Света АЙТБАЕВА: ДИМАШТЫ «МЕН ТАПТЫМ» деп мақтануға қазағымнан қорқамын…

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №15 (379) от 20 апреля 2017 г.

 

Бейсенбідегі бетпе-бет

 


– Ең алдымен, эстрада әлемінде жаңа құбылыс деп танылған Димаштың бас бәйгеге бергісіз екінші орыны құтты болсын!

– Көп-көп рахмет! Қуанышымда шек жоқ. Бұл тек біздің – бір әулеттің ғана қуанышы емес, бүкіл қазақтың қуанышы, елдің жеңісі деп білем. Осы үш ай ішінде Димашты қолдап-қолпаштаған барша ағайынға алғыс айтам!

 

– Айтпақшы, осы үш ай ішінде Димаш бұдан басқа тағы да екі бірдей халықаралық жүлдеге ие болды ғой…

– Иә, мен үшін «Сингердің» бәйгесінен бұрын, осы екі жүлденің құны қымбат сияқты. Екі миллиардқа жуық Қытай елінен «Азияның ең таңдаулы әншісі» және «Халықаралақ дәрежедегі әнші» деген екі бірдей атақ берілу – Димашқа емес, қазақтың эстрада өнеріне деген құрмет деп бағалаған жөн сияқты. Бұл анау-мынау емес, қиындығы мол байқау болды. Мұнда әншінің дауысы ғана емес, білімі, сөйлей білу мәнері, сахнадағы мәдениеті – бәрі-бәрі қатты қадағаланды.

 

– Дегенмен, Димашқа «Сингер» байқауының бас бәйгесі берілмегені көңіліңізге кірбің салған жоқ па?

– О не дегеніңіз! Ешқандай өкініш жоқ. Айттым ғой – Димаштың екінші орыны бас бәйгеге бергісіз жеңіс. Ең бастысы – Димаш эстраданың әлемдік есігін ашты. Бұл – екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін мүмкіндік. Екіншіден, байқау барысында Димаштың өзі де ендігіде жеңімпаз атану маңызды емес екенін айтты. «Дайдидауды» халықаралық сахнаға шығарсам деген арманы орындалды, жеңістің көкесі – осы. Бүгінде «Дайдидау» Азия елдеріндегі топ-әндерінің қатарына кірді. Бұл – қазақ ән өнері үшін үлкен жеңіс деп ойлаймын. Қазіргі таңда мәселе Димаштың алған орнында емес, халықтың оған деген ыстық ықылас білдіруінде болып тұр. Тіптен тілеулес ағайынның барлығы «Сен онсыз да жеңімпазсың!» деп баға берсе, одан артық қандай жеңіс керек, көкем-ау!

 

– Иә, шоу-бизнесі әлемдік үрдістен әсте кем түспейтін Қытай елі «Халықаралық дәрежедегі әнші» деп таныған соң, Димашқа әлем сахнасы ашылды деген пікірлер жиі айтылуда…

– Солайы – солай шығар: кекілін жеңістің желі желбіреткен Димашын қазақ елі бұдан да жоғары биіктерден көре берсін деп тілеймін! Сондай жоғары нәтижеге дейін көтерілуін тілеп келеміз.

 

– Димаштың бұдан былайғы өнер жолын қалай болжайсыз: Америкаға кете ме, жоқ әлде Астанадағы оқуын жалғастыра ма?

– Димаштың алға қойған жоспары көп. Ең басты жоспар – осы бетінен таймай, ары қарай еңбектенуі керек. Әншілік өнер күнделікті дайындықты қажет етеді. Дауыстың өзі жаттығумен шыңдалатын құдірет.

Екіншіден, қазіргі білім алып жатқан Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Қожабекқызы (Мұсақожаева – Ред.) Димаш бірінші курс оқып жүргенінде: «Мына баланың қабілетін, мүмкіндігін барынша ашуымыз керек, оған біздегі қазақстандық мамандар аздық етеді, Димашты шетелдерде оқытып алуымыз керек…» – деген еді.

Ал Димаш қазір эстрада бөлімінде оқиды. Эстрадалық жанр біздің елімізде әлі де дұрыс жолға қойылмаған. Оқу орындарында ол салада арнайы бөлімдер болғанымен, жоғары білікті мықты мамандар тым аз. Жасыратыны жоқ, эстрадалық әншілерді дайындайтын мамандар – Америкада, Еуропада. Сол жақтарда білім алу қажет. Айман апайымыз ақылын берген ол кезде біз Димашты әлі жас көрдік: бұғанасы қатпаған, жиырма жастағы баланы алысқа жібергіміз келмеді.

Негізі, қандай да болса, баланың барлық болмысы, ой-санасы әбден қалыптасқаннан кейін ғана шетелге баруы керек деп ойлаймын. Себебі жастар әрнеге еліктегіш келеді, басқа, бөтен ағымдардың ырқына түсіп кетуі мүмкін. Сондықтан бойына ұлттық құндылықты әбден сіңіріп, ойы жетілгеннен кейін ғана барса, шетелден жан-жақты маман болып қайтады.

 

– Айтпақшы, Димаш Америкаға кетсе, сол елде қалып қояды деушілер де бар ғой…

– Ол қате түсінік. Ол барса, білім жинауға, арнайы концерттерге, үлкен жобаларға қатысу үшін ғана барады. Тек қазақ үшін еңбек етеді. Ең басты мақсаты – осы. Қазір ол үшінші курс студенті. Қалған бір жылын асықпай, осында бітіріп шығады. Оқу орнында осы күнге дейін өте жақсы жағынан көрініп келді. Былтыр университеттің «Үздік студенті» деген атаққа ие болды. Бірінші курста оқып жүргенде, университет оны Мемлекеттік «Дарын» сыйлығына ұсынды. Димаштың бұған дейінгі жеткен жетістіктері, барлық марапаттары – алдымен Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті ретінде берілген дегеніміз жөн.

 

– Дегенмен, Димаштың Қытайдағы жанкүйерлері миллиондап дауыс жинап жатқанда, біздің елдегі жекелеген қызылкөз көреалмаушылардың әлеуметтік желіде жазып жатқан керіауыз сөздері көңіліңізге тимей ме?

– Әрине, нешетүрлі пікірлер болады. Бірақ бір қуанатынымыз, қисынсыз пікірлер өте аз, 99 пайызы тек жақсы пікірлер. Қанша дегенмен, мен анасымын, әйел адаммын: ондай кереғар пікірлерге жаным ауырады. Оған Димаш мән бермеуі мүмкін, тіпті оны оқуға уақыты да болған жоқ. Кейбір артық айтылған пікірлер менің көңіліме келетіні рас. Дегенмен, ондай ұсақ-түйек сөздерді жалпы жұрттың керемет пікірі, ағылған ақ баталары, қолдау көрсетулері шайып кетіп отырды. Димашқа үлкен қолдау көрсеткен қарапайым халқыма қатты ризамын!

Қалай десек те, қоғамдағы әртүрлі құбылыс пен оқиғаларға әр адам өз пікірін айтуға қақысы бар деп ойлаймын. Сондықтан анау-мынау айтылған ұсақ-түйек пікірлерді елең қылғым келмейді. Димашқа даңқты Бибігүл апасы Төлегенова, атақты опера әншілері Сүндет Байғожин, Майра Мұхамедқызы, ешқайда бұра тартпайтын Лаки Кесоглу, әйгілі композитор Кеңес Дүйсекеев ағамыз – тіпті бәрін тізіп шығу мүмкін емес, көпшілік майталмандар баталарын берді. Егер ән өнерінің осындай хас шеберлері сыни пікір айтса, расымен уайымдайтын едім.

Қазаққа танымал Сәкен Майғазиев, Тоқтар Серіков, Мейрамбек Бесбаев ағалары да Димаштың тілеуін тілеп жүр. Димаш осы жігіттердің қолында өсті деп айтса да болады. Себебі кішкене күнінде барлығы Димашты қолдарына алып, көтеріп жүретін. Димаш өнердегі аға-апаларының ортақ баласы. Ұлықпан Жолдасовтың отбасы бізбен бірге Қытайға барып, Димаш балаларына жанкүйер болып қайтты. Тілеулес болған барша халқыма ризашылығымды білдіремін!

– Айтпақшы, Димаштың әкесі Қанат аға бұдан былай Димаштың қасында қала бере ме?

– Иә, продюсері болып қалмақ. Бұл біздің отбасымыз туған-туысқандармен, жанашыр ағайынмен бірігіп шешкен мәселе. Тіпті облыс басшылығымен де ақылдастық. Димашқа бір-екі байқауға ғана қатысатын әнші деп қараған жоқ жұрт. «Бұл бала қазақ бетке ұстар, қазақтың өнер деңгейін жоғары көтеретін әнші» деп, баға беріп отырғанда, оның қасында мемлекеттік қызмет деген не, тәйірі? Димаштың жанында нағыз жаны ашитын адам болуы керек. Ол – әкесі, әрине. Қазіргі кезде Алпамыс Шаримов деген досы барлық жұмысын тастап, Димаштың қасында жүр. Жалпы, қандай да болсын өсіп келе жатқан баланы қатты назарда, қадағалауда ұстаған дұрыс қой…

 

– Әлемге танылған таланттың анасы болған қалай болады екен?

– Әлемге танылған жұлдыз болса да, Димаш мен үшін әлі де кішкентай ғана бала. Баламның тек аман болуын тілеймін. Ғұмыры ұзақ болсын, тіл-көзден сақтасын деп, тілеуін тілеп отырамын. Кейбіреулер «Димаштың Қытайдағы жанкүйерлері шулап жатыр, ал біздің қазақ үнсіз» дейді. Үнсіз болғаны да жөн шығар: біз – қазақ баламызға қатты назар салуға да қорқатын халықпыз. Себебі тіл-көз секілді сұғанақтықтан қатты қорқамыз. Сондықтан ішіміз елжіреп, жүрегіміз жанып тұрса да, ондай эмоциямызды сыртқа шығара бермейміз. Халқы үндемей отырып-ақ, Димаштың тілеуін тілеп отыр деп ойлаймын.

Шынымды айтсам, қазақты өнерімен әлемге таныта алатын баланы дүниеге әкелдім деп, өз басым мақтана алмаймын. Ондай оғаш сөзден ұяламын, ішкі дүнием жібермейді. Талантты таптым деп, еліретіндей мен кіммін – әнші болсам да, қалың қазақтың бір ғана әйелімін?! Қазақта мықты, керемет жігіттерді дүниеге әкеліп жатқан аналар көп қой. Сондай әр ана секілді қазақтың қара домалақ бір баласын өмірге әкелдім деп қана ойлаймын. Мен үшін құдайдың берген үш баласы, қазақтың өсіп келе жатқан ұрпағы аман болса – болғаны! Әйел-анаға бұдан басқа қандай бақыт керек?!

 

– Димаш енді сіздердің емес, барша қазақтың баласы атанып кеткені қызғаныш тудырмай ма?

– Әсте солай болсын! Қазақ айтпақшы, «Баламның арқасын – елге, аяғын – жерге тапсырдым»! Оның даңқын асыратын да, қошемет-мейірімін төсейтін де – өзінің халқы. Өнер – халықтыкі, өнерпаз – сол өнерді арқалаушы адам. Ендеше Димашымның дүйім елге бала болғаны мен үшін мақтаныштан басқа сезім тудыруы тіпті де мүмкін емес. Дәл осы арада «Димашты мен тапқам!» деп сәл-пәл мақтануға да қорқамын (күлді)…

 

– Димаштың бір ғана концерттік костюмі 20 мың доллардан артық бағаға сатылып жатқанда, оның болашақ жеңістері мен табыстарын көз алдыңызға елестете аласыз ба?

– Бізде баламыз арқылы табыс табайық деген ой ешуақытта болған емес. Әйтеуір қолымыздан келгенше біліммен сусындатып, тәрбие беріп келеміз. Әр баланың өз несібесі, маңдайға жазылған жазуы болады. Ондай тағдырдан айналып өту мүмкін емес шығар…

Ал концерттік костюмін сатқанын әлеуметтік желілердің бірінен естідім. Ол сол Қытайдағы жобаның ұйымдастырушылары жасаған қайырымдылыққа қосқан шарасы екен. Киген костюмін сатып, ақша табу – Димаштың қолынан келмейтін кәсіп. Оған оның ұяты жібермейді, тәрбиесі солай. «Киімін сатыпты…» дегенді естісе, мамасы мен папасы (атасы мен әжесі – Ред.) Димаштың әкесін танытады, біз Қанат екеуіміз араша түсе алмай қаламыз… Құдай сақтасын!

 

– Ал ендеше Қытайдан Димаш әкелген жеңісіміз құтты болсын! Димаш қазақтың ән өнерін жаңа биікке шығарды, ол эстрадаға құбылыс әкелді деген халықтық баға баянды болсын, Света ханым!

– Рахмет! Мұндай сөзді естуге әдеттенбегендіктен бе – біртүрлі қораштанып қалады екенсің… Осы үш айдың ішінде Димашты қолдап, оның суретін саяси газеттің бірінші бетіне шығарып, тіпті арнайы сканворд құрастырған «ДАТ» газетінің редакциясына және қалың оқырманына алғыс айтамын!

 

Сұхбаттасқан –

Анар ДӘУКЕН,

[email protected]

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн