ТОРҒАЙДАҒЫ ҚҰПИЯ КЕҢЕС ракета қалдықтарын қымтап қала ма?

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №37 (401) от 12 октября 2017 г.

Жер киесін кім ойлайды?


Елімізде ғарыштық техниканың адам естіп көрмеген жетістігіне бағалап, бөркін аспанға атып, қуанған «Союз-2» зымыраны халықаралық OneWeb жоба шеңберінде орбитаға шығарылатын болды. Шығарылғаны бар болсын, оның қалдықтары қазақтың текті жері, тарихи бөлігі іспетті әрі тек қалың қазақ қана орналасқан Жангелдин ауданынының жеріне, яғни жергілікті тұрғындардың басына түсетін болды. Мұны енді қуанышты хабар деуге аузымыз бара қоймас.

Алайда ғарыш саласын басқаратын әрі оған жауапты лауазымды жандар мұны жай ғана өндірістің қалдығы ретінде болып жататын, әншейінде ешкім де назар аудара бермейтін, тіпті айтуға да тұрмайтын дүниелердің қатарына жатқызатын сыңайлы. Сондықтан да шығар, аяқ астынан бейне бір әскери құпия есепті ғарыштық зымырандардың ұшырылуының экологиялық қауіпсіздігі жөніндегі қоғамдық тыңдау деген құпия мәжілісті облыста немесе Астанада емес, сонау шағын ғана Торғай ауылында (ол Қостанай қаласынан 500 шақырымнан асып жығылады) ың-шыңсыз өткізе салыпты. Ондағы мақсат, әрине, халықтың басына зымыран қалдығы құлап, жұрттың зәресін әбден ұшырған өзекті тақырыпты ешкімге сездірмей, ылдым-жылдым өткізу екендігі белгілі.

Екіншіден, бұл жерге аяқ астынан жиналып, зымыранның құлау себептерінен жақсы хабардар, оның салдарын нақты дәлелдермен түйіндеп беретін халықтық, яғни тәуелсіз сарапшылардың шақырылмағандығы белгілі. Шағын ғана ауылдан ғарыштық мәселе жайлы ғылыми фактіге негізделген пікір айтатын адам қайдан табылсын?.. Демек, мұндағы жиналыстың мәні де «Аш құлақтан тыныш құлаққа» ұқсайды.

Біздің бұл күмәнімізді осынау шағын ғана ауылға жиналған жоғары лауазымды адамдардың көптігінен де байқадық. Мұнда тіпті «Роскосмос» мемлекеттік корпорациясының білдей бір өкілі қатысуға құлық білдіріпті. Бұлардың барлығы да зымыранның ұшырылуы заманымыздың аса ірі жетістігі екендігін, оның адам баласына әкелер жақсылығы көп екендігін, тіпті қыза-қыза келе, осы жақсылықтың бір шеті Торғайды да қамтитындығын мақтана айтып өтіпті.

Алдымен облыс әкімі Архимед Мұхамбетов сөз сөйлеп, бұл қоғамдық тыңдауда осында тұратын әрбір тұрғынның пікірі ескерілетіндігін (сонда бұлар әр үйге кіріп, әр отбасының мүшесімен сөйлесіп шыққан ба?), оның үстіне облыстық әкімдік ҚР Қорғаныс және аэроғарыштық өнеркәсіп министрлігімен кеңінен түсінік жұмыстарын жүргізетіндігін жеткізді.

Ғажап қисын екен! Ау, әркімнің пікірі ескерілсе, кеңінен түсінік жұмыстарын жүргізіп қажеті не? Әлде оның бұл пікірі қарсыларды өзінше қорқытып-үркітудің айла-шарғысы ма?

Ал енді келесі шешен – аталмыш министрліктің басшысы Бейбіт Атамқұлов еліміз тәуелсіздік алған жылдар ішінде ғарыш саласында ғаламат жетістіктерге жеткендігін майын тамызып айтып берді. Сонымен тоқталды.

Оның вице-министрі Марат Нұрғожин болса, Жангелдин ауданы зымыран қалдығын қалай пайдалану керектігі жайлы сөз қозғапты. Біз жоғарыда атап өткен «құрметті» қонақ – «Роскосмостың» өкілі В.Митин жер бетіне жұмақ орнатады деп ойлайтын халықаралық OneWeb жобасы үшін бұл ауданның аса қажет екендігін (Ресейдің жері емес қой, несіне жаны ашысын), ол бүкіл әлемге, оның ішінде осы аумаққа да кең жолақты интернет әкелетіндігін, бізді сонымен қарқ қылатын керемет жақсылық жасап тұрғанын айтып, әй, бір көсілді дерсің!

Ал өзіміздің ҚР Қорғаныс және аэроғарыштық өнеркәсіп министрлігі Аэроғарыштық комитетінің «Бәйтерек» «Бірлескен Ресей–Қазақстан» кәсіпорны» акционерлік қоғамының өкілі Жұматай Қазниязов «Союз-2» зымыранының өте сенімді екендігін, ол барлық халықаралық экологиялық талаптарға толық сай келетіндігін айтып, зымыранның бетіне жел тигізбей жатса, сол министрліктің Аэроғарыштық комтетінің «Ғарыш-экология» ғылыми-зерттеу орталығының бас директоры Жайлаубай Жұбатов зымыран қозғалтқышының сутегімен және керосинмен жұмыс істейтіндігін айтып, оның қоршаған ортаға тигізетін әсері болар-болмас қана деп, сенімсіздік танытқан жұртты өзінше жұбатып бақты. Мұның «болар-болмас» деген ұғымының шын мәнінде қаншалықты зиян екендігін тиісті мамандар білмесе, алыс аудандағы қаймана қазақ біле қояр деудің өзі күлкілі секілді.

Айтпақшы, «болар-болмас» дегеннен шығады, осы үстіміздегі жылдың маусым айында «Союз-1А» зымыранының бір бөлігі Жезқазған қаласынан 40 шақырым жерге құлап, оның алапат өртке ұласқандығын ешкім ұмыта қоймас. Өрттен екі қазақ азаматы қаза тапқан еді. Қайыру бермес өртті тоғыз сағат бойы әзер сөндірген. Сонда әлгі «Роскосмос» дейтін жалғыз төрешіміз (әрі биіміз) оның себебін ауа райына жаба салған еді. Яғни, бәріне кінәлі қатты ыстық пен жел екен.

Ал бұл екеуі еліміздің басым бөлігінде үнемі болып тұратын құбылыс екендігін ескерсек, көршіміздің мамандарының келтірген дәлелсымақтары шылғи өтірік екендігін түсіну қиынға соқпас. Және ол бұлардың нешінші өтірігі екендігін де ұмытыппыз.

Жә, оны кім санап көрді дейсің. Қазіргі біздің ғарыштың мамандары ешкім бара алмайтын жерде бас қосып, халықты күмәнді фактілермен алдарқатумен ғана айналысып жүр десек, аса қателесе қоймаспыз. Әлде шындыққа көз жеткізу үшін келесі бір зымыранның зымырап келіп, тас төбемізден түсуін күтіп отыра береміз бе?

Амал жоқ. Мақаламызды осындай сарыуайымдық сарынмен аяқтауға мәжбүрміз. Өйткені қазақ жеріне зымыран қалдықтарының құлауы жақсы, одан жергілікті халық пайда табады, тұрмысын түзейді деген уәжден ешқандай оңды нышан байқап отырған жоқпыз.

Жайберген БОЛАТОВ,

Қостанай қаласы,

Abai.kz


Comments

Түңілген:

Кеңес заманында «Байқоңырдан» ұшқан космос кораблі Арқалық, Қостанай, Ақмола облыстарының үстімен ұшып, қалдықтарын сол облыстар мен Урал тауларына тастайтын. Кеңес Одағы тарағанда, космос кораблі де ұшпай қалды. Аталған облыстармен қоса Қызылорда облысының да экологиясы жақсарып, аң-құстар көбейе бастаған болатын. Назарбаев Ресейге жалынып жүріп, «Байқоңыр» космодромын қайта жаңғыртқан соң, Қазақстанның экологиясы қайтадан адам айтқысыз сұмдыққа душар болуда. Жиырмасыншы ғасырдың соңында Қазақстанның астанасын Цилиноградқа көшіргенде, үстіме ракета құлауы мүмкін деп, Назарбаев ракетаның ұшу бағытын солтүстік-шығысқа қарай бұрғызды. Одан кейін ұшқан ракетаның қалдықтары Шығыс Қазақстан территориясына құлайтын болды. Енді шалдың қартайып, денсаулығы көп демалысты қажет етуіне байланысты Шығыс Қазақстанның Зырьян, Катон-Қарағай аудандарында назарбаевтардың демалыс орындарын салуына байланысты рекетаның қалдықтары мен гептилдің зиянынан құтылу үшін, ракетаның ұшу бағытын қайтадан бұрынғыдан сәл батысқа қарай, Арқалық жаққа аударып жатқаны ғой.

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн