«Общественная позиция»
(проект «DAT» №8 (325) от 25 февраля 2016 г.
Редакцияға хат
Жауабы қайсы?
Сот, тергеуші және прокурор
КҮМӘН ДЕГЕНДІ БІЛЕ МЕ?
Менің қорғауымдағы Телжанов Абай Сейтжапбарұлы Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2015 жылдың 10 қыркүйегіндегі үкімімен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодесінің 124-бабының 1-бөлігімен кінәлі (көрінеу жас балаға қатысты күш қолданбай, азғындық әрекет жасады) деп танылып, 6 (алты) жылға бас бостандығынан айырылды.
Әдеттегідей, осы үкімді Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық және кассациялық сатылары бірауыздан дұрыс деп тауып, өзгеріссіз қалдырды. Қазіргі уақытта сотталған А.Телжанов қылмыс жасамаса да, түзеу колониясында жазасын өтеп жатыр.
Мен осы іске апелляциялық сатысынан бастап қатыссам да, оның осы қылмысты жасамағанына еш күмәнім жоқ. А. Телжанов қылмыс болған уақытта, яғни 2015 жылдың 22 маусымы 15 сағат 30 минут мезетінде (жәбірленушінің айтуы бойынша) ауылда болған емес. Ол ауылдан 45 шақырым қашықтықта, басқа ауылда 19 маусымнан 22 маусымға дейін болып, үй жөндеу жұмысын жасаған (жанында тағы да жігіт бар, басты сот талқылауы жабық түрде өткен соң, ешкімнің атын да, оқиға болған жерді де атамай отырмын).
Құрылыс жұмыстарын жүргізген үйдің иелері еңбекақыларына берген 20 мың теңгеге Телжанов сол үйдің балаларына дүкеннен балмұздақ әпереді. Сол 22 маусым күні кешкі сағат алтылар шамасында жанында бірге жұмыс істеп жүрген жігітпен автобусқа отырып, ауылдарына қайтқан.
Тергеп-тексеру барысында А.С.Телжанов қылмысты мойнына алмай, осы жәйттерді тергеушілерге айтқан, ал куәгерлер, яғни жанында болған жігіт, құрылыс жасаған үйдің иесі, оларды мотоциклмен автобустан қарсы алған жігіт оның жауабын растайды. Бірақ тергеушілер (бұл істі екі тергеуші кезектесіп жүргізген) әрі қарай тексеру жұмыстарын жүргізбеген, А.Телжанов құрылыс жасаған ауылдағы адамдардан, дүкеншіден, оларға ақша берген адамдардан, автобус жүргізушісінен жауап алмаған. Іс бойынша Телжановтың қолындағы жарақатын анықтау үшін, тергеушілер сараптама тағайындаған, өйткені жәбірленуші оның білегінен тістеп алған делінген. Бірақ сараптама қорытындысы бойынша Телжановтың білегінде еш таңба анықталмаған. Іс бойынша Телжановтың қылмысын дәлелдейтін, қылмысты өз көздерімен көрген куәгерлер жоқ. Жанама куәгер ретінде кәмелетке толмаған екі қыз баладан жауап алынған. Оларды жәбірленушінің шешесі қызына зорлық жасаймын деген адамды көріп келіңдер деп жібергенде, ауылдың сыртында бір үйдің қабырғасына сүйеніп отырған мас адамды көреді. Оның түрін олар көре алмайды, тек қана біреуі оның сұр футболка мен қара-көк түсті шалбарда болғанын, ал екіншісі сұр футболка, сұр шалбарда болғанын айтады, басқа куәгерлер жоқ.
Ең қызығы – А.Телжанов қамауға алынған күннен үш-төрт күн өткенде, тергеушілер қайдан келгені белгісіз бір қоңыр футболка және бір сұр шалбарды Телжановтан алдық деп хаттама толтырады да, Телжанов қылмыс болған күні сол киімде болды деп шешіп, заттай дәлелдеме деп іске тіркейді. Шалбарды сұр түсті деп айтқанын растату үшін, жанама куәгер мен жәбірленушіге тануға ұсынады. Ал екінші жанама куәгерге ұсынбайды, өйткені ол сұр шалбарда болды деп айтқан жоқ. Қылмыстық іс жүргізу заңы бойынша кімнен алынғаны белгісіз зат дәлелдеме болып табылмайды. Басты сот талқылауында төрағалық етуші судья А.Әбу сотқа қатысушыларға заттай дәлелдемелерді көрсеткен жоқ, тек осы заттай дәлелдемелер жойылсын деген шешім шығарды. Сотқа қатысқан адвокаттың автобус жүргізушісі және учаскелік инспектор туралы айтқан сөзіне құлақ аспады.
Бүкіл айып тек қана жәбірленуші, кәмелетке жасы толмаған он жастағы қыз баланың сөзімен құрылған. Оның айтуы бойынша, сол оқиға болған күні кешкі сағат онның кезінде дүкенге барғанда, балмұздақ алып тұрған екі кісінің біреуі оған біртүрлі қараған соң, қорқып кетіп, оған зорлық жасаймын деген кісі осы екен деп топшылаған. Ол кісілер кетіп қалған соң дүкенге қайтып келіп, әлгі кісілер кімдер деп дүкеншіден сұрағанда, ол Абай – Сейтжапбардың баласы деп, өзінің шешесіне айтқан. Шешесі үшінші күні, яғни 26 маусым күні психологтарды шақырып, 27 маусым күні полицияға арыз жазған.
Оқиға болған жер сол күні жәбірленушінің айтуымен қаралады. Оқиға болған жерде қылмыс белгілері табылмайды. Басқа іс бойынша ешқандай тікелей дәлелдеме жоқ. Басқалары тек қана жанама дәлелдеме.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының қылмыстық істер бойынша дәлелдемелерді бағалаудың кейбір мәселелері туралы 2006 жылғы 20 сәуірдегі №4 Нормативтік қаулысының 12-пунктінде істі Қылмыстық істер жүргізу кодексінің 363-бабында көзделген қысқартылған тәртіпте қарау жағдайларын қоспағанда, егер соттың үкімі сотталушы мен жәбірленушінің талданбаған, ақиқаты салыстырылмаған, өзге де құжаттармен расталмаған айғақтардың негізінде ғана шығарылса, оны заңды деп тануға болмайды делінген. Тергеп-тексеру барысында басқа ешкімнен жауап алынбаған, егер, А.Телжановтың айтуы бойынша, куәгерлерден жауап алынса, онда қылмыс ашылмаушы еді. Сондықтан тергеушілер де істі сотқа жіберер алдында тексерген, прокурор да осы еш дәлелсіз істі сотқа жібере салған, сөйтіп қылмыс ашылған болып саналып, қой аузынан шөп алмайтын жуас жігіт ұсталған.
Телжановтың басқа ауылда болғанын дәлелдейтін айғақтардың бәрі ол қамалған күннің ертеңінде белгілі болып, оның ағасы жазбаша түсініктерді А.Телжановтың адвокаты, менің әріптесім С.Шабаевқа тапсырғанымен, одан еш нәтиже шықпаған.
Апелляциялық сатының сотына адвокаттық құқығымды қолданып, куәгерлерден түсінік алып, шағыммен қоса ұсынғанмын және сот отырысына куәгерлердің бәрі келіп, сот хатшысы оларды тіркегенімен, Қызылорда облыстық сотының төрағалық етуші судьясы А.Қожаниязов ешкімнен де жауап алмады. Менің ойымша, ол кісі басты сот талқылауының әділ екенін алдын ала білгенге ұқсайды. Менің апелляциялық шағымымды оқымады ма деп қалдым. Өйткені сот отырысы басталғанда, мені «ордерің жоқ» деп іске қатыстырмаймын деді. Ол ордерімді мемлекеттік айыптаушы іс қағаздары арасынан тауып берді. «Сотталушы іске қатыссын» деген менің өтінішімді де көрмеген, сондықтан істі қарау түстен кейінге қалдырылды. Сонда апелляциялық сатының ролі қандай болды? Сценарий бойынша адвокаттың апелляциялық шағымы қанағаттандырылусыз, үкім өз күшінде қалды, соттың А.Телжановтың кінәлі екеніне еш күмәні болған жоқ. Құрамында үш судьясы бар кассациялық саты да төрағаның басқаруымен үкімді әділ деп шешті. Сонда судьяда күмән деген болмай ма?
Менің ендігі сенерім – Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының кассациялық алқасы, тек сол кісілерде күмән болуы мүмкін деп ойлаймын.
Елеусіз ТҰРСЫНОВ,
Астана қаласы адвокаттар алқасының адвокаты