ТОПАНСУ Шығысқа да жетті

Шығыс Қазақстан облысының Зырьян ауданында су басуға байланысты төтенше жағдай жарияланды, деп жазады Azattyq.org

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметкері Анастасия Склярдің «Азаттыққа» айтуынша, Зырьян ауданында су тасу қаупі туындаған. Ауданның су басу аймағында орналасқан жеті елді мекенінде 28 сәуірге қараған түні тұрғындарды көшіру басталған. Склярдің сөзіне қарағанда, Быково, Баяновск, Путинцево, Зубовск, Малеевка, Парыгино және Снегирево ауылдарынан 976 адам, оның ішінде 217 бала көшірілген. Құрбан болған, я зардап шеккендер туралы мәлімет жоқ.

Департамент өкілінің сөзінше, екі трансформатордың су басуына байланысты Зубовск, Малеевка, Новокалиновка және Путинцево ауылдары электр қуатынан ажыратылған.

Шығыс Қазақстан облысында күннің күрт жылынуы мен қардың еруі және толассыз жауын өзендер мен су қоймаларындағы су деңгейін көтерген. Қатонқарағай ауданындағы елді мекендерде де су тасу қаупі бар. Облыстағы екі жолдың кейбір бөліктерінде жол қозғалысы тоқтатылған.

Қазақстанда сәуір айында су тасқынынан Ақмола, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында да ондаған елді мекен зардап шекті.

Бұл екі арада «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компания» АҚ басқармасының төрағасы Ермек Кинзатов Қазақстанда су тасқыны бұзып кеткен жол нысандарын қалпына келтіру үшін ҚР үкіметінің қорынан Т2,6 млрд бөлінеді, деп хабарлады.

«Қазіргі таңда оның шығыны шамамен 2 млрд 600 млн тенгені құрап отыр, бұл қаржы үкімет қорынан бөлінеді және сол нысандарды қалпына келтіруге жұмсалады. Атап айтсақ, 3 көпір, 7 су өткізу құбыры, 23 шақырым автожол мен жол жиегі. Бүгінгі жағдай осылай, толық ақпар су тасқыны толығымен аяқталғасын белгілі болады», – деді Е.Кинзатов сейсенбідегі брифингте.

Оның ақпарынша, қазіргі таңда 10 учаскеде көпірлер мен құбырлар бұзылған, 50 жол учаскесінің жиегін су шайып кеткен. «Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысында 3 көпір толық бұзылған, сосын Павлодар облысында. Өкінішке орай, бүгін жаңадан хабар келіп түсіп жатыр, Өскеменді Ульяновскімен байланыстырып тұрған автожолда да көпірді су шайып кеткен… Қазір жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде, барлық жерде айналып өтетін жолдар бар», – деді Е. Кинзатов.

«D»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн