«Общественная позиция»
(проект «DAT» №11 (282) от 19 марта 2015 г.
Беу, дүние!
Өзі пір тұтқан ұлы хәкім Абайша қазақтың қамын жеп, оның өркенді сәтін жақындата түсуге сүбелі үлес қосқан үлкен жүректі азамат «қалың елі қазағымен» қош айтысып, мәңгілікке аттанып жүре барды. Арқалы жазушы, майталман аудармашы, білікті публицистің қазасы қазағын қайыстырып кетті. Енді міне, асыл азаматтан айрылғанымызға да 40 күн болыпты.
Герағаның нар тұлғасына ел азаматтары лайықты қошемет көрсетіп, қастерлеп, мәйітін өзі өсиет еткен Алматының үлкен зираты – «Кеңсайға», бақилық болған дос-жарандарының қасына жерленді. Азалы жиында аталы сөз айтылып, дуалы ауыз қариялар бата-тілектерін білдіріп жатқанын теледидардан көріп, мерзімді басылымдардан оқып-біліп, риза болып жатырмыз. Ақ ниеттерінің сауабы тиіп, иманы кәміл болсын дейміз.
Герольд Карлұлы қазақ деген халыққа мейлінше адал болып, оның басын қосып, бірлікке жетелейтін идеяға ізденіс жасады. Өзінің «Қазақ сөзі» («Казахское слово») атаулы эссе-очеркінде қазақ тілінің сөздік құрамының ерекшелігі мен оның ауылдық болмысы арасындағы үйлесімді әлемнің Пушкин – Гете – Абай сынды Рух алыптары ұстанымы негізінде зерделегені белгілі.
Тегі басқа бола тұра, қазақты Бельгердей қадірлеп, бауыр тұтқан, оның болашағына үделі үлес қосқан ұлт өкілі бар ма екен бізде?! Болса, бірең-сараң бар да шығар. Алайда дәл Герағаңдай артына ұлан-асыр рухани мұра қалдырған ешкімнің жоқ екенін бәрі біле бермес. Жазушы 53 кітапты тікелей өзі жазып, 19 кітаптың құрастырушысы әрі редакторы, 103 жинақтың серіктес авторы болыпты. Сонымен қатар ол неміс тілінен орыс тіліне – 20, қазақ тілінен орыс тіліне 200-ден астам прозалық шығарманы аударып, мерзімді баспадан 1800-ге жуық жарияланымды жарыққа шығарған екен. Неткен өнімді де жемісті іскерлік десеңізші!
Бұл деректерден оның жалпы қазақ халқының ділін, тілін, салт-дәстүрін бойына терең сіңіріп, сол рухани қазына жемісін өзіне еселей қайтарып бере білген ұлағатты тұлға екенін көреміз. Бұны ең алдымен – бойына туа біткен табиғи дарынның, екінші – алдағы істерін жүйелеп, жоспарлап жүргізуінің нәтижесі дер едік. Өмірінің әрбір минуты мен сағатына, күні мен айына мерзімді жоспар жасап, ондағы іс-шараларды үзбей, тиянақты түрде орындап отырған екен, жарықтық. Бұл орайда Абайдың «ақырын жүріп, анық бас» дейтін нақыл сөзін берік ұстанғанын байқауға болады. Осыны терең пайымдап, өзіне машық етпесе, осыншама ауқымды дүниені өмірге келтіре алар ме еді деп ойлайсыз.
Адамзат баласының өмір өлшемін айтқанда бұрынғылар: ғұмыр «қамшының сабындай», «көрген түстей», «қас пен көздің арасындай» дейді екен. Ғарышпен салыстырсақ, әрине, солай болмақ. Ал адам өмірі, керісінше, оның артында қалдырған асыл сөзімен, ізгі ісімен өлшенетіні мәлім. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген сөз содан болар. Жамандық та ел жадында ұзақ сақталады. Тарихта мәңгілік есімдер аз емес. Бұл турасында бұдан мың жыл бұрын Жүсіп Баласұғын бабамыз:
Құрметтер ел, болса егер
затың жақсы,
Талай ғасыр жаңғырар
атың жақсы.
Қарғысын естір талай
ғұмырлардың,
Есімі қаны қара
зұлымдардың, –
деп толғаған екен. Кейде еріксіз езу тартқызып, кейде жігеріңді жасытып, өзі тәрізді «Апырай-ә!» дегізетін жиған-тергендерінің дені кейінгі 15 жыл бойында «ДАТ» газетінде «Плетенье чепухи» деген тақырыппен жария етіліп келгені белгілі. Сол арқылы ол кейбіреуге түрпідей болып көрінген үнпарақты халыққа жақын етті. Газет те оны өз ретінше мақтан етіп, мәртебесін өсіріп, алыс-жақын ағайынға әйгілі етті десек, артық болмас.
Ол өз есімін қазақ ұлтының тарихына мәңгі жазып қалдырды. Оның «чепухаларының» көбі қазақтың бүгінгі болмысы мен ертеңгі болашағы жөнінде толғанысқа толы. Кез келген әңгімесі күнделікті кәкір-шүкірден бастау алып, келе-келе толығып, толысып, асау толқындай буырқанып барып, терең де өткір ойға ұласады. «Таза, мінсіз асыл ой – шер қозғаса шығады» – деп, Бұқар жырау айтқандай, халықтың мұң-шеріне келгенде шындықты шырылдата жазады. Ондай кезде нағыз сөз зергері дерсіз.
Оның қазақ халқының асыл азаматтары мен әйгілі ақын-жазушылары жайында ой-пікірлері жас ұрпаққа кімнің кім екенін танытқандай. Әр нәрсеге жіті қарап, өзіндік соны пікір айтады. Мысалы, дін туралы: «Мен дінді жоғары бағалаймын. Өйткені ол халықтың пәлен мың жыл бойы санасына сіңірген көзқарасы» – дейді. Қарапайым сөз. Алайда ол ұлылықтың нышаны іспетті.
Герольд Карлович Бельгер 1994 жылы Қазақ КСР-ы Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына Павлодар облысынан кандидат болып тіркелген кезінде мен оның сенімді өкілі болған едім. Герағаның сол кезде ел аралап, халықпен кездесіп, оның ризашылығына бөленген сәттердегі жайдары жүзі әлі есімде. Ол кезең мен үшін өте қымбат. Осыны ескеріп, оның зайыбы Раиса Закировна мен қызы Иринаға шын ниеттен көңіл айтамын. Сіздерді Герағаның аруағы қолдасын. Оның жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады.
Мұрат ӘБДІРАХМАНОВ,
«Қазақ тілі» қоғамы
Астана филиалының
жауапты хатшысы,
ҚР Журналистер
одағының мүшесі