Қымбатшылық қамыты ҚЫСЫП БАРАДЫ – халық қайтіп күн көрер?

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №02 (273) от 15 января 2015 г.

Көрейін дегенің сол болса!..

 

Иә, Қой жылының алғашқы күндері қымбатшылықтың қамыты қыса түскен қиыншылықтан басталды. Ақпарат агенттіктері ағылтқан лек-лек хабардың қақ жартысы баға мен тарифтердің бұрынғыдан да өскені хақысында сөз қозғап жатыр. Ал мемлекеттік БАҚ атаулы бұл жөнінде жұмған аузын ашпайды.

 

Сөйтіп, онсыз да тұрмыс жағдай діңкелеткен халық есін жияр-жимастан, Қой жылы тағы да жаппай қымбатшылыққа тап болды. Ағылған ақпаратты оқып отырсаң, жағаңды ұстайсың. Мәселен, елдегі ауыл шаруашылық өнімдерінің бағасы өткен жылдың 9 айында 13,3 пайызға артқаны жылдың алғашқы екі-үш күнінде белгілі болды. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы өнімдері 20,8%-ға, мал шаруашылығы өнімдері – 2,4%-ға қымбаттаған.

Мынадай қалың қымбатшылықты оқыған оқырман өз-өзінен ойға қалады – бұл үкімет бізді қайда алып барады деп: өткен жылы бидай бағасы 24,7%-ға, күріш – 19,6%-ға, арпа – 9,5%-ға, жүгері – 7,4%-ға, тары – 1,8%-ға, ал қарақұмықтікі 15,4%-ға артып, қарабидай – 6,5%-ға, сұлы бағасы – 2,6%-ға өскен. Түйнекті пияз 39,8%-ға, картоп – 22,5%-ға, орамжапырақ – 21,8%-ға, асхана сәбізі – 16,4%-ға, асхана қызылшасы – 14,4%-ға қымбаттаған. Құс еті 12,4%-ға, шошқа еті – 6,4%-ға, жылқы еті – 4,5%-ға, ірі қара мал еті – 2,7%-ға, қой еті – 2,6%-ға артқан. Жұмыртқа бағасы 21,5%-ға, ал шикі сүттікі 10,3%-ға өскен.

Енді бұл көрсеткіштердің биылғы жылы қалай-қалай өзгеретінін айту қиын, бірақ баға атаулы мұнан әрі тағы да шарықтамаса, кемімейтіні анық. Себебі Ресеймен одақтасқан елдің теңгесі рубльдің жолын құшу қаупі лап қояр топан судай іркіліп тұр.

Мысалы үшін, жыл басталар-басталмастан, Өскеменде жоғарғы сортты нан бағасы қымбаттап, 70 теңге болды. Бидайын қар астында шірітіп, астық тапшылығын қолдан жасаған Қазақстанда Өскемен ғана емес, өзге өңірлерде де нанның қымбаттауы орын алар ақиқатқа айналар сәт алыс емес..

Жаңа жылдың алғашқы күнінен бастап Ақтөбе облысында электр энергиясы тарифтері жеке тұлғалар үшін 5%, заңды тұлғалар үшін 9,7%-ға өсті. Өзін-өзі 80% электр энергиясымен қамтамасыз ететін Ақтөбе облысындағы бұл қымбаттауды ресми орындар «Энергожүйе» ЖШС мен «KEGOC» АҚ-ның тасымалдау тарифтерінің ұлғаюы салдарынан» дейді.

Ақтөбе облысымен жарыса, Шымкентте электр энергиясының тарифі 6%-ға, Павлодарда 3,6%-ға қымбаттады.

Сол сияқты 1 қаңтардан бастап Алматы мен Алматы облысында электр энергиясы тарифі 7,5%-ға өсті. Жарық құны өскен соң, бұл қымбаттау ащы ішектей шұбатылып, экономиканың басқа секторына ене беретіні өз-өзінен түсінікті. Өйткені жарық қымбаттаған соң, біздің елде қалыптасқан «экономикалық дәстүр» бойынша, қымбаттамайтын ешбір зат, ешбір қызмет түрі жоқ!

Тарифтердің өскені өз алдына, 2015 жылы тозығы жеткен су және жылу магистральдары халықтың қаржысы есебінен алмастырылатын болады. Бұл туралы мәжілістің жалпы отырысында Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев мәлімдеді. «Табиғи монополия болғандықтан, тарифтен басқа пайда табатын жол жоқ. Бүгінде Еуропалық даму банкімен жұмыс жасалып жатыр. Үкімет 2020 жылға дейінгі тариф саясаты бойынша жаңа бағдарлама қабылдайды», – дейді Досаев былқ етпей.

Бірақ тарифтер қаншалықты және қашанға дейін қымбаттайтыны туралы Досаев ләм демеген. Ол бар болғаны «тарифтер өспей тұрып, алдымыздағы сұрақтарды бәрібір шеше алмаймыз» деген сенімде екенін жеткізді.

Онсыз да ашқұрсақ халыққа енді құбыр жөндеу мен «ТЭЦ»-тердің тесігін жамау-жасқау шығыны қосылса, тарифтерің бір орнында тұрып қалайын деп тұрған жоқ – өседі. Өскенде де – өкіртіп өсер түрі бар.

Оның үстіне көршілес Ресейді меңдеген терең дағдарыс бізді де шарпып өтер түрі бар. Бізге Еуразиялық экономикалық одақ мүшесі ретінде Ресейге қол ұшын беруге тура келеді. Сөйтіп, отандық тауарымыздың басым бөлігін Ресейге одақ белгілеген бағамен жіберуге мәжбүр боламыз. Ал отандық кәсіпкерлер өз кезегінде тауарлары арзанға өтіп кетпеудің қамын ойлап, шығарған өнімдерінің ішкі нарықтағы бағасын қымбаттата түседі. Міне, қымбатшылықтың тағы бір кеселі осыдан келеді.

Ресей біздің өнімге сұранысты арттырса, біріншіден – Қазақстанның ішкі нарығындағы тауар көлемі азаяды. Бұл өз кезегінде сұранысты арттырып, өнім бағасының өсуіне ықпал етеді. Демек, Қазақстан халқын қымбатшылық одан әрі қыса түседі деген сөз…

Бір сөзбен айтқанда, Ресейдің Еуропа импортынан бас тартуы – біздегі азық-түлік импортына айтарлықтай әсер ететін болады. Мысалы, бізге АҚШ-тан келетін 40,7 мың тонна ет; Австралиядан келетін 1,1 мың тонна; Канададан 1,6 мың тонна ет Ресей арқылы өтеді. Ресей ендігі кезекте сол сырттан әкелінетін етке де жармасуы ғажап емес. Ең қызығы, біз өзіміздің ішкі нарықтағы тұтынушыларды толық қамти алмай отырып, Ресейге қазірдің өзінде ірі көлемде ет өнімін шығарып отырмыз! Демек, бұдан былай да Ресейдің ет және ет өнімдеріне деген сұранысы еселенсе, онда қолда барды көршіге ғана беріп отыруға тура келеді. Себебі ет өнімдері нарығына деген сырттың сұранысы өссе, ішкі нарық оның соңына «ере кетері» анық.

Онымен қоймай, Халықаралық валюта қорының хабарлауынша, Қазақстан бюджетінің тепе-теңдігі мұнайдың бір баррелі 65,5 доллардан төмен түспеген жағдайда ғана сақталатын көрінеді. Бірақ баға 60 доллардан төмендесе, Қазақстан экономикасының дамуы қаңтарылады екен (түпнұсқа – EurasiaNet).

Ал күні кеше ғана мұнайдың бір баррелі 45 доллардан төменге түскені белгілі болды. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш 35 долларға дейін төмендейді деген болжам да айтылуда…

Енді осыдан кейін Ұлттық банктің «2015 жылы девальвация болмайды» дегеніне ешкім сенбейтіні анық. Керісінше, елдегі бірқатар сарапшылар «девальвация сөзсіз болады және ол қажет шара» дейді.

Қымбатшылықтың көкесі біздің сыртқы қарызымызда болып тұр. Былтырғы жылы ғана Қазақстанның мемлекеттік қарызы 27,6%-ға өсіп, 5,614 триллион теңгеге жетті. Бұл туралы ҚазТАГ ақпарат көзі 5 қаңтар күні ҚР Қаржы министрлігінің сайтына сүйене отырып хабарлаған болатын. Оның 5555,3 миллиард теңгесі үкіметке тиесілі: 4178 миллиард ішкі және 1377,2 миллиард сыртқы қарызды құрайды.

Салыстыру үшін айтар болсақ, мұнан бес жыл бұрын, яғни 2009 жылғы 1 қаңтарға Қазақстанның мемлекеттік қарызы 1,33 триллион теңге ғана болатын. Бес жылдың ішінде бұл көрсеткіш 4 триллионға өскенін ескерсек, «Нұрлы жол» Жаңа экономикалық бағдарламасы қағаз жүзінде қалатын құжат қана болайын деп тұр.

«Жығылғанға – жұдырық» дегендей, биліктің халықты «халықтық Ай-пиоға» шақырғаны да, алғашқыдай емес, сәтсіздікке ұшырады. Соңғы ақпарат бойынша (ҚазТАГ), ҚазМұнайГаз БарлауӨндіру (ҚМГ БӨ) акцияларының құны 22,3%-ға дейін төмендеген. Қазақстан қор биржасы хабарлағандай, қаңтар айының екінші аптасында 12 050 теңгеге бір ғана келісім жасалған! Мұнай компаниясының артықшылықққа ие акцияларының құны сауда-саттық барысында 6,03%-ға түсіп, 10 700 теңгеге дейін төмендеді.

ҚМГ БӨ мұнай өндіру көлемі жағынан Қазақстанда көшбасшылардың үштігіне кіретінін ескерсек, бұл қуанарлық жағдай емес. Өндірген өнімі құнсызданып жатса, елдегі ірі мұнай компанияларының ертеңі қалай болары белгісіз!

Қазақта «Түйені жел шайқаса, ешкіні аспаннан көр» деген нақыл сөз бар.

Өткен жылы да жыл басы девальвациядан басталып, ол бізді 20 пайыздық қымбатшылыққа ұшыратқаны белгілі.

Сол тұста аяқ астынан абыр-сабыр болған халық азық-түлік атаулыны қаптап сатып ала бастады. Іле-шала, жанар-жағар май, ізін ала ұн мен қант бағасы шарықтап кетті. Банктердің кейбірі шеттегі қарызын өтей алмайтындарын жариялап, банкрот жағдайына ұшырады. «Тұрғын үй бағасы қымбаттайды, доллар тағы да көтеріледі» деген қауесет желдей есті. Бірақ ол кезде де халқы бірден елу пайызға кедейленген елде қалай өмір сүруге болатынын ешкім айтқан емес.

Сол сияқты бүгінгі күні «Мұнай бағасы қашанға дейін арзандамақ?» деген сұраққа да жауап жоқ. Бірақ бір нәрсе анық – ОПЕК мұнай бағасын арзандату арқылы балама қуатты өндіруді тиімсіз әрі перспективасыз етуді көздейді. Бұл – картельдің мұнай геосаясатымен қатар жүргізіп келе жатқан шарасы.

Бұл кезде қымбатшылық атаулыны тек қана халықаралық дағдарыстармен байланыстыратын біздің билік  қаржы амнистиясын жариялап, халықты IPO-ға қатысуға үндеуді бастап кеткен еді. Жекешелендіру жалғасып, мемлекеттік мүлік тағы да жекеге ұсынылды, жекешелендірудің екінші кезеңі жалғасты… Бірақ бұл шараларға қарамастан, Жылқы жылы баға атаулы аттай шауып, апта сайын өрлеген болатын.

Енді елдегі білгір мамандар «көрпеге қарай көсілуге» кеңес беруде. Себебі көрші елдердегі геосаяси бәсекелестіктің шиеленісуі мен мұнай бағасының құлдырауы онсыз да шатқаяқтап тұрған экономикаға салмақ түсірері белгілі. Экономиканы стагнация жағдайына жеткізбес үшін, Ұлттық қордан 707,5 миллиард теңге қосымша қаражат та бөлінді.

Биліктің таңдайы тақылдаған шешендері «біз серпінді, тез дамушы, ауыспалы және… тұрақсыз әлемде өмір сүріп жатырмыз» деп екіұшты ой білдіріп, «әркімнің әл-аухаты өзі қабылдаған шешімдеріне байланысты» деп жауырды жаба тоқығылары келеді. Мамандар болса, тарыла түскен нарық жағдайын ескеріп, қаражатты тартына жұмсауға, артық несие алмауға кеңес беруде.

Сөйтсе де, биылғы жылдың күрделі боларын жасыру мүмкін болмай тұр. Себебі биылғы жылдың бірінші жартысы жеңіл болмайтын көрінеді. Егер артық ақшаңыз болса, оны міндетті түрде банкте сақтау керек екен. Сондай-ақ депозиттерде ақшаны түрлі валютамен сақтауға болатындықтан, осы мүмкіндікті пайдаланып, ақшаны 3–4 түрлі валютамен бөліп салған тиімді көрінеді. Бірақ бұның бәрі «суға кеткеннің тал қармайтын» сөзі. Биліктің қаржылық мәселеге қатысты насихатына алданып, тақырға отырып қалмаудың қамын жасай білу керек.

Биылғы жылдың тұрақсыз экономикалық ахуалынан қаржыгерлер мен шенеуніктер де сескеніп, халықты үнемділікке шақырып әлек! Бірақ үнемділік дегенді шенеунік атаулы сол халықтың өзінен үйренсе, жөн болар еді. Екіншіден, «құрғақ қасық ауыз жыртады» дегендей, жай әншейін ұрандау мен тәлімсу халыққа нан болмайтыны тағы белгілі.

Дайындаған –

Гүлмира ТОЙБОЛДИНА,

«D»

 

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн