа дейін шешудің міндетті тәртібін сақтамады. Яғни, терістеме тұрғысындағы хатының газетте жарияланғанына қарамастан талап-арыз жазды. Мұндай жағдайда сот ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексінің 249-бабының 1-тармағы негізінде арызды қараусыз қалдыруы тиіс. Яғни, істі сотта қарауға негіз жоқ.

Екіншіден, талапкердің арызында газетке, болмаса авторға, немесе мақала ішіндегі әлдебір сөз, сөйлем, дерекке байланысты нақтылы айып тағылмаған, жалпылама жазылған. Бұрмаланған, шындыққа жанаспайтын, ар-ожданға, абыройға нұқсан келтірерлік деректері, жала жабушылық мысалдары келтірілмеген. Жауапкердің бірі санатындағы Г. Әлиханқызы «Академик» неге отбасымен соттасып жүр» деген мақаладағы жайттарға қатысты деректерді өткен сот отырысында жіктеп-жіліктеп, дәлелдеп айтып берді. Айғақ ретінде мемлекеттік орындардан алынған құжаттарды, анықтамаларды, соттардың шешімдерін, қаулыларын көрсетті. Газет тілшісі мақаланы сол құжаттарды негізге алып жазды.

Үшіншіден, талап-арыз иесі өзі туралы өте жоғары пікірдегі адам. Арызының әлқиссасын өзін дәріптеуден бастауына қарап-ақ оны бірден аңғарасыз. Арасында нүктесі жоқ ұзақ сонар сөйлемдерін сол қалпында келтірейік: «…Үлкен лауазымды «Елін сүйген – Елі сүйген», белгілі дәрігер, білікті ғалым «Алтын қолды дәрігер» атанған медицина ғылымдарының докторы, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Вена халықаралық университетінің құрметті профессоры, Халықаралық ғылым академиясы, халықаралық Ресей шығармашылық академиясының академигі, Халықаралық «Сократ» орденінің иегері… барлық жақсы атақ бір басынан табылатын азамат Жасан Зекейұлы – медицина ғылымынан екі патенттің иегері, 50-ден астам ғылыми еңбектің авторы, «Нұр Отан» партиясының мүшесі, елбасының қолынан алғыс хат алған парасатты азаматтың… ызалануына, түңілуіне, ашуға, ұятқа, қажуға және бүткіл Қазақстан халқының алдында жайсыздыққа әкеліп соғуы, эмоциялық-өзіндік жан күйзелісіне түсуі себеп болып отыр».

40 жылдық журналистік тәжірибемде дәл осындай атағынан ат тұрмақ түйе үркетін адамның соншалықты сауатсыз, түсініксіз, жүйесіз жазуын бірінші рет көріп отырмын… Атаққұмарлық, мақтангөйлік – ол да дерт. Оған шалдыққан адамдар үнемі мадақ естігісі келеді де тұрады, қолпаштауға дандайсыған соң, сын пікірлерді қабылдай алмайтын халге жетеді. Қарсы сөйлегендерді жау санайтын ызаланғыш, күйзелгіш, ашуланғыш, түңілгіш мінезге бой алдырады. Жүйкені тоздырған газеттің мақаласы ма, әлде бақытты өмір сүрген отбасының ойранын шығарған, дүние-мүлікті бөлісуге қимаған өзінің сәтсіз әрекеттері ме? Міне, мұны анықтауымыз қажет. Біз, әрине, Жасан Зекейұлына зор денсаулық тілейміз.

Төртіншіден, талапкердің арызына қарағанда, ол тек қана пайда табуды көздеген сияқты. Төрт адамның әрқайсысынан 100 миллион теңгеден ақша өндіруді сұрайды. Жарты миллиардқа жуық ақша! Сонда сот осындай пайдакүнемдердің ығына жығылып, осындай арыз-шағымдарды қарайтын болса, сосын ондайлардың айтқан талап-тілегін қанағаттандырып, соншама ақша өндіріп берсе, онда сот заң мәселесін қараушы емес, пайдакүнемдермен ауыз жаласқан делдалға айналмай ма?! Әділеттілік, заң қайда қалады? Сондықтан қомақты ақша көрсетіп, арыз жазды екен деп, процесс жүргізу – заңға да, ақылға да сыймайды. Ондайлардың жетегінде кету жарға жығады.

Жауапкерлердің жалпы санын көбейтудегі мақсатын пайдакүнемдіктен тумаған деп айту қиын. Ж.Зекейұлы өзінің қайын атасы Әлихан ақсақалды және «Жас Алаштың» оқырманы Мұқанұлы Қабенді жауапкерлер қатарына қосыпты. Не үшін екені белгісіз. Талап-арыздың бас жағында ғана олардың аты-жөндері тіркелген, одан әріде бұл кісілер туралы сөз жоқ. Бұл «жауапкерлердің» аталмыш мақалада сөзі де, көлеңкесі де көрінбейді. Талапкердің «ар-намысының тапталуына» тіпті де қатыстары жоқ. Мұндай арызды сот қалай қабылдады, неліктен оларды сот отырысына шақырды? Мұндай қисынсыз талап-арыз сотта қаралмай, кері қайтарылсын деген талап қоямыз.

Моральдық залал ретінде талапкер 100 000 000 теңгеден әр жауапкерден барлығы 400 000 000 теңге өндіруді сұрап отыр. Осы мөлшердегі залалды қалай, қандай дәлелдерге сүйеніп сұрағаны талап-арызда анық көрсетілмеген.

Бесіншіден, Ж. Зекейұлының соттан сұраған жауапкерлерге қатысты 4 талабы да заңсыз. 1-талабы – «Академик» отбасымен соттасып жүр» деген мақаланы заңсыз деп тану». Қабылданған қаулыларды, шешімдерді, келісім- шарттарды, мәмілелерді, т.б. сот заңсыз деп тану туралы ұйғарым шығара алады. Ал мақала «заңды» немесе «заңсыз» деп танылмайды, өйткені оның ешқандай заңдық күші болмайды. 2-талабы – сөзбе-сөз келтіреміз: «Жазбаша кешірім сұрауға мәжбүрлеуге, тексерілмеген, жала жабу фактісіне негізделген, айғақталмаған айыптауға құрған мақаланы жарияланғаны үшін, «Жас Алаш» газетінің шығарылымын 6 (алты) айға дейін тоқтата тұруды; нақты іс-әрекетімен келешекте осындай келеңсіз жағдай тудырмауға ескерту жасау үшін жеке қаулы шығаруға, қаулының көшірмесін жоғарғы сатыдағы басылымдарды бақылау комитетіне жіберуге».

Бұл тәуелсіз басылымды шығаруды жарты жылға тоқтаттыруды сұрау арқылы «Жас Алашта» әшкереленіп жататын билік басындағылардан одақтас тапсам, сот менің пайдама шешім шығарады деген дәмегөйлік болар. Немесе бұл «Жас Алашты» шығартпай тастауды көздеген биліктегілердің тапсырмасы бойынша қосылған ұсыныс па екен? Қалайда ол заң аясынан тыс, саяси мәселе екендігі даусыз. Ал соттың саясатқа араласуға құқы жоқ.

40 мыңнан астам оқырманды 94 жыл бойы шығып келе жатқан газетінен айыруға әрекет жасау – есі кеткеннің ісі. Бәрінен де ақиқатты қымбат санайтын, шындықты жариялаудан жасқанбайтын, шынайы халықшыл басылымды халықтың өзі қорғайды. Президентті, ауыса беретін үкімет басшылары мен мүшелерін, соттарды, биліктің басқа да тармақтарындағы шенділерді ағаттықтары үшін аяусыз, өткір сынайтын «Жас Алаш» газетін аяқтан шалғысы келетіндерге мынаны ескертеміз: бұл газет Сталин мен Голощекиннің диктаторлық заманында да жабылмаған!

3-талабы – «Аталған жауапкерлердің әрқайсысынан Жасан Зекейұлының пайдасына 100 000 000 теңге моральдық шығын өндіруге шешім шығаруды» сұрау да негізделмеген. Мұндай қисынсыз сұрауға қатысты пікірді жоғарыда баяндадық.

4-талабы – «…жазбаша түрде кешірім сұрау». Бұған ешбір себеп жоқ. Газет те, оның тілшісі де, талапкерден зәбір көрген оның отбасының мүшелері де Ж.Зекейұлының ар-намысына нұқсан келтірерлік әрекетке барған жоқ.

Талапкердің арызында «Жас Алаш» газеті және оның тілшісі Мәди С. жауапкер ретінде көрсетілсе де сотқа шақыртылмады, талап-арыз таныстыру үшін берілмеді. Біз соттың болатындығын Г. Әлиханқызынан естідік. Сонда сот процесіне газет өкілін, мақала авторын қатыстырмай, сырттан шешім шығаруды ойластырғансыздар ма? Неліктен былай болғандығын түсіндірулеріңізді сұраймыз.

Келтірілген дәлелдемелерді, заңнамалық негіздерді тұжырымдай келе және төмендегі заң талаптарын басшылыққа ала отырып, Ж.Зекейұлының талап-арызын қарамауды, қанағаттандырусыз қалдыруды сұраймыз:

*  Азаматтық және саяси құқықтар туралы Халықаралық пактінің 19 -бабына, ҚР Конституциясының 20-бабына, ҚР Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңының 20-бабына сәйкес – «Журналистің ақпаратты іздестіруді жүзеге асыруға, сұратуға, алуға, таратуға… құқығы бар».

*  ҚР Конституциясының 20-б.1т., БАҚ туралы заңның 2- б.1 т., 17 б.3т. сәйкес Сөз, шығармашылық бостандығына, өз көзқарастары мен сенімдерін таратуға кепілдік берілген.

*  ҚР АІЖК 249-бабында «Сот, егер талап қоюшы осы санаттағы істер үшін заңда белгіленген дауды алдын ала сотқа дейін шешудің міндетті тәртібін сақтамаса және осы тәртіпте қолданудың мүмкіндігі жоғалмаса, арызды қараусыз қалдыратыны» көрсетілген.

*  ҚР Азаматтық кодексінің 141- бабында «Қорғау туралы талап қойған адам өзінің мүліктік емес өзіндік құқығының бұзылуын нақты дәлелдеуге тиістігі» жазылған. Алайда талапкер Ж.Зекейұлы талап-арызында да және оған қосымшасында да өзінің құқығының газет бетінде қалай бұзылғаны туралы ештеңе жаза алмаған. Жалпылама айту, байбалам салу – істі қарауға негіз болмаса керек.

* Талапкер өз арызында мақаладағы бірде-бір деректі терістей алған жоқ. Шындықты өтірік жеңе алмайды.

Соттың жоғарыда көрсетілген себептерге байланысты Ж.Зекейұлының талап-арызын және талап-арызға қосымшасын қараусыз, қанағаттандырусыз қалдыратынына сенім артамыз.

Рысбек Сәрсенбай,

Меруерт Тұрлыбекова

 

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн