Қырылып жатыр… КИІКТЕР! (Күйік-жыр)

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №21 (292) от 28 мая 2015 г.

 

Заман зары

 

І.

Шыдамай қайғы – күйікке,

Сүрініп жатыр –

Сүйікті ел…

Бұғынып жатыр

Бір кезде

Бұлт шалған басын –

Биіктер.

Ұрынып жатыр –

Апатқа,

Қырылып жатыр

Киіктер!

 

Айналып

Уға

Бақ-мекен.

Қырылып жатыр –

Ақбөкен.

Аямай

Аң мен құстарды

Барады –

Болып

Жат-бөтен.

 

Аққуды атқан жырынды

Киігіңді қайтеді?!

Сенің шыққан бүгінгі

Биігіңді қайтеді?!

Бұлар ма,

Бұлар,

Әй, тегі…

Ұлтына таудай атағы,

Жұртына жаудай шатағы.

Оқтамай тұрмас қаруын,

Тоқтамай сөзге аталы.

Аққуды атқан

Айуан

Сені де бір күн атады.

Тып-типыл қылып төңірегін,

Содан соң …. тыныш жатады.

 

ІІ.

Аңшы тұр қанға құнығып,

Байлыққа көзі жұмылып…

Ақынның ащы айқайын,

Кім біліп жатыр,

Кім ұғып?!

Киесіне де қарамай,

Иесіне де қарамай.

Биіктен айтқан

Биліктің

Жүйесіне де қарамай.

Табанмен таптап кетеді,

«Ел-аман, жұрт-тынышта»

Көз салсаң егер биіктен,

Киіктер –

Құйттай құмырсқа!…

Өргізгенше лағын,

Өмір сүрмей бірер ай

Тірліктен таппай тұрағын

Қан-жоса болып қынадай,

Қырылып жатыр

Құралай!…

 

ІІІ.

Тарылып жатыр кең іргем

Түңіліп кеттім –

Өмірден!

Киігі өлген Даланың

Күйігі кетпес көңілден.

Бишікештер май емес –

Қан ішіп қана семірген.

Дір етер емес,

Тіпті де,

Қазақтың сірә, жүрегі –

Жаралған шығар –

Темірден!

 

ІV.

Дүние-ай!

Осы шығар,

Жыр-күйігі.

Торғайдың аласарып тұр биігі.

Кейкі мен Амангелді жортқан

жерде –

Қырылып жатыр міне,..

Қыр киігі.

 

Жанымды жаралайды күйік түптен,

Кетті ғой сар-далада сыйық тіптен.

Кейкі мен Амангелді жортқан

белде –

Қырылып жатыр, міне …

Киік біткен.

 

Болса да,

Бірі – туыс,

Бірі – ағайын,

Сен айтпа,

Арғы жағын сұрамайын…

Болса да,

Қанша мерген

Қайран Кейкі,

Даланың қырған емес құралайын.

 

Тынамыз басын алып батыр туса-ақ,

Шындық деп шырылдаймыз

ақыр қусақ…

Су ішкен күні кеше жануарлар

Мінеки, көз алдымда жатыр жусап.

 

Соншама не күн туды ұрынардай,

Ұрынардай…

Жазықсыз қырылардай.

Кешегі өзі жортқан

Боз далада –

Бүк түсіп жатыр, міне,

Бірі қалмай.

 

Жырларым жамау болмай

жыртығына

Заманның бой бермей тұр

ырқы мына…

Мүйізі алтыннан да артық болып,

Қытайдың кетті ме екен

құлқынына.

 

Құрбан боп,

Қайдағы бір көк темірге,

Қырылып жатыр, міне, бөктерінде.

Ауызы көкке тиіп,

Тырбаң қағып,

Құралай лақтайтын көктемінде…

 

Дәл бұлай қырылмайды

ғұмыры аңдар,

(Оқушым, біле-білсең,

мұны да аңғар)

Зулаған көкті тіліп, күні-түні,

Зәр шашып кетті ме екен,

Зымырандар.

 

Зерттеліп,

Зерделенсе –

Күйік – таңба,

Ел-жұртқа әңгімесін ұйытқанда…

Өлтіріп өзін-өзі жусап жатқан

Кінәлі боп шығады –

Киік қана!…

 

P.S. Сүйегін саудыратып үйіп көрге,

Орнады Алып Қабір биік белде.

…Саудасын торғайлардың

бітірген соң,

Келгендей енді кезек –

Киіктерге!

Серік Тұрғынбекұлы,

Астана, 27 мамыр

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн