Тәшеневті ҰЛЫҚТАУ жалғасуда

Жақсы жаңалық

 

Бабаларымыздың білектің күшімен, найзаның ұшымен ұрпақтарына сақтап берген қазақтың қасиетті жерін жиырмасыншы ғасырдың 60 жылдары тағы да бір қатерден қорғап қалған ұлтымыздың ұлы перзенті, қазаққа тән қайсар мінез танытқан Жұмабек Тәшеневтің 100 жылдығына арналған шаралар байтақ еліміздің аймақтарында жалғасын табуда.

Соның бір айқын көрінісі – Көкшетаудағы Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театрының, Қостанай облыстық драма театрының режиссері, ҚР халық артисі Ерсайын Төлеубайдың «Алдаспан» спектаклінің тұсаукесері. Бұл қойылымда кеңестік-тоталитарлық жүйеде билік құрған Н.Хрущевтің тың игеру саясатына орай қазақ елінің солтүстік аймақтағы бес облысын Ресей құрамына, мұнайлы Маңғыстауды – Түркіменстанға, сол кездегі Шымкент облысының Бостандық, Мақтаарал, Киров аудандарын – Өзбекстанға қосу жөніндегі Мәскеу билігіне жалғыз өзі қарсы тұрған арыстан мінез, алып жүрек, қазақтың біртуар асыл азаматы, мемлекет қайраткері Жұмабек Ахметұлы Тәшеневтің қайталанбас ерлігі баяндалады.

Спектакльде сол кездегі солақай саясаттың үстемдігіне бас имей өткен Бауыржан Момышұлы және өнер мен әдебиетте өшпес із қалдырған Ілияс Омаров, Гүлжаhан Ғалиевалардың өткен өмірлерінен сыр шертеді.

Рольдерді сомдағандар: Ж.Тәшенев – Төлеубек Кеңбай, Бауыржан Момышұлы – Қайрат Мырзаболатов, Ілияс Омаров – Құмарбек Қалқатаев, Никита Хрущев – Жарас Қалдаров, Гүлжаhан Ғалиева – Жанар Құсайынова. Бұл арада қоюшы режиссер, әрі автор Ерсайын Төлеубайдың талмай ізденгенін, күрделі саяси тақырыпты бүгінгі күннің талабына сай көрсете білуі, елордадан қашық жатқан облыстар театрларының шеберлігі шыңдалу үстінде, шығармашылығы өсу үстінде екенін байқатты. Сонымен бірге бұл – мемлекет және саяси қайраткер Ж.Тәшенев туралы қойылған тұңғыш драмалық қойылым екенін ерекше атаған жөн.

Астана, Алматы, Ақмола және Қызылжардан арнайы келген жазушылар мен журналистер, шақырылған қонақтар бұл қойылымның біздің қоғам үшін зор пайдасы бар екенін, осындай спектакльдің негізінде сценарий жазып, оны «Қазақфильм» киносы қолға алса екен деген тілектер айтылды. Өйткені қанша ғасыр өтсе де, Жұмабек Тәшенев жасаған азаматтық ерлік ұрпақтар санасында мәңгі сақталатыны айқын.

Бүгінгі ұрпақ Ж.Тәшенев алдындағы парызын өтеп болды ма? «Ия» деп жауап беруге ешкімнің де дәті бармас. Өйткені Астанадағы ынталы топтың Ж.А.Тәшеневтің 100 жылдығына орай жасалынған іс-шаралар жоспарының ҚР үкіметіне тапсырылғанына бір жылдан артық уақыт өтті. Ол жақтан әзірше ешқандай сыбыс естілмейді. Бәрі де кезектен тыс ұйымдастырылған асығыс сайлаудың қамымен шапқылауда. Ынталы топ та әліптің артын бағып, Алдар көсе айтқандай, «піс қазаным бес ай, отырайын он ай» деп, «қамқоршы» үкіметімізге жалтақтаумен олар да тапжылмай шыдап отыр. Қашанға дейін?

Мейрам БАЙҒАЗИН,

журналист

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн