Қостанай облысында 1‑сұрыпты нан бағасы қымбаттайды, деп хабарлады ҚазТАГ тілшісі. «Облыста нан бағасы 4 жылдан бері көтерілген жоқ, сондықтан қазір қымбаттайды. Өңірдің барлық наубайханалары өте күрделі жағдайда тұр», – деді дүйсенбі күні аппарат кеңесінде облыс әкімі Нұрлан Сәдуақасов.
Хабарда айтылғандай, қазір Қостанай облысында 1‑сұрыпты 500 граммдық нан бағасы елімізде ең арзан – 42 теңге тұрады. Бұрындары облыс нан бағасын тұрақтандыру қорының есебінен ұстап тұрған, енді ол ресурс наубайханалардағы нан өндірісінің шығындарын жаппай жатыр.
Облыс басшысының тапсырмасымен есептеулер жасалуда. Болжам бойынша, нан бағасы 3–4 теңгеге қымбаттайтын шығар.
ҚазТАГ