«Общественная позиция»
(проект «DAT» №18 (382) от 12 мая 2017 г.
Апта аптығы
Беу, дүние!
Алматыда Қазақ ССР-і кезінде басшы қызметтер атқарған Зақаш Камалиденовті соңғы сапарға шығарып салды. Ол мамырдың 7-і күні 80 жасқа қараған шағында Алматыда қайтыс болған.
Зақаш Камалиденовті жерлеу рәсімі мамырдың 10-ы күні Алматыдағы Офицерлер үйінің алдында өтті, деп хабарлады «Азаттық» тілшісі. Кезінде Қазақ ССР мемлекеттік қауіпсіздік комитетін, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі төралқасын басқарған Зақаш Камалиденовті ақтық сапарға шығарып салу шарасын «Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті ардагерлері» ұйымы өткізді. Жерлеу рәсіміне марқұммен бірге совет кезінде коммунистік партияның жоғары басшылығында қызмет еткен ардагерлер, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қатысты. (Президент көңіл айту хатын жолдағаны туралы ресми ақпарат болмады, Президент әкімшілігі мен үкіметтен марқұмды жерлеуге өкіл келмеді – Ред).
1991 жылдан кейін Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі төрағасы қызметін атқарған Серікболсын Әбділдин Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшылығынан Геннадий Колбин кетер тұста «Зақаш Камалиденовті Қазақстанның болашақ басшысы болуы мүмкін» деген болжамдар болғанын айтады. Серікболсын Әбділдин оны «шыншыл адам болды» деп сипаттайды.
Оның айтуынша, Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін биліктен кеткен Зақаш Камалиденов кейінгі саяси оқиғаларға баға беріп отырған, кей кездері көңілі толмайтынын айтқан. Бірақ пікірлерін жария еткісі келмеген. («ДАТ» газеттер жобасының атынан Желтоқсан көтерілісіне қатысты сұхбат беру, мақалалар сериясын ұйымдастыру ұсынылған еді. Бірақ КГБ-ның экс-төрағасы «әлі уақыты келген жоқ» деген уәжбен редакция ұсынысын қабыл алмады).
Зақаш Камалиденовпен бірге қызмет істегендердің бірі тарихшы Бейбіт Қойшыбаев марқұмды «партияның адал қызметкері» деп сипаттайды. Кей деректерде Алматыда 1986 жылғы желтоқсанда Қазақ ССР-ін басқаруға Геннадий Колбинді жіберген Мәскеудің шешіміне қарсылық білдіріп, алаңға шыққан қазақ жастарының шеруін күшпен басқан соң, кейін оларды қудалауға қатысқандардың арасында Зақаш Камалиденовтің де есімі аталады.
«Жоғары оқу орындарында қазақ студенттерінің саны көбейіп кеткен, сондықтан түрлі ұлт өкілдерінің жоғары оқу орындарында оқитын студенттерінің пайызын белгілеу қажет» деген пікірлерді Зақаш Камалиденов айтты делінеді. Бірақ оны әлі де зерттеу керек болар. Өйткені оны сол кездегі советтік басшылық солай деуге мәжбүрлеген сияқты», – дейді Бейбіт Қойшыбаев.
Биліктен кеткен соң, ұзақ жылдар бойы баспасөзге сұхбат беруден тартынып келген Зақаш Камалиденов 2011 жылғы желтоқсандағы Жаңаөзен оқиғасынан соң «Азаттық» тілшісіне сұхбатында Жаңаөзен оқиғасы кезіндегі Қазақстан билігінің әрекетін сынаған.
Еске сала кетейік, Зақаш Камалиденов 1936 жылы Қазақ ССР-і Гурьев (қазіргі Атырау) облысында туған. Мәскеу институтын мұнайшы-инженер мамандығы бойынша тәмамдағаннан кейін өндірісте жұмыс істеген. 1959 жылы комсомол қызметіне шақырылған ол Қазақстан комсомолы орталық комитеті жетекшісіне дейін өскен. 1979 жылдан бастап КГБ-ға қызметі ауысқан Камалиденов генерал дәрежесіне дейін көтеріліп, Қазақ ССР-і КГБ төрағасы болған. 1985-1988 жылдар аралығында Қазақ ССР Компартиясы орталық комитетінің хатшысы, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы болып қызмет атқарған деген анықтама таратты ҚазТАГ.
Редакция ұжымы атынан Зақаш Камалиденовтің отбасына көңіл айтамыз. Марқұмның топырағы торқа болсын!
«D»