Уразов НЕ ДЕП уттайды?

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №07 (278) от 19 февраля 2015 г.

 

Масқара!

 

Өз отанында «оралман» атанған қандас қазағымыздың құлағы бұл биліктен не естімеген: әуелі қазақтан бөліп – «қашқын» атады, елден бөліп – «елге еңбегі сіңбеген» деді. Ол – ол ма, «оралмандардың 71 пайызы сауатсыз» деген сөзді де естідік.

 

Енді ол оғаш пікірлер де бұралқы бір иттің үрісіндей дап-далбаса боп қалды. Жуырда үкімет парламентке «Көші-қон туралы» заң жобасын таныстырғанда, оралман ағайын қазақ еліне тіптен де қажет еместігін естідік: «…Саны бар да, сапасы жоқ келгендердің 70 пайызы жұмыссыздардың қатарын толықтырады. Олардың саны бізде онсыз да 2,5 миллионнан асады» деп, бұрын-соңды аты естілмеген Самиғолла Оразов деген депутат суырылып шықты.

Естіген құлақта қандайлық жазық болмаса, енді біздің сол депутатқа қарата айтқан ауызда да сонша жазық бола қоймаса керек: біріншіден, біз сол келген қандастың саны мен сапасы жайлы айтқымыз келеді. Екіншісі, әрине, ПМ депутатын «қатты толғандырған» жұмыссыздық мәселесі турасында болса керек!

Әуелі Оразовтың ойбайындағы сан мен сапа жайында тоқталайық. Сан туралы сөз болғанда, биылғы жылы тележурналистермен кездесу барысында елбасының: «…Кезінде тәуелсіздік алған тұста 1991–1995 жылдар аралығында Қазақстаннан 3,5 млн. халық көшіп кетті. Сол көрсеткіш бойынша халық саны 14 млн.-ға дейін түскен. Қазіргі уақытта енді-енді қайта қалпымызға келіп жатырмыз. Оның ішінде 1 млн.-нан астам қандастарымыз сырттан келіп жатыр…», – деген сөзі еске түседі. Ел президенті бұл лепесінде нені меңзегендей?

Мәселен, 2013 жылы өзбек ағайын 30 миллионға жетіпті дегенде, «Жас Алаш» газеті Қазақстан демографиясын сараптай келе: «Қазақстан халқының саны 22 жылда бұрынғы көрсеткiшпен салыстырғанда, әлi бiр адамға көбейген жоқ», – деген еді. Бұған қоса, елдегі демографиялық жағдайдың жай-жапсарын бүге-шүгесіне дейін талдап, жазып жүрген журналист Фазылбек Әбсаттарұлының бұл тұстағы жазбасы да 22 жылда ел халқының саны тәуелсіздік жылдарындағы 17 миллиондық көрсеткішінен аса алмағанын айтқан болатын.

Ал жаңағы елбасы айтқан сырттан келген қандастар есебіндегі бір миллионды қазіргі халық санынан азайтып көрші: жоғарыдағы әріптестердің орынды өкпесі тұрыпты, сонау тәуелсіздіктен бергі бәленше пайыз өсті деген өсім көрсеткішің кедейдің кепесіндей үңірейіп қалмай ма?

Енді ойлап қараңыз: сол оралманның сападан гөрі санының қаншалық маңызды екенін! Ал 2020 жылы елді қайтсем 20 миллионға жеткізем деп екі етектеп тозған елбасыға не айтасыз, Самиғолла? Әлде сіз қазақты тауарға айналдырып, сан мен сапа тұрғысында есептейтін болдыңыз ба?

Онсыз да Статистика комитетінің (СК) төрағасы Әлихан Смайылов 2015 жылдан бастап біздегі халық саны кеми бастайтынын айтқан-ды. Сонда елде бар қазіргі 17 миллион 377 мыңдық есепке бар-жоғы бір миллиондық өсімді үстеп, қай жыртығыңызды жамағандайсыз? Әлде осы Оразовтардың ойы ел президентін өтірікші етіп көрсету ме?! Әгәрәки, олай болмай, шын көрегендік көрсеткісі келсе, осы шенділер ешкімге «тістерін жармай», 2020 жылға дейін шеттегі бес миллион қазақтың тым құрыса қақ жартысын елге оралтып алмай ма?

Желі біткенде аты-жөні «Самиголла Уразов» деп жазылып жүрген тегінің «сапасы» түсініксіз сол депутат біле ме екен: оның есебінде «саны ғана бар» ағайынның артық жартысы алақан жаймай, «жұмыс бер» деп үкіметке жалынбай, өз күндерін өздері көріп жүргенін? Парламентте өкіліміз жүрсін, үкімет құрамында адамымыз болсын, билікке таласымыз бар деп, тепсіне шыққан бір оралман бар ма? Барлығын өз қазағыммен бірге көрем деп, заманның запыранын бірге жұтысып жүрген сол қазақтың ала қойды бөлек қырыққан күні бар ма? Енді неге «халық қалаулысы» деген айдары бар бұл депутат сол халықтың бір бөлігін бөле қырыққысы келеді?

«Саяси тұрақтылықтың» рахатына аяғын малып, қазақ елін «сауын сиырға» айналдырып жатқан қаншама ұлыс бар бұл елде? Оларға қарсы тіксіне сөйлесе, төрде отырған төресі төбесінен ұрарын «уразовтар» біледі. Содан жүндеуге жақсы «жуас түйесі» – өз қазағын қылқындырып, төресінің «тұрақтылығына» үлес қосқандай қызмет қылғысы келеді. Сонымен атақ алып, дәрменді дәрежеге жетсем дейді. Сол «уразовтар» қайдан білсін: осы дабырасы ақыры абыройдан айырып, түбінде өзін далада қалдырарын. Әлде біздің елде билік жақта бишік ұстаған бір оралман болмағасын, жапырақты ғана танитын түйеге ұқсап, қандасын «қырып салған» бұл депутаттарға ерлік пе екен?

Енді әлгі 70 пайыз «жұмыссыз» оралманның жырын айтып көр? Жамбастай жантайған экономиканы жергілікті қазағымен бірге жабыла-жармаса көтерісіп келе жатқан солар болмағанда, ішіп-жемін бөктеріп, шетке қашқан шенеунігің деймісің? Қисық ағаш қалмай қираған ауылдың түтіні түзелсе, оған «елге оралған қандастардың да көмегі болды» дейтін осы отанның бір бүйрегіндегі біздің ауылдың әкімі «уразовтардан» көш ілгері ақылды азамат екен-ау!

P.S.: Осы біздің тағдыры омыраулап, өткел бұзған исі қазақтың ауыртпалығы азаятын күн бар ма?! Бар болса, теліген төлдей қаңсып, бір шөлі қанбай; онсыз да қайғының сызығын тартып, қабағы аузына түскен қандастарды онан ары қамықтыру – бұл билікке мандат болған ба?

Сонда бұлар солтүстіктен ұлтқа төнген қатердің шетін білмей айта ма, әлде осы «уразовтар» «бес саусақ жұмылса – жұдырық, жеке тұрса – қылдырық» дегенді түсінбейтін топас түсініктің құлына айналған ба?

Қозыбай ҚҰРМАН,

«D»

 

Comments

  Біздегі шенеуніктер шіріген жұмыртқалар ғой, бірінен-бірі өткен…

  Оралмандарды талдап әкелу керек дегені несі? Осыны айтқан адамның бес жасар бала ғұрлы санасы жоқ екен. Балаға бауырын көрсетіп, «мынау кім?» десең: «Ол менің бауырым» деп айтады ғой. Ал мына қасқаларың соны да айыра алмай отыр.

  Әй, осылар шынымен қазақтар ма өзі, жоқ әлде аспаннан аяқтары салбырап түскен инопланеттіктер ме? Өздері Қазақстан азаматтары ма, жоқ әлде шетел жансыздары ма? Осылар да отбасы бар адамдар ма, әлде жалғыз басты әтектер ме? Бұларда шөкімдей ми бар ма, жоқ әлде су ми ма? Көкірегінде жаны бар, тірі адамдар ма, жоқ әлде робот па? Намыс бар ма өздерінде, әлде бәрі сатқындар ма?

  Қандастарға осындай құрсау салуы – Қазақстанға мүлдем келтірмеу болып саналатын мақсатты түрдегі саясат екенін неге түсінбейміз? Өйткені Қазақстанға қазақ керек емес-ау бұларға?

  Самиғолла Оразов дипломы жоқ сауатсыздарға қарағанда, дипломы барлардың сауатсыздығы қауіпті екенін дәлелдеді.

  Сауатсыз дей ме? Ха-ха-ха, бұл сөзді айтып, өздерінің қаншалықты сауатсыз екенін білдіріп отыр ғой…

  Дәулет Арғындықов пен Самиғолла Оразов қазақпын деп қалай айтады екен өздерін? Қазақ бола тұра, Ана тілін мойындамаған адамдардан нендей жаксылық күтуге болады? Кеудесінде намыс жоқ! Қазақша ойламақ түгілі, екі ауыз сөздің басын қосып сөйлей алмайды. Онысымен қоймай, оралман қазақтарды сауатсыз деп қорлайтынын қайтерсің?!

  Өз ана тілін білмеген надан депутаттар өзгелерді сауатсыз деп қорлайды. Масқара! Өз басындағы боқты көрмей, ел басындағы шоқты нұсқаған сорлылар! Бұларды мемлекеттік қызметтен шектету керек.

  Бұл енді қазақты қорлаудың ең шыңы! Жалпы мемлекеттік тілді білмейтін, сыйламайтын адамдарды өз басым доңыздың қиынан, иттің етінен де жек көремін!

  Самиғолла, сен ел алдында осындай сөзді ұялмай-қызармай айтып тұрған өзіңді «сапалы қазаққа» жатқызасың ба, әлде «сапасызына ма»? Сондай-ақ қазақтың сөзін жазу түгілі, өзінің анасының, мемлекетінің тіліне түк түсінбей тұрған ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Дәулет Арғындықовты қандай қазаққа жатқызасың?

Сәке, оралмандарды сапасыз қазаққа жатқызамын деп әуре болмай-ақ қойсаңшы. Сапасыз қазақ керек болса, өз айналаңнан ізде. Отбасыңнан ізде. Өзіңнің болмыс-бітіміңнен ізде. Ондай сапасыз қазақ, мәңгүрт қазақ, шала қазақ дегендер төңірегіңде толып жүрген жоқ па? Әлгі 2 жарым миллионнан асатын оралман қазақтар мен жұмыссыз жүрген қазақтардың көпшілігінің санасы, талғамы, ұлтжандылық қасиеті, ары, намысы сенің айналаңда жүрген Дәулет сияқты қазақтардан он есе, жүз есе, мың есе, тіпті миллион есе артық екенін есіңнен шығарма! Жұрттың бәрін өз төңірегіңдегілермен салыстырма!

  Депутаттардың өздерінің қаншалықты сауатты екендіктерін тексеріп көру керек.

  Уразов не уттайды?

(Пікірлер Abai.kz және qamshy.kz интернет-порталдарынан алынды)

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн