Түйетөбеде ҮЗІЛГЕН тағдыр…

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №21 (292) от 28 мая 2015 г.

 

Қуғын-сүргін қияметі

 

Бүгінде Ақтөбе қаласының шығыс жағындағы Түйетөбеде орнатылған ескерткіш-белгі басында 31 мамырда өткізілетін дәстүрлі қаралы жиын туралы білмейтіндер жоқ болар, сірә.

 

Мен алғаш Түйетөбе туралы 1997 жылы естідім. Мектепте оқып жүрген кезім. Жаз мезгілі. Шілде айы болатын. Бір күні әкем үйге бір түрлі алабұртқан көңіл күйде кірді: «…Атамыз Мүсірдің сүйегі табылыпты. Ақтөбеден 20 шақырым жердегі Түйетөбе сайында атылған екен. Онда қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш орнатылған. Сол жерге барып, құран бағыштап келейік…».

Көп ұзамай атам Хамит алпыс жылдан кейін анасы Ақжібектің қабірінің басынан, туған жерінен бір уыс топырақ апарып салып, жеті нан таратып, құран оқытып, әке алдындағы перзенттік парызын орындап келді. Содан бері біздің әулет үшін Түйетөбеге барып, атаға құран бағыштау – дәстүрлі үрдіске айналды.

Атамның дерегі бойынша, арғы атам Мүсір Арыстанұлы 1872 жылы (құжаттарда 1868 жыл деп көрсетілген) дүниеге келіп, ескіше арабша сауат ашқан, орташа шаруа болған адам. 1930 жылға дейін көшпелі өмір сүрген. Қыста Жылыой, Құлсары (Каспий теңізі жағасы) бойына, жазда Шыңғырлауға (Орал облысы) дейін қоныс тепкен.

Миллиондаған адамдардың тағдырын қиған тоталитарлық жүйе ізгіліктің, мейірімділік пен әділеттіліктің жаршысы боп, зерек ой, талантымен, өз абырой-беделімен құрметке ие болған, адал еңбегімен мал тапқан талай жандардың соңына түсіп, өмірін қиғанын, сол зобалаңнан бірде-бір елді мекен, отбасы аман қалмағандығын тарихтан жақсы білеміз. Осынау зұлмат қармағына 1937 жылдың қазан айында Ойыл ауданының сол кездегі №22 Тамдыкөл ауыл кеңесі (Қарасу елді мекені) де іліккен.

Әлі есімде. Таңға жақын үш адам үйге баса-көктеп кіріп, үйдің ішін тінтті. Ол кезде не болатын еді: ауырып жатқан апамның білезік пен сырғасынан басқа пайдаға асатын ештеңе таба алмады. Олар әкемді алып бара жатқанда, шешеме еріп, мен де сыртқа шықтым. Сонда көрдім: тек әкемді ғана емес, оның інісі Сейілхан Арыстановты да тұтқындапты. Бұдан өзге ауыл тұрғындарынан Мағзым Сәденов, Күмісқали Шәуленов, Жақи Тоқпанов, Жұмырбай Баймағанбетов, Исатай Досмұрзин – барлығы 7 адамды бір түнде алып кетті. Бұл менің мектепке барған жылым болатын. Сол кеткеннен әкем оралған жоқ.

Бұл жолғы тұтқындалудың арты өмірлерін ойран етерін анасы да, балалары да болжай алмағандай еді. Бұған дейін 1933 жылы малды болдың деп, бір сотталып, сегіз айдан кейін елге ақталып оралған әкенің өмір жолынан хабардар бала көңілі қайтып келер деп күткен. Бірақ…

Осыдан бастап, «халық жауының отбасы» деген қара күйемен таңбаланған, қоғамнан оқшаулатып «сарсаңға түсірген» күндер басталады. Көп ұзамай енші алған екі баласының бірі Тәукебайды ұстап әкетіп, он-он бес күннен соң, «әкесі үшін баласын күйдірмейді» деп қайта босатады.

Ал шешемді халық жауының әйелі деп, колхозға мүшелікке алмай қойды. Екі жыл сынақпен тышқан аулатып, терісін, майын алғызды. Мен шешеме көмектесіп, тышқанды сойып, терісін керемін, майын аламын. Мен және мен қатарлы сол кездегі балалар бала боп ойнаған емеспіз. Әкем түрмеге қамалғанда, екі ұл, төрт қыз қалдық. «Халық жауының баласы» деген айыптан әкемді ақтағанша құтыла алмадым. 1954 жылы аудандық байланыс бөлімі бастығының орынбасары қызметіне тағайындалғалы тұрғанда да, осы «таңба» алдымнан шығып, жұмысқа алғызбады.

Жазықсыз жапа шеккен әке рухы алдындағы перзенттік парызын өтеу мақсатында 1959 жылы атам өз әкесінің тағдыры туралы облыстық сотқа хат жазып, одан «панисламшыл» деген айыппен ату жазасына кесілген әке ісі қайта қаралып, айыпталудың дәлелденбеуі себепті істің тоқтатылғаны жөнінде анықтама қоса тіркелген жауап хат алады. Бірақ қанша жылға үкім шыққанын, сүйегінің қайда қалғанын біле алмады.

Бірақ менің атам әкесі туралы істі қайта көтеріп, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақтөбе облысы бойынша басқармасына тағы да хат жазып, толыққанды мәлімет алды. Онда әкесінің 1937 жылдың 10 қарашасында Ішкі істер халық комиссариаты үштігінің қаулысымен тұтқынға алынып, ату жазасына кесілгені, үкімнің сол күні Ақтөбеден 20 шақырым жердегі Түйетөбеде орындалғаны туралы және де 1993 жылғы 14 сәуірдегі Қазақстан Республикасының №2144 «Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» заңына сәйкес толықтай ақталғандығы жөнінде жазылған.

Ештен кеш жақсы. Кеш болса да, ата рухына жағылған қара күйе алынып, ұрпағына есімі қайта жаңғыртылды. Ұрпағы үшін есімі беймәлім боп, аты өзгертіліп, түсі түстелмей кеткен құрбандар қаншама…

Мұның бәрі қоймай сұрастырып, әке туралы ізденген, шежірені айтудан, оны ақ параққа жазудан шаршамайтын атам Хамиттің арқасы. Бүгінде Мүсір атамнан жиырма жеті шаңырақ тарап отыр. Өмір жалғасса, бәйтерек тамырын тереңге жайып, бұталары салалана берер.

Шыққан тегіңді, тамырыңды білу, ол — тарихыңды білу. Сондықтан да қай кезеңде де, қай ұрпақ тұсында да болсын, бабалар мен тарихта ойып орнын алатын ардақты асылдарымыздың есімдері ұмытылмауы тиіс.

Гүлбану МҮСІРОВА,

Ақтөбе қаласы

 

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн