«Общественная позиция»
(проект «DAT» №2 (366) от 19 января 2017 г.
ДАТ-CАУАЛНАМА
Марат Тәжиннің Мәскеудегі дипломатиялық миссиясы күтпеген жерден аяқталып, Ақорда әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары лауазымына оралуы ел саясатында талқылы тақырып болуда. Оның елге оралуына қатысты саясаткерлер түрлі болжамдар айтуда. Тіпті Марат Мұханбетқазыұлының Қазақстанның идеологиясы мен ішкі саясат саласына жетекшілікке келуі елдегі мүмкін болатын саяси реформаның бастамасы деген пікірлер де бар.
Ал бұл төңіректе «D» сұрау салған саясаткерлер мен сарапшылар не дейді? Назар аударып көріңіз..
Біздің анықтама
Марат Тәжин 1960 ж. сәуірдің 8-інде Ақтөбе қаласында туған.
Алматы халық шаруашылығы институтын және С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің аспирантурасын бітірген. Әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор.
1992 ж. дейін ғылыми-оқытушылық қызметпен айналысты. Сол жылдың соңында ҚР президенті мен Министрлер кабинеті Ішкі саясат бөлімі меңгерушісі Алтынбек Сәрсенбаевтың шақыруымен билік баспалдағына ілігіп, бөлім меңгерушілігінің бірінші орынбасары болды. Кейіннен Алтынбек ҚР баспасөз министрі болып кеткен соң, М.Тәжин оның орнына бөлімнің меңгерушісі болды.
1994 ж. дейін – ҚР Президенті аппараты басшысының орынбасары және Ақпараттық-талдау орталығының басшысы.
1994-95 жж. – ҚР Президентінің мемлекеттік кеңесшісі.
1995-99 жж. – Президент әкімшілігі басшысының орынбасары және Президент әкімшілігі Талдау және стратегиялық зерттеу орталығының басшысы.
1999-01 жж. – Президенттің Ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі көмекшісі – ҚР Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы.
2000 ж. – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Мемлекеттік комиссияның төрағасы міндетін атқарды.
2001 ж. – ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарды.
2002 ж. – Президенттің Ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі көмекшісі – ҚР Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы.
2002 ж. тамыз айынан бастап – ҚР Президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары.
2006 ж. сәуір айынан бастап қайтадан – Президенттің көмекшісі – ҚР Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы.
2007 ж. қантардың 11-інде ҚР Сыртқы істер министрі болып тағайындалды.
2009 жылғы 4 қыркүйекте үшінші рет – Президенттің көмекшісі – ҚР Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болып тағайындалды.
2013 жылдың қаңтарынан – ҚР Мемлекеттік хатшысы.
2014 жылдың ақпанынан бастап, ҚР ПӘ-і басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалғанға дейін (қаңтар, 2017 ж.) ҚР-ның РФ-ғы Төтенше және өкілетті елшісі болды. Бұл – Тәжиннің ішкі саясат проблемасына төртінші рет оралуы.
Серікбай ӘЛІБАЕВ,
қоғам қайраткері:
– Назарбаевтың сенетін адамдарының қатары селдіреп келеді. Өзінің әлпештеп тәрбиелеген шенеуніктерінің қаншамасы түрмеде отыр, соңғылары қамауға да алынып жатыр. Оның қатарында премьер-министрлер, министрлер, әкімдер, Жоғарғы сот мүшелері, т.б. бар.
Осының бәрін қалай түсінуге болады? Қазір президенттің жанындағылар үрейленіп: «Кезек кімдікі?» деп отырғаны анық. Бүгін – бар, ертең – жоқ жалдамалы лауазымы үшін дірілдеп-қалшылдап отырған шенеуніктерден не үміт, не қайыр?
Меніңше, еліміз терең орға құлап жатқан сияқты. Осындай жағдайда жоғарғы билікте 30 жылға таяу отырған президент өзінің билігін одан әрі қарай жалғастыра беру үшін әртүрлі тәсіл тауып, кадрлық «чехардамен» реформа жасаудың ишарасын жалғастыруда. Бұл – көзбояушылық, xалық оған сенбейді, халықты үнемі алдауға болмайды.
Ал Марат Тәжинге келсек, ол қай қызметке тағайындалса да, оның рөлі – Назарбаевтың көмекшісі, кеңесшісі болудан аспады деуге болады. Жалпы Тәжинды «тұйық» адам дейтіндер де көп. Ол өз басына жауапкершілік алып, елге керек күрделі реформаның жобасын ұсынады деуге болмайды. Ондай реформа Назарбаевқа да керек емес, билік тізгінен айырылып қалу қаупін тудыратын өзгеріс оған керек пе? Сондықтан бұл жолы да Тәжин президенттің ойындағы реформаның елесін ғана дайындайды. Қалай болса да, Назарбаевтың кезекті қулығын іске асырудан аспайды.
Біз әлі Тәжиннің «Мадридский прорыв» деген жалған, тап-таза өтірікке құрылған сөзін ұмытқан жоқпыз. 2008 жылы Қазақстанның «ОБСЕ»-ге төрағалығы қарсаңында ҚР сыртқы істер министрі болған Тәжин Еуропаның бетін бізге қарай қарату үшін: «…Мы поставили перед собой масштабные задачи по политической модернизации… Правительством Казаxстана отозваны или приостановлены законопроекты за клевету и оскорбления в СМИ… До конца 2008 года Казахстан примет меры по либеризации регистрационныx требований к политическим партиям…» деп, әлем қауымдастығын алдап соққан еді. Сол Мадрид саммитінде ол «сайлау заңдарына өзгеріс енеді, адам құқығын жақсартуға бетбұрыс жасалды, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіне көшеміз» деп, Қазақстан билігінің атынан көп уәде берген. Бірақ Тәжиннің айтқандары қағаз жүзінде ғана қалды. Менің ойымша, азаматтық ары, намысы бар саясаткер мұндай бас-көзсіз өтіріктен кейін қызметінен кетуі керек еді.
Осы жерде тағы бір айта кететін мәселе бар: Тәжин марқұм Алтынбек Сәрсембаевпен көп жылдар қызметтес болды, жақын араласты, отбасылық дос болды. Тәжинді билікке алып келген де Алтынбек еді. Сөйте тұра, Алтынбектің нақақтан болған қазасына қатысты марқұмның туған-туыстарына, әріптестері мен дос-жарандарына бір ауыз көңіл айта алмады. ҚР Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы бола тұрып, Алтынбекті өлтіруге тапсырма бергендерді, орындаушыларды табуға қатысты тергеу жұмыстарына араласқанын естіген жоқпыз. Оның қызмет бабымен де осы істі зерттеуге мүмкіндігі болды. Осы тартыншақтық – Тәжиннің азаматтық тұрпатына берілетін негізгі мінездеме деп ойлаймын.
Дос КӨШІМ,
қоғам қайраткері:
– Марат Тәжиннің елге оралуын қоғам өте жақсы қабылдап жатыр. Өйткені Тәжин бірнеше жауапты орындардың тізгінін ұстаған кезде қоғамда ешқашан дүрбелең орын алған емес. Ол кісі жұмсақ саясат ұстанатын саяси менеджер ретінде танылды.
Аслан Мусин, Нұрлан Нығматулин секілді саясаткерлер ұстанатын бірден белден басатын қатаң саясат Тәжиннің табиғатына жат. Ол істі түлкі бүлкекпен бастап, ақырын қасқыр әлпетпен аяқтайтын шебер әрі әккі саясаткер. Ым-жымын білдірмей, барлық тарапты разы қылып, мәселе шешетін ондай саясаткер бізде өте аз. Сондықтан да Тәжин елбасыға бағалы. Мемлекет басшысы Тәжинді үнемі ел үшін жауапты әрі қиын күндері билікке алып келеді.
Мысалы, Еуропалық қауіпсіздік шарты ұйымына Қазақстан төрағалық ететін маңызды жауапты кезде Тәжинді сыртқы істер министрі етті. Тарих ғылымы мен ел тарихына қатысты дау туғанда да, осы мәселені шешуді елбасы Тәжинге сеніп тапсырды. Қазақстан тарихын қайта қарау ісі соңына дейін жүзеге аспаса да, бұл кезең Тәжиннің кез келген істі қиынсынбай мойнына алып, әрі өзін ашық ұстанатын саясаткер ретінде тағы бір дәлелдеп берді. Қалай дегенмен де, оны елге қайтарып алуына қарағанда, қоғамда белгілі бір деңгейдегі қиындықтар туындаған.
Шынын айтқанда, қазір Қазақстан әлеуметтік, саяси, экономикалық, тіпті ұлттық шиеленіс алдында тұр. Мұны растай аламыз. Жер мәселесі, үштілділік мәселесі, жүйедегі парақорлық мәселесі, кешегі уақытша тіркеу мәселесі, зейнетақы жинағы ақшасының желінуі мәселесі – мұның барлығы айналып келгенде қазаққа тиіп, ұлттың шымбайына батады.
Саясаттанушы Тәжин, міне, осы өзекті мәселелерді белгілі бір деңгейде оңтайландырып, ішкі саясатта «тазалық» жүргізе алады. Тәжиннің келуі ішкі саясаттағы менеджерлердің бәсекелестігін күшейтеді. Бұл – өте жағымды құбылыс.
Уәлихан ҚАЙСАРОВ,
экс-сенатор:
– Президент өзі қоғамда және әлемде болып жатқан өзгерістер мен оқиғаларға жауап беруге қабілеттілігінен күннен-күнге айырылып бара жатыр. Сенімді адамдары да қартайып барады немесе дүниені салып жатыр. Дегенмен, қанша қартайса да, Назарбаев биліктен айырылғысы келмейді.
Обалы нешік, кететін уақыты да келер. Сол күнге бүгін дайындалмаса, ертең кеш болады. Сондықтан билікті өз мұрагеріне көзінің тірісінде тапсыруы қажет. Және сол билікті кейінгі ұрпақтардың қолына ұстататындай мықты кепіл болу керек. Президент Назарбаев ондай тапсырманы орындау Тәжиннің қолынан келеді деп ойлайды. Бұл – елбасымыздың тағы да бір үлке-е-ен қателігі.
Тәжин – Ақорданың идеологиялық және ішкі саясат саласындағы іс-қимыл әрекетіне жаңа леп, жаңаша серпін әкеледі деп ойламаймын. Өйткені оның биліктің ішкі саясаты мен идеологиясында болған бұрынғы лауазымды қызметтері соған дәлел. 90-жылдардан бері Қазақстанның ішкі саясаты дүние жүзіндегі болып жатқан өзгерістерден қалып бара жатқанына бүкіл халық, әсіресе ғаламтордан шықпайтын жастар мен шетелге барып келген қазақстандықтар куә. Оларға «Хабардың» үгіт-насихаты түк емес, телеарнада көрсетілетін халықты жаппай алдау насихаты-ақ өтіріктерін әшкере етті. Ал оны түсінбей жатқан адамдарға қазақтың мынандай бір керемет мақалын айтар едім: «Дарияны көрмеген, бұлаққа таң қалады!».
Сол 90-жылдарда да, одан кейінгі кездерде де Тәжин елдің ішкі және сыртқы саясаттарына ықпалды қызметтерде болды. Бірақ Тәжин түрткі болды деген жақсылықты майшаммен іздеп таппайсың. Өкінішке қарай, әлемде болып жатқан прогрессивтік өзгерістердің Қазақстанның дамуына әсер ететін үлгісін дұрыс пайдалана алмады. Меніңше, тек бір адамның билігін сақтауға ықпал ететін әдіс-айланы сырттан іздеп тауып, елге әкеліп, заң нормалары мен Конституцияға енгізді. Сонымен бірге оппозициямен күресу әрекеттерімен айналасты.
Сондықтан мен Тәжинді авторитарлық режимнің өкілі де, нөкері де, тіпті оның өзі де авторитарлық режимнің үлгісі деп танимын. Қазақстандағы авторитарлық жүйеде Тәжин ештеңені төңкеріп тастай алмайды. Бірақ философтардың пайымы бойынша, жеке тұлға жалпы адамзаттың дамуын тоқтата алмайды, бірақ даму үрдісін тездетуге немесе кедергі келтіруге себепкер бола алады. Тәжин – бұның екеуіне де жатпайтын жайдақ орындаушы ғана.
Айдос САРЫМ,
саясаттанушы:
– Марат Тәжиннің Ақордаға қайта оралуында қандай да бір саяси астардың барын аңдауға болады. Тәжиннің үлкен саясатқа оралуы – үлкен саясаттың өзі. Менің ойымша, оған ішкі саясат, стратегиялық жоспарлау, ақпарат-насихат саласын қайта құрып, қайта жасақтау жүктеледі. Себебі соңғы жылдары бұл салада жіберілген кемшіліктер мен олқылықтар халықтың билікке ғана емес, мемлекетке, елге деген сенімінен айырып, жоқ жерден еш негізі жоқ қақтығыстар мен тартыстарға алып барды. Бұған тікелей кінәлі адамдардың бірі – күні кеше мемлекеттік құпияларды заңсыз жинады, таратты деп айыпталып жатқан Бағлан Майлыбаев дер едім. Енді Тәжин сол кемшіліктер мен олқылықтарды түзетуі тиіс.
Жуықта ел президентінің нұсқауымен билік тармақтарын қайтадан бөлу жөніндегі жұмыс комиссиясы құрылды. Бірақ одан әзірге үлкен транзиттік нәтиже күтуге болмайды. Президенттің бұл шешімін биліктің транзиттік кезеңге дайындық деп айту үшін, транзиттік оқиға болуы керек. Менің түсінігімше, президент Назарбаев әзірге биліктен кеткісі жоқ және де өзінің билігін біреуге беруге дайын емес. Сондықтан да құрылып жатқан комиссияның жұмысын транзит мәселесімен байланыстырудың қажеті жоқ.
Басты мәселе – кезінде қабылданған «100 қадам реформаларын» жүзеге асыру үшін Конституцияға біршама өзгерістер енгізу қажеттігіне тіреліп тұр. Комиссияның құрамына назар аударсаңыз, ішінде тек шенеуніктер ғана бар. Бұның өзі көптеген мәселенің «техникалық өзгерістерге» байланысты екенін көрсетіп отырған сыңайлы. Бұдан бәріміз демократияға кенеліп, Конституцияға өзгерістер енгізілген соң, керемет демократиялы мемлекет боламыз дегенге өз басым еш сенбеймін.
Тәжинің алдында тұрған басты мәселелер – ішкі саясаттағы үдерістер мен үрдістерді қайтадан билікке түсінікті, бақылауға, ықпал етуге келетін арнаға түсіру үшін қызмет етеді.
Ақпарат-насихат саласын қайтадан халыққа тартымды ету, билік пен қазақ көпшілігінің арасын жамау, жақындастыру, ақпараттық қауіпсіздік пен мәдени-ақтапарттық тәуелсіздікке ұмтылу да Тәжинге жүктелетін сыңайлы. Билік пен зиялы қауымды, сарапшылар тобы арасындағы сенімсіздікті сейілтіп, оларды қайтадан табыстыру болатын сияқты.
Расул ЖҰМАЛЫ,
саясаттанушы:
– Марат Тәжиннің Ақорда билігіне қайта оралуын қандай да бір саяси-кадрлық қажеттілікпен байланыстырар болсам, әрине, бұл жерде кланаралық тартыстың салдары да болуы ықтимал. Бірақ біз үшін маңыздысы – оның астарында идеология мен ақпарат саласында биліктің өз осал тұстарын жанама түрде болса да мойындағаны жатыр.
Ал жағдай шынымен де өте алаңдатарлық. Соңғы бірнеше жыл бойында елдегі ішкі қарама-қайшылықтар, билік пен қоғам арасындағы түсініспеушілік, мемлекеттік орындарға деген сенімнің күрт төмендеуі сияқты келеңсіз жәйттер үдеп барады. Тіпті ресми мекемелер қабылдаған әрбір шешім қоғам болсын, әлеуметтік желілер болсын – тарапынан қатқыл сынға, әжуаға ұшырап жатқаны көп нәрсені аңғартады.
Енді, міне, мемлекет үшін аса маңызды саналатын идеологияға жауап беріп келген лауазым иелерінің қылмыстық істері әшкереленіп отыр. Бұл өз алдына масқара жағдай. Менің ойымша, идеология саласында тәжірибесі мол, өзіндік салмағы бар Марат Тәжиннің елге қайтарылуы – аталған олқылықтарды жедел түзетудің қамы болып табылады. Бәлкім, бұл тұрғыда оған кеңейтілген лауазымдық өкілеттіктер берілетін де шығар.
Бұл тағайындауға қатысты қоғамның пікірі негізінен алғанда жағымды болды. Оның себебі – халық елдегі ішкі саясатқа, оның ақпараттық сүйемелденуіне мүлде көңілі толмайтындығы, тың өзгерістерді қалайтындығы.
Алайда жекелеген шенділердің орын алмасуымен қордаланған түйткілдердің тарқатылуы неғайбыл. Бұны біз талай рет көрдік.
Өкініштісі сол – жүйелі әрекеттердің орнына билік баяғы әдетінше әлдебіреуді тағайындай салумен немесе жаңа министрлікті құра салумен мәселе шешіледі деп ойлайды. Бірақ одан түк шықпайды. Бұл өзін-өзі алдау ғана. Тиісінше, Марат Тәжиннің идеология тізгінін қолына алуымен жағдай оңалады дегенге сену қиын.
Қазақстан бүгінде жүйелі саяси дағдарыс кезеңінде тұр. Оның ең қауіпті тұсы – мемлекеттік басқару жүйесінің дағдарысы. Оны еңсеру үшін жекелеген кадрлық ауыс-түйістер не үстіртін косметикалық шаралар жеткіліксіз. Дағдарыстан шығу үшін кешенді саяси реформалар, демократияландыру, ашықтық керек. Бірақ көріп отырғанымыздай, ондай қадамдарға билік дайын емес.
Ақорданың идеологиялық саладағы ішкі саясатында қателіктер көп қой. Солардың ішінде, меніңше, бастысы – идеологияның бұрынғы совет шекпенінен әлі күнге шейін шыға алмағаны. Ойлап қарайықшы – ширек ғасыр өткенімен, Қазақстанда шын мәнісінде сананың отарсыздануы орын алды ма? Мемлекеттің діңгегі болып табылатын қазақ тілі, қазақи діл мен рух жаңғырды ма? Әрбір азамат тәуелсіздіктің қадірі мен игілігін толық сезіне алды ма? Сөз жүзіндегі емес, іс жүзіндегі демократиялық қоғам құра алдық па?
Жоқ! Негізгі себеп – мемлекеттік басқаруда сол мемлекетшілдік, ұлттық тұғырдың жетіспеуі, керісінше, тиісті де ауадай қажетті рухани құндылықтардың әркез бөтен идеологияның, бөгде мемлкеттердің көлеңкесінде қалып келгені. Турасын айтқанда, біз әлі күнге шейін Тәуелсіз Қазақстанның дербес күн тәртібін қабылдай алған жоқпыз, оның иммитациясымен айналыстық. Бұл зая кеткен уақыт. Бос сөзден нақты іске әлдеқашан көшу керек еді.
Десе де, бүгінгі саяси элиталар бұл олқылықты жан-тәнімен түсініп, сезініп отырғаны байқалмайды, бәлкім, оған қабілеті де жоқ шығар. Әлде де ескі сарын, басқа елдерге жалтақтай беру, жігерсіздік басым. Олай болса, мемлекетшіл ұстанымы берік жаңа элита қалыптаспай, жасампаз идеологияның пайда болуы күмәнді.
Қазбек БЕЙСЕБАЕВ,
экс-дипломат:
– Марат Тәжиннің Ақорда билігіне қайта оралуын қандай да бір саяси-кадрлық қажеттілікпен байланысы сол – елде шешімін таппаған саяси-әлеуметтік, экономикалық мәселелер қатары көбейіп жатыр, ал осы мәселені шешуге қабілеті мол, сауатты, сенімді кадрлар жетпейді. Бұл – бір.
Екіншіден, жалпы биліктің басқару жүйесіндегі туындаған проблемалар да жетіп артылады. Осы сәтте авторитарлық жағдайындағы ел билігінің ішкі саясатына өзгеріс әкелу үшін Марат Тәжин оралды. Бірақ елдің төрт-бес жыл бұрынғы жағдайын бүгінгі күнмен салыстыруға келмейді. Ал дағдарыс дендеген елдегі саяси-экономикалық жағдай мүлде басқаша. Халықтың әлеуметтік ахуалы өте нашарлап кетті. Осындай жағдайда елде өзгеріс болады дегенге кім сенеді? Менің күмәнім көп.
Ақорданың идеологиялық саладағы ішкі саясатындағы олқылық көп.
Соның біреуі – «Елбасының арқасында елде бәрі жақсы» деген догмалық идеология басымдылық алып барады. Үкіметтің әлеуметтік мәселелерге дайындаған бағдарламалары тек қағаз жүзінде қалып, билік пен халықтың арасы алшақтады.
Сауалнаманы жүргізген –
Бақытгүл МӘКІМБАЙ,
«D»