«Общественная позиция»
(проект «DAT» № 01 (272) от 08 января 2015 г.
Күн тәртібіндегі мәселе
Ауылды жерлердегі жұмыссыздықтың салдарынан күн сайын өсіп келе жатқан ішкі көші-қон Қазақстанның шекаралық аймақтарын жалаңаштап тастады. Сол себепті шекаралық өңірлердегі халық санының азаюы бүгінгі таңда еліміздің басты проблемаларының бірі болып отыр. Әсіресе Солтүстік пен Шығыс Қазақстан өңірлерінде, Алматы облысының Нарынқол аймағында, Батыс Қазақстанның ірі елді мекендерден жырақ аумақтарында бұл мәселе күн сайын ушығып барады. Павлодар, Көкшетау және Қостанай облыстарының Ресеймен шекаралас ауылдарында да тұрғылықты халықтың мөлшері, оның ішінде қазақтардың саны күрт азайып кетті.
Бұл жағдай бір күнде немесе бір жылда басталды деуге болмайды. Бұл – Қазақстан тәуелсіздік алған 24 жылдың ішінде динамикалық тұрғыда өршіп келе жатқан кері құбылыс. Жұмыс іздеген ауыл халқының қалаға қарай көшуі елдің шекаралық аймақтарын қаңыратып тастағаны ел билігінің жанын ауыртпайтын сияқты. Қазақта «Бос жатқан жер жау шақырады» деген сөз бар. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысының Қытаймен шекаралас Марқакөл, Шілікті, Күршім, Тарбағатай, Ақсуат аймақтары қаңырап бос қалды.
Ал Солтүстік Қазақстан облысының Ресеймен шекаралас ауылдарынан қазақ атаулыны саусақпен ғана санап аларлық жағдай қалыптасты. 2011 жылғы статистикалық мәліметтерге сенетін болсақ, Солтүстік Қазақстан облысындағы жалпы халық саны – 588 910 адам болған. Осы дерек бойынша, облыс халқының ұлттық құрамы мынадай болған:
Орыстар — 50,43%
Қазақтар — 33,30%
Украиндар — 5,00%
Немістер — 3,49%
Поляктар — 2,34%
Татарлар — 2,18%
Белорустар – 1,15%
Басқалары – 2,11 %
Ал өткен жылдың басында статистикалық ведомство таратқан ақпар бойынша, бұл өңірдегі қазақтар санының біршама өскені (35 пайыз) байқалса да, бұл өсім қалалы жерлерге Ресейден көшіп келген қазақтардың есебінен өскен. Ал облыстың Ресеймен шекаралас өңірінде тұратын қазақтардың үлес салмағы 3–4 пайызға кеміген.
Міне, көршілес Ресейдің тәуелсіз Украинаға жасаған агрессиялық әрекетінен кейін, СҚО-дағы шекаралас аймақтарды қазақтардың тастап көшуі алаңдаушылық тудыра ма, жоқ па? Онсыз да бұрындары орыс ұлтының саны басымдықта болған облыстың солтүстік өңірін қазақыландыру жағдайы неге мемлекеттік басыңқы бағдарламалар қатарына кірмейді?
Біздің биресми ақпарат көздеріміздің хабарлауына қарағанда, жуықта үкімет вице-премьерлігі қызметіне тағайындалған Бердібек Сапарбаев мырзаға осы «облыстарды қазақыландыру» міндеті қосымша жүктелген сыңайлы. Егер бүгінгі геосаяси жағдайда елдің шекаралас аймақтарын қазақыландыру жағдайы мемлекеттік һәм ұлттық қауіпсіздік мәселесінің алдыңғы әрі басыңқы бағытына шығар болса, бұл саламен басы бүтін айналысатын арнайы министрлік қажет. Үкімет басындағы бір вице-премьерге бұл проблемамен тікелей айналысатын құзірет берілуі тиіс.
Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасырға жуық уақыт болса да, солтүстіктегі қазақтардың саны неге өспей отыр? Басты себеп – солтүстік өңірлердегі әлеуметтік-тұрмыстық жағдайдың кенде қалуы. Осыған байланысты тұрғылықты халықтың басым көпшілігі Астана сынды орталық қалаларға қоныс аударуда.
Баршаға мәлім осы жағдайды оңалту әрі осы өңірлерді қазақыландыру үшін, СҚО-ның шекаралас аймақтарында егін және мал шаруашылығы бағыттарын дамытуға мүдделі басқа аймақтар қазақтарын көшіру жөнінде жеңілдіктер жасалған мемлекеттік бағдарлама қабылдануы қажет. Үкіметтің тиіп-қашып, басқа мәселеден қолы босаған сәтте ғана солтүстікті қазақтандыруға мойын бұруы – жеткіліксіз жағдай.
Шындығына келгенде, бүгінгі таңда СҚО-дағы қазақтың саны елге оралып жатқан қандастарымыздың есебінен өсіп отыр. Ал «Нұрлы көшпен» келгендердің тек 5 пайызы ғана солтүстікке келеді екен. Егер елімізге шеттен оралып жатқан қандастарымыздың толыққанды тірлік құруына жағдай жасалған болса, бұл өңірлерді айналасы екі-үш жылдың ішінде қазақтармен толтырып тастауға болар еді.
Солтүстіктегі осы жағдайды оңалту мақсатында былтыр мемлекет Ресеймен шекаралас үш облыстағы әлі жеке меншікке өтіп кетпеген (ондай жерлер қалса) тың жерлерді Қытайдың ауыл шаруашылық компанияларына жалға бермек болған. Егер естеріңізде болса, осыдан бірер жыл бұрын «Шығыс Қазақстаннан да Қытай еліне жалға жер беріледі» – деген мәлімет тараған болатын.
Дереккөздердің хабарлауына қарағанда, бұл осы аймақтарда жұмыс қолының жетіспеушілігі бар деген ақпарды баршаға жария етудің ғана амалы болған. Иә, ақпарға қазақ қана емес, көршілес ресейліктер де қаныққан сияқты. Ендеше өз жерімізді қазақпен толтыруға ешкімге жалтақтамай кірісетін кез келген жоқ па?
Мамандардың болжамы бойынша, солтүстік аймақтарды қазақыландыру жобасын қамтамасыз ету үшін бас-аяғы 300 мың қазақ керек екен. Егер елге оралған ағайындардың әр отбасында бес адамнан бар десек, небәрі 60 мың отбасын Ресеймен шекаралас аймақтарға қоныстандыруға ЭКСПО-17 құрылысы шығынының бір ширегі де жеткілікті көрінеді. Ал егер Астананың құрылысын екі жылға тоқтатсақ, бүткіл шекаралас аймақтарды самсаған «Нұрлы жол» ауылдарына толтырып тастауға болады.
Бұл, әрине, қарапайым ғана ұсыныс. Ал егер осы мәселені мемлекеттік дәрежедегі бағдарлама арқылы ғылыми-зерттеу жолымен шешер болсақ, елдің жалаңашталып қалған шекаралық аймақтарын «қарадомалақтандыру» мәселесі мұнайлы Қазақстан үшін түкке тұрғысыз науқан болмақ.
Қазақстанның геосаяси бағыттағы басты мақсаттарының бірегейі – ауылшаруашылық өндірісін құнарлы солтүстік аймақтың үлесі есебінен дамытуды негіз етіп, көлемді қоныс аудару, сол арқылы шекара қаупін азайту, мемлекеттің ұзақ уақыттық стратегиялық қауіпсіздігін сақтап, еңбек күштерінің тепе-теңдік балансын ретке келтіру. Осы мақсаттың бәрі ел президентінің халыққа жолдауларында жыл сайын айтылады. Ендеше осы мақсаттың сылтауымен шекаралық аймақты қазақыландыру, жалаңаш қалған ауылдарды қалпына келтіру мәселесін қолға алу қаншалықты қиын болмақ?
Есдәулет ҚЫЗЫРБЕКҰЛЫ