«Общественная позиция»
(проект «DAT» №19 (290) от 14 мая 2015 г.
Тақырыпқа тұздық
Бозбала шақ. Алғашқы махаббат. Сәтсіздік. Жүректегі мұңды өзіңше өлең ғып өріп, оның не өзіңе ұнамай, не қызға беруге бата алмай жыртып тастау… Әркімге-ақ таныс, жүректі әлі күнге шым еткізетін сезім емес пе!
Сондай шақтың бір күні еді. Есік алдындағы сәкіде көңілсіз отырғанмын. Жалғасбай атаның жақындап қалғанын қалай аңғармай қалғанмын. Келе тиісті:
– Әй, ұнжырғаң түсіп, салбырап қалыпсың ғой! Сен қызталақ осы ғашық болып қалғаннан саумысың?
Қайдан біле қойды екен? Тамырыңды ұстамай-ақ бал аша беретін қасиеті жоқ сияқты еді… Үндемедім.
– Бәсе, бәсе, бұлардың сыры маған мәлім ғой! Қит етсе, жүрегін ұстап шыға келеді. Өтеді, кетеді ол махаббатың…
– Сонда, сіздіңше, махаббат деген болмай ма? Апам ше? – деймін мен де қитығып.
– Бар ғой, неге болмасын! Бірақ текті махаббат деген болады. Менің басымнан сол өткен. Шіркін, қайта айналып келмейтін керемет шақтар еді ғой…
Атам түнге қарай түнере қалатын аспан тауларға қарап, ойланып отыр. Әңгімесі маған да қызық бола бастады. «Текті махаббаты» несі?
– Анау Хан Тәңірінiң етегімен бір кездері арғы бетке ел көшкен. Жаңа өкімет ұзын құрығын қазақтың байларына сала бастағанда, сол көш тіпті үдеді. Көшкен байдың байлығында есеп жоқ. Жол-жөнекей оларды тонайтын қарақшылар да пайда болды. Қазағы бар, казак-орысы бар, одан қалса шекарашылар тағы бар – әйтеуір әлгі байлардың аман өткендері некен-саяқ еді. Әкем құралайды көзге атқан мерген, аңшы болатын. Арғы аталары ауқатты, текті әулеттен екен. Мен де жасым жиырмаға толған, осы өңірге әншілікпен атым шығып қалған сері жігітпін. Әке-шешем қалаған қыздардың бірін де көзіме ілмей, ауыл-ауылды аралап, думандатып жүремін. Кейде айлап үй көрмей кетемін. Бұл жолы да қыдырыстап кетсем керек. Әкем аңшылықтан келе жатып, бір сұмдық оқиғаның үстінен түсіпті. Төменде бір көшті қарақшылар тонап жатыр екен. Араларында еркек кіндіктерi аз болса керек, әлгілер түк қарсылық көрсете алмаған. Алыстан шауып келе жатып, әкем қарақшылардың бір-екеуін атып түсіріпті. Қарақшыға да жан керек: алды-арттарына қарамай зыта жөнелген. Байлығынан айырылып, жүргін аттары да қолды болған байды қасындағыларымен үйге әкеліп, қазан көтеріп, бір күн күтіпті. Кетерінде астарына ат беріп, шекараға дейін шығарып салған. Артта қалған атамекенге жасаураған көзімен соңғы рет бір қарап кетіп бара жатқан бай бір кезде артына бұрылып, әкеме айқай салыпты:
– Әй, бауырым! Ержетіп қалған ұлың бар ма?
– Бар! – депті әкем, – Оны қайтейін деп едің?
– Бар болса, қызымды алып қал! Енді сендей текті тұқым кездесе ме, жоқ па арғы бетте?!.
Солай деп, бай арбада отырған қызын жылап, еңірегеніне қарамай түсіріп кете барған. Артына бір қарамапты, шіркін! Әкем ойда-жоқта пайда болған келінін мінгестіріп, үйге қайтыпты…
– Сосын?.. – деймін ғой атама. – Сосын не болды?
– Не болушы еді? – дейді атамыз, – Бір ай үй көрмей жүрген мені әкем әзер тауып, үйге алдыртты. Жол бойы бұлқан-талқан болып, өзімше ашуланып келдім. «Жолдан тапқан келіні қайбір жақсы дейсің» деген паңдық қой баяғы. Албанның бір қызын менсінбей жүрген сері емеспін бе!
Үйге кірген бетте қызды көріп, тілден айырылдым. Ондай сұлу қызды бұрын-соңды көрген емеспін. Бір көргеннен ғашық болдым. Бай Арғын елінің атақты бір тұқымынан екен. Қызына талай мықты құда түссе де, қызын бермеген көрінеді. Ару қыздың ақылын айтсаңшы! «Қызын алма, тегін ал» деген осы шығар?..
Атамыз түн қараңғылығынан мүлдем көрінбей қалған аспан таулар жаққа қарап, тағы да үнсіз қалды. «Ары қарай не болды?» деп сұрауға оқтала бергенім сол еді, көшенің арғы бетінен дауыс естілді:
– Жалғасбай! Қайдасың? Түн болды, жаурап қалдың ғой, кір үйге!..
– Арғынның қызы іздеп жатыр, әне. Қой, қайтайын, – деп атам орнынан тұрды. Ары қарай не болғанын түсіндім. Ештеңе сұраған жоқпын. Бәсе, апамыздың бір дауыс көтергенін көрмеп едім. Тектілігі сезіліп тұратын…
Арман СҚАБЫЛҰЛЫ
(«Фейсбуктағы» парақшасынан)