ӘЙЕЛ БҰЗЫЛЫП, ұлт неге жоғалады?

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №18 (382) от 12 мая 2017 г.

 

Ойдан-қырдан

Пікірталас

 


«ДАТ»-тың 9-нөміріне қайраткер ақын Мырзан Кенжебайдың «Әйелдері бұзылған ұлт жоғалады» деген мақаласы шықты. Басылым пікір сұрапты. Оқыдық. Дер кезінде, сәтінде көтерілген мәселе.

 

Мырзан інімнің пікірінше, орыс пен Батыстың үлгісінен «тәрбие» алған қыз-келіншектеріміз еркімен кетіп, бұзылады екен. Дұрыс-ақ!

Бірақ бұл мәселенің бір жағы ғана. Ал олар неге бұзылады, ұлтымыз неге жойылады – мәселенің екінші мәніне үңіліп, осыған көңіл аудардық па? Меніңше, әйелдер (бәрі емес) өз-өзінен бұзылмайды. Оған қаусаған, сөзі жаңғырғанмен, өзі жаңғырмаған қоғам, ерік-жігерінен айырылған намыссыз ер-азаматтар кінәлі!

Билік тең құқылы деген гендерлік саясатты желеу етіп, онсыз да мемлекеттік мәртебесін ала алмаған, ділінен, тілінен айырылған ер-азаматтарымызды басып-ақ тастады. Әйелдер «бас иесіз» қалды. Сосын бұзылмағанда қайтсін?! Қытайдың немесе өзге ұлт өкілдерінің құшағында кетіп бара жатқан қаракөздерімізге қой дейтін қожа табыла қалса, заң орындары ұлт араздықты қоздырдың деп, пәлен баптың түгенінші тармағымен іс қозғай қояды. Сосын да ер-азаматтар пәлесінен аулақ дейді де, кері кеткен құбылысты көрсе де, көрмеген боп аулақ жүреді.

Өткенде қоғам қайраткері, ақын Мұхтар Шаханов ағамыз «20 мың қазақ қызы қытайға тұрмысқа шыққан» деп айтып қалды. Бұл тіркелгені. Тіркелмегені қаншама? Сонда өзі аз қазаққа аралас неке қосылып, жиендеріміз желкілдеп өсіп жатса, ұлтымыз жойылмағанда, не болмақ?

Мырзан ініміз осыны айтып отыр. Бұл қазақты ойландыратын, толғағы жетіп, толғандыратын, бүркемелеуге келмейтін жағдай. Біз жасырып, бипаздағанымызбен, түптің-түбінде әлеуметтік әлсіз тұсымыз ашылады. Ауруды өлім әшкерелейді.

Азаматтарымызда ұлттық рух, қанымызда қазақы қасиет, намыс жоқ. Ол өшірілген. Қоғамдағы жағдай қазір «әйел теңдігі», «әйел құқығы» деп ұрандаған 37-жылға ұқсап барады. Қит етсе, тыйымдар мен шектеулер – азаматтарды тырп еткізбейді. Осыны білген қыз-келіншектер бұзылмағанда, қайда барады?

Бүгінде екі-үш бала тауып, келешегін қамтамасыз еткен келіншектер қалған өмірін қалауынша, «еркін» өткізуге құштар. Осы дәстүр қазір «хит» болды.

Жағдай көрші елдерде де солай ма? Жоқ! Оларда ашық-шашық жүрген әйелдерді көрмейсіз. Неге? Әйелдерінің «әй» дейтін «егесі», бас иесі бар.

Жақында елбасының «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» деген мақаласы шықты. Сонда біз қалай жаңғырамыз? Уралап па, жоқ «Алға, Қазақстан!» деген құрғақ сөз, жалаң айғаймен бе? Рухани жаңғыру дені дұрыс елдерде ер-азаматтардан басталады. Солар еңсесін көтеріп, өзін мемлекет құрушы ұлт ретінде сезінгенде ғана қоғам жаңғырып, азаматтарымыздың ерік-жігері еркін ашылады. Бізде ол бар ма? Жоқ! Қысып тастаған.

Біз матриархатты елміз. Әйел теңдігі десе, Батысқа көз тігеміз. Басымыз батпаққа батып жатқанда, бізге Батыс не керек, Шығыс не керек? Әйел пендесі еркімен кетсе, бұзылу, ұлттың жойылуы, міне, осы батыстық «теңдіктен» басталады.

Бәріміз де қыз өсіріп отырмыз. Қазақ әйелдерінің табиғи құрылымы сот, прокурор, полковник болуға ежелгі тектен бері дағдыланбаған. Кейінгі коммунистік тәрбиенің нәтижесінде сіңісті болған қызметкерлік дәреже бойларына, менталитетіне сіңіп болмаған. Мәселен, жігері құм болған, намысы тапталған азаматтарды тік тұрғызып, әйел судьялардың үкім оқып, жаза тағайындауы қазақтың қандай қанында бар дәстүр еді? Немесе прокурор болып, полицейдің погонын тағып, ер-азаматқа дікеңдеген әйелден қандай әйелдік, аналық қасиет шықпақ? Тарихқа үңілсек, еркекке үкім шығарып, билік айтқан, азаматты түрмеге тыққан қай әйелді көріп едік?

Нәзік жандылар мұғалім, дәрігер, ғалым, музыкант, биші, аспаз, сатушы болсын. Жарасады! Ал тең құқылы болғанда, ер адам қамыр жайып, тігіс тікпейді. Әр жынысты өз орнын білгені дұрыс.

Ал биліктің деуімен сөйлейтін тележәшік науқаншылыққа беріліп, әйел теңдігі, әйел құқы деп, оларды өсіріп, азаматтық, ұлттық теңдік сұраған ер-азаматтарды өшіріп жатамыз. Мырзан інім ел болайық, келешігімізді ойлайық, «әйелі бұзылған ұлт жоғалады» деп, жаны күйзелгендіктен жазып отыр.

Ералхан ЖЫЛҚЫАЙДАРҰЛЫ

 

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн