«Общественная позиция»
(проект «DAT» №11 (328) от 17 марта 2016 г.
Сайлауалды сақтық
СТУДЕНТТЕРДІ АУЫЛҒА
НЕГЕ «ҚУАЛАП» ЖАТЫР?
Біз университетте оқып жүрген жылдары 16 желтоқсан қарсаңында студенттерді ауылға қуалайтын «дәстүр» бар еді. Жастардан қорыққан секемшіл биліктің «бұйрығын» орындамай, «барар жер, басар тауымыз жоқ» деп жатақханадан кетпей қоятынбыз. Жатақхананың аузында бір мұғаліміміз кезекшілікке тұрып, біз секілді «бұйрыққа бағынбайтындардың» қайда барып, қайдан келетінін жазып алатын. Енді осы «дәстүр» сайлау алдында да «қолданыла» бастапты.
Мен қазір Алматыдан отыз шақырым жерде, ауылда тұрамын. Екі-үш күн болды, телефонға тыным жоқ. Туыстарымның балалары, бауырларым, балдыздарым: «Аға, сайлауға орай демалыс беріп еді. Бір-екі күнге ауылға шапқылағанша, сіздердікіне бара салсақ деп едік», – дейді. Қазақ қонақ келсе, қуанбай ма? «Келіңдер» дейміз қуанып…
Енді, міне, бүгіннен бастап, менің екі бөлмелі үйім студенттер жатақханасына айналады.
Бауырлардың басын қосар сайлауға мың рахмет. Десе де, мен біздің биліктің кейбір қылығын түсіне алмаймын. Білім іздеп, Алматыға келген сол жастарды он күн бұрын Алматыдан қуып, үрейленетіндей, бастарына не күн туды?! Сол студенттердің денінің тіркелген жері – жатақхана. Яғни, олар дауысты сол университеттің жанындағы сайлау учаскесінен беруі тиіс. Ауылға кеткен жастар сонда сайлауға қалай қатыспақ? Олардың даусы маңызды емес пе? Оларды кейбір оқу орындары дауыс беру құқығынан айырып отырған жоқ па?
Тағы да өзімнің студент кезім есіме түседі. Сайлау күні таң атпай жатақханаларды аралап, топ-тобымызбен мал қайырғандай қайырып, дауыс беруге апаратын. Мен сияқтылар баяғы қыңыр мінезімізге салып (сайлаудың әділдігіне деген сеніміміз аз еді), бармай қоюшы едік. Кешкісін достарымыз келіп, «Сендердің аттарыңнан біз дауыс бердік» деп келетін.
Осы оқиға есіме түсіп, Алматыдан қуаланған студенттердің даусы қай партияға берілетінін күні бұрын болжап қойдым.
Біз қандай демократиялы елміз!
Жаса, ТӘУЕЛСІЗДІК!
Шәріпхан Қайсар,
Abai.kz
«Декларация» деген
ҚАРУ ШЫҚТЫ
Мәслихат депутаттығына үміткерлікке тіркеле алмай қалған азаматтар табыс декларациясын толтырған кезде сүрінген. Ал декларацияны тапсыра алғандар сайлау комиссияларының кеңшілігіне разы.
Атырау облыстық мәслихатына 3-сайлау округінен дауысқа түспек болған құқық қорғаушы, «Заман» қоғамдық қорының жетекшісі Әсел Нұрғазиева (суретте) табыс декларациясын дұрыс толтырмағаны үшін кандидаттықтан сызылып қалғанын айтады.
– Екінші деңгейлі бір банктің маған берген анықтамасында ешқандай есеп-шотым жоқ болатын. Салық орындары тексере келгенде, ол банкте менің 40 теңгем бар болып шықты. Зейнетақы қорымда да осындай болмашы қаржы айырмашылығы шықты. Осыны желеу етіп, округтік сайлау комиссиясы сайлау додасынан алып тастады. Енді сотқа жүгінемін, – дейді ол.
Мәслихат сайлауына үміткерлікке тіркеле алмай қалған соң, сотқа жүгінгенін айтқан белсендінің бірі – астаналық Арнұр Ысқақов. Бірақ ол «сотта декларацияға қатысты шағыммен жеңіске жету мүмкін емесін түсінген».
– Салық мекемесі қызметкерлерінен қайта-қайта сұрап, солардың айтқаны бойынша толтырдық. Кейін онымыз қате болып шықты. Сотта дұрыс толтырмауға қызметкер кінәлі емес болып шықты, – дейді Арнұр Ысқақов.
Мәслихат сайлауына қатысудан үміткерлердің арасында табыс декларациясын толтырған кезде бірден сотты ойлаушылар да бар. Сондай азаматтардың бірі, астаналық кәсіпкер Серік Түсіпов «сайлау додасынан шығарып тастаса, сотта керек болар» деген оймен Астанадағы банктердің 28-іне барып, есепшоты жоқ болса да, олардан бірнеше мәрте анықтама алған. Ол халыққа қызмет көрсету орталығына барып, 10 жыл бұрын сатып жіберген көліктерін де өз атынан шығартқан.
– Ал зейнетақы қорынан заңда көрсетілген мерзім – 1 қаңтар бойынша мәлімет сұратқанмын. Олар 2 қаңтармен шығарып беріпті. Кейін қайтадан барып, 1 қаңтардағы жағдайға алдыртқан едім, бір күннің айырмасына 80 теңге шықты. Оны түзеттім. Бұрын несие алған едім. Соның 15 тиынын артық төлеппін, оны да жасырмай көрсеттім, – дейді Серік Түсіпов.
Мәслихат сайлауы додасынан шығып қалған астаналық Аида Жексенова (төменгі суретте) табыс декларациясын және басқа да құжаттарды дұрыс толтыру үшін нақты ақпарат табу қиын екенін айтады.
Ол сайлау округінің комиссия мүшелерінен кеңес сұраған – «бірақ дені мұғалімдер мен дәрігерлерден құралатын комиссия мүшелері сайлау заңнамаларын жақсы білмейтін болып шыққан».
Тұрғындарға заң жөнінде кеңес беретін «Құқықтық бастама» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болат Тәжібаевтың сөзінше, мұның басқа да себебі бар.
– Декларация толтыру ісі белсенділерді сайлануға емес, таңдалуға қолданып жатыр. Округтік сайлау комиссиялары кандидаттарға декларацияларында қызметкерлер қателігінен болған болмашы айырмашылықты түзетуге мүмкіндік берулері тиіс, – дейді Болат Тәжібаев.
Бірақ ЖСДП партиясының Астана бөлімшесінің жетекшісі Асхат Рахымжанов сайлау комиссияларының ондай мүмкіндік береріне күмәнданады.
– Жергілікті сайлау комиссиялары негізінен билік партиясы арқылы құралғандықтан, ондай жақсылыққа бармайды, – дейді Асхат Рахымжанов.
Алайда Алматы облысы Қарасай аудандық 13-сайлау округінен үміткер Мақсат Мәліков бұл пікірмен келіспейді. «Округтік сайлау комиссиясы халыққа қызмет көрсету орталығы мен салық орындары берген анықтамада қаржылық алшақтық бар екенін ескертіп, оны түзетіп келуіме мүмкіндік берді», – дейді ол.
Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) 11 наурызда таратқан мәлімет бойынша, Қазақстанда жергілікті мәслихат депутаттығына кандидат болғысы келген үміткерлердің 300-і салық декларациясындағы сәйкессіздік кесірінен тіркеле алмай қалған.
Мәслихатқа кезектен тыс депутаттарды сайлау наурыздың 20-сы күні Қазақстан парламенті мәжілісі сайлауымен қатар өтеді. ОСК ақпараты бойынша, мәслихаттарға ел бойынша 3335 депутат (облыстық мәслихаттарға – 550 адам, қалалық мәслихаттарға – 625 адам, аудандық мәслихаттарға 2160 адам) сайланады.
Руслан БОТАЙҰЛЫ,
Azattyq.org