ҚЫСҚЫ САРАЙҒА шабуыл жасалмаған…

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №41 (405) от 09 ноября 2017 г.

 

Желідегі жазбалар


 

«1917 жылдың 26 қазанға қараған түнінде көтерлісші жұмысшылардың Қысқы сарайға шабуыл жасағанын» бұған дейінгі тарих оқытып келді. Бұл жөнінде кімдер естелік айтпады, қандай тарихи туындылар жазылмады, нешеме деректі киноленталар мен фильмдер түсірілмеді?!. Ал енді сол, Уақытша үкіметті қуып шығу үшін, Қысқы сарайға ешқандай да шабуыл жасалмапты, ешқандай «Аврора» крейсерінен зеңбірек атылмапты!

 

Ол жөнінде Ленинград музейінің қызметкерлері бар шындықты бүгін жариялап отыр.

Суреттегі фото-фактіде (көшірмесіне көз салыңыз) – 1917 жылы 25 қазан күндізгі сағат 12-сі мен 26 қазан күндізгі сағат 12-сі аралығындағы оқиғалар дәптерінен деректер келтіріледі. Қысқы сарайдың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін Бірінші Адмиралтейск аудандық комиссарының Петроградск қалалық милиция бөлімінің бастығына берген тәуліктік рапортында тайға таңба басқандай етіп «Ешқандай оқыс оқиға болған жоқ!» деп жазылған.

Қанат ЕСКЕНДІРОВ

 

 

 

Біз геноцидті айтудан НЕГЕ ҚОРҚАМЫЗ?

 

Бүгін Британия парламентінде Украинадағы ашаршылық туралы пікірталас өтетін көрінеді. Оның мақсаты – сол ашаршылықты ресми түрде геноцид деп тану.

 

Былайша айтқанда, Батыс елдері Украинаны Ресей империясының қолтығынан суырып алуға шындап кірісті: кеше «Маршалл жоспарын» бекітті (10 жыл бойына, жылына 5 млрд-тан Украина экономикасына көмек беріп отыратын болыпты), енді Украинадағы ашаршылықты геноцид деп тануға ресми кірісіпті.

Батыс кіріссе, орындайды да қояды, оған күмән жоқ. Әрі кеткенде 5-6 жыл ғана кетер, өйткені оны дәлелдеу онша қиын бола қоймас: құжаттар сақталған, архивтік материалдар жеткілікті. Пікірталастың Октябрь революциясының 100 жылдығы күні басталуының да символдық мәні бар шығар.

Геноцид деп тану Украинаға не береді? Тарихи әділдік қалпына келетіні өз алдына, сол ашаршылықтан зардап шеккендердің ұрпақтары Ресейден өтемақы алуына мүмкіндік пайда болады. Бұл толық болмағанмен де, аз да болса, әділдіктің қалпына келе бастауы болар еді.

Жақсы, оларды қойыңызшы, жоқтаушысы бар біз қайтеміз? Егер украиндықтар ашаршылығын геноцид деп тануға қолдарын жеткізсе, бізге қол жеткізу одан да оңай емес пе? Юридикалық тұрғыдан айтам – оларда аштықтан қырылған халық 25%-дың о жақ – бұ жағы болса, бізде 40–50%-дан кем емес деп жүрген жоқпыз ба?

Бірақ біз мәселе қоймақ түгілі, соны ашық айтуға да қорқып жүрген жоқпыз ба – бұл не қорлық, бұл не деген мүсәпірлік? Жоқтаушымыз қайда?

Қуаныш ЕДІЛХАНТЕГІ

 

 

ӘЛІПБИ ӘУРЕСІ туралы үш пікір

 

  1. Жазуды емес,

    жүйені ауыстырайық

 

26 жыл бойы түбегейлі қазақшаға көше алмаған мемлекет енді дереу латын қарпіне көше қояр ма екен? «Алдымен елдегі қостілділікті, дәлірек айтқанда, орыс тілінің басымдығын жойып, тұтас Қазақстан бір тілге – қазақ тіліне көшуі керек, әйтпесе бұл жартыкеш шешім болып шығады» деп, қақсап келе жатырмыз. Үнімізді «тезірек латынға көшейік!» деген ура-патриоттық даңғаза-шу басып кете береді.

«Әліпбиді Ресейден алыстау үшін ауыстырамыз» дегенге сенетіндерге тіпті таң қаламын: орыстың қолаңса сасыған қолтығына басымызды өз еркімізбен тығып отырып (Кедендік одақ), оның ақпараттық-саяси тұтқынынан шығуға еш әрекет жасамай отырып, Мәскеу не айтса, соған бас шұлғи отырып, қайдағы Ресейден алыстау?!

Латын қарпіне тек қазақтілді қауым ғана көшеді, ал елдегі орыстілді орта (демек, бүкіл билік жүйесі де!) орысша, яғни кириллицамен сайрап-жазған қалпы қалады. Қазақтың баласы үш тілде, үш түрлі қаріпте сауат ашып, миы ботқа болып, өзімен-өзі «рухани жаңғырып», мәңгіріп отыра бермек. Мұндай былықпадан безген талай қазақ баласын орыс мектептеріне беретін болады. Сөйтіп, біздің бүгінгі биліктің қазақ тілінің түбіне жету жоспары ақыры жүзеге асуы мүмкін.

Сонда «өзі сөйлемейтін, өзі жазбайтын, өзі қолданбайтын тілдің қарпінде не шаруасы бар, Қазақстан билігінің?!» деймін де. «Казак халкынын камын, казак елинин азаттигин, казак журтынын болашагин ойлаймин» дей ме? Ойбай-ау, қашаннан бері?! Қазақтың қамын ойлағыш болса, 26 жылдан бері қайда жүр?! Қазақ халқына жасаған бір жақсылығы бар ма осы уақыт ішінде? Жоқ па? Онда бүйткен үтірницасын бүктеп-бүктеп… дәретханасына апарып қойсын!

Қаріп ауыстыру ештеңе де шешпейді. Ауыстыратын нәрсе басқа!

Сәкен СЫБАНБАЙ

 

 

2. Латыншаның

қатыншасын қолдамаймын

Өз басым латыншаға көшуге қарсы емеспін. (Президенттің қай саясатына да қарсы емес екенімді білесіздер))). Бірақ мына – қатынша латыншаға емес. Неге халыққа оңтайлы нұсқа алынбайды? Осыны ұсынған қай данышпан? Ал орысшадан құтылдық делік, енді осы қаріппен ағылшынша жаза аламыз ба, рабайда бір жазу керек болса? Жалпы маған «тілге икемің бар» дегендер әлде өтірік айтқан, әлде шынымен сумимын. Оқи алмай отырмын, жазбақ түгілі…

Енді қайттім?

Кеше ерінбей 30-жылдары латын қарпімен шыққан газеттерді тауып алдым, қиналмай оқыдым. Өзі латын тілі нешеу? Әлде латын тілін кез келген адам, кез келген заманда жасап ала бере ме?

Шара ТҰРМАҒАНБЕТОВА

 

 

  1. «Жабық жиынды»

    жастарға ашу керек

Осыдан бір айға жуық уақыт бұрын Астана қаласында Тіл комитетінің жабық отырысы өтті. Барған кезде оның жабық форматқа өтетінін айтқан министрліктің мамандары тіпті «Хабар» арнасын түсірткізбей, қайтарып жібергендерін айтты. Бірақ мен өзімнің блогер емес, IT саласының маманы екендігімді айтып, жабық отырысқа кіруге мүмкіндік алдым.

Әлбетте, әлеуметтік желіге ресми релиз шыққанша ештеңе жазбауға сөз бердім. Конференц-залға кіріп, бір бұрышқа жайғастым. Жабық отырысқа келіп отырғандардың 90 пайызы жастары +60 ақсақалдар еді. Еліміздегі тіл біліміне үлес қосқан көптеген ғалым аталардың жиналған отырысында өзім ғана ешкімге кедергі келтірмей отырдым.

Бір кезде отырыс та басталды. Жаңағы жерде айтыла басталған әңгімелердің сарынына жындандым жай ғана. Арасында жөні түзу әңгіме айтқандар болмады емес. Бірақ біразы тыңдалмады. Жүйелі айтылмады.

Бір кезде отырған ақсақалдар бір-бірін мақтап жөнелмесі бар ма?!

«Бұл Пәленше ағамыз Кеңес Үкіметі кезінен бері қазақтың маңдайына біткен бірден-бір фонетик-ғалым ғой. Ол кісі бұл мәселеде қателесуі тіптен мүмкін емес!» – деп қойып қалды.

«Бұл әліппемізді жас ұрпақ кемі 300 жыл қолданатын болады!» – деді оптимизмге толы екінші ақсақал.

Обшым, ол жердегі әңгімелердің нобайы осындай болды. Бір сәтте ол жердегі жиналып, латын нұсқаны қолдағалы отырған кісілердің көбісі жалпыхалықтық аурадан мүлдем хабарлары жоқтай көрінді. Бір нәрсе анық еді: ол жердегі біздің болашақ латын нұсқамызды таңдауға келген кісілердің жартысынан көбісі әлі күнге дейін тіпті компьютер қолданбайтын, әліге дейін қолмен жазатын кісілер екенін түсіндім. Ол кісілер 10–20 жылдарға кейін қалған болар. Ендеше өздері қабылдағалы отырған латынды болашақта қолданатындарына да күмәндандым.

Сонымен, отырыстың 15 минутында төрде отырған төраға қайта-қайта қыздарға көзімен нұқып, мені кездесуден шығарып тастауды бұйырып отырды. Үш рет қасыма келген қыз әртүрлі сылтау айтып, мені шығарып жіберуге тырысты. Үшіншісінде, өзім әлгі жерге айтылып жатқан абсурдтарды тыңдауға құлағым зорланған күйі кездесуден шығып кеттім. Керісінше, бұл мәселені болашақта белсенді қолданатын ғылымдағы жастармен ақылдаса отырып жасаудың орнына, әліге дейін баяғы «хомосоветикус» танымымен ойланып, шешім қабылдап жатқан ел ағаларына өкпем қара қазандай болды – шыны керек.

Уа, Ағалар! Тағы да қайталап айтамын: жастар сіздердің нұсқаларыңызды қолданбайды! Өйткені оны өздеріңіз де қолданбайсыздар! Технологияның иісі мұрындарыңызға бармай тұрып, латынның ел технологиясының дамуына үлесі туралы сөз айту – сіздердің тараптан барып тұрған қып-қызыл абсурд дүние! Президентке бүгінгі нұсқаны таныстырудың өзі ұят деп білемін! Сенбесеңіздер, осы нұсқаларыңызбен қазақша екі сөйлем жазып көріңіздерші! Клавиатура ауыстыра беріп, қол ауырып кетеді. Сіздер оны білмейсіздер. Өйткені телефонда жазатындарыңызға күмәнім бар.

Ақылға келіп, жастардың пікірін тыңдап, санасуға шақырамын! Онсыз да жағдайларыңыз «саЕбиз» һәм «аЕбиш» болып жатыр. Қазақ үшін жасаған еңбектеріңіз аз емес. Ендеше сонша еңбектің нүктесін әдемі қойып, абыроймен зейнетке кеткілеріңіз келсе, дәл осы латын мәселесін жастардың, жас ғалымдардың өзіне қалдырыңыздар! Өйткені болашақ қазақ латын әліппесінің иесі біз – жастар! Өзімізге не керегін жақсы білеміз!

«Кеңесіп пішілген тон келте болмас» дейді. Жабық отырыста кеңесіп жатқандарыңыз дұрыс-ақ. Бірақ бұл тілде тек сіздер сөйлеп һәм жазып жатқан жоқсыздар. Сондықтан аға буын өз-өздерімен кеңесе бермей, осыны қолданар барша белсенді буынмен тең кеңескені құба-құп болар еді.

Michael Sherimbek

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн