«Общественная позиция»
(проект «DAT» №30 (347) от 25 августа 2016 г.
Бейсенбідегі бетпе-бет
Аз уақыттың ішінде елге танымал болған өзі – модель, өзі – актер, өзі – тележүргізуші, өзі – әнші Тәуекел Мүсілім Қазақстандағы №1 сұлу жігіт атанып жүр. Талай арудың жүрегін жаулады. Жас актердің кенеттен мұндай жетістікке кенелуіне күмәнмен қараған бәз біреулер оны өзінің продюсері Жанна Әбуова ханымға қосқан болатын. Біздің газетке берген сұхбатында Тәуекел осы төңіректе біраз жәйттерге тоқталған еді.
– Тәуекел мырза, жуықта сіз шетелдіктермен бірігіп бір фильмге түседі деген сөз шықты ғой…
– Иә, ол фильм АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында түсіріледі. Режиссері Руслан Акун деген жігіт. Ол бұған дейін көптеген жақсы кинолар түсірген. Бұл отбасылық фильм болмақ. Бұйырса, жаңа жылға қарай еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіледі.
– Негізгі білім алған мамандығыңыз бойынша – инженерсіз. Сонда техникалық кәсіпке үш қайнаса сорпасы қосылмайтын өнерге сымбатты көркіңізбен келген болдыңыз-ау, ә?
– Жасыратын түгі жоқ – мен шоу-бизнеске кездейсоқ келген адаммын. Сондықтан киноәлемін мен емес, ол – мені таңдады деп айтуға болады. Небір жобалардан ұсыныстар түскен кезде, маған зауытта жұмыс істегенннен гөрі, шоу-бизнес жүрген дұрыс екенін аңғардым. Өнерге тасыған талантымның арқасында келдім десем – өтірік болады. Талант ол – мыңның бірге ғана берілетін қасиет. Кез келген адам талантты бола алмайды. Мен тек бүгінгі кәсібімді жұмысымды жақсы көремін және оны адал атқаруға тырысамын.
Иә, жасырмаймын. Көптеген байқаулар мен кастингтерден көркімнің арқасында өткен болармын. Қазір енді сырт-келбетім ғана емес, бойымдағы басқа да қырларым арқылы танылғым келеді. Сол себептен күнде өз-өзіммен жұмыс істеудемін. Уақыт ешкімді аямайды: түбі бір бетімізге әжім түсетінін білеміз. Мен түрімнің әдемілігіне сеніп жүре берсем, ертеңгі күнім кенде қаларын білем.
– Сәнқойлық саласында модель болғаныңыздан хабарымыз бар. Жалпы қазақ ер адамның мұндай «өнерін» жақтыра бермейді: ол кәсіпті әлі де жалғастырып жүрсіз бе?
– Сәнгерлікке 2008 жылдары келдім. Студент кезімде сымбаттылығыма байланысты «комплимент» жиі еститінмін. «Мынадай бойыңмен модельдік бизнеске бармау – құдайдың бергеніне қиянат жасау» дегендей сөзді жиі еститін едім. Осы түртпектеу модель болуыма себепші болды. Алғашында модель деген тек телекамера алдында, подиумда ары-бері жүрумен шектелетін жұмыс деп ойлаппын. Өйткені модельдікке қызтеке секілді, жөні дұрыс емес жігіттер барады деп ойлайтынмын. Бірақ ол мен ойлағанымдай емес екен. Ол жерде мен қазақтың нағыз бетке ұстар ер азаматтарын көрдім: бойлары ұзын, сымбатты, айтар ойлары да керемет. Қазақ тілінде еркін сөйлей алатын, патриот жігіттер болды. Солардан үлгі алып өстім. Ол кездері елімізде «модель» деген ұғым басқаша еді. Ал қазір бұл салаға деген көзқарас бұрынғымен салыстырғанда қайта әжептәуір өзгерген.
Негізі, модельдік бизнес – қатаң бәсекелестіктен тұратын орта, бұл салада карьера жасау оңай емес. Сол уақыттарда өзімді басқа қырымнан көргім келді. Ал жора-жолдастардың арасында – бірі өз-өзіне ғашықтықтан модель болды десе, екіншілері бұл кәсібімнің келешегіне күдік келтірді. Содан сәнгерлікпен 2012 жылы қоштастым. Содан кейін ол салаға қайтып барған емеспін.
Ал қазір әнші, актер және тележүргізушімін. Осылардың қай-қайсысы болсын жаныма жақын. Жүргізушілік шеберлігімді арттыру үшін, кітап оқып, тілімді дамытамын. Актерлік те үлкен дайындықты қажет етеді. Ал әнші болу үшін вокалдан сабақ алып жүрмін. Сондықтан бүгінде бұл үш мамандықтың да ұшқыны бар деп айта аламын. Егер кездейсоқта өнерім тоқтап қалса, онда зауытта да жұмыс істеп кете алатыныма сенімдімін. Сол себептен де жоғары оқу орнының дипломын алдым.
Кейіннен кастингтерден өтіп жүргенімде, кездейсоқта «Махаббатым жүрегімде» телехикаясының басты рөліне бекітілдім. Оның алдында продюсерім Жанар Әбуова ханыммен бірге жұмыс істеуге келісім-шартқа отырдым. Жалпы бұрын футболды жаным сүйетін, онымен жақсы айналыстым. Егер ары қарай алып кеткенімде, кәсіби футболшы болып шығуым мүмкін еді. Бірақ орта жолдан тастап кеттім. Кім біледі, сол уақыттарда әкем қасымда болғанда, футболды тастамаушы ма едім…
– Сіз әкеңіз жайында көп айта бермейсіз: Мүсілім әкеңіздің есімі ме?
– Мүсілім − атамның аты. Ал әкемнің есімі − Сабыр болады. Ол кісі жайында көп айтпайтыным – әке-шешем бала кезімде ажырасып кеткен. Бір ғана анамның тәрбиесінде өстім. Әкеммен көп араласқан жоқпын. Тек соңғы бірер жылда болмаса, негізі аса қатты жақын болған емеспіз. Бұл да өмір ғой енді…
– Бой десе – бойыңыз, түр десе – түріңіз бар. Өз қалауыңыздағы сүйіктіңізді кезіктіре алдыңыз ба?
– Жоқ, әлі кезіктіре алған жоқпын. Егер бір қызға ғашық болсам, міндетті түрде үйленемін. Кейде «осы мен біреуді жақсы көрдім бе» деп те ойлаймын. Біреумен араласып келе жатып, ол адамның мінезін байқап қалғанда көңілім суып қалады. Бұрын бір қызды ұнатқаным бар. Бірақ қарым-қатынасымыз ұзаққа бармады. Осыдан кейін мен сондай типтегі қызды кездестіре алмадым.
– Бір сұхбатыңызда «қызымның бойы қысқа болмау керек, қазақ тілінде еркін сөйлейтін, тәрбиелі, салт-дәстүрді білетін қыз болуы қажет. Шашы міндетті түрде ұзын, көзі ашық, санасы ояу, қылықты, әдемі болу керек» депсіз. Қыздарға тым көп талап қоямын деп ойламайсыз ба?
– Иә, айтқаным бар. Бірақ осы талабым үшін өкініп қалдым. Біраз қыздар реніштерін айтты. Не десек те, қандай қызбен бас қосатынымды бір құдай ғана біледі. Дегенмен атам да, әкем де ұзын болған. Сондықтан анамның талабы бойынша, тұқымды ұсақтатып алмау үшін болашақ жарымның бойы ұзын болғанын қалаймын. Мен Мұхтар Әуезовтің шығармаларын оқып отырғанда, көз алдыма бір қыздың обоазы келеді. Бәлкім, сол кейіпкерді іздейтін болармын… Бірақ бұдан бұрын, маған бір қызға ғашық болу керек болып тұр…
– «Махаббатым жүрегімде» телесериалында бірге түскен Гүлназ Жоланова екеуіңізге қатысты «бір бірлеріңе теңсіңдер» деген сөз айтылған еді. Расымен, фильмдегі ғашықтық өмірдегі сезімдеріңізді оятпады ма?
– Гүлназ екеуміз жақсы араласатын достармыз. Бір-бірімізді қатты сыйлаймыз. Телехикаяда болған нәрсе сол фильмде қалды. Арамызда ешқандай да ғашықтық сезімі өрбіген жоқ. Жұмысқа жеке өмірімді араластырмаймын. Адамның жасы өскен сайын да әр нәрсеге назар аударғыш болады. Сондықтан Гүлназ екеумізді қосудың қажеті жоқ. Бәлкім, әлі күнге дейін жалғыз жүруіме уақытымның тығыздығы да себепші шығар. Соңғы екі жылға қойған жоспарларым бар. Барлық назарым – жұмыста.
– Инста-парақшаңызда көп қыздардың сізге сезімдерін білдірген жазбалары жиі жарияланады. «Қыздың жолы – жіңішке» дейді ғой… Десе де, егер сізге әлдебір қыздың өзі келіп, жүрек сезімін білдірсе қалай қабылдар едіңіз?
– Қыздардың бірінші болып, жігітке махаббат сезімдерін білдіргені дұрыс емес деп ойлаймын. Жігіт өзінің ер азаматтығын көрсетуі керек, ал қыздардың асығыстық танытпағаны жөн. Сабыр сақтап, сүйікті жігітінің сөз салуын күткені дұрыс. Бұрынғы замандағы қыздар солай болған және осылай қалуы да керек.
Иә, біз өнер адамы болғандықтан, қыздар тарапынан қызығушылық көп болады. Әлеуметтік желіге пікір қалдырулары да содан шығар. Бірақ желіге жазған бөлек те, шынайы өмір басқа ғой. Сондықтан бұл екі айырмашылықты шатастырмау керек деп ойлаймын.
– Театр және кино актері Дулыға Ақмолданың: «Театрда ойнамай тұрып, өзін осы саланың маманы санайтындарды актер деп айта алмаймын» дегені бар. Бұған не айтар едіңіз?
– Бұл пікірмен келісуге болады. Театрда ойнау үшін, сол салада білім алу керек. Сол мамандық бойынша жұмыс істеп көру қажет. Кәсіби актер болмаған соң да, бізді театрға ешкім шақыра қоймайды. Бұл белгілі жәйт.
Екіншіден, қазір қайтадан оқу оқитын, мамандық таңдайтын жаста емеспін. Оның үстіне, театрда ойнауға ұмтылмаймын. Ол жердің өз актерлері де жеткілікті. Біз экрандағы фильм, телехикаяларда бағымызды сынап жүрген актерлерміз. Соңында көрермен өзінің ұнатқан кейіпкерін таңдайды.
– Болашақта Тәуекел Мүсілімді кім ретінде көре аламыз?
– Қазір қандай болсам, кейін де сол қалпымнан өзгерем деп ойламаймын. Болашақ біздің еншімізде емес, құдайдың бергенін көреміз. Жұмыс істеймін, өзімді ары қарай дамыта түскім келеді. Шығармашылық жол ақша табу мақсатында емес, менің сүйікті ісім болып қалғанын қалаймын. Шоу-бизнеске еш қатысы жоқ өзімнің жеке бизнесімді ашу жоспарымда бар.
Сұхбаттасқан –
Анар АНАПИЯЕВА