ҮЙДІ СҮРУДЕН президенттің суреттері ҚОРҒАЙ АЛА МА?

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №18 (382) от 12 мая 2017 г.

 

Баспана мұңы

 


 

Астанада «Майский» саяжай массивінде тұратын адамдардың жер үйін сүріп тастамақ, деп хабарлайды «Азаттық» тілшісі. Тұрғындар – апалы-сіңлілі Раушан және Несіпкүл Ұябаевалар үйінің сыртына Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың суреттерін жапсырып тастаған.

 

Несіпкүлдің «Азаттыққа» айтуынша, сәуірдің ортасында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ЭКСПО-2017 көрмесі қарсаңында «қала көркін бұзатын ескі үйлердің» әлі де қалғанына ашуланып, сынаған соң, жергілікті билік өкілдері үйлерін босатуды талап етіп, жиі келе бастаған.

«50 шаршы метр болатын үйімізді 2007 жылы салдық. Бауырларым бар – барлығы жеті адам тұрып жатырмыз. Жер телімімізді «мемлекет мұқтаждығына қажет» деген себеппен алу үшін, 2014 жылдан бастап үйді босатуды талап ете бастады. Сол жылы өтемақы ретінде 400 доллар ұсынған. Ал биыл 4 миллион 700 мың теңге ұсынды. Мұндай ақшаға пәтер сатып ала алмаймыз. Шенеуніктер тым болмаса президенттен қорқатын шығар деген оймен президенттің суретін жапсырып қойдық», – дейді Несіпкүл Ұябаева.

Ол саяжай массивіндегі үйлерді сүру туралы сот шешімін Есіл аудандық соты 2014 жылы өздерінің сыртынан шығарғанын, бірақ ол шешім қолына тимегенін айтады. «Майский» саяжай массиві қазір қоршалып тұр. Мұндағы үйлердің көпшілігі бұған дейін сүрілген, кейбірі бос тұр.

Қазақстан Конституциясына енгізілген өзгеріс бойынша, тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың суретін бүлдіруге, жыртуға тыйым салынған.

2015 жылы Астана билігі «Азаттыққа» берген жауабында «Майский» саяжайлар серіктестігінің орнына «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы қызметкерлерінің балаларына арналған балабақша салу жоспарланғанын айтқан.

 

 

ҮЛЕСКЕР КҮДІКТІГЕ АЙНАЛДЫ

 


 

Алматыда «Халықты баспанамен қамтамасыз етейік» қоғамдық ұйымының ондаған өкілі қалалық соттың алдында наразылық танытты, деп хабарлайды «Азаттық» тілшісі.

 

Ұйым жетекшісі Сұлубике Жақсылықованың айтуына қарағанда, 13 наурыз күні полиция «Форте банк» алдында үлескерлер өткізген қарсылық акциясына байланысты «Халыққа баспанасын қалдырайық» ұйымының кеңсесін тінтіп, компьютерлері мен кеңсе техникаларын алып кеткен. Бұдан соң оған тергеуге шақырту қағазын тапсырып, Медеу аудандық ішкі істер басқармасының тергеушісі Н.Тәжиев тергеуде өзінің бұл іс бойынша күдікті екенін айтқан.

Бірақ тергеуші Жақсылықованы күдікті деп тану туралы Алмалы аудандық судьясы А.Әбдіхалықова шығарған қаулыны бермеген. Бұдан соң Жақсылықова Медеу аудандық прокуратурасына тергеушінің үстінен шағымданған. Прокуратура Жақсылықоваға оның күдікті деп танылғанын және тергеушінің ісі заңды екенін айтып жауап берген.

Кейін Ішкі істер министрлігі басшылығының қабылдауында Жақсылықова өзінің банктегі акция бойынша күдікті емес, қорғану құқығы бар куәгер екеніне көзін жеткізген. «Маған қарсы заңсыз қаулылар шығарды» деген Жақсылықова қалалық сот төрағасынан судья А.Әбдіхалықоваға, апелляциялық инстанция судьясы А.Ешеевке және Медеу ауданының прокуроры Бишімбаевқа қатысты қызметтік тергеу жүргізуді талап етеді. Жақсылықова сонымен қатар «заңның сақталуын қадағалау міндетін атқарудың орнына заң бұзды» деп Медеу ауданының прокурорын отставкаға жіберуді талап етеді.

Жиналғандарға шыққан қалалық соттың баспасөз хатшысы Диас Махамбет тәртіп бойынша сот төрағасының қабылдауына алдын ала жазылу арқылы кіріп, талап-шағымды білдіруге болатынын айтты.

Жарияланымдар Azattyq.org порталының материалдары

негізінде дайындалды

 

 

Салыстыру

 

17 МИЛЛИОНДЫ КІМ ЖӘНЕ ҚАЛАЙ БАСҚАРЫП ОТЫР?

 


 

Стамбулдың 17 миллиондай халқы бар. Бір мэр, бір бас хатшы мен жеті орынбасары 26 департамент директорын жұмсап, еркін басқарып отыр. Мэр қаланың аузы дуалы ақсақалдарынан бастап, еті тірі кәсіпкерлеріне дейінгі көзі қарақты жәмиғатын жақсы таниды. Жөнделіп жатқан жолдың, салынып жатқан үйдің есебін біледі. Қай мешітте қандай уағыз айтылатынынан, қай театрда қандай спектакль қойылатынынан қал-қадарынша хабардар. Назарына ілінбей қалған жайттарды әр сала бойынша орынбасарлары екібастан жетік біледі дегендей. Әлемдік ірі туризм орталығы саналатын, күн сайын ондаған мың саяхатшы қабылдайтын қаладағы динамикалық даму мен экономикалық өсу туралы айтпай-ақ қояйын.

Енді 17 миллиондай халқы (бір ғана Стамбулдағыдай – Ред.) бар кейбір мемлекетті президент пен оның тұтас бір әкімшілігі, әкімшілік жетекшісі мен әлгінің сүрініп-қабынып жүрген орынбасарлары, премьер мен оның алып үкіметі һәм канцеляриясы, вице-премьерлер мен министрлер һәм олардың шұбырған орынбасарлары, ондаған облыс әкімі мен олардың жүздеген орынбасары һәм аппарат жетекшісі, жүздеген қала мен аудан әкімі және олардың өздерінен бірнеше есе көп орынбасарлары, мыңдаған көмекшісі, қисабына қиял жетпейтін департамент директорлары, олардың шопырсыз жүре алмайтын орынбасарлары, осыншама адам бір-біріне сілтей, қол қойып төменге сырғытатын халықтың арыз-өтінішіне калька тілінде түсініксіз жауап хат жазумен айналысатын қарасы қалың бас мамандар және осынау алып маховикті айналдыруға өзінше үлес қосып, әкімнің баяндамасын жазып жүрген кеңесшілер мен шай тасып жүрген сансыз секретарьшалар армиясы «басқарып» отыр.

Бұл биліктің орталық тармағы тұрмақ, облыстық деңгейдегі басшылары мен орынбасарлары ел ішіндегі бір мәселемен танысуға сау етіп келе қалғанда, соңындағы нөкерлерінің шаңы бір аптаға дейін тарамай тұрады. Әлгі облыстық әкім-қара (президент былай қалсын) жылына жүздеген мың литр бензин жағып, джиптерімен құйындата құйғытып жүргенде, қарамағындағы әр ауылдан бір-бір белсендінің болсын атын жаттап та үлгермей қызметтен кетіп жатады.

Осы бір шабармандар шапқыншылығына ұшыраған елге қарап отырып, «қанша дегенмен, мемлекеттің территориясы қаладан үлкен болады, басқарушыға да барыпкел-шауыпкелсіз қиын ғой» деп, іштей уәж тапқансимын. Бірақ атқарушы биліктің территорияға емес, нақты адамға қызмет ететіні ойымнан шықпайды. «Айналып келгенде, алдарындағы адам саны 17-ақ миллион ғой?» дейді ішкі дауысым. Ал енді ол қисынды ары кетсе жарты-ақ миллион халқы бар облысты басқарып отырса да, ат үстінде шіренгенде үзеңгі шыдатпайтын «қайраткерлерге» һәм олардың нөпір нөкерлеріне ұқтырып көріңіз.

Ғалым БОҚАШ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн