Воскресенье , 20 апреля 2025

«Сырты бүтіннің…» ІШІ ТҮТІН ЕМЕС

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №07 (278) от 19 февраля 2015 г

 

Ойдан-қырдан

 

Жаңалық

 

Астана телеарнасы жақында «Сырты бүтін…» атты шағын фильмдер циклын көрермен назарына ұсынбақшы. «Отбасылық драмалардың көрермен қызығушылығын тудыратынына күмән келтірмейміз», – дейді жобаға қатысушылар. Олар отандық телекеңістікті жаулап алған ресейлік арналардың осы бағыттас өнімдерімен бәсекеге түспекші. Артықшылығы – «Сырты бүтін…» өзі көтеретін тақырыптарда қазақы менталитетті негіз етіп алады.

 

Екіншіден, отбасылық драмалардың кейіпкерлері де нақты өмірден алынған. Үшіншіден, фильмдердің сюжетіне отбасылық драмалар өзек болғанымен, негізгі ой-түйін – өмірде кездесетін қателіктерді болдырмау. Оқиғалар мен кейіпкерлердің шынайылығы аталмыш жобаның табыстылығына негіз болары анық. Аталған жобаның қоюшы-режиссері Арнұр Ұбайдуллаұлы мұндай жобаларға танымал емес актерларды тартқан жөн деп есептейді.

– Біздің алдымыздағы негізгі мақсат – көрерменді сендіру. Кейбір елдерде мұндай жобаларда өмірдегі кейіпкер өзін-өзі ойнап жатады. Бізде өз өмірін камера алдында ойнап беретін адамды табу қиындау. Сондықтан ондай экспериментке бара қойған жоқпыз. Бұл жобада әр кейіпкердің ар жағында нақты бір адамның тағдыры, отбасындағы кикілжің тұр. Сондықтан мұнда енді ғана көрініп келе жатқан актерлердің тартылуы заңдылық. Ал түрлі рөлдерге көпшілікке танылып қалған кәсіби актерлерді тартсақ, оларды қабылдау, оларға сену қиын болатын еді. Жобаның «Сырты бүтін…» деп аталуы да талай нәрсені аңғартса керек. Іші алай-дүлей болып, қанша күйінсе де, сырты бүтін, күмпиіп жүруге тырысады. Әсіресе біздің халық… Сол іштегі «түтінді», жиналған шерді «Сырты бүтін…» арқылы көрерменге жеткізіп жатсақ, бізге одан артық қуаныш жоқ. Ол үшін бағдарламаға хабарласып, өз тағдырын ортаға салатын көрерменді тыңдауға әзірміз.

Режиссердің айтуынша, әңгімесі әсерлі шыққан көрерменнің өмірі «Сырты бүтіннің…» келесі сериясына арқау болуы әбден мүмкін. Әрине, көрерменнің есім-сойы өзгертіледі, түсіру тобының ықтиярымен жаңа детальдар, сюжеттік бұрылыстар қосылады. Бірақ өзек қалады. Өйткені бұл жобаның негізгі мақсаты – көрерменнің әр сериядан өзін танып, күйбең тірлікте ұмыт бола бастаған мәңгілік құндылықтар жайлы ойландыру. Басты байлығымыз – жақындарымыз бен отбасымыз екенін кезекті рет еске түсіру.

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн