ТАЛАП ЕТЕМІЗ!

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №33 (397) от 14 сентября 2017 г.

 

Ашық хат!

 


 

Газет редакциясына Қазақстанның президенті Н.Назарбаевтың атына жолданған ашық хаттың көшірмесі келіп түсті. Қазақ ұлтының тағдырына қатысты мәселе көтерген бұл хат сонымен бірге ҚР премьер-министрі Б. Сағынтаевтың, ҚР сенатының төрағасы Қ-Ж. Тоқаевтың, ҚР мәжілісінің төрағасы Н. Нығматулиннің атына және бірқатар министрліктер мен әкімдердің атына да жолданған екен. Төменде біз бірқатар талаптар қойылған осы хаттың ықшамдалған нұсқасын жариялап отырмыз.

 

Қазақ халқының үш ғасырлық азаттығы мен мемлекетін құрудағы ең ауқымды, ұлт санасын оятып, өлмейтін рухын қалыптастырған және қазақтың ұлттық мәселесін халықаралық саяси аренаға шығарған интеллектуалдық күрес – ол Алашорда қозғалысы болды. Міржақыптың «Оян, қазағынан» бастап, Мағжанның «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты… Мен жастарға сенемін!» деген ұрандары, Абайдың кезіндегі «бір ұрты май, бір ұрты қан…» қазақты оятып, болашаққа сенетін біртұтас ұлт етті.

Алашордашылар газет-жорналдар шығару мен білім ошақтарын ашу арқылы халықты саяси күреске дайындап, толыққанды ұлт қалыптастырып, автономиялық мемлекет құрды. Олар бұрын ғасырлар бойы болмаған өзгерістер жасап, ұлтты түпкілікті өзгертті, сапалық жаңа дәрежеге көтеріп, әлем өркениеттерінің стандарттарын енгізді. Сонымен қатар М.Шоқайға Парижде ескерткіш қойылып, «Петербор адамы» атағы берілуі, М. Дулатовты Кемаль Ататүрік өзінің ұстазы санауы… яғни Алашорда қозғалысы тарихтағы халықаралық азаттық күрестің жарқын беттеріне айналды. Жан-жақты зерттеліп болмаған Алашорда қозғалысының ұлттық идеялары ХХІ ғасырда да Қазақ мемлекетін дамытуда өз үлесін қосады.

Сондықтан Алашорда қозғалысының 100 жылдығын: а). Әр бала-бақша, оқу орындары, барлық компаниялар мен мекемелерде өткізу; ә). Мектеп, ЖОО бағдарламаларына «Алаштану және Алашорда» пәнін енгізіп, энциклопедиялар және алашордалықтардың толық еңбектерін шығару; б). Алашордашылардың суреттері (портреттері) бала-бақшалардан бастап… қала, облыс әкімшілігі мен Үкімет, Президент әкімшілігінің кабинеттерінде тұрақты болуын бекіту; в). Алашордашыларға ескерткіш орнату, көше, парк, қала аттарын беруді заңдастыру. Бұл шаралар Қазақ елінің рухани және интеллектуалдық дамуы жолына түсіретін қарымды қадамдар болмақ;

 

Соңғы кезде Үкімет, Парламент, Президент әкімшілігі, түрлі дәрежедегі әкімшіліктер, компаниялар мен оқу орындарында үштілділікті желеу етіп, «Тіл туралы заң» мен Конституциядағы мемлекеттік тілдің нормалары өрескел бұзылғандықтан, ол үш тілдің де дамуына кедергі болуда. Үштілділік оқу орындарында 1960 ж. бері бір-біріне кедергісіз оқытылатын бағытта жүруі керек.

Қостанай облысындағы полицияның мемлекеттік тілге қарсы «жүйелі» әрекеттері мен оны қолдап, шешім шығарған сот пен прокуратура қызметкерлері бір ай ішінде жұмыстан босатылсын. Мемлекеттік тіл нормаларынан ауытқудағы ҚР БжҒМ ісіне Бас прокуратура, т.б. тиісті органдар екі айда бағасын беріп, заң бұзғандар жазалансын. Қараша айына дейін елдегі барлық заңды тұлғалар, оның ішінде биліктің барлық тармақтары, елшіліктер, т.б. ісқағаз, жиналыс… барлық жұмыстарын Конституцияның 7-бабына сай реттесін. Мемлекеттік тілді оқытудағы Атырау облысы мен Алматы қаласының оң тәжірибелері кеңінен таратылсын.

 

Президенттің 2017 ж. Қазақстан халқына жолдауында Адам капиталы мен интеллектуалдық ұлт бағдарламасына басымдық берілгенімен, Ақмола облысы осы бағытта Үкімет бекіткен жобаны іске асыруды кешеуілдетуде. Қорытындысында ҚР АШМ кешенді жұмыстарына қарамастан, ауыл тұрғындарының еңбек өнімділігі РФ-дан үш есе, Белоруссиядан 8 есе, Батыс елдерінен 18–20 есе төмен, яғни тұрмыс деңгейі мен өмір ұзақтығы да төмен болып қалуда;

«Абу Даби Плазадағы» келеңсіз жағдай қайталанбас үшін, Қазақстан Альянсы, Астана қаласы әкімдігімен бірге қала жастары мен тұрғындарының мәселелерін оң шешетін шаралардың қысқа және орта мерзімдік бағдарламасын дайындап іске асырсын;

Елдегі салықтың 80% түсіретін 400-дей шикізат өндіретін шетелдік компаниямен жасалған келісімшарттар елге тиімсіз, көмірсутегін өндіретіндерге, оның нарықтағы құны өскенде салынатын үдемелі салық (прогрессивный налог), яғни халықаралық норма енбеген. Соның салдарынан уақыт өткен сайын халық кедейленіп, күндік орташа табысы БҰҰ-ның дамушы елдердің ішіндегі ең кедейлеріне белгіленген бір центтік нормадан да төмен – 0,88 цент болды.

Оған елдің ЖІӨ деңгейіне жеткен сыртқы қарызды қосса – бұл стагнация мен дағдарыс. Себебі мұнай-газ, құрылыс салаларында шетелдіктермен бір компанияда істейтін біздің азаматтардың табысы 5–12 есе төмен болса, сан үлесі 30–40%-дан аспайды. Қытайдың 51 кәсіпорнын салу, ҚХР үшін лас өндірісті Африка, ҚР сияқты артта қалған елдерге шығару, яғни ол экономика және экологиялық тұрғыдан тиімсіз, елді улау болып табылады. Ондай кәсіпорындардың пайдасынан гөрі зияны ондаған есе көп және осы зауыттарға қазақстандықтар түгелдей қарсы. Бұл және шала шешілген «жер сату» мәселесі – әлеуметтік наразылықтың ошағы.

Алматы мен Астанада жастардың 40–45%, облыстарда 37–40%, елде 2,5 миллионға жуық адам жұмыссыз, жастардың 60 пайызында баспана жоқ. Несиені жылына 22–30%-бен беретін банктердің саясаты бизнесті құртып, қоғамды қайыршыландыруға бағытталған. «Коммуналдық тарифтерді біржақты әлемдік нормаға келтіріп, елге инвестиция тартамыз» деу – экономикалық тетіктерді түсінбей және әлеуметтік жағдайды ескермеген шешім. Тарифті көтеру үшін алдымен мүгедектер, тұрмысы төмендер мен зейнеткерлер, дәрігер, мұғалімдердің… табыстарын әлемдік деңгейге жеткізу қажет. Елге тағы да қарыз алу емес, әртүрлі оффшорлардағы елдің ұрланған ақшаларын қайтарып, коррупцияны тоқтату керек.

Жоғарыдағыларды ескеріп:

А). Жаңаөзен, Ақтоғай, Маловодный және 2016 ж. Қазақ жерін қорғауда жазықсыз сотталғандар жыл аяғына дейін түгелдей бостандыққа шығып, азаматтарды негізсіз қудалау тоқтатылып, қудаланушылар жазалансын;

Ә). Шикізат өндіретін компанияларға салынатын салықты халықаралық нормаларға келтіріп, үдемелі салық (прогрессивный налог) енгізілсін;

Б). Парламентте қаралып жатқан заңдағы шикізат өндіретін компанияларға беретін жеңілдіктер қысқартылсын;

В). Банк жүйесін реформалап, елдегі шетелдік банктердің үлесін 80%-дан арттырып (Сингапур тәжірибесі), пайызсыз және ұзақ мерзімдік несие беретін Үкіметтің бағдарламасы қабылдансын. Банктерге 2008 ж. берілген $10,0 млрд – 2018 жылы, 2017 ж. берілген $8,0 млрд – 2020 жылға дейін тиісті пайызымен бюджетке қайтарылсын;

Г). ҚР біріккен компаниялар мен банктердегі шетелдіктердің үлесін 2022 ж. дейін Оңт. Корея, Малайзия сияқты 25%-дан асырмауға қол жеткізілсін;

Ғ). Жастарды жұмыс, жер, баспанамен қамтамасыз ететін мемлекеттік бағдарлама қабылдансын. Шетелдік және біріккен кәсіпорындарда істейтін ҚР азаматтарының үлесін 2018 ж. бастап 90% жеткізіп, табыстары шетелдіктермен теңестірілсін;

Д). Тарифті көтеру елдегі орташа табысты әлемдік деңгейге жеткізген соң шешілсін;

Ж). Экономикалық тиімсіз және экологиялық зиянды Қытайдың 51 кәсіпорынын салу және сол елден қарыз алу тоқтатылсын;

З). Әдем қазақтарының құрылтайында көтерілген Қытайдағы қазақтардың мүшкіл жағдайына байланысты Үкімет, СІМ мәлімдеме жасасын;

И). Мемлекет қаржысының есебінен жасалып, елді дағдарысқа әкелетін спорттық, дінаралық, саяси, т.б. елге тиімсіз және ел бірлігіне нұсқан келтіретін ЭКСПО (жабылуына астаналықтарды қаладан қуып жатыр), ресми тіркелген үш мыңнан астам секталар, АЭФ, т.б. шаралар шектелсін, не жеке қаржыға өткізілсін. Ол шаралар Қазақстанды «әлемдегі 5 диктаторлық режимнің бірі», не «Борат елі» деген айдардан құтқарған жоқ.

Қатардағы шенеуніктерден бастап Президентке дейінгі барлық биліктің міндеті – халыққа қызмет ету, оның тұрмысын жақсартып, жастарды жұмыс, баспанамен қамтамасыз ету, Ұлттық экономиканы дамыту. Үкімет пен Парламент алдымен жоғарыдағы мәселелерді заңдастырып, іске асырулары керек!

Сондықтан жоғарыдағы шараларды уақытылы шешпейтін органдарға сенімсіздік танытып, қажет болса, Конституцияға сай бүкілхалықтық референдуммен шешіледі. Алаяқтар мен сатқындарға бұл елде орын жоқ.

Адам құқығын қорғап, демократиялық ұстанымдарға негізделген Тәуелсіз елде береке-бірлік, болашақ болады.

 

Құрметпен,

•    «Қазақстан Альянсының» Ұйымдастыру алқасы атынан: ҒАББАСОВ Совет-Хан – медицина және педагогика ғылымдарының докторы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері; СӘБДЕН Оразалы – Қазақстан ғылымдар қауымдастығының төрағасы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты; МЫРЗАХМЕТОВ Мекемтас – ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты; ӘУЕЗОВ Мұрат – М.О.Әуезов атындағы қордың төрағасы, ғалым; ЕЛЕУСІЗОВ Мэлс – Қазақстанның Экологиялық одағы мен кәсіпорындары «Табиғат» қауымдастығының президенті; ТҰЯҚБАЙ Жармахан – ЖСДП төрағасы; БАТТАЛОВА Зәуреш – «Қазақстанда парламентаризмді дамыту» Қоғамдық қорының президенті; ТОҚАШБАЕВ Марат – «Президент және халық» газетінің бас редакторы, профессор; ЖӘКЕЕВ Ғабиден – Ғ.Мүсірепов атындағы қордың төрағасы;

 

Қазақстан ғалымдары, ақын-жазушылары, мемлекет және қоғам қайраткерлері атынан:

•    НҰРПЕЙІСОВ Әбдіжәміл – жазушы, ҚСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты; ШАХАНОВ Мұхтар – «Түрік әлемінің» үздік ақыны; ҚАЙДАРОВ Әбуғали – филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі; АЙТБАЕВ Өмірзақ – филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы; ӨТЕЛБАЕВ Мұхтарбай – физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ҚҰА академигі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты; ЕЛЕМЕСОВ Көпмағамбет – ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор; ҚАБЫШҰЛЫ Ғаббас – жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның құрметті журналисі; НҮСІПЖАНОВ Нұрғали – ҚР Халық әртісі; ТҰРСЫНБАЕВ Балташ – мемлекет және қоғам қайраткері; РАҚЫШЕВ Баян – ҚР Ғалымдар одағының вице-президенті, ҚР ҰҒА академигі; ЖҰМАДІЛОВ Қабдеш – Қазақстан Халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты; ИСАБЕКОВ Дулат – жазушы-драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты; СМАТАЕВ Софы – жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты; МЕДЕТБЕК Темірхан – ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты; ЕСДАУЛЕТ Ұлықбек – ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Жұлдыз» жорналының бас редакторы; БАЙПАҚОВ Карл – ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы; АРАЛБАЙ Нұғман – биология ғылымдарының докторы, профессор; ҚОЖАХМЕТ Хасен – қоғам қайраткері, композитор; КАПЕКОВА Гүлнар – тарих ғылымдарының докторы, профессор; НЕСИПБАЕВА Калия – тарих ғылымдарының докторы, профессор және басқалар.

 

Пошта адресі: 050052, Алматы, До востребования-52. Кушаев А., Электрондық адрес: [email protected].

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн