«Общественная позиция»
(проект «DAT» №41 (358) от 10 ноября 2016 г.
Уақыт тақырыбы
Қоғамдық өмірде шетелден ат арытып келсе де, қазақи құлаққа сіңіп кеткен «тренд» деген термин бар. Түп негізі қаржылық болғанымен, бүгінде ол ақпараттық мән-мазмұнға ие боп алды, ол дегеніңіз – дәл қазір, осы сәтте қоғамда қызу талқыланып жатқан тақырыптар мен проблемалар.
Бұл күндері ел ішінде мейлінше жиі қозғалып жатқан бес тақырып бар.
Біріншісі, сөзсіз, Атырауда өтіп жатқан Макс Боқаев пен Талғат Аянға қатысты сот. Бұл процесс – адам құқы мен азаматтық белсенділікке, керек десеңіз, түбегейлі ұлттық мүддеге Конституция емес, Қылмыстық кодекс тұрғысынан қараудың «ең тамаша» үлгісі! Берия мен Вышинскийдің ізбасарлары творчествосының шарықтау биігі! Жүгенсіз кеткен жүйенің «жемісі»!
Көрмес – түйені де көрмес! Сот барысындағы сәйкессіздіктер мен фактілерді бұрмалаушылықты билік көрмеген болып, істі өз сценарийі бойынша жүргізіп жатыр.
Бірақ «таң атпайын десе де, күн шыққанын қоймайды». Ерте ме, кеш пе – Атыраудағы соттың ақиқаты ашылады!
Осы трендке билік екінші бір трендті қатысты еткісі келетінін атышулы Төлешов ісі бойынша кеше ғана жарияланған сот үкімі көрсетіп отыр. Яғни, ел ішіне ылаң сап, мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды деген шымкенттік олигархтың арам ойына осы екі адал азаматты да теліп қою!
Төлешовтың соты мен үкімі – өз алдына бөлек бір әңгіме. О бастан ел ішінде сенімсіздік туғызған осы процесті билік неге ашық түрде емес, жабық өткізді? Неліктен қолда бар дәлелдермен елді өз уәжіне сендіргісі келмеді? Қазақстан секілді тұтас бір мемлекетті облыстық деңгейдегі байшыкеш төңкере салады деген ұстанымды неліктен мейлінше жария түрде растамады? Әлде өз сөздеріне өздері сенбей отыр ма?
Үкімнің өзі күлкілі жайттарға толы. Мәселен, оның тәркіленген дүниесінің ішінде «30 бас жылқы, оның ішінде 11 бас асыл тұқымды, екі ұрғашы және бір атан түйе» аталыпты. Не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің! Жалпы айтқанда, бірнеше үйі мен автокөлігін қосқанның өзінде олигархтың қаржы мүмкіндігі мемлекеттік төңкеріс жасауға қауқарлы деп айтудың өзі ұят! Әлде ол қаржы тергеу мен сот барысында қолды боп кетті ме?! Айтпақшы, кіші Төлешов бостандыққа шықты, сөзіне қарасаң, жүні жығылып тұрған ол жоқ.
Жә, Төлешовты ұзақ уақытқа түрмеге жабар. Бірақ елбасы Ақордаға күле кіріп, күңірене шығып жүрген өз маңайындағы бар мәселені осымен шештім деп ойласа, қатты қателеседі!
Үшіншісі – дүниені дүр сілкіндіріп, жанкүйер жұрттың жүрегіне инедей қадалған допинг скандалы. Осы күнге дейін төбемізге көтеріп, халық қаһарманы етіп қалап алған спортшылар масқара боп, Олимпиада медальдарынан айырылып қалды. Масқара болғаны, масқара!
Сөз жоқ, отанымыздың гимнін әлемдік дода төрінде шырқатқан, жастарды спортқа баулуда теңдессіз үлес қосқан олар кез келген сый-құрметке лайық.
Бірақ! Халықаралық ұйым «допинг қолданды» деп айып тапқанда, олар неге өз жеңістеріне адал маңдай тердің арқасында жеткенін бар даусын шығара әлемге жар салмады? Неге қарсылық танытпады? Ең бастысы – неге олар өздері келіспеуі тиіс шешімге қатысты халықаралық сотқа жүгінбеді?! «Иесі келсе, биесін бер!» – демей ме атам қазақ!
Тіпті сотқа барып, жеңіліп қалғанда да, олардың ел алдында беті ашық болар еді ғой?! Жүгіне қоймады. Көңілде қаяу қалды. Зайығы болған медальдар мен марапаттар! Кез құйрықты лашын деп алданып қалған қайран қауым!
Төртінші тренд – «Q» әрпі туралы әңгіме. Көкірегі ояу, көзі ашық ағайын бұл мәселенің лингвисткикалық емес, терең астарлы геосаяси мағынасы бар екенін түсінеді: өйткені қазақ әліпбиінің осы қаріпті қайта жандандырып, төрге шығаруы латыншаға көшудің басы екені айтпаса да түсінікті. Кейбір ресейшіл басылымдар мен тұлғалардың осы бастамаға ашықтан-ашық қарсы шығуының бір себебі осы.
Өз басым көзге де жылы ұшырап, тілге де татымды «Q» әрпін қолдаймын. Бірақ кейінгі кезде кендірі кесіліп, кежегесі кейін тартқыш, халық десе, кескен жерінен қан шықпайтын биліктің былығы мен шылығының арқасында әбден шаршап, титықтап қалған Qazaq елінің қазіргі таңда бір әріптен басқа да маңызды проблемалары бар деп санаймын!
Әміржан ҚОСАНОВ,
арнайы «D» жобасы үшін